ТҮРЛI ҰЛТТЫҢ ӨКIЛДЕРI БАС ҚОСТЫ
ТҮРЛI ҰЛТТЫҢ ӨКIЛДЕРI БАС ҚОСТЫ
Елiмiзде татулықты ту етiп, тiрлiк кешiп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкiлдерi де алдағы президент сайлауына белсендi түрде қатысатындарын түрлi iс-шаралар өткiзу арқылы танытуда.
Жақында Алматы қаласының Түрксiб және Жетiсу аудандарындағы қоғамдық бiрлестiктер мен жергiлiктi халық өкiлдерi қатысқан жиында "Бiз – Қазақстан халқымыз" атты достық пен жасампаздық, бейбiтшiлiк керуенi акциясы аясында Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттiк сайлауына халықты белсене қатысуға шақыру жайы сөз болды. Жиынды республикалық ұйғыр этномәдени орталығы төрағасының орынбасары А.Злавдинов және жергiлiктi өзiн-өзi басқару комитетiнiң төрағасы У.Обуловтар ұйымдастырды. Алқалы жиынға армян, түрiк, грек, украин және белорус этномәдени бiрлестiктерiнiң өкiлдерi қатысты.
Республикамыздың түкпiр-түкпiрiнде өткiзiлiп жатқан электоралды акция тәуелсiз Қазақстанның негiзiн қалаған және экономикалық өрлеу мен әлеуметтiк iлгерiлеуге негiзделген дербес, демократиялық мемлекет құру мақсатындағы халықтың күш-жiгерiн бiлдiредi. Сондай-ақ, жиынның негiзгi мiндеттерiнiң бiрi – көпұлтты Қазақстан қоғамына Республиканы әлеуметтiк модернизациялаудың жаңа бағдарламасын жеткiзу болды.
Жиында 2011 жыл Қазақстан халқының дамуы мен гүлдену тарихында алтын әрiптермен жазылып қалатын ерекше кезең болатыны жайлы кеңiнен сөз етiлдi. Сондай-ақ, ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы аясында республиканың түкпiр-түкпiрiнде түрлi iс-шаралардың ұйымдастырылуында Қазақстан Халықтары Ассамблеясының атқарып отырған орасан зор қызметi мен ықпалы ерекше аталып өттi. "Бiздiң басты байлығымыз – бiрлiгiмiзде. Сондықтан да мемлекет өз халқының салт-дәстүрiн, мәдениетiн ұлттық құндылықтың бiр бөлiгi ретiнде сақтауға бар күшiн салуда" деген тұжырымдағы Алматыдағы ұйғыр жастары да осы тақырыпта форум өткiздi. Бұл жиынға қатысушылар да жастарды Қазақстан Республикасының президент сайлауына белсендi қатысуға шақырды.
Мейрамгүл Құрманалиева