Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗ ӘСКЕРЛЕРI ТЕГIН БIЛIМ АЛУДА

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗ ӘСКЕРЛЕРI ТЕГIН БIЛIМ АЛУДА

Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерiнiң мәжiлiсiнде аталмыш саланың 2012-2013 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары мен бiрлескен коммюникесi түзiлдi. Оған ұйымға мүше елдердiң сала министрлерi қол қойды.

Қорғаныс саласы басшыларының он жылдағы оңтайлы iстерге көңiлi толып отыр. Бүгiнде ұйым шеңберiнде ұйысқан алты елдiң әскери әлеуетi арта түскен. Оның үстiне соңғы жылдары тәжiрибе алмасу мен бiрлесе өткiзген әскери оқу-жаттығулар тиiстi кеңiстiктiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiп, тұрақтылығын сақтап қалуға өзiндiк септiгiн тигiзуде. Былтыр "Бейбiт миссиясы – 2010" атты соңғы жаттығу шарасы Қазақстанның Мәтiбұлақ полигонында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз бағасын алған-тұғын. ШЫҰ-на мүше мемлекеттердiң Қорғаныс министрлерiнiң мәжiлiсiне қатысушылар ұйымның халықаралық сахнада беделi арта түсетiндiгiне сенiмдi.

Қорғаныс министрi Әдiлбек Жақсыбеков: "Бiз тығыз ынтымақтастық пен өзара әрекеттестiктiң өңiрдiң, тұтастай алғанда әлемнiң қауiпсiздiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз етерiне сенiмдiмiз. Мұндай басқосулардың мақсаты – қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жолындағы сенiмдi арттыру мен лаңкестiк iс-әрекеттерге қарсы мүмкiндiктерiмiздi күшейту", – деп атап өттi. Ол сондай-ақ бұл басқосудың ШЫҰ-ның құрылғанына 10 жыл толуы қарсаңында өткiзiлiп отырғанын жеткiздi. "ШЫҰ-ның 10 жылдан бергi жұмысында ұйым Еуразиялық кеңiстiкте қауiпсiздiктiң ажырамас элементi ретiнде тұғырланды. Әрi әрiптестiк қарым-қатынасты қалыптастыруда үлгi болып келедi", – дедi министр. Әдiлбек Жақсыбеков қытайлық әрiптесi Лян Гуанлемен де кездесiп, қорғаныс саласындағы қордаланып қалған мәселелердi ортаға салып, Қазақстанның ұйым шеңберiнде Қытай елiмен ынтымақтастыққа барынша маңыз берiп отырғандығына тоқталды. Ал Қырғыз Қорғаныс министрi Әбиболла Құдайбердиевпен болған жүздесуде тараптар "Қайтарымсыз әскери көмек көрсету туралы" үкiметаралық келiсiмдi бекiттi. Естерiңiзде болса, бұдан бұрын ұжымдық қауiпсiздiк шарты ұйымына мүше мемлекеттерге әскери мамандар даярлау жөнiндегi келiсiм шеңберiнде 1998-2010 жылдар аралығында 70-ке тарта қырғыз әскери қызметшiлерi қайтарымсыз негiзде елiмiздiң Қорғаныс министрлiгiнiң жоғары оқу орындарында бiлiм алатын мүмкiндiкке қол жеткiздi. Қазiргi уақытта Қырғызстанның 110 әскери қызметшiсi елiмiзде бiлiмiн жетiлдiрiп жүр.

Динара ДҮРМӘН