Жаңалықтар

БАЛАДАН "БАҚСЫҒА" ДЕЙIН...

ашық дереккөзі

БАЛАДАН "БАҚСЫҒА" ДЕЙIН...

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисасы Несiпкүл ОМАРБЕКОВАМЕН әңгiме-сұхбат

Сiздi ойлаған сайын менi бiр сағыныш керуенi сонау сексенiншi жылдарға сүйрейдi…

Иә, алғаш студент атанған 79 жылдың күзi. Алматыдай әсем қаланың белдi де беделдi жоғары оқу орнының студентiмiз. Сабақтан қол босай қалса, театрдан шықпаймыз.

Бiрде сүйкiмдi құрбым Шырай Жамбыл облыстық қазақ драма театры келiп жатқанын, онда туған әпкесi Сiздiң де бар екенiңiздi айтып, жинала бастадық.

Дүниежүзi мойындаған Шыңғыс Айтматовтың "Бетпе-бет" спектаклiнде Сiз аңғал да перiште сәби ролiн ойнадыңыз. Алған әсерiмiз керемет.

Сонымен…

Өзiңiз жақсы бiлесiз, Сiздiң туған сiңiлiңiз Шырай екеумiз өте жақын құрбы болдық. Одан кейiн де талай Сiз қатысқан спектакльдердi, тiптi Таразға барып та көрiп жүрдiк. Сiздiң теп-тегiс аппақ маңдайыңызға әрең-әрең сиып тұрған тостағандай көзiңiз, әдемi танауыңыз, тiптi шабыттанып сөйлеген сөйлеу мәнерiңiз де, сылқылдай күлген күлкiңiз, сахнадағы кербез де керiм жүрiсiңiз сол сәттерде менi болашаққа сапар шектiрiп, жанымдағы жан құрбымның толысқан шағын көз алдыма әкелетiнмiн. Өйткенi ол жылдарда Сiз небәрi отызда ғанасыз. Ал бiз.. тiптi жиырмаға жетер-жетпес жастамыз. Одан кейiнгi тағдыр жолы бiздi азапты да қайғылы кездерде жолықтырды. Сiз мейiрiмдi сiңлiңiздi, ал бiз сүйкiмдi құрбымызды жоқтап қала бердiк…

Содан кейiнгi ұзақ жылдардан соң Сiзбен екiншi рет кездесiп отырмын. Әрине, көз алдымда мүлдем басқа көрiнiс, шексiз сағыныш кеулеген кеудемдi бiр мазасыздық басып отырғандай күй кештiм. Сiздiң мойныңыздан қыса құшақтап ағыл-тегiл жылаған он-он бес минут уақыт ғасырларға жетелеп кеткендей көз алдымнан жылдар жылжып, күндер зуылдағандай. Сосын бiр күлдiк, қайтадан көз жасымызға ерiк бердiк…

Әдемi кездесудiң соңы осынау мақалаға жол салды. Ұзақ жылдар көрiспесек те, Сiздiң сахнадағы өмiрiңiз, өнердегi ғұмырыңыздан шет қала алмағанымды бiлемiн. Сондықтан да, осынау сағынышқа толы кездесу қағаз бетiне дәл сол күйiнде түскенiн қаладым. Өйткенi Сiз қазақ өнерiн насихаттап қана қоймай, бүгiнде елiмiз түгiлi, шетелдерге де қазақтың ұлттық өнерiн, сол өнердi жасаушыларды мойындата алған кемелдi шағыңыздасыз.

Бүгiнгi әңгiме арқауына айналып отырған Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстан Мәдениет қайраткерi Несiпкүл ОМАРБЕКОВА маған осындай жағынан да аса қадiрлi әпке саналады.

– Иә, сендер онда баласыңдар. Сонда да менiң қуанышымды, сахнадағы қуанышымды бөлiсе алатын сезiмталсыңдар. Бiр-бiрiңе өте мейiрiмдi болдыңдар. Сол мейiрiм, тiптi екi жақтың да бауырларын бауырындай сыйласып, араласып кетуге жетеледi ғой. Ол жылдар да артта қалды. "Орнында бар оңалар" дегендей, артынан ерген балаларының амандығын сырттай тiлеп, тiлеулес болудан басқа не амал бар?!

Бала демекшi, өз басым қырықтың бел ортасынан асқанға дейiн тек балалар бейнесiн жасадым ғой. Есiңде шығар, сахнада өмiрбақи бала болып кеткен өнер саңлақтары да жоқ емес тарихымызда. Ал қазақтың өте бай әдеби шығармаларында аңғал да аңқау, арамдықты бiлмейтiн таза балалар бейнесi мiндеттi түрде кездеседi. Зорлық пен зомбылық, мейiрiм мен қатыгездiк қатар жүретiн қай заманда да жазылған көркем шығармалардағы бала бейнесiн сомдау оңайға соқпайтынын бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Өйткенi сол ересектер секiлдi олар да болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайды ғой.

1971 жылдың қаңтар айының 5-жұлдызында қазақ өнерiнiң ақсақалы Асқар Тоқпанов қызметке қабылдады. "Мына бала бiзге керек бала" деп аса жылы iлтипат-ықылас бiлдiрген-дi. Сөйтсем, жалпы өнерде жасөспiрiмдердi бейнелейтiн актерлар қажет дегенi екен ғой. Бiр жылдан соң ол кiсi Алматыға ауысып кетiп қалды. Басында Абай атындағы облыстық драма театры едi, кейiн облыстық қазақ драма театры болып аталамыз. Қырық жылдан астам уақыт осы театр қабырғасында, сахнасында келе жатырмын. Бiр кезеңдерде театр залын толтыра алмаған, тiптi актер-актрисалардың басқа бiр кәсiптермен айналысып кеткен кездерi болды. Басшылар да жиi ауысып жатқан күндер де бастан өттi. Ал ондай аласапыран сәттерде, әрине тоқырау сөзсiз болады. Көппен бiрге менiң де қабырғама қатты батты. Өйткенi сахнада сенi ғана бақылап, қадағалап отырған ешкiм болмады. Әркiм өз бетiнше әзiрленуге тырысты. Бiреуге өкпе айтып, ренжуге де болмайтын тiрлiк кештiк. Қазiр қалыпқа түстiк. Дегенмен бүгiнде театр репертуарында "Ана– Жер-Ана", "Бетпе-бет" секiлдi дүниелер жоқ. Мұндай серпiлiс болмаған соң, мен армандайтындай бейне де есiңе оралмайды екен. Қолдағы барымен базар болдық.

Осы уақытқа дейiнгi мен сомдаған жасөспiрiмдер кiшкентай болса да жүректерiне мұң ұялаған, мына тiршiлiктiң iшкi психологиялық иiрiмдерiнен шыға алмайтындай күйлерi де болды. Тiптi трагедиялық образды балалар да баршылық. Қандай жағдайдағы бала болса да менiң оң жамбасыма келiп тұрған кейiпкерлер едi. Ал өмiрде өте кiрпияз, талғампаз адаммын.

– Атап өтсеңiз?

– Шыңғыс Айтматовтың "Бетпе-бетiнде" Кiшкентай деген баланы, Дулат Исабековтiң "Кiшкентай ауылында" он төрт жасар Перизатты ойнадым. Әсiресе, осы екi бала-образ менiң жан-дүниеме өте жақын, сезiмталдығы, өмiрге көзқарастары жағынан өз бойымдағыны көргендей әсермен ойнап шықтым. Басқа көптеген кейiпкерлерiмнен гөрi осы екеуi өте ыстық. Одан кейiн Бақтияр Әбiлдаевтың "Айша-Бибiсiнде" Мәни ханымды ойнадым. Қытай ханшайымы. Бiр ай Мәскеуде бiлiмiн жетiлдiретiн институтта оқып, тәжiрибе алмасып келiп, Шекспирдiң "Корол Лирiн " бiр институтқа барып қойдық та, Лирдiң кенже қызы Корделияны ойнадым. Мен ол кезде қырықтан асқан кезiм. Сонда Ресейдегi бiздiң кураторымыз, мәскеулiк режиссер Михаил Ежевейцин маған ұзақ қарап: “Мына кiсiнiң ойнау қабiлетiнiң шеберлiгiне лайықтап, шама-шарқына қарап ол кенже қызды он үш жасар етiп шығарамын”, – дедi. Лайықты бағамды бердi.

Өнердi сүймесек, өнермен ауырмасақ ғұмырымызды арнамас едiк қой. Қазақ өнерiнiң бiр пұшпағын илеп жүрiп жатқан жайымыз бар. Сахнадан кетсек тiрлiк тоқтап қалатын сияқты…

Ал қанша қабiлеттi, дарынды болсаң да сенiң ар жағыңда отағасы, отбасы, бала-шаға тұратыны тағы бар. Солардың тiрлiгiне араласа жүрiп, уақыттың қалай өте шыққанын да аңғармай қалыппыз.

– Сiздiң "Бақсы" атты көркем фильмге түскенiңiзден де хабардармыз. Уақыт демекшi, шын мәнiнде киноға кеш келдiңiз ғой.

– Сөйтiп сахнадағы "балалығым" алпысқа қараған шағымда "Бақсыға" ұласты да кеттi. Рас айтасың, тым кеш, ал кеш болса да сол фильм менiң өмiрiме үлкен өзгерiс, тiптi бетбұрыс жасады десем, сенер ме едiң. Өнердегi ғана емес, шын мәнiнде өмiрiме, iшкi жан-дүниеме әдемi бiр бұлқыныс ендi. Облыстың шап-шағын әдемi бiр сахнасынан айға, аспанға-көкжиекке лақтырып жiбергендей әсерде жүрмiн десем, артық айтқандық емес. Мүмкiн бұл кинотуынды әлдебiреулерге ұнар, ұнамас, халық өзi қалай қабылдаса да өз еркi ғой. Дегенмен режиссер Гүлшат Омарова мен сценарийiн бiрге жазған әрi продюссерi Сергей Бодров түсiрген "Бақсының", яғни Айдайдың өмiрiме жақсы өзгерiс ала келгенiн жасырмауға қақым бар шығар. Фильмде Алматы облысы, Үңгiртас ауылында тұратын прототип Би-Фатима әжемiздiң қасында үш күн, үш түн түнеп жатып, одан төрт ай бойы түсiрiлiм алаңдарында кеткен уақытыма өкiнбеймiн. Ал жалпы бақсылық қазақ халқының дәстүрiнде бар ырымдар атауларының бiрi болған. Қанымызда бар қасиеттiң бiрi деп те айтуға болар.

Өнерде байқау болғанмен, бәсекелестiк, бақастық болмауы керек деп ойлаушы едiм. Мұндай қақтығыстар да болды. Дегенмен өзiмдi өте салқынқандылыққа жеңдiрiп, осы уақытқа дейiн iшiмде томағатұйық қалыппен ғұмыр кешiп келе жатырмын. Өз басым әлдебiреулерге көзтүрткi болатындай керемет басты ролдерде ойнауға талаптанған да, ұмтылған да жоқпын. Сондықтан өнердiң алдында, сахналастарым алдында арым таза.

Киноға шақырған да мәскеулiк "Еурази" жасөспiрiмдер компаниясы. Оның алдында Әмина Өмiрзақова жайлы деректi фильм түсiремiз деп, театрға келiп кеткен-дi. Өзiме сенiмсiздеу болдым, өйткенi өнердiң серiлерi шоғырланған Алматыдан таба алмай қалып па екен деп ойладым да қойдым. Ал киноға түсудi армандамайтын актер-актриса болмайтын шығар. Жас та кетiп бара жатыр. Сонда түсiрiп жүрген жiгiт: " Сiз Құдай бұйыртса, осы күзде жұлдыз болғалы тұрсыз", – дегенi. "Жақсы сөз – жарым ырыс" деген деп күлiп алдық та, мәз болып қала бердiк. Бұл жылдың басы болатын. Бiрнеше ай өткен соң "тезiрек театрға жетiңiз, кинодан кiсiлер келiп тұр" деп хабарласты. Шынымды айтсам, аяғым тартпай әрең ұялғаннан бардым. Менен басқаларды түсiрiп болып, далада күтiп тұр. Өнер институтында сабақ беретiн Әнуар Райбаев деген жiгiт екен. Басында Әмина апайға түседi екенмiн деп қалдым. Сөйтсем “Жоқ сiз басқа "Бақсы" деген киноға түсесiз” дейдi.

– Ойбай, бақсы түгiлi мен әлi күнге дейiн сахнада кемпiр болып көрмеген адаммын, – деп без-без етiппiн.

– Ештеңе етпейдi, мына бiр-екi көрiнiстi қағаздан оқып берiңiзшi,– деп ол тұр.

Театрдың алдындағы көкте отыра қалдық та оқып шықтық. Бiр апта өттi ме, жоқ па, шақыру келiп тұр. Үйдегiлермен, әрiптестерiммен ақылдасып едiм, олар "бар, бар" деп қоймады. Солай келiскенмiн. Студияға жүрексiнiп кiрсем, небiр бақсылар толып жүр. Әлем-жәлем киiнген, бiрiнiң қолында домбыра, қобыз, баян ұстаған түрлi-түрлi бақсылар… Көптеген түсiрiлiмдерден кейiн маған тоқтап, бекiттi.

Маған киноға түскендегi ең қиналған кезiм шашымды кесетiн тұс болды. Елуден кейiн, сахнадағы "бала кейiптен" "әйел-ана" кейiпке көшiп, шаш өсiрiп жүргенмiн, әжептәуiр өсiп қалған шашым үшiн күрес басталды да кеттi. Тырысып отырып алдым. Бiрақ келiсiм-шартқа қол қойылып кеткеннен кейiн түсiрiлiм алаңында бәрiбiр олармен келiспеске болмады. Қан қысымым көтерiлiп топтағылардың естерi шығып кеттi. Шаштың кесiрiнен қасымда дәрiгерiмiз бiрге жүрдi ғой. Түстен кейiн "Әулиеағаш" деген қасиеттi жерге барып, шырақшы кiсiнiң батасын алып, құран оқытып, түсiрiлу рәсiмiн жасадық. Кейiннен бәрi естерiне алып күлiп, менiң таза қазақи қылығымды айтып мәз болып жүрдi.

Шыны керек, маған киноға түсу оңай болған жоқ. Қиналдым. Актриса ретiнде емес, жарқылдаған камераның алдында бәрiбiр бiр беймазалық бойыңды билейдi екен. Кейбiр жай көрiнiстердiң өзiнен шатасып, дегбiрiм қашқан сәттер де болды. Бiрақ тез бейiмделiп, образға тез ендiм. Оның үстiне Гүлшат Голландияда тұрады екен, көптеген көрiнiстерде қазақи ұғымдарға өзiм де түсiнiк беруiме тура келдi. Ол ұсыныстарым продюссер мен режиссердiң көңiлiнен шықты. Өйткенi мүмкiндiгiнше халыққа түсiнiктi болуы үшiн менiң де үлесiм бар ғой, сондықтан да кейбiр тұстарда жылап та алған кездерiм болды. Бiрақ келiсiмге тез келудiң, бәрiмiздiң көздегенiмiз бiр мақсат болғандықтан келiсiп пiшiлген дүние жарыққа шықты. Ал дайын дүниенi көрген кезде қатты қуандым.

– Өкiнiш-ренiш ұмытылды дейсiз ғой…

– Негiзi бұл кино Түркiстан қаласында Иассауида түсiрiлмекшi болған. Бiрақ жөндеу жұмыстары жүрiп жатты да, Бұхараға барып түсiрiлген ғой. Соған ғана өкiндiм, өзiмiзде түсiрiлгенде мүлдем басқаша болар ма едi деген бiр ой көңiлде қалып қойды. "Әттеген-айым" осы болды. Ал басты кейiпкердi ойнаудағы актрисалық қабiлет-қарымыма, жеткiзе алғаныма кинодан кейiнгi мақтау сөздер, жылы пiкiрлер қуантты.

"Ең үздiк әйел образы", "Ең үздiк образ" үшiн Ресей, Чехословакия және Австралия сияқты iрi мемлекеттерден сыйлықтар алдым. Кейiн 1998 жылдың желтоқсан айында Дубайда өткен халықаралық кинофестивалiне барған сапарымда да өте риза болып қайттым. Ондағы кездесулерден алған әсерiм ерекше болды. Елге оралған кезде көптеген таныстарыма "Қырық жыл театрдан көрмеген жақсылықты қырық күнде кинодан көрдiм" деп айттым. Пендешiлiкке салынып артық кетсем, Жаратушым кешiрсiн, ал шын мәнiнде солай болғаны ақиқат! Сол шетел сапарларындағы маған көрсетiлген құрмет, бiздiң халықтық өнерге, елiмiзге деген көзқарас, iлтипатты көргенде қуаныштан көзiме жас келдi. Алматыдағы көрсетiлiмде де жақсы қабылданды. Киногер Сергей Әзiмовты бiрiншi көруiм, сол кiсiнiң өзi: "Бiлесiз бе, сiз қазақ өнерiндегi әйелдер галереясына жаңа бiр әйел образын енгiздiңiз" деп құттықтады.

Кинода талап та қатал екен. Әрбiр минутың есептеулi. Уақыттың қадiрiн сезiндiм. Тiптi режиссер Гүлшат Омарованың қазақ мәдениетi мен өнерiнiң жанашыры болған Iлияс Омаровтың немересi екенiн бiлгенде, "алтынның сынығымен" бiрге жұмыс iстегенiме шексiз қуандым. Тектiнiң ұрпағы екенiн, өзiнiң туған халқының өнерiне атсалысып жүрген қаршадай ғана қазақтың қара қызының қайсарлығына таң қалдым. Риза болдым. Қазақ қыздарының қабiлеттi, сауатты, талантты екенiне дау жоқ, әрине.

– Биыл Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығы аталып өтпекшi. Тәуелсiз елдiң тәуелсiз өнерiне көзқарасыңыз?

– Өнерде бәсекелестiк болғанмен, тәуелдiлiк болмауға тиiс. Өнер – халықтiкi. Өнер – менiң тағдырым! Ал тағдыр деген бiр пендеңiздiң бүкiл бiр ғұмыры дейтiн болсақ, ол жолда қуаныш пен қайғы, бiрде жарық, бiрде көлеңкесi қалың болуы әбден мүмкiн.

Көркем өнерде, бәлкiм ескi көзқарас деушiлер табылар, дегенмен жүректi селт еткiзер дүниелер жоқ. Атыс-шабыс, қан-жоса, әкесi баласын, баласы анасын өлтiрiп, "рахат" өмiр кешiп жатқан шетелдiк туындылар басым. Бұл менiң жеке пiкiрiм деп қабылдарсыз, ар жағына бармай-ақ, Әзағаңдар, Әзiрбайжан Мәмбетов, Маман Байсеркенов сияқты мықты режиссерлер жетпей жатқан тәрiздi.

– Сонда сiздiңше, әдеби көркем дүниелер бар, театрландырылуға шама жетпей жатыр деп ойлайсыз ба?

– Әрине, қазақ әдебиетiнде өте бай, құнды да шежiрелi туындылар баршылық. Ал мықтылар азайып бара жатыр. Мұқағали, Төлегендер, Әуезов пен Мүсiреповтер бүгiнде көздерi жоқ болғанмен, басқаны қайдам, өз басым қиналған сәттерiмде солардың шығармаларын оқимын. Оқимын да, қайта "тiрiлгендей" боламын. Аттары аталмай қалса айып етпес, дәл осындай қаламгерлердiң сахнаға сұранып тұрған шығармалары қаншама?! Дегенмен үмiт үзуге тағы болмайды.

– Соңғы жылдарда сахнаға аз шығасыз-ау деймiн…

– Иә, сол кинодан кейiн Сәкен Жүнiсовтiң "Қысылғаннан қыз болдым" туындысында Сәбира деген рөл тидi. Сахнаға көп шықпасам да, бос уақытым тек қана өнерге, өнер туындыларына арналады.

– Әйел затына өнердiң көшiнде жүру аса оңай шаруа емес. Дегенмен жолдасыңыз Асан мен қызыңыз Перизат та осы салада жүр емес пе?

– Иә, жолдасым Асанмен талай жылдарым бiр сахнада өттi. Перизат болса да бишi, "Қазақконцерт" бiрлестiгiнiң беделдi бишiсi. Басында қарсы болмап едiм, қазiр жылдар өткен сайын өкiнетiн кездерiм де болады. Өйткенi бишi болу үшiн үнемi бiр қалыпта, түзу де сымбатты болу заңдылық. Қызымды өнерге байлап қойғандай сезiнемiн. Бiрақ мың бұралып билейтiн "Алтынайын", "Айша Бибiсiн" көргенде масаттанып-ақ қаламыз. Өнер жолы қаншалықты қиын болса, соншалықты қызық та!

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ