ЛИВИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ НАТО ӘРЕКЕТI
ЛИВИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ НАТО ӘРЕКЕТI
Араб елдерiндегi төтенше жағдай әлi де толастар емес. Тунистен бастау алған қақтығыстар бiр елден екiншi елге ұласуда. Билiк пен халық арасындағы қақтығыстар әсiресе Ливия елiнде өрши түстi. Ливиядағы жанжал халықаралық қауымдастықтардың да жiтi бақылауында болып отыр. 40 жылдан аса елдi басқарған Муамар Каддафиге қарсы күрес жаңа реңк алғандай… Ауғанстан, Ирак елдерiнiң тынышын алған Батыс коалициясы ендi Ливияны қатаң бақылауына алады.
КОАЛИЦИЯ ШАБУЫЛДАРЫ
17 наурызда БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесi өкiмет әскерлерiнiң ереуiлшi күштерге әуе арқылы шабуылын тоқтату һәм бейбiт халықтың зардап шегуiне тосқауыл қою мақсатында Ливияның әуе кеңiстiгiн жабу туралы қарарды қабылдаған болатын. Муамар Каддафидiң жақтастары БҰҰ-ның шығарған шешiмiне қарсы уәжiн де жасырмады. "БҰҰ елдiң iшкi жағдайына араласа алмайды. Бұл Жерорта теңiзiнiң бойындағы мемлекеттерге әдейi жасалып отыр. Ал Батыс елдерiнiң бiзге жасалатын шабуылдары ереуiлшiлердiң жасап отырғаны" деп мәлiмдедi. Алайда арада екi күн өткеннен соң Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Италия елдерi құрған халықаралық коалиция Ливияда әскери операциясын бастап кеттi. АҚШ президентi Барак Обама коалицияны мұндай әрекетке Каддафидiң өзi мәжбүрлеп отыр дегендi алға тартып, операция барысында құрлықтық шабуыл жасалмайтынын мәлiмдедi.
19 наурызда америкалық және британдық кемелерден 110-нан аса "Томагавк" қанатты зымырандары Ливияға қарай ұшырылды. Ливияның мемлекеттiк телеарналарының ақпараттарына сүйенсек, Батыс коалициясының шабуылдары салдарынан 60-тан аса адам қаза тауып, 150 адам ауыр жарақаттанған. Ал ливиялық БАҚ Триполи мен Бенгази қалаларындағы азаматтық объектiлерге, Мисурат қаласындағы мұнай қоймаларына жасалған шабуылдан бейбiт тұрғындар қаза тапқанына бұған жол берген коалицияны кiналады. Елдегi төтенше жағдайдың өршуiне орай Муамар Каддафи соғысқа дайын екенiн мәлiмдеп, миллиондаған адамды қаруландырып, "крест тағушыларға" қарсы қоюға уәде берген-дi. Соңғы жылдары БҰҰ-ның Қауiпсiздiк Кеңесi христиан әлемiнiң көңiлiне жақпайтындарға қарсы сiлтенер шоқпарға айналғанын айтушылар әлемде көбейiп келедi. Оған негiз де жоқ емес. Ауғанстан, Ирак… Ендi Ливия. Әсiресе бұл елге коалиция күштерiнiң жылдам соққы беруi сезiк тудырады. Өйткенi бұрынғы Югославияда азаматтық соғыс өршiп, гуманитарлық апат төнгенде БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесi бiраз уақыт бойы ешбiр шара қолданбағаны белгiлi. Ал Ливияның оппозициялық ауыспалы кеңесi БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң кез келген шешiмiмен келiсетiнiн айтты.
21 наурызда халықаралық коалиция күштерi Каддафидiң Триполидегi резиденциясын шабуылдады. Әкiмшiлiктiң ғимараты қирады. Кей деректер бойынша бұл ғимарат өкiмет әскерлерiнiң iс-әрекетiн қадағалайтын негiзгi орын болған екен. Жарылыстан кейiн Каддафи жақтастары Батыс журналистерiн шақырып, арнайы түсiрiлiм жұмыстарын жасатқан. Түсiру процесi толықтай қадағаланғандықтан, журналистер бұл ақпардың нақтылығын анықтай алмапты. Ливия үкiметiнiң спикерi Ибрахим Муса: "Бұл – адамдар жұмыс iстейтiн әкiмшiлiктiң ғимараты. Екi сағат бұрын мұнда жарылыс болды. Көрiп тұрғандарыңыздай, бұл жердегiлердiң барлығы бейбiт тұрғындар. Адамдар бала-шағасымен осы объекттi қарауылдау үшiн келдi. Ал зымыран олардан 50 метр қашықтықта құлаған", – деп жауап қатты журналистерге. Түсiрiлiм барысында халық "Аллах, Ливия, Каддафи!" деген сөздердi айтып, би билеген. Осылайша елдегi халықтың бiр бөлiгi Батысты, бiр бөлiгi Каддафидi жақтап отыр.
Ел президентiн тақтан тайдыруға бiрден бiр мүдделi ереуiлшiлдер де өз әрекеттерiн жалғастыруда. 22 наурызда олар Бенгази қаласынан 140 шақырым жерде орналасқан Адждабидi басып алу әрекеттерiне кiрiстi. Өз кезегiнде Каддафидiң жақтастары Мисурат қаласына шабуылдауды тоқтатар емес. Қала iшiнде танкiлерден оқ атылған. Оқиға орнында болғандар бұл атыс-шабыстан бейбiт халықтың зардап шеккенiн айтуда. 21 наурызда қалада 40-тан астам адам қаза тапты. Алайда бұл дерек әлi нақтыланған жоқ. Үкiмет әскерi сондай-ақ ресми Триполидiң батысындағы Эз-Зинат қаласын да басып алуға кiрiскен.
ТIЗГIН НАТО-ға БЕРIЛЕ МЕ?
Коалиция мен Каддафи арасындағы шиеленiс одан әрi қиындап жатқанда, әлем елдерi коалицияға енген мемлекеттердiң iс-әрекетiне қарсы екенiн мәлiмдеп отыр. Қытай Халық Республикасы бейбiт халықтың көптеп қаза табуына байланысты Ливиядағы әскери жанжалды тоқтатуға шақырды. Бұл туралы сейсенбi күнi Қытайдың Сыртқы iстер министрлiгiнiң ресми өкiлi Цзян Ю ханым мәлiмдедi. Сондай-ақ Пекин БАҚ-тары да ливиялық операцияға қарсы. БАҚ өкiлдерi халықаралық заңнамаларды бұзып, Таяу Шығыс елдерiндегi жанжалдың ушығуына сеп болып отырғаны үшiн Ливиядағы әуе шабуылын қолдайтын мемлекеттерге кiнә артып отыр. Коалицияның шабуылдарына жалғыз Қытай емес, басқа да мемлекеттер наразы. Араб мемлекеттерi лигасының төрағасы Амр Муса Ливия қалаларына жасалған шабуылдарға қарсы екенiн жариялады. Амр Муса Ливияның халықты қорғау мақсатында әуе кеңiстiгiне блокада жасалғанын қолдайтынын, алайда коалицияның әуе соққыларынан мыңдаған адам зардап шегiп отырғанына наразы екенiн мәлiмдедi.
Ал НАТО-ға мүше елдердiң келiссөздерi барысында Италия елдегi iс-әрекеттердiң реттiлiгi мен тәртiбiн бақылауды қамтамасыз ету үшiн Ливиядағы операцияны басқаруды НАТО-ға ұсынып отыр. Дегенмен коалиция құру идеясының бастамашылы әрi Ливияға алғашқы әуе соққы жасаған Франция Италияның бұл ұсынысына түбегейлi қарсы. Франция басқару жұмыстарын НАТО-ға тапсыру ұйымға наразы (Ауғанстандағы операцияларға байланысты) бiрқатар араб елдерiнiң халықаралық коалицияға қарсылығын күшейтедi деген пiкiрде.
Түркия премьер-министрi Реджеп Тайип Эрдоган өз мемлекетi – НАТО-ға мүше ел "Ливия халқына қару бағыттамайтынын" мәлiмдедi парламентте. Ливияға қатысты пiкiрталастың басынан-ақ Анкара шетел интервенциясына қарсы болғанын айта кету керек. Ливия кампаниясын басқарып отырған АҚШ әкiмшiлiгi " араб елдерiнiң қатысуымен кең көлемдегi халықаралық коалиция" құру қажеттiгiн алға тартуда. Бұл жөнiнде телефон арқылы әңгiме барысында Түркия премьер-министрiне АҚШ президентi Барак Обама мәлiмдеген. Еуропа мемлекеттерiнiң iшiнде коалицияға соңғы болып Испания қосылды. Сейсенбiде соғысқа қарсылардың наразылығына қарамастан, бұған қатысты қарарды парламент қабылдады.
ГЕЙТСТIҢ МӘЛIМДЕМЕСI
АҚШ-тың Қауiпсiздiк министрi Роберт Гейтс ресейлiк әрiптесi Анатолий Сердюковпен кездесуден соң "Ливияда шарықтау шегiне жеткен әскери операциялар жақын күндерi тоқтатылады" деп мәлiмдедi. Пентагон басшысы коалиция әскерилерi бейбiт тұрғындарға зардап тигiзбеудiң барлық амал-айлаларын қарастыратынын да тiлге тиек еттi. Гейтстiң мәлiмдеуiнше, әуе соққысы жасалатын барлық объектiлер бейбiт халық тұратын аймақтардан алыста орналасқан.
Сондай-ақ Роберт Гейтс араб мемлекеттерi лигасы мен Парсы шығанағы елдерi қабылдаған қарарлар "Каддафи өз халқын жоюмен айналысатынының айқын дәлелi" екенiн де мәлiмдедi. АҚШ-тың қауiпсiздiк министрi Ливияның болашағы халқының қолында екенiн де атап өттi.
Бiрнеше мемлекеттердiң басты назарына iлiккен Ливия мәселесi әлi де толық шешiмiн таба алмай отыр. Елдегi әскери жанжалды талқылау жұмыстары Брюссельде, Парижде жалғасын табады. Ал Ливияның байтақ құмы Батыс елдерiнiң әуе соққысынан күңiренуде.
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ