ҰЛАНДАРЫМЫЗҒА ҰЛТТЫҚ МУЗЫКА ЖЕТIСПЕЙДI
ҰЛАНДАРЫМЫЗҒА ҰЛТТЫҚ МУЗЫКА ЖЕТIСПЕЙДI
Баламызға қандай тәрбие берiп жүрмiз?
"Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе" демеушi ме едi Мұхтар Әуезов. Бүгiнгiдей өркениет табалдырығымыздан аттап, есiгiмiздi қағып тұрған заманда, бiз балаларымызға қазақы тәрбие бере алдық па? Бiз осы мәселеге бiр сәт ойланып көрейiкшi?!
Балаларына қазақы тәрбиенi бала кезден санасына сiңiрiп, үйреткен ата-әжелер институты бар едi бiр кезде. Ана әлдиiмен арша бесiгiнде тербелген бала әже әнiнiң уiлiмiнен ержетушi едi. Ата мен әженiң құлағына сыбырлап айтқан ертегiсiнiң өзi үлкен тәрбие емес пе едi. "Тәйт" деп етегiнен тартып отырып, баласының санасына қазақтың салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын сiңiретiн едi. Әжесiнiң құлағына сiңiрген тәлiм-тәрбиесiн жадына түйген бала да бұзақылықтан, жаман ғадет пен әдепсiздiктен бойын аулақ салып, бiлiм мен бiлiгiн ойға түюге тырысатын. Әже мен атаның тәрбиесiнде өскен бойжеткен де салт пен санадан, әдет-ғұрыптан, қазақтың тума төл дәстүрiнен алшақ кете алмайтын. "Үлкенге iзет, кiшiге құрмет" көрсетудiң де озық үлгiсiн бойға сiңiретiн де әже мен атаның тәрбиесiн көргендер. Үлкеннiң жолынан кесе-көлденең өтпеушi едi қазақтың қыздары. Бiр кездерi Төле атамыз да келiнi Данабикенi көргендiлiгiне, қазақтың әдет-ғұрпын санасына сiңiрген iзгi қасиетiне қарап таңдаған жоқ па едi? Бiздiң сол аналарымыз көрсеткен игi дәстүр, әжелерiмiз қанымызға сiңiрген қазақы тәрбие қазiр қайда кеттi?!
Осындайда "ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледi" деген бабалар тағылымы ойға оралады. Ал қазiр көп отбасы жұмысбасты болғандықтан, бала тәрбиесiн мектепке тапсырды. Ендi қайтсiн! Күнкөрiс қажет. Таң алакеуiмнен кеткеннен қас қарая үйiне оралады. Шаршап-шалдығып келген адамның тәлiм-тәрбиемен айналысуына уақыты да, құлқы да бола бермес. Сондықтан да еркi өзiнде болған бала ойына не келсе, соны iстеуге бейiм. Күнi бойғы бар "тәлiм-тәрбиешiсi" теледидар, одан қалса екi құлақты тарс жауып тастайтын шетелдiң мән-мағынасы жоқ, ми шайқап, жүйке тоздырудан басқа пайдасы жоқ музыкасы. Одан қалса, санасын санға бөлер компьютер мен автоматты ойындар…
Бүгiнгi баланың ермегi де, iстейтiн тiрлiгi де осы.
Ата-ана баласын бек сенiп тапсырған мектептегi тәлiм-тәрбие жұмысының да төрт құбыласы тең емес. Бұрынғыдай қоғамдық жұмыстарға тартылмайды. Үйiрме бiткеннiң барлығы ақылы. Тегiн дегендерi балалардың көңiлiнен шықпайды десек, ақылы үйiрмеге ақша төлеудi көптеген ата-ананың жағдайы көтере бермейдi. Кiтапқа құмар балалар да көп дей алмаймыз. Сонда бала немен айналысады?!
Жуырда ғана қоғамдық көлiкте көрген мына бiр көрiнiс көз алдымнан кетпейдi. Кiп-кiшкентай алты-жетi жастағы бала жұртшылықтың көзiнше анасына айғайлап жатты. Баланың жыламсырай шыққан үнiнен ұққанымыз, балалармен бiрге дүкенге кiргенде, қалтасындағы ақшасы жетпей қалған сияқты. "Сен ақшаны көп тапсаң, мен де бұлай ұялмас едiм. Неге жұмыс iстемейсiң?" деп айғайлайды анасына жеткiншек. Кiп-кiшкентай болып, шақылдап сөйлеп тұрғанына анасы да қымсынды бiлем: "Қойшы, балам. Үйге барған соң, әкең мен атаңнан аласың" деп жұбатқан болады. Оған көнер баланың түрi жоқ. "Әкем мен атамның да үйде құр жатқаны белгiлi. Олар жұмыссыз қалса, ақшаны қайдан таппақ?" деп жұлқынады. Айналасында өзге жұрттардың тұрғанын да ұмытып кеткен сыңайлы. Баласының шақылдаған даусына шыдай алмады ғой деймiн қайран ана, аялдамаға тоқтаған автобустан баласын жетектеп төмен түсiп кеттi. Осы оқиға менiң көз алдымнан көпке дейiн кетпей қойды.
Осындайда Абай атамыздың мына бiр қарасөзi еске түседi. "Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйiк" делiнген екен оныншы қарасөзiнде. Баламыз жанымызға күйiк түсiрмес үшiн бiз тәрбие деген тәңiрдi естен шығармауымыз керек. Қызға да, ұлға да қырық үйден тыйым керек уақыт қазiр. Үлкендер кемшiлiгi көп, кiшiлiгi жоқ деп жастарға көбiрек өкпелеймiз. Ал сол қасиеттер өзiмiздiң бойымызда бар ма? Осыны көбiрек ойласақ. Сондықтан ата мен әженiң қарапайым институтын қолға алған абзал сияқты… Екiншiден, адам жүйкесiн тыныштандыруға ұлттық музыканың да әсерi мол. Әрi қазақтың iнжу-маржандарының өзi балаға үлкен тәрбие бередi. Қазақтың халық музыкасының сарынымен ержеткен бала, бойжеткен қыз қазақы дәстүрден де, қазақы әдет-ғұрыптан да алшақ кетпес едi…
Хафиза УАЛИЕВА, Алматы облыстық балалар үйiнiң тәрбиешiсi