Жаңалықтар

КЕДЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI

ашық дереккөзі

КЕДЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI

Алматы облыстық Кедендiк бақылау департаментiнде мемлекеттiк тiлдi дамыту бөлiмшесiнiң жұмыс iстеп келе жатқанына бiр жарым жылдай уақыт болды. Бұл кеденшiлердiң қазақ тiлiне көшкенiне бiр жарым жыл болды деген сөз емес. Алматы облыстық Кедендiк бақылау департаментiнде қазақ тiлiнде iс жүргiзу – бұрыннан қалыптасқан үрдiс.

"Тiл мәселесi – қоғамымызда ең өзектi, көкейтестi мәселелердiң бiрi, – деп бастады әңгiмесiн Ажар Керiмбаева ханым. – Адамдар арасында бүкiл әлеуметтiк байланыс тiл арқылы жүзеге асады. Сондықтан тiлдi бiлiп, оқып-үйрену маңызды iс деп ойлаймын. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетiнiң "Iс жүргiзудi мемлекеттiк тiлге көшiру туралы" бекiтiлген кестесiне сәйкес Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi 2006 жылдың 2 тоқсанында iс-қағаздарды мемлекеттiк тiлде жүргiзуге кезең-кезеңмен өтудi жүзеге асырған болатын. Ал 2008 жылдың 5 мамырында аталмыш департамент iс-қағаздарды мемлекеттiк тiлде толығымен жүргiзуге көшудi жүзеге асырды. Осыған сәйкес құрылымдық бөлiмшелер реттейтiн қызмет құжаттары, бөлiмшенiң iс-қағаздары, бұйрықтар және т.б. құжаттар мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi", – дейдi.

Сондай-ақ мемлекеттiк тiлдi дамыту бөлiмшесi бас маманының айтуына қарағанда, кеденде толтырылатын iс-қағаздарда термин сөздер жиi кездеседi екен. Түсiнiксiз термин сөздердi қазақшаға аудару кезiнде арнайы терминком бекiткен сөздерге сүйенетiнiн де жасырмады.

"Мекеменiң басқармалары мен бөлiмшелерiнен түсетiн iс-қағаздарға, құжаттарға үнемi мониторинг жүргiзiледi және мемлекеттiк тiлде дайындалатын құжаттар мен шығыс хат-хабарлары тексерiлiп, сарапталады. Сонымен қатар мекемеде кеден органдарының терминдерiн реттеу мен жүйелеуге, оларды мемлекеттiк тiлде бiрiздендiруге ықпал ету мақсатымен терминологиялық комиссия құрылған. Комиссияның негiзгi мiндетi – департамент қызметкерлерi ұсынған терминдердi талдау және кеден iсiнiң түрлi салалары бойынша комиссия мақұлдаған терминдердi мемлекеттiк терминологиялық комиссияға бекiтуге ұсыну", – дейдi Ажар апай.

Сонымен бiрге кеденшiлердi мемлекеттiк тiлде оқыту мәселесi де жолға қойылған. Алматы облысы, Iле ауданы бойынша "Мемлекеттiк тiлдi оқыту орталығында" департамент қызметкерлерi қазақша бiлiм алып жатыр. Қазақ тiлiнде бiлiм алушы қызметкерлердiң қатарында өзге ұлт өкiлдерi де бар екен.

Аталмыш департаментте кеден органдарымен, мемлекеттiк органдармен хат-хабар алмасу тек мемлекеттiк тiлде жүзеге асырылады. Көрнекi ақпарат құралдары, маңдайшаға iлiнген жазулар да қазақ тiлiнде рәсiмделiп, қабырғаларға iлiнiп қойылған.

"Тiлiмiздi дамыту үшiн ұйымдастырылатын түрлi шараларға қатысудан департамент қызметкерлерi де шет қалмайды. Мәселен 2008 жылы Ақмола облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментiнде өткiзiлген "Тiл – татулық тiрегi" атты өзге ұлт өкiлдерi арасындағы байқауға бiздiң департаменттен Руслан Искандеров қатысты. Ал 2009 жылы Кедендiк бақылау комитетi өткiзген "Қазақстан Республикасы кеден органдарында мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу мәселелерi" атты байқауға Антон Красильников қатысса, Батыс Қазақстан облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментiнде өткiзiлген "Мемлекеттiк тiлдi нығайту" атты республикалық семинарда ұйымдастырылған "Тiл – татулық тiрегi" байқауына Витали Сауэр қатысып қайтты", – дейдi Ажар Керiмбаева.

Департаменттiң мемлекеттiк тiлдi дамыту үшiн өткiзiп жатқан шаралары мұнымен шектелмейдi. Бүгiнгi күнi кеденшiлердiң алдына қойған басты мiндетi – жұмыс уақытында қазақ тiлiнде сөйлеп, барлық құжаттардың ана тiлiнде сауатты толтырылуы болып отыр. Бұл мақсатқа жету үшiн мемлекеттiк тiлдi дамытуға арналған түрлi iс-шаралар өткiзу және мемлекеттiк тiлдi дамыту басқармаларымен, оқу орталықтарымен және Кедендiк бақылау комитетiмен үнемi өзара байланыста болу қажет деп ұғады кеденшiлер.

Гүлзина Бектасова