Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАШҚЫН

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАШҚЫН

Мемлекет қаржысын қармап алып, шетелге кеткен банкирлердiң елге қайтып оралуы қазына қаржысын қайтара ала ма? Ресми емес ақпарат көздерiне сенсек, бюджет қаражатын қымқырып, шетелге тайып тұрған азаматтардың ұзын саны 200-дi алқымдаса керек. Қашқын қаржыгерлердiң бiрқатары өз еркiмен Қазақстанға қайта оралып, тергеу жұмыстарына жәрдемдесетiнiн мәлiмдегендерi де белгiлi.

Елге оралған банкирлер тiзiмiн "Наурыз Банктiң" бұрынғы басшысы Оразалы Ержанов жалғастырып отыр. Таяуда бассауғалап жүрген банкир Мәскеуде ұсталып, Қазақстанға қайтарылды. Ресейлiк әрiптестермен келiссөз жүргiзу арқылы елiмiзге қайтарылған банкирдiң жымқырған қаржысы да қомақты.

Елiмiзде Ержанов мырзаға ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны үшiн айып тағылған. Олар ғұмыры үш жылға созылған банктен 4,5 миллиардқа жуық теңгенi сыртқы қаржылық институттарға жөнелтiп үлгерген. Қазiр О.Ержанов Астанаға жеткiзiлiп, жауапқа тартылып жатыр. Ал қайта оралған банкирлердiң тағдыры не болады? Жемқорлықпен жасырған қаражатын жұмсап болған соң Қазақстанға қайтуды жөн көрдi ме? Әлде сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуды мақсат тұтып, ар-ұяты оянып, Отанға оралды ма? Не десек те, сыбайлас жемқорлардың көкесi әлi де шетелде сайрандап жүр.

А.Бейiмбет