ТYРКIСТАНДА МАҒЖАНҒА ЕСКЕРТКIШ КЕРЕК
ТYРКIСТАНДА МАҒЖАНҒА ЕСКЕРТКIШ КЕРЕК
Түркiстан қаласының әкiмi Қайрат Молдасейiтовтiң назарына!
Құрметтi Қайрат Хұсейiнұлы!
Өткен жылы әуелi "Тәуелсiздiк дастарханы" басында, сосын өзiңiзбен жеке бiр жүздесiп қалған кезде мен бiр мәселеге назар аударуыңызды өтiндiм. Ол – Түркiстандай қалада қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлына кiсi бойы ескерткiш соғу! Сол ойымды ауызша айтып қана қоймай, арнайы хат райында жазуды жөн көрiп, қолыма қалам алып отырмын. Бұл – үлкен елдiк мәселе. Ал Түркiстан әкiмi үлкен елдiк мәселенiң басы-қасында жүрер болса, ол – абырой! Өз басым кiсiге не айтсам да абырой тiлеп айтамын, абырой әкелер iстер айтамын.
Мағжан Жұмабайұлы 1893-1938 жылдары өмiр сүрген, коммунистiк идея, жеке адамға табыну – сталинизм құрбанына айналған адам. Соңында жобамен екi том еңбегi қалды. Әдебиет деген көлеммен өлшенбейдi. Әлгi екi томда дүние-ғаламның сыры бар, қазақ деген халықтың мұңы бар. Ол – тарих болып сөйлейдi, ол – тарих болып тебiренедi, ол – Қорқыт болып күңiренедi, ойлайтыны – алты Алаш қамы, iздейтiнi – Алаш азаттығы, ол – бүгiнгi тәуелсiздiктi аңсаған адам, егемен елдiктi көксеген ұлы ақын. Ол Москвада В.Брюсов ашқан өнер институтында оқыған, оқи жүрiп И.В.Сталин атындағы Күншығыс халықтары коммунистiк университетiнде сабақ берген, орыстың А.Блок секiлдi ұлы ақындарымен бiр жүрiп, бiр тұрған достығы өз алдына, түрiк (қазақ, өзбек, қырғыз, түрiкмен, қарақалпақ, әзiрбайжан. т.б.) балаларына сабақ берiп, бiлiм, өнер үйреткен ұстаз. Баланың ғана емес, тұтас қазақ халқының, қала бердi дүйiм түрiк жұртының ынтымақ-бiрлiгiн ойлаған түрiкшiл жан. Түрiкшiлдiк дегенiмiз не?
Түрiкшiл болу үшiн алдымен ұлтшыл (қазақ – қазақшыл, өзбек – өзбекшiл, қырғыз – қырғызшыл, т.б.) болу керек, сосын әрбiр түрiк азаматы (қазақ, өзбек, қырғыз т.б.) мемлекетшiл болуы керек. Содан кейiн ғана тұлға (адам) түрiкшiл бола алады. Н.Ә.Назарбаев жиi айтатын "Түрiк мемлекеттерi саммитiн" осы ыңғайда түсiнсек құба-құп! Ал Мағжан Жұмабайұлы – ХХ ғасырдың басында-ақ түрiкшiл биiкке көтерiлген жан. Олай болса күллi түрiк дүниесiнiң ынтымақ-бiрлiгi жайында мәселе көтерiлiп жатқан бүгiнгi күнi жер жүзiнде Мағжан Жұмабайұлына кiсi бойы бiр, немесе әртүрлi бiрнеше ескерткiш орнатылса жарасады. Ол – ұрпағының, Сiз бен бiздiң ұлы рухқа адалдығымыз, тағзымымыз болып шығады. Ақын арманының жүзеге асуы болып шығады! Мағжан Жұмабайұлына ескерткiш орнатылып та жатыр, орнатыла да бермек.
Сiз бен бiз тiршiлiк етiп отырған мына көне шаһардың "Түркiстан" аталуы тектен-тек емес. Түрiк халықтары – әуелде бiр атадан тараған, өсе келе еншi алысып, бiрақ ынтымақтаса ежелден бiрге келе жатқан, өзара мидай араласып өмiр сүрген халықтар. Басқасын былай қойып, бүгiнде күллi дүние жұртын мойындатып отырған "Түркие Республикасын" құраған оғыздар да осы Түркiстан маңынан, Сырдария жағалауынан аттанып кеткен. Қасымыздағы "Шәуiлдiр" оғыз тайпасының аты, Түркiстанға қарасты "Шорнақ" – оғыз тайпасының атауы. Ол жердi оғыздың "шор" тайпасы мекендеген. Бүгiнде олар Түркиенiң Әмет қаласына қоныс тепкен. 15 мыңдайы Новосiбiр маңын мекен етiп жатыр. Күннен күнге азайып, өлiп бара жатқан түрiк тайпасы қазақпен алыс ағайынға айналған! Мағжан өлеңiнде барша түрiк тайпалары бiр-бiрiнен еншi алып тарасқанда, Түркiстан қара шаңырақ ретiнде қазақтарда қалғаны әдемi айтылады. Ол үшiн "Түркiстан" өлеңiн оқысақ жетiп жатыр. Бар тарих бiр өлеңге сыйған. Олай болса "Түркiстан" – күллi түрiк дүниесiнiң рухани астанасы" (Н.Назарбаев) деген сөз өте орынды. Демек күллi түрiк дүниесiнiң рухани астанасы – бiр кезде күллi түрiк тайпалары тоқайласа келе, шоғылыса келе еншi алысқан жер ретiнде Түркiстан – күллi түрiк халықтарына ортақ. Олай болса, осындай қалада түрiк ынтымағын ойлаған, жырлаған Мағжан Жұмабайұлына ескерткiштiң болмауы ұят-ақ. Қала әкiмi ретiнде бұл Сiздiң қабырғаңызға батуға тиiстi.
Түрiк халықтары ынтымақ бiрлiгiнiң соңғы көрiнiсi – "Түркiстан мұхтарияты!" (1920-1924 ж.) Көрiп отырсыз, 1920 жылы құрылып, 1924 жылы ыдырады. Өзге түрiк бұтағымен ынтымақтаса отырып құрған өзiмiз – қазақтар, И.В.Сталинге донос жазып құлатқан, ыдыратқан тағы өзiмiз – қазақтар! Бiздiң ойымызда "Түркiстан мұхтарияты" жоқ. Жадысыздығымыздан ұмыт болған. Есесiне бiздiң мойнымызда "Түркiстан мұхтарияты" обал-сауабы бар. Оны донос авторына жауып қоя салу – құтылудың ең оңай жолы. Ал "Түркiстан мұхтариятын" (мемлекетiн) құрушының бiрi – Мағжан Жұмабайұлы! Қолында қаламы жоқтары әлгiндей "доносымен" қалды тарихта, ал қолында қаламы, жүрегiнде оты, жанында түрiктiк рухы бар Мағжан Жұмабайұлы асыл-ақық жырларымен қалды тарихта. Ол жырдың тамаша үлгiсi – М.Жұмабайұлының "Түркiстан" өлеңi. Сiз бен бiз Түркiстанда не үшiн жүрмiз, егер өлгендi тiрiлтiп, өшкендi жандыра алмасақ?! Түркiстан әкiмi болу – бiр ескi шаһар экономикасына ғана жауапты болу деген сөз емес. Түркiстан әкiмi болу – ыдырап кеткен түрiк дүниесi ынтымақ-бiрлiгiнiң жаңа жағдайда жаңаша қайта қалпына келуiне ықпалды болу, ыдырап кеткен (зорлықпен ыдыратылған) "Түркiстан мұхтарияты" (мемлекетi) рухын бүгiнгi ұрпақ есiне салу, бүгiнгi ұрпақтың жадын жаңғырту, соған лайық iстер атқару! Бұл – бiр жағынан уақыт талабы, бiр жағынан Елбасының түрiк дүниесiнiң ынтымақ-бiрлiгi жайлы ойы (тапсырмасы деп бiлген жөн), идеясына iспен жауап беру. Жаңалықты идеясына iлесе бiлушiлiк болып шығар едi. Егер Түркiстанда қазақтың түрiкшiл ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлына еңселi ескерткiш тұрғызылар болса – Елбасы идеясын қолдау дегенiмiз осы!
Әдебиет пен өнер – қашанда ұлттың, ұлт мұрындық болатын мемлекеттiң жақсы iстерiнiң көрсеткiшi, тiптi насихатшысы, жаршысы. Сырт жұрт, шет ел – бiздiң экономикаға қараса қарайды, қарамаса, қандай өнерi бар соған қарайды. Мағжан Жұмабайұлының "Түркiстан" аталатын өлеңi – өлең өнерiнiң бiр биiк шыңы. Қане, екеумiз сол ұлы ақынның ұлы өлеңiн ортаға алып, бiрге оқып көрейiкшi.
ТҮРКIСТАН
Түркiстан – екi дүние есiгi ғой,
Түркiстан – ер түрiктiң бесiгi ғой.
Тамаша Түркiстандай жерде туған
Түрiктiң тәңiрi берген несiбi ғой.
Ертеде Түркiстанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрiгiм туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жерi менен суы да жат,
Теңiздей терең, ауыр ой бергендей.
Тұранның егi-шексiз шөлi қандай,
Теңiздей кемерi жоқ көлi қандай!
Тұранның дария аталған өзендерi
Тасыса, шөлдi басқан селi қандай!
Тұранның таулары бар аспанға асқан,
Мәңгiге басын аппақ шаштар басқан.
Бауырында ерке бұлақ салады ойнақ,
Жаралып таудан аққан салқын жастан.
Шөлдер бар, жел де жүрмес, сап-сары құм,
Моладай ешбiр үн жоқ мәңгi тып-тын.
Болмақ па жан-жануар шексiз шөлде,
Сар құмда салар ойнақ перi мен жын.
Тұранның теңiз дерлiк көлдерi бар,
Шалқыған егi-шетсiз Теңiз, Арал.
Бiр шетте қасиеттi Ыстықкөлдiң
Бауырында дүние көрген түрiк көкжал.
Ертеде Оқыс, Яқсарт – Жейхун, Сейхун,
Түрiктер бұл екеуiн дария дейтiн.
Киелi сол екi су жағасында
Табасың қасиеттi бабаң бейiтiн.
Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,
Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!
Ерiксiз ер түрiктi ойға аларсың
Көкке асқан Хантәңiрi қарай-қарай.
Балқашты бауырына алған Тарбағатай,
Жоталы, жер кiндiгi – Памир, Алтай.
Қазықұрт қасиеттi тау болмаса,
Топанда Нұқ кемесi тоқтар қалай?
Тұранның жерi де жат, елi де жат,
Құйындай бастан кешкен күнi де жат!
Тұранды түгелiмен билеп тұрған
Ертеде ертегi хан Афрасияб.
Ежелден жер емес ол қарапайым,
Бiлесiң, тарихты ашсаң, Тұран жайын.
Тұранға қасиеттi құмар болған
Ертеде Кей-Қысырау мен Зұлқарнайын.
Тұранға жер жүзiнде жер жеткен бе?
Түрiкке адамзатта ел жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрiк қиял,
Тұранның ерлерiне ер жеткен бе?!
Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жiгер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да
Адамның жүрегiне жiгер берер.
Шыңғыстан Шағатай, Үкiтай, Жошы, Төле –
Атаға тартып туған бәрi бөрi.
Шыңғыстың қол бастаған екi көзi –
Жолбарыс Сұпытай мен көкжал Жебе.
Тұранның билерi бар Тарағайдай,
Сол биден Темiр туған от боп ойнай.
От шашып жер жүзiне Ақсақ Темiр,
Жарқ етiп өте шыққан нажағайдай.
Тұранды мақтамаймын тiптi текке,
Онсыз-ақ Тұран таныс талай шетке.
Сырласқан үйде отырып аспан-көкпен
Бiлгiш аз жеткен жүйрiк Ұлықбекке.
Асыл қан – қасиеттi түрiк қаны,
Сол қаннан – Ибн-Сина Әбуғали.
Молдығы бiлiмiң сиқыр дерлiк,
Дүниеге мұндай адам туды ма әлi?
Түрiктiң кiм кемiткен музыкасын,
Фараби тоғыз iшектi домбырасын
Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендiрiп,
Жұбанып, кiм тыймаған көздiң жасын?!
Тұранда түрiк ойнаған ұсап отқа,
Түрiктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрiк еншi алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
Арыстан елге Отан болған Тұран,
Тұранда қазағым да хандық құрған.
Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы
Тұранның талай жерiн билеп тұрған.
Әдiл хан аз болады Назардайын,
Алашқа Есiм ханның жолы дайын.
Тәукедей данышпан хан құрған екен
Басында Күлтөбенiң Құрылтайын.
Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жерi,
Тұрансыз тарқамаған алаш шерi.
Тұранның топырағында тыныштық тапқан
Алаштың арыстаны – Абылай ерi…
Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме,
Түркiстан алты алашқа болған Кебе.
Тұранның топырағын құшып жатыр
Кешегi ердiң ерi көкжал Кене.
Шер батса – кiм iздемес туған елiн,
Тұлпар да көксемей ме туған жерiн?
Арқаның ардагерi – қалың алаш,
Тұран да, бiле бiлсең, сенiң жерiң!
Қырағы Тянь-Шань мен Памир, Алтай,
Күтедi көптен сенi қарай-қарай.
Кене мен Абылайдың жолын қумай,
Жапанда жайылудың мәнi қалай?!
Ертеде Оқыс, Яқсарт – Жейхун, Сейхун,
Түрiктер бұл екеуiн дария дейтiн.
Киелi – сол екi су жағасына,
Болмаса, барсаңшы iздеп бабаң бейiтiн!
Тамаша емес пе? Тамаша! Бойыңда қаның ойнады ма? Ойнады ғой! Оқыдың-ақ өлең өзiне баурай жөнеледi. Оқыдың-ақ өлеңдi талдай жөнелгiң келiп, делебең қозады. Қаншама түрiк тарихы қозғалып, нешеме астарлы ой айтылып жатыр. "Түркiстан" – түрiк дүниесiн ынтымаққа шақыратын өлең. Сондай кемел ойымен өлең уақытында маңызды болды, сол ойымен ақынның басына қатер төндiрдi, қауiп шақырды, сондай ойымен өлең бүгiн де – тәуелсiздiк алған бүгiн де маңызды, тарих тегершiгi керi айналып кетер болмаса ертең де маңызын жоймайды. Жер бетiнде кеңiнен алып айтсақ, түрiк баласы аман тұрғанда (қазақ та түрiктiң бiр баласы – бел баласы) Мағжандай ұлы ақынның атойлаған өлеңi өлмейдi, жасай бередi. Мағжан Жұмабайұлының "Түркiстан" өлеңi – мына бiздiң Түркiстанның гимнi дер едiм. Бiздiң Түркiстан ғана емес, Тұран ойпатын құт мекенге айналдырған күллi түрiк дүниесiнiң мемлекеттерi – Ұлы Түркiстанның гимнi. Мағжан Жұмабайұлының "Түркiстан" өлеңi тұрып, кейбiр басы кеппеген бiздiң ақындар Түркiстанға арнап "гимн" жазған болады. Оған ән шығартып әуреге түсiп жүредi. Ой, пәле, Мағжан Жұмабайұлының "Түркiстанына" жетер өлең бар ма, шiркiн?! Олай болса Түркiстан рухын асқақтатып жырлаған Мағжан Жұмабайұлына Түркiстан қаласында ескерткiш орнатылса, оның тұғырына ма, болмаса қасына мрамордан фано жасап, соған ба, ұлы ақынның "Түркiстан" аталатын өлеңiн тасқа қашап жазып қойсақ орынды-ақ емес пе?
Орайында еске түседi. Ганс Христиан Андерсен елiнде ол жазған ертегiлерге ескерткiш қойылған. Лесковтың "Солақай" аталатын шығармасына бұдан 20 жыл бұрын орыс халқы арнайы ескерткiш қойып, әдебиет мәртебесiн көтердi. Жақсы дәстүр. Ә.Нұрпейiсовтiң "Қан мен тер" романы бойынша Ақтөбе қаласында мүсiн-композиция жасалды. Жарасымды. Осындай жарасымды дәстүрдi орнықтыру орнына Мағжан Жұмабайұлына келгенде танабымыз тартылып қалмауға тиiстi.
Ескерткiш десе менiң ойыма қазақтың оны рушылдық додасына салып, "мынау – өзiмiз, мынау – басқа," деп отыратын, өзiн өзекке тартып, "өзгенi" өзекке теуiп жататын, соның салдарынан, асылы жасып немесе бiреулердiң "Боғы боталы түйеге айналатын…" жаман мiнездер оралады. Рас, Мағжан Жұмабайұлы оңтүстiк өңiрiнiң тумасы емес. Алайда Мағжан Жұмабайұлы "менiкi", "сенiкi" сынды тар көңiл – тараң бейiлге бодан болатын тұлға емес. Ол – бiр қазақ бұтағын былай қойып, күллi түрiк. Сондықтан аз айтқанда, көп айтқанда, әңгiменiң түйiнi – Түркiстандай жәдiгер қалада күллi түрiк халықтарының мақтанышы, қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлына зәулiм бiр ескерткiш орнатылуы керек-ақ!
2000 жылы Түркiстан қаласының 1500 жылдығына орай Түркiстан қаласында ұлы ақынға ескерткiш орнатқымыз келген. Облыстың сол кезгi әкiмi, iскер азамат, ұлттық мүдде дегенде жанып түсер Бердiбек Сапарбаев айтқан уәжiмiзге бәйге атындай бас шұлғып iске кiрiсiп-ақ едi. Қаржының аз кезi, сырт жұрттан сұрап, оны "инвестиция" атап алып, "Парыз" қорын құрып, облыс-облыс, мекеме-мекеме, жеке азаматтардан жиналған дүние – Түркiстанның тойын өз деңгейiнде өткiзуге әзер-әзер жарады. Мағжандай ұлы ақынға Түркiстанда ескерткiш қою идеясы ағымдағы баспасөзде айтылудай айтылды да, қаржы тапшылығынан орындалмай қалып қойды. Ойға алынып, орындалмай қалып қойған түрiктiк iс бiр бұл ескерткiш емес, Түркiстанда "Түрiк халықтары музейiн" салу, "Түрiк тiлдес халықтар кiтапханасын" жасақтау… бiрсыпыра iске қаржы тапшылығы, уақыт қысқалығы қолбайлау болды. Ал қазiргi таңда шүкiршiлiк. Ел экономикасы iлгерiлеп келедi. Қазiргi таңда Елбасы "Жол картасы" бойынша межелi жерге кетер қаражат түгiлi, соның үстiнен әкiм-қаралар қос қолын салып қарпып жеуiне жетер (оны бейресми тiлде "шапка" деседi…) қаржы тауып берiп отырған заманда Түркiстанды жырлаған Мағжандай қазақтың ұлы ақыны, түрiк дүниесiнiң ортақ мақтанышты заңғар тұлғасына зәулiм ескерткiш орнату – мемлекет дәулетiн былай қойып, бiр азаматтың-ақ қолынан келетiн iс пе деп те ойлаймын.
Өзiңiз де байқап жүрсiз, өзге аудан, қалаларға әкiм болу, тiптi облыс-облысқа әкiм болу – соншалық даңқты емес, Елбасы мақұлдаса жүзеге асар жәй қарапайым қалыпты шаруа. Ал Түркiстан әкiмi болу – қашанда абырой, даңқ. Елдiк iс iстеу – Түркiстандай қала әкiмiне жарасады. Жарасымды, қайырлы iс үстiнде кездесейiк!
Сiзге деген құрметпен, Құлбек ЕРГӨБЕК, жазушы