АЭС: ШЕНЕУНIКТЕР АЛҒАН БЕТТЕН ҚАЙТАР ЕМЕС
АЭС: ШЕНЕУНIКТЕР АЛҒАН БЕТТЕН ҚАЙТАР ЕМЕС
Ал биыл Чернобыль апатына 25 жыл толады
Жапонияда болған жойқын апат бүкiл әлем халқын дүр сiлкiндiрдi. Жергiлiктi халықтың зәресiн ұшырған қайғылы оқиғадан соң қазақ елi де атом энергетикасына қатысты саясатын қайта пысықтауды қолға алды.
Сонымен көптiң көңiлiн күптi еткен АЭС салына ма, жоқ па? Бұған дейiн Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Дүйсенбай Тұрғанов мырза "АЭС салу идеясынан бас тартудың қажетi жоқ" деп мәлiмдесе, iле-шала бұл мәселе алдағы 2-3 айда түпкiлiктi шешiмiн табуы тиiс дегендi жеткiздi. Бiр айта кетерлiгi, Астанада басқосуға жиналған жапондық, ресейлiк атом энергетикасы мамандары да қазақ жерiнде АЭС салу керек деген ойын ашық бiлдiрдi. Алайда АЭС-тiң қашан және қай жерде салынатындығы туралы мәселе нақтыланған жоқ. Ал Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Қайрат Қадыржанов: "Ресей, Жапония ғалымдары өздерiнiң ең қауiпсiз реакторларын көрсетуде. Менiңше, атом энергиясы Қазақстанға өте керек нәрсе" – дедi. Бұған қарағанда отандық мамандар алған бетiнен қайтпайтын сияқты.
Айтпақшы, сәуiр айында осыдан ширек ғасыр бұрын әлемнiң үрейiн ұшырған Чернобыль АЭС-нiң жарылғанына 25 жыл толғалы отыр. Чернобыль – Украинадағы шағын қалалардың бiрi. Мұндағы атом электр станциясы 1971 жылы салына бастаған. Жоспар бойынша алты энергия блогының барлығы iске қосылған жағдайда ол Еуропадағы ең алып атом электр стансасына айналуға тиiс едi. Апатты жағдай бұл мақсатқа жеткiзбедi. Небары 15 жылдан соң КСРО басшылары халықаралық деңгейде мақтаныш әрi үлгi тұтқан қуатты атом стансасының күл-талқаны шыққан.
1986 жылғы 26 сәуiр. Мәскеу уақыты бойынша түнгi 1 сағат 23 минут 58 секундта әсем де ежелгi Киев қаласынан небәрi 157 шақырым қашықтықта орналасқан Чернобыль атом электр стансасында адам айтқысыз алапат апат болды. Бiрiнен соң бiрi болған екi жарылыс төртiншi блок ғимаратының шатырын мүлде ұшырып әкеткен. Одан кейiнгi үшiншi, төртiншi жарылыстан кейiн реактор iстен шықты. Аспанды қою қара түтiн торлап, көзге көрiнгiсiз радиоактивтi қалдықтар көздi ашып-жұмғанша жан-жаққа залалын шашып үлгердi. Кеңес үкiметi 1986 жылы сәуiр айында болған ғаламдық апатты әуелгi кезде бүкiл әлемнен жасырып қалғысы келгенi мәлiм. Ақпарат құралдарынан құрғақ ақпараттар ғана берiлiп, батыс елдерi ғана құлағдар болып отырды. Батыс Еуропаға, жарты әлемге төнген апаттан жұрт екi күннен кейiн ғана хабардар болды.
Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан отандық әскери азаматтар әлi күнге ауыр зардабын тартып жүр. Ал осыны көрiп-бiлген жұрттың елiмiзде АЭС салуды құптамайтындығын да түсiнуге болады. Қаншама адам өмiрiмен қоштасып, көпшiлiгi I, II топтағы мүгедектер қатарына кiрдi. Күштiлiгi жағынан Чернобыль атом стансасындағы апат 1945 жылы Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан кем емес екендiгi бәрiмiзге аян. Тiптi жапон халқы осынау қасiреттiң зардаптарын бүгiнгi күнге дейiн тартып келген. Ендi мiне, "Фукусима" атом стансасындағы келеңсiз оқиға Күншығыс елiн тағы да есеңгiретiп тастады.
Жақында Сыртқы iстер министрi, Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев Украина және Франция елшiлерiн қабылдады. Басқосу кезiнде шетелдiк дипломаттар Чернобыль апатына 25 жыл толуы қарсаңында ағымдағы жылдың сәуiрiнде Киевте өтетiн қауiпсiздiк және ядролық энергияны инновациялы пайдалану жөнiндегi саммитке Н.Назарбаевты шақыру жөнiндегi үндеу-хатты табыс еттi. Онда ядролық қауiпсiздiк жобаларын жүзеге асыру және Чернобыль апаты салдарын толығымен жою үшiн ынтымақтастық жұмыстарын жүргiзу жайы тәптiштелген. Әңгiме барысында 1986 жылғы апаттан кейiн залалды аймақта қалған Белоруссия мен Украина халқының басындағы жағдай мен Чернобыль АЭС-iндегi апат салдарын жоюға 32 мың отандастардың жұмылдырылғандығы да тiлге тиек етiлдi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ