Жаңалықтар

КӨКТЕМНIҢ КҮНI ЖЫЛҒА АЗЫҚ

ашық дереккөзі

КӨКТЕМНIҢ КҮНI ЖЫЛҒА АЗЫҚ

Көктем мезгiлi толассыз жаңбыр, ерiген қар, бiрде жылымық, бiрде қатаң қара суығымен ерекшеленедi. Табиғат ананың қайта түлейтiн мезгiлiнде тағы бiр маңызды шаруа – егiс науқаны қатар жүредi. Қазақта "көктемнiң бiр күнi – жылға азық" деген мақалдың түпкi мәнi зор. Сондықтан қапы қалмауды көздеп, жыл бойғы азық-түлiктiң қамын жасауда қимылдап қалатын кез осы.

Биыл да егiс науқаны қызу қарқынмен басталайын деп тұр. Өткен жылы егiстiк алқаптар мол өнiм берiп, қамбаны толтырғаны есте. Тiптi жаз айларындағы қуаңшылық та мол өнiмнiң мұртын шаба алмады. Жыл қорытындысы бойынша, шетелдiк нарыққа мол астық шығарылып, экспорттық әлеуеттi арттыра түскенi мәлiм. Осы көрсеткiштердi тұрақты ұстап тұру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлiгi биыл да 21,3 миллион гектар жерге астық салынады деп отыр. Оның 16,5 миллион гектары дәндi және 1,7 миллион гектары майлы дақылдар болады. Сондай-ақ дәндi жемдiк және дәндi бұршақты дақылдардың егiс алқабы 94 миллион гектарға ұлғайтылды. Ал жем-шөп дақылдары себiлетiн жердiң көлемi – 95 мың гектарға, көкөнiс салынатын алқап – 2,5 мың гектарға, қант қызылшасы – 1,7 мың гектарға артады. Егiстiкке жауапты министрлiктiң мәлiметiнше, биыл егiс науқанына барлық техника мен тұқым сақадай сай. Ауылшаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев таяуда Үкiметтiң селекторлық кеңесiнде көктемгi егiс науқанының дайындығын саралап өттi.

– Облыс әкiмдiктерiнiң мәлiметтерiне сәйкес, көктемгi егiс науқанына қатысатын техниканың 88 пайызы сақадай сай тұр. Бұл былтырғыдан 2 пайызға артық. Ал тұқымдармен қамтамасыз етуге келетiн болсақ, қазiр дәндi дақылдардың тұқымымен шаруашылықтар 98 пайызға қамтамсыз етiлген, – дедi. Әйтсе де тұқым тапшылығы сезiлiп отырған аймақтар бар. Былтыр қуаңшылық зардабын тартқан Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары науқанды кешiрек бастауы ықтимал.

Жалпы көктемгi дала жұмыстарын дер кезiнде және сапалы өткiзу үшiн Үкiмет пен жергiлiктi атқарушы органдар барлық шараларды қамтуда. Жыл бойында азық-түлiк қауiпiздiгiн сақтап қалуда салынған егiн түсiмiнiң маңызы зор. Сондықтан барлық шаралар, яғни диқандар үшiн техникалық, тұқым, жағармайлық жеңiлдiктер бүгiннен бастап қарастырылып отыр. Осынау мақсатта қолға алынған iс-шаралардың бiрi – дала жұмыстарын несиелеу мәселелерi. "ҚазАгро" холдингi арқылы шамамен 78 миллиард теңге бөлу көзделсе керек. Былтырғы несиелеудiң пайыздық мөлшерлемесi – 12 пайыз болса, биыл бiршама қысқартылып, 8 пайызға тұрақтаған.

Жағармай бағасының науқан кезiнде аспандап кететiнi айтпаса да түсiнiктi. Бiрақ Үкiмет көктем кезiндегi "дәстүрлi" қымбатшылықты жағармай жеткiзушi операторлардың қитұрқылығына жабатын. Осы келеңсiздiктер орын алмас үшiн дизельдiк отын мұнай өңдеу зауыттарынан 1 литрi 58-59 теңгемен жiберiлетiн болады. "Егiс науқанының қажеттiлiгi үшiн шектеулi бағамен дизельдiк отынды кепiлдi жеткiзу мәселелерi де шешiмiн тапты. Өңiрлердiң өтiнiшi мен белгiленген нормаға сәйкес, оның көлемi 354 мың тонна шамасында айқындалып отыр. Бұл былтырғыға қарағанда 16 мың тоннаға артық", – дедi министрлiк басшысы.

Егiс науқанында ауа-райының да жағымды болатыны айтылды. Қар жамылғысының ұзақ жатуы мен ылғалдылығы егiн өнiмдiлiгiне тiкелей әсер етедi. Ендеше биылғы ауа-райы егiстiк алқаптарына қолайлы болмақ. Биылдан бастап елiмiзде ылғал сақтайтын технологиялар қолданылатын алқаптарының жалпы көлемi 11,2 миллион гектарға жетедi. Бұл елiмiздегi барлық егiс алқаптарының 68 пайызын құрайды, әрi былтырғы көрсеткiштен 6 пайызға артық. Жалпы егiс науқанына даярлықты сабақтаған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов: "Тұтастай алғанда көктемгi егiс науқанына дайындық жоғары деңгейде. Барлық жауапты министрлiктер, ведомстволар, әкiмдер тегiс дерлiк әзiр. Ең бастысы, жергiлiктi жерлерде, өңiрлiк деңгейде барлық мәселелер шешiмiн тапты. Ауа-райы да бiздiң пейiлiмiзге қарай рақымшылық танытатын тәрiздi. Егiс жұмыстары табысты өтедi деп үмiттенемiз. Мол астық алуға алғышарттар жетерлiк. Бiрақ ол үшiн барлық жоспарларды аяғына дейiн жеткiзуiмiз қажет", – деп қорытындылады. Ендеше биылғы түсiмнен күтерiмiз мол.

Ақниет ОСПАНБАЙ