Жаңалықтар

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҮЗДIК АТАНДЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҮЗДIК АТАНДЫ

Қазақ киносының жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар атанар сәтi туды. Санкт-Петербург қаласында өткен әдебиет пен киноның байланысын айшықтайтын XVII ресейлiк кинофестивальде ұзын-саны 70 кинотуындының iшiнде қазақ киносы "Үздiк дебют" номинациясында топ жарды.

Аталмыш кино додасында ресейлiк, украиналық, белорусьтiк кинотуындылар өзара бақ сынасқан. Кинофестивальдiң басты талабы – барлық фильмдердiң әдеби негiзi болуы шарт. Посткеңестiк мемлекеттер режиссерлерiнiң бағы мен бабын сынаған бұл додада отандық кинотуынды үздiк деп танылды. Фильм орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың осыдан бiр ғасыр бұрын жазған "Адамға қанша жер керек?" әңгiмесiнiң желiсi бойынша түсiрiлген. Режиссерi – Мiрғали Есiркепов.

Фильмдi тамашалаған көрермендер режиссерге алғысын бiлдiрiп, аса үлкен қызығушылық танытқан екен. Ал әдiл-қазылар алқасы кинотуындыны бiрауыздан үздiктер қатарына жатқызды. Әдiл-қазылар алқасының төрағасы Игорь Масленников: "Нағыз кино көрерменiн жоғалтуда. Қазiргi көрермен попкорн мен америкалық кино көрiп, көңiл көтеруге әуес", – деп киноның қазiргi тағдырына қынжылысын бiлдiрдi. Ал кино додасының соңында: "Фестиваль 17-шi рет шымылдығын ашты. Бұл – кинематограф жеңiл дүние емес, күйзелiс киносы. Нағыз кино әдебиет негiзiнде, сезiм, күйзелiс, толқыныс, күлкi мен мұң негiзiнде түсiрiледi. Мұның бәрiн бiз осы кинофестиваль шеңберiнде көре аламыз", – дедi "Шерлок Холмс", "Қысқы шиелер" фильмiнiң режиссерi, әдiл-қазылар алқасының төрағасы Игорь Масленников.

Айтпақшы, Ресейден жүлделi оралған отандық туынды бар-жоғы 9 күннiң iшiнде түсiрiлiптi. Ал туындыға 10 адам ат салысты. Фильм режиссерi Мiрғали Есiркепов өз туындысы жайында: "Бұл жұмыстың ұнағаны, Толстой әңгiмесiн өте қарапайым жазған. Съемкада күрделi құрылғыларды пайдаланбай-ақ кәдiмгiдей түсiрiп шықтым. Кино мен әдебиеттiң тоғысқан жерi осы ма деп ойлаймын. Кино да қарапайым түсiрiлген", – дейдi. Фильм бүгiнгi қоғамдағы қанағатсыздық дертiн қаузайды.

Отандық кинотуындылар халықаралық байқауларға жиi қатысып жүр. Әрине, қазақ киносы жүлдесiз қалып жатқан жоқ. Алайда 9 күннiң iшiнде түсiрiлген философиялық туынды ешбiр көрермендi бей-жай қалдырмапты. Бүгiнгiнiң атыс-шабысы мен жасанды эффектiсi көрермендi жалықтыра бастағандай. Қазiргi көрерменге өмiрдiң шынайы келбетi мен адамзат құндылықтарын терең ашатын нағыз кино керек екенiн төл туындымыз дәлелдесе керек.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ