ҚЫРДАҒЫ ҚЫРҒЫН
ҚЫРДАҒЫ ҚЫРҒЫН
Ақпан айының соңында Оңтүстiк Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргiн құрбандарының мұражайында Қазақстан тарихында ерекше орын алатын "Адай көтерiлiсi" жайында Iзтұрған Сариевтiң "Ойрандалған дала", "Ойрандалған адай даласы" еңбектерi негiзiнде белгiлi қоғам қайраткерi, ұлт, мәдениет жанашыры, кәсiпкер Жауғашты Жоланұлы Нәбиевтiң жобасымен қазақ тiлiнде "Қырдағы қырғын: Адай көтерiлiсi 1929-1931 жж." орыс тiлiнде шығарылған "Степная трагедия. Адайское восстание. 1929-1931гг." атты 2010 жылы шығарған кiтабында қаншама халқымыздың қиын тағдыры мен жойылып кетпеу жолындағы жанқиярлық күресiн баяндайтын құнды, тарихи, ғылыми еңбекке, көпшiлiк қауымға арналған дөңгелек үстел өткiзiлдi.
Кiтаптың сыртқы мұқабасынан кiтаптың соңына дейiн түгелiмен қазақ даласының қайғы мен қасiретiне толы суреттер, архив материалдары, тарихи деректер, орыс әскери қолбасшылары мен шетел тарихшыларының қазақ өмiрi жайында жазылған еңбектерiнен үзiндiлер берiлген. Кiтап негiзiнен 2 бөлiмнен тұрады. Кiтаптың жазылуының басты мақсаты – Iзтұрған Сариевтiң (марқұм) ыждағаттылығымен ұзақ жылдар жинаған материалдары негiзiнде жазылған.
2-шi бөлiмде iшкi iстер органы мен мемлекеттiк қауiпсiздiк органы мұрағатынан алынған ойрандалған Маңғыстау даласы мен сол өлкедегi өткен зорлық, зомбылық, сұмдық, озбырлық, қуғын-сүргiн, зобалаң, елден шет елге ауа көшу, отбасынан айырылу, бүкiл мал-мүлiктен, күн көрiсiнен жұрдай болу, бас сауғалау, адам айтқысыз геноцидтiк саясаттың құрбандарының суреттерi мен құжаттары және олар туралы естелiктерден т.б. тұрады. Кiтапта болған жағдайлар құр баяндау арқылы емес, нақтылы цифрлар, схема, мәлiметтер арқылы берiлген.
Бұл жиынға Алматы қаласынан жобаның авторы – қайраткер Жауғашты Нәбиев, Алматы қаласынан республикалық "Әдiлет" тарихи-ағарту қоғамының төрағасының бiрiншi орынбасары, тарих ғылымының кандидаты, жазушы Бейбiт Орынбекұлы Қойшыбаев, сондай-ақ қаладағы АИУ-нiң тарих және заң факультетiнiң деканы Баршагүл Қашқынқызы Исабек, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нiң Қазақстан тарих кафедрасының доцентi Тiлеуқұлов Гауһарбек, тарих ғылымының кандидаты Кәрiбаев Сәрсебай, "Алаш" сыйлығының лауреаты, жазушы, Қазақстан Республикасына еңбек сiңiрген қайраткер Мархабат Байғұт, халықаралық "Физули" сыйлығының иегерi, Қазақстан Жазушылар одағының Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Әбiлда Аймақ кiтап жөнiнде өз пiкiрлерiн айтты. Бейбiт Орынбекұлы Қойшыбаев баяндамасында "Бiз бүгiн танысып отырған Маңғыстаудағы дүрбелең жайында екi тiлде шығарылған еңбек оқырман назарына ұсынылып отыр. Бұл кiтаптардың жалпы қолға алынып отырғаны ауқымды жобаның мәнi, маңызы өте зор. Осы орайда бiз қасiреттi өткенiмiздi жаңғыртып қарап, ұрпақ тәрбиесi пайдасына жұмсау жолында жақсы iске мұрындық болып үлкен жобаның тұсауын кескен Жауғашты Жоланұлы мен баспагерлерге, жобаның алғашқы өнiмiн бүгiнгi таныстыруды ұйымдастырушыларға үлкен алғыс сөзiмiздi бiлдiремiз".
Гүлнұр БЕКБЕНБЕТ, ОҚО саяси қуғын-сүргiн құрбандары мұражайының кiшi қызметкерi