ТЕАТРДЫҢ 85-шi КӨКТЕМI
ТЕАТРДЫҢ 85-шi КӨКТЕМI
"Тазарғың келсе, театрға бар!" Рухани тазалықты айтып отырмыз. "Театр киiмiлгiштен басталады" деп тегiн айтпаса керек. Театрдың табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ, өзгеше бiр әлемге, өзгеше бiр кеңiстiкке тап болғаныңызды сезiнесiз. Театр көрермен үшiн осынысымен құнды шығар, бәлкiм! Театрға аптасына бiр рет немесе айына бiр рет бармаған адам рухани жұтаң, рухани соқырға айналады деген театр бiлгiрлерi. Қазақ театры болсын, орыс театры болсын, опера мен балет болсын, ол – рухани байлығыңызды толықтыратын көркемдiк Әлемi…
ТЕАТР САҢЛАҒЫНА АРНАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ
Белгiлi жазушы Қалихан Ысқақ "әкемтеатр" атап кеткен Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында тағы той. Дәстүрлi Театр күнi қарсаңында кезектi дәстүрге айналған театр фестивалi басталды. Бұл жолғы фестивальдiң бұрынғысынан өзгерек болатын себебi бар. Жөнi бөлек болатын себебi, биылғы жылы театр өз фестивалiн белгiлi театр саңлағы, өнер қайраткерi Ыдырыс Ноғайбаевқа арнап отыр. "Биыл Ыдырыс Ноғайбаевтың 80 жылдығы. Сол мерейлi тойдың беташары ретiнде осы фестивальмен бастап, күзге қарай театрымызда торқалы тойын өткiзбекпiз. Ол кiсi – қазақ киносында, қазақ теледидарында Әуезов театрын әлемдiк деңгейге танытқан көрнектi актер", – дейдi Есмұхан Обаев. Фестивальге бар-жоғы бес спектакль қатысты. Оның бiреуi өткен маусымның туындысы болса, қалған төртеуi биылғы маусымға тиесiлi. Фестивальде көрсетiлген спектакльдердiң арасында трагедиясы да, комедиясы да, драмасы да бар.
"Наурыз мерекесi мен 27 наурыз – халықаралық театр күнiне орайластырылып осымен 16-рет дәстүрлi фестиваль ұйымдастырылып отыр. Бұл шара – театрдың бүгiнгi бағыт-бағдарын анықтауға, репертуар саясатындағы өзiндiк iзденiстер мен драматургия, режиссура, актер өнерiне шабыт берiп, олардың жаңа қырынан танылуына мүмкiндiк бередi", – деген едi фестивальдiң ашылу барысында театрдың директоры Есмұхан Обаев.
Сонымен қатар биылғы шарада актерлiк шеберлiкке көбiрек мән берiлетiндiгiн айтқан болатын. 28 наурызға дейiн өткiзiлген фестиваль репертуарында "Абай", "Еңлiк-Кебек" трагедиясы, "Үйлену", "Қылмыскерге куәлiк", "Күлемiз бе, жылаймыз ба?" комедиялары бар.
ФЕСТИВАЛЬ "АБАЙМЕН" АШЫЛДЫ
Жылдағы қалыптасқан дәстүрлi үрдiс бойынша фестиваль өз шымылдығын Мұхтар Әуезовтiң шығармасымен ашты. Бұл жолы сахнаға "Абай" шықты. "Абай" спектаклi М. Әуезов театрының сахнасында талай рет қойылды да. Абайды ойнаған актерлер де әртүрлi. Абай бейнесiн сахнаға алып шығу да оңай емес. Абайды сахнаға шығару үшiн де кез келген актердiң жүрексiнетiн жөнi бар. Абайды ойнаған театр өнерiнiң майталман саңлақтары да осы сәттi бастарынан кешкен шығар, бәлкiм. Әр актердiң Абайы – әртүрлi. "Ертөстiгiм бiр төбе, сегiз ұлым бiр төбе" демекшi, Абайды сомдаған өнер саңлақтары үшiн де өзге ролдерi бiр төбе, Абайы бiр төбе болуы мүмкiн. Бiр кездерi Абайды Ыдырыс Ноғайбаев та сомдаған екен. Сыншылар Қалибек Қуанышбаевтың "Абайын" биiгiрек қояды. Тiптi Ыдырыс Ноғайбаевтың өзi де мұны мойындаған. Шын дарын иесiнiң ақжүректiгi мен адалдығы осындайдан көрiнедi емес пе?! Бiрақ бiздiң буын үшiн театр сахнасында сомдалған, қазiр "Алтын қордан" ғана табылатын классикалардың көбi таңсық. Бiз ол спектакльдердi көре алғанымыз жоқ. Апталап, айлап, сол спектакльдердi көру үшiн театрдың маңында да жүре алмадық. Бiздiң көргенiмiз театрда қалған сол бiр асылдардан қалған соңғы тұяқтарының ойнаған бiрдi-екiлi рөлi ғана. Бүгiнде драма театрдың сахнасында жүрген Нүкетай Мышпаева, Торғын Тасыбекова, Салиха Қожақова, Асанәлi Әшiмов, Сәбит Оразбаев сияқты дара тұлғалар айтатын естелiктермен ғана көңiлдi жұбатамыз. Көңiлiмiздi сонымен алдарқатамыз. Белгiлi театр сыншысы Әшiрбек Сығай бүгiнгi спектакльдердi көрген сайын "өткенге қарап ұлитынын" жасырмайды. Бүгiнде есiмдерi театр тарихына алтын әрiппен жазылған Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Шолпан Жандарбекова, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Хадиша Бөкеева және Фарида Шәрiпова салған iздi театрдан әлi де iздеймiз…
Бұл жолғы "Абай" жаңа iзденiспен, жаңа көзқараспен сахнаға қайта оралып отыр. Абай бейнесiн сомдау Азамат Сұрыпбаев пен Ерлан Бiләлге бұйырған екен. Фестивальге Абай ролiн Ерлан Бiләл алып шығыпты.
"Абай" бiздiң театрда 4-шi рет қойылып отыр. Оның алғашқысы қазақ өнерiнiң классигi Қалибек Қуанышбаев пен қазақтың тұңғыш театр режиссерi Асқар Тоқпанов сахналастырған қойылым болатын. Одан кейiн ұлы режиссер Әзiрбайжан Мәмбетов қойған, Ыдырыс Ноғайбаев ойнайтын "Абай" бар. Одан соң да "Абай" қойылымы 2 рет қойылды. Соңғысын бiз қойып отырмыз. Мұнда жас актерлерiмiз ойнайды. Бұған дейiн Абайдың философиялық портреттiк тұлғасы немесе батыр тұлғасы жасалған болса, мұнда Абайға бүгiнгi күннiң көзқарасымен келдiк. Оның композиторлық, ақындық қырына баса назар аударылған. Мысалы бұрындары қойылым айтыс-тартыспен басталса, бiзде "Айттым сәлем, Қаламқаспен" басталады. Мiне, бiздiң ерекшелiгiмiз осы", – дейдi спектакльдiң режиссерi Есмұхан Обаев.
Бiз Қалибек Қуанышбаевтың да, Ыдырыс Ноғайбаевтың да Абайын көрген жоқпыз. Бiздiң көргенiмiз – Ерлан Бiләлдiң бiтiмi бөлек Абайы. Бұл спектакльдiң желiсiнде сүйiспеншiлiк те, жесiр дауы да, рулық тартыс та бар. Бәрiнен де мұнда Абай бейнесi бар. Бiз спектакльдiң кейбiр кемшiлiктерiне қарамастан, өз заманымыздың Абайын таптық. Театр сыншысы Әшiрбек Сығай Ерлан Бiләлге "әлi де рольге дайындалу қажеттiгiн, әлi де дауыспен жұмыс iстеу қажеттiгiн" ескертiп жатты. Мүмкiн, бұл бiр жағынан дұрыс сын да шығар… Бiрақ Абайдың болмысын көрсету, Абайдың бейнесiн бүгiнгi көрерменге жеткiзу жағынан актер өзiнiң шеберлiгiн көрсете бiлдi. Ең бастысы, бiз режиссер Есмұхан Обаев қойған спектакльден: "…сол кездегi арманшыл, келешекке көз тiккен, егемендiктi аңсайтын адамның жанының жаймашуақ бiр ымырт кезеңi сияқты айғайсыз, даңсыз, алайда әттеген-айы көп бiр арманшыл ырымдардан жаңа дүниенi аңсап отырған адамдардың тұлғасын көремiз. Абай армандаған ерекше күндi, болашаққа сәлемiнiң мән-мағынасын терең сезiне түсемiз".
АГАФЬЯ ТИХОНОВНА НЕМЕСЕ ГОГОЛЬГЕ ҚАЙТА ШЕГIНIС
Фестивальге қатысқан спектакльдердiң арасында Гогольдiң "Үйленуi" де бар. "Үйленудiң" драма театрда сахналанғанына да көп уақыт өткен жоқ. 85-маусымда қойылған бұл спектакль биылғы жылдың табысы десек те болады. Комедияны сүйетiн көрермен үшiн Гогольдiң шығармалары таңсық болмаса керек. "Үйлену" спектаклi театрдың сахнасында бұрын да қойылған. Бұл жолғы ерекшелiгi кейiпкерлер ескi болғанымен, кейiпкерлердi сомдайтын актерлердiң жаңашылдығы. "Үйленудi" қазақ тiлiне тәржiмалаған – Омар Қиқым. Ал спектакльдiң режиссерi – В. Захаров. Захаров кейiпкерлерiне актерлердi тап басып тани бiлгендiктен, спектакль өте сәттi шыққан туынды деуiмiзге келедi. Бiр кездегi орыс дворяндарының бойындағы кемшiлiктердi өткiр әзiлмен, әжуамен түйрей бiлген Гоголь шығармасы әлi күнге өзектi болып отыр. Қазақ қоғамынан да кездесетiн мұндай олқылықтар спектакль барысында көзiңiзге оттай басылады. "Үйленудегi" Анучкин (Ж.Садырбеков), Подколесин (А. Боранбай), Жевакин (Б.Қожа), Агафушка (К.Тұрғынбекқызы), Кочкарев (Д.Ақмолда) ойындары сәттi шыққан. Тiптi есiктен "күйеу жiгiттердi" қарсы алып жүрген Дуняша (Саяжан Құлымбетова) ролi де өзiндiк өрнегiмен ерекшеленедi. Спектакльдегi "жеңгетай" бейнесiн сомдаған Қымбат Тiлеуованың да өн-бойынан комедияға тән образды байқай алдық. Әсiресе, спектакльдiң ауыр жүгiн көтерген Кочкарев пен Агафья Тихоновна бейнесiн сомдаған Дулыға Ақмолда мен Күнсұлу Тұрғынбекқызының өз ролдерiн тапқырлықпен алып шыққандығы. "Оның машақаты неткен көп. Алдымен шiркеуге бару керек. Сосын ұл бала, кейiн қыз бала туады. Оларды тәрбиелеу керек. Қызды құтты жерге отырғызу керек. Ал егер оны кейiн күйеуi күн сайын тоқпақтап отырса, мiне сосын дүниенiң соры болады…" деп ойлайтын Агафья Тихоновнаның бейшара кейпi ерiксiз езуiңiзге күлкi ұялатады. "Қайтсем де Подколесиндi үйлендiремiн" деп жанұшырып жүрген Кочкарев, "Олар менiң мазамды алады ғой. Маған жұмыс iстеу үшiн тыныштық керек қой…" деп қиналатын күйеу жiгiт. Мың толғаныс пен "қиналыстан" кейiн соңында ол "ешкi күйеу" болып ақыр аяғы терезеден секiрiп кетедi. Ең бастысы, спектакльге жиналған көрермен де қыран-топан күлкiге қарық болды. Актерлердiң шебер ойыны мен қызықты диалогтар комедияға өзiндiк нәр берiп, көрерменге жақсы көңiл-күй сыйлады деуiмiзге болады.
ЫДЫРЫС НОҒАЙБАЕВ АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚ ИЕЛЕРIН ТАПТЫ
Бiр аптаға созылған фестивальден алған әсерiмiз де, көңiлге түйгенiмiз де көп. Ең бастысы театр актерлерiн ынталандыру үшiн жыл сайын өткiзiлетiн фестивальдiң көрерменiне де, қызметкерлерiне де ерекше көңiл-күй сыйлағаны. Фестиваль театр күнi қарсаңында өз мәресiне жеттi. Әшiрбек Сығай, Әлия Бөпежанова, Бақыт Нұрпейiс бастаған қазылар алқасының шешiмiмен фестиваль жеңiмпаздары анықталды. Театр әкiмшiлiгi дайындаған арнайы сыйлықтар да өз иелерiн тауып жатты. "Театр көктемi – 2011" фестивалiнiң арнайы жүлделерiн, яғни "Тұсаукесер" жүлдесi Салтанат Бақаева мен Саяжан Құлымбетоваға бұйырды. "Үмiт" жүлдесiн Гүлнұр Шыңғысова алса, "Көкейдегi кейiпкер" жүлдесi Шалқар Үркiмбаевқа берiлдi. "Есте қалар кейiпкер" жүлдесiн Күнсұлу Шаяхметова мен Мұрат Нұрәсiловтер жеңiп алды. "Кейiпкерге сүйiспеншiлiк" аталымы бойынша Берiк Айтжанов үздiк деп танылса, "Сахналық дәстүр сабақтастығы" номинациясына Айдос Бектемiр ие болды. "Сахналық үйлесiм, актерлiк дуэт" жүлдесiн Данагүл Темiрсұлтанова мен Бақтияр Қожа өзара бөлiстi. "Екiншi кезектегi ер адам" аталымы бойынша Еркебұлан Дайыров пен Дулыға Ақмолда үздiктер сапынан көрiнсе, "Екiншi кезектегi әйел адам" номинациясы Баян Қажнабиева мен Қымбат Тiлеуоваға бұйырды. Ал бас жүлденi, "Абай әлемi – сахна сәнi" атты номинациясын Ерлан Бiләл өз қанжығасына байлады.
Гүлзина Бектасова