Жаңалықтар

ЖОЛ ЖАПАН ДАЛАНЫ ЖАҢҒЫРТТЫ

ашық дереккөзі

ЖОЛ ЖАПАН ДАЛАНЫ ЖАҢҒЫРТТЫ

Түрксiб темiр жолы қалай ашылды?

Борис Пильняктың (1894-1938) шығармашылығы жас оқырмандарға ғана емес, аға ұрпақ өкiлдерiне де онша мәлiм емес десек, қателеспеймiз.

Бiрақ өткен ғасырдың басындағы Кеңес әдебиетiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi болғаны белгiлi. Ол – сол кездегi елiмiздiң барлық түкпiрiнде болған, көптеген сырт елдерге де сапар шеккен, әрi көп жазған жазушы. Пильняктың 20-жылдары жарияланған "Аштық жылы" романы ауыр да ащы шындықты жазуымен ерекшелендi.

Борис Пильняктың қайсыбiр кездерде Ресей Жазушылар Одағының төрағасы болғаны да бар. 1937 жылы М.В.Фрунзеге байланысты жазғаны жоғары жаққа ұнамады. Осыған байланысты қамалып, артынан Сталиндiк тәртiптiң жазасына ұшырады.

Борис Пильняктың Түрксiб туралы жазған мақалалары кейiннен бiрiктiрiлiп романға айналғанын бiлемiз. Бұл шығармасы тұтасымен Қазақстанға байланысты. Романның негiзгi желiсi – жазушы Сергей Иванович Арбековтың көргендерi, түйгенi мен түйсiнгенi, ой-пiкiрлерi. Кейiпкер – Борис Пильняктың өзi десек, әрине қателеспеймiз. Жазғандарына қарағанда, "Известия" газетiнiң тапсырмасымен Мәскеуден шыққан кейiпкер, Түркiстан-Сiбiр темiржолының ашылуына келедi. Сол уақыттардағы Айнабұлақ стансасының маңында оңтүстiк және солтүстiк темiржолының қосылу салтанаты ашылады. Мiне, жазушы-кейiпкер жолда келе жатып көргендерiн былай сипаттайды:

"Отырған көлiгiмiз Кеңес Одағының Азиялық бөлiгiне сапар шегiп келе жатты. Айнала көсiлген шөлейттi дала. Бұл 1930 жылдың көкек айының 20-сынан 21-не қараған мезгiл едi. Осы кезде ауыл шаруашылығының ұжымға бiрiктiрiлiп, елiмiздiң кәсiпорындары бiртiндеп дамып және мәдени революцияның жемiс бере бастаған кезi болатын. Орынбордан шыққан соң-ақ шөлейт дала басталды, – дейдi одан әрi жазушы, – Көкжиекпен астасқан өте үлкен кеңiстiк көктем айының өзiнде-ақ күнмен қақталып, сап-сары, аз да болса Сахараны елестетедi.

Бұл – Қытай мен Русьтiң аралығында жатқан бiрден-бiр үлкен ел, Қазақ – Азияның даласы. Бүкiл жол бойы құм ұшырған аңызақ жел соғып тұрады. Бұл жел Арысқа дейiн, Әулие-ата мен Алматыға және Айнабұлаққа жеткенше созылды.

Алыс көкжиектен шпалдан салынған жалғыз үй көрiндi, қасында бiрнеше киiз үй тiгiлген разъезд екен. Үй әлi салынып бiтпеген. Жол-жөнекей ешуақытта пойыз көрмеген қазақтың жiгiттерi бiзбен бiрге жарысып отырды. Айнабұлақ стансасына келгенде төңiрек толы қазақтар жиналыпты. Олардың күнге күйген жүздерi, алба-жұлба киiмдерi орта ғасыр адамдарына ұқсайтын. Бәрi дерлiк қой терiсiнен күртеше әрi терi шалбар киген. Аттары аласа, сондай өте жылдам шабады.

…Қазақтың киiз үйiнде айнала сандықтар қойылып, жерге алаша (ковры) төселген.

…Өз жерiнде бiрiншi рет пойыз көрген қазақтар вагонға шықты. Қабырғаларды алақандарымен сипап, әр жер әр жердi ұстап қояды. Вагон-ресторанға кiрген екi қазақтың жүзi таңданғаннан қисайып кеттi. Олар қорқыныш билеген жүзiмен бiр-бiрiне қарады. Қолдарын алға созды. Өздерiн айнадан көрдi. Әрi бiр-бiрiн айнадан көрсеттi. Түрлерi бұзылып кеттi. Артынан қарқылдап күлiп жiбердi…

…Қазақтарды темекiмен сыйлауға болады. Олар өте ақжарқын кейiппен күлетiн. Егер өлең айтып беруiн сұрасаң, ондай кезде олар қарама-қарсы отыра қалып, бiр-бiрiнiң көзiне тура қарап бастай жөнелетiн. Шөл даланың құмындай ұзақ, әрi азынақ желдей құрғақ дыбыс шығатын. Бұл қайтарма әндер өте қысқа және бiр ғана шумақтан тұратын.

Пойыз Айнабұлаққа келгенде түн болатын. Бiрақ бұл түннiң айырмашылығы, қайталанбас көне заманның түнiне ұқсап тұрды. Айналадағы барлық бел-белес, жазық дала көшпелiлердiң жаққан оттарымен алаулап тұрды. Пойыз айғайын басып, әлдеқашан тоқтап тұрған едi, дегенмен ондаған шақырымға созылған орданың ғаламат дыбысы: аттың кiсiнегенi, ауық-ауық түйелердiң бақырғаны, қырылдаған дала адамдарының дауыстары жаңғырып естiлiп тұрды.

Ауадан тезектiң түтiнi, жылқының терi иiсi сезiледi. Таңертеңгi ала көлеңке баяғы Ұлы Батыйдың немесе ақсақ Темiрдiң қосындарын елестететiн едi. Қазақтар ашылу салтанатына бес жүз, жетi жүз шақырымнан келген болатын. Ат үстiнде еркектерден басқа әйелдер де, балалар да жүрдi.

Даладан он үш жерден ас дайындау фабрикасы ұйымдастырылды. Түрксiб басқармасы жиналған бүкiл қауымды дәмдi аспен сыйлады. Түс ауа мыңдаған салтаттылар тойдан әрiрек өздерiнiң бәйгесi мен көкпарын тамашалауға ауды.

…Қазақтар үшiн сөйтiп тек Қазақстанға ғана емес, Сiбiрге де, Орта Азияға да, СССР-ға да, әрi қарай әлеммен танысуға жол ашылды. Бiрақ осы жылдарға дейiн бұл далада гидрологиялық партия су iздедi, мұнсыз Түрксiбтi елестету мүмкiн емес едi, сонымен қатар құрылыс топтары жұмыс iстедi.

…Партия қазақ даласымен жүрдi. Партия қазақ үйiн көрдi, олардың жылқысын, олардың отарларын көрдi, көптеген жерлерде олардың соншалықты кедей тұратынын байқады және кедейлiкке бiрден бiр себеп, орасан жалқаулықты таныды.

…Партия қазақтардың алғашқы қауымдастықтан аспаған, тiптi орта ғасырлық дәуiрге де сәйкес келмейтiн тұрмысын – өмiрiн көрдi.

Партия алғашында өздерiнiң балғасы мен жұмысынан үрке қараған қазақтарды көрдi, бiрақ артынан жол салу үшiн бұлар осында келiп жер қазуды, тасуды үйрендi. Партия осы бiр үлкен жұмыс аяқталар тұста, олардың көптеген стансаларда, разъездерде темiр жол майлаушы, ауыстырушы, билет берушi, таразы басын ұстаушы, күзетшi болып iстеп жатқандарын көрдi.

Түрксiб стансаларында қазақтар үшiн мектептер, курстар ашылып жатты. Мұнда оларды машинистiкке, темiр түйiндеушiлiкке (слесарь), станса бастығы, телеграфист, кеңсе қызметкерi болуға, есеп-қисап жүргiзуге үйреттi. Темiр жол осы бiр орасан зор дала өлкесiн қайта құрды. Жол дала адамдарын да қайта жаңғыртты…"

Борис Пильняк отызыншы жылдары Қазақстанда болғанында осындай жағдайды көре бiлдi әрi оны сол қалпында бояусыз суреттедi. Бұл жазғандары 1935 жылы жарияланды. Осы кез Кеңес Одағында социализмнiң түпкiлiктi жеңген мезгiлi едi.

1938 жылы Борис Андреевич сталиндiк жазалауға ұшырап, атылып кеттi. Тек араға жарты ғасыр салып барып, 1988 жылы ғана ақталды.

Тәржiмалаған Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесi