Жаңалықтар

ӨНЕР ТАРЛАНДАРЫНА – “ЕҢЛIКГҮЛ”

ашық дереккөзі

ӨНЕР ТАРЛАНДАРЫНА – “ЕҢЛIКГҮЛ”

27 наурыз күнi Халықаралық театр күнiне орай М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттiк академиялық драма театрында Қазақстан Театр қайраткерлерi одағының "Еңлiкгүл" атты кәсiби сыйлығы табыс етiлдi.

"Еңлiкгүл" сыйлығы Қазақстанның әр аймағындағы драма театрларда халыққа рухани азық берiп жүрген талант иелерiне құрмет көрсету үшiн дүниеге келген болатын. Өткен жылы 4 номинация бойынша сыйлықтар үлестiрiлсе, биылғы жылы оның саны жетеуге жетiптi. Театр қайраткерлер одағының төрағасы, Қазақстанның Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловтың айтуынша, елiмiзде 52 мемлекеттiк театр бар екен. Осы театрлардың 10-ы жекеменшiк және онда 3480 өнер майталмандары еңбек етуде. Өнер иелерiнiң кәсiби мерекелерiнде марапаттауды Қазақстан аймағымен шектелiп қалмай, оны кең ауқымда Халықаралық дәрежеде өткiзудi мақсат еткенiн де атап өттi танымал актер.

Биыл екiншi рет ұйымдастырылып отырған шарада әр номинацияда 2 үмiткер бақ сынасты. Оның бiреуi мiндеттi түрде жеңiмпаз атанса, екiншiсi дипломант атағына ие болды.

Ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай берiлiп отырған биылғы "Еңлiкгүл" сыйлығының орны бөлек. Сонымен биылғы үздiктер де анықталды. "Жыл актерi" аталымы Лермонтов атындағы драма театрының актерi – Виталий Бодрянсовке бұйырды. Сондай марапатпен "Жыл актрисасы" атағы – Жамбыл облыстық драма театрының майталман әртiсi Гүлшат Қыпшақованың қанжығасына байланды. Режиссерлiк шешiмдермен көзге түскен Жамбыл облыстық драма театрының режиссерi – Қуандық Қасымов "Жыл режиссерi" мәртебесiне қол жеткiздi. "Театр өнерiн дамытуға қосқан үлесi үшiн" номинациясы – Қарағанды музыкалық комедия театрының актерi Владимир Суховқа, "Жылдың опералық, балеттiк партиясы" Абай атындағы опера және балет театрының солистi Болат Есiмхановқа бұйырды. Жансыз қуыршаққа тiл бiтiрiп, қимыл-қозғалыс арқылы көрермен жүрегiне жол табудың өзi бiр өнер. Сол қиын өнердi қапысыз меңгерiп жүргендердiң бiрi – Маңғыстау облыстық қуыршақтар театрының актерi Ержан Бегашов "Қуыршақ театрының жыл өнерпазы" номинациясын жеңiп алды. Ақтөбе облыстық "Алақай" қуыршақ театрының бас суретшiсi Әсия Құрманәлиева – "Жылдың театр суретшiсi" аталымына иелiк еттi.

Бұдан өзге "Жыл драматургi" номинациясын Корей театрының драматургы – Цой Ен Гым, "Жылдың озық театртанушылық мақаласын" М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының театртану бөлiмiнiң ғылыми қызметкерi Исламбаева Зухра олжалады. Шымкенттегi Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрының менеджерi – Белаусова Марина "Жылдың озық менеджерi" сыйлығын иемденсе, "Жылдың озық музыкалық көркемдеушiсi" сыйлығына Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдеушiсi Жұмашев Амантай ие болды. Ал М.Әуезов атындағы драма театрдың жарық берушiсi – Левина Надежда "Жылдың озық жарық берушiсi" атағын иемдендi.

Салтанатты кешке "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен Алматы қалалық әкiмшiлiгi демеушiлiк жасағанын айта кету керек. Мерекелiк шараны "Ақсарай", "Iнжу-Маржан", "Орда" , "Салтанат" топтары айшықтай түстi.

Мәншүк Ахметова