Жаңалықтар

“ӘН ЕДI БIРЖАН САЛҒАН ЖАЙМАШУАҚ”

ашық дереккөзі

“ӘН ЕДI БIРЖАН САЛҒАН ЖАЙМАШУАҚ”

"Адырна" этнографиялық бiрлестiгi мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң бiрлесiп ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында "Бiржан деп атым шықты алты Алашқа" атты кеш өттi.

Кеште алғашқы болып академик, профессор Тұрсынбек Кәкiшев: "Бiздiң классикалық әншiлерiмiздi жастар ұмыта бастаған кезде оны қайта жаңғыртып, кейiнгi ұрпаққа, мына залда отырған студенттерге тағылым етiп, iс-шараны көтерiп отырған "Адырна" ұйымының бағыт-бағдары өте дұрыс", – деп өзiнiң алғысын бiлдiрдi.

Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай Студенттер сарайында қазақтың бiртума перзентi Бiржан Қожағұлұлына арналған бұл кеште сазгердiң әндерi орындалып, өмiрiнен сыр шертiлдi. Бiржан салдың шығармашылығына тоқталып, тарихи фактiлердi қозғап баяндама жасаған өнертанушы, дүлдүл әншi Ерлан Төлеутай болды. Сонымен дүйiм жұрттың алдында дәстүрлi өнер өз көгiнен көрiнiп, ең алғаш сахна айқара ашылған уақытта Қазақ Ұлттық университетiнiң “Фараби сазы” оркестрiнiң орындауында Құрманғазының күйi "Балбырауын" өз кезегiн алды. Оркестрдiң көркемдiк жетекшiсi – Болатқали Әмiрхан. Кештiң бiр ерекшелiгi, Бiржан салдың бұрын-соңды ел тыңдамаған, архивте қалған жаңа әндерi өз тыңдарманына жол ашты. Еркiн Шүкiмәнов "Айтбай", "Жасымда ғылым бар деп ескермедiм", "Жанбота", Досхан Одаманов "Ақтентек", Нариман Әбдiрахманов "Ләйлiм-шырақ", Сәуле Жанпейiсова "Бурылтай", "Жонып алды", Ербол Бiләлов "Мәтi-дәулен", Саят Нұртазин "Адасқақ", Жасұлан Базарбеков "Жонып алды 2 түрi", "Қуандыққа", Ерлан Рысқали "Бiржан сал – ақын", "Жамбассипар", Талғат Әбiлғазы "Сырғақты", Гүлшат Тәкежанова "Ғашығым", Ерлан Төлеутай "Ақсеркеш", "Он саусақ", Гүлсiм Арысбаева "Жалғыз арша", "Ақжорғажан", Төлеутай Серiков "Мақпал қыз" және жоба авторы Жоламан Құжаманов "Мiнезi жүйрiктердiң соқпа-соқпа", "Мен көрдiм ұзын қайың құлағанын", Жасұлан Сақаев "Керкекiл", Бахтияр Ақымжанов "Бiрлән" атты Бiржан салдың әндерiн шеберлiкпен айтып шықты. Ерлан Төлеутайдың орындауындағы "Он саусақ" әнi тыңдарманның көңiлiн бiр серпiлткенi кеш ақсақалы Тұрсынбек Кәкiшевтiң оған өз шапанын шын көңiлiмен сыйлауынан көрiндi. Танымал әншi Тiлеулес Құрманғалиевтiң орындаған "Темiртас" әнiнiң әсерiнен жасы үлкен аға-әпкелерiмiздiң көзiне жас үйiрiлдi. Соңыра Рамазан Стамғазиевтiң орындауындағы "Алқаракөк", "Он екi взвод", "Айбозым" әндерi кештiң сәнiн одан әрмен қыздырып, қызықтыра түстi. Кеш соңында Бiржан салдың шөбересi, тiкелей ұрпағы Марал Темiртасов былай дедi :

– Бұл кештiң ұйымдастыру алқасына үлкен алғысымды бiлдiремiн, Бiржан сал – исi қазақтың игi мұраларының жарқын бейнесi. Бiржанның өмiрi мен шығармашылығы қамтылған музейi қазiр Бурабайда орналасқан. Ұрпағынан қазiр үш шөбересi бармыз. Екi бауырым бар. Бiрiнiң аты – Орал, бiрi – Шәрiп. Көкшетауда, Степнякта тұрамыз.

Бiр мезгiлде ұлы музыка тұлғалары мен қазақтың ән өнерiн қатар насихаттайтын жоба туралы алғаш әншi Жоламан Құжаманов бастама көтерген едi. Бiржан сал, Ақан серi, Мұхит, Үкiлi Ыбырай, Нартай, Кенен, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ тәрiздi дарынды тұлғаларымыздың өмiрi мен шығармашылығы жастарға орасан зор өнеге. Былтыр Жазушылар одағының қолдауымен "Алаштың Ақан серiсi" атты Ақан әндерiнен кеш ұйымдастырылды. Онда да әлi күнге дейiн ұлт мүддесi майданында аттан түспей жүрген Тұрсынбек Кәкiшев ақсақалымыз ақ батасын берiп, жастардың қасынан табылған болатын. Атаулы кештiң басты ерекшелiгi – Бiржан салдың айтылмай жүрген әндерiн халыққа жеткiзуiмiзде болып отыр. Мысалы "Керкекiл", "Бiрлән", "Мiнезi жүйрiктердiң соқпа-соқпа" және тағы басқа әндер. Бiржанның Абайдың сөзiне жазылған "Жасымда ғылым бар деп ескермедiм", "Мен көрдiм ұзын қайың құлағанын" атты әндерi бiздiң назарымызды бiрден аударды. Бiржанның Абайды iздеп барғаны баршаға аян. Қазақ тарихындағы алғашқы бiрлескен шығармашылық жұмыс осы екi ұлыларымыздан бастау алғандай. Абай Бiржанның өнерiне сүйсiнiп, "сендей әншi қайта тумас-ау" дегенде, Бiржекең "Мендей әншiнiң талайы туар, бiрақ сендей тыңдаушы тумас" дептi. Расында да, қазақ әнi тыңдармандарын жоғалтып алғандай күй кештi кейiнгi кездерi. Осы олқылықтың орнын толтыруға талпынған "Адырнаның" қадамын қуаттап, министрлiктер мен құзырлы мекемелер көз қырын салып қарайласса, нұр үстiне нұр болар едi.

Бахтияр АҚЫМЖАНОВ