Жаңалықтар

540 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫ ТIРКЕЛДI

ашық дереккөзі

540 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫ ТIРКЕЛДI

Сәуiрдiң 3-iнде өтетiн кезектен тыс Президент сайлауын бақылауға ниет бiлдiрушiлердiң саны көбейiп келедi. Ұзақ мерзiмдi бақылаушылар сайлау науқанының әдiл өтуiн бастан-аяқ қадағалайды. Бүгiнге дейiн Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 540 халықаралық бақылаушыны тiркеген. Оның iшiнде 132 адам сайлауды бақылау жөнiндегi ЕҚЫҰ жанындағы демократиялық институттар және адам құқықтары жөнiндегi бюро миссиясынан, 321-i Тәуелсiз мемлекеттер достастығы бақылаушылар миссиясынан, 10 адам Шанхай ынтымақтастық ұйымынан, халықаралық ұйымдардан 9 және шет мемлекеттерден 68 адам аккредитациядан өткен.

ЕҚЫҰ бақылаушылары Ғани Қасымовтың Батыс Қазақстандағы қоғамдық штабында болып, сайлауалды үгiт-насихат кезеңiнде ешбiр заңсыздық байқалмағанын айтты. ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзiмдi бақылаушысы Алойс Шлеффер: "Сайлау учаскелерiнде болып, олардың дайындығымен, саяси партиялар мен үкiметтiк емес ұйымдардың жұмысымен таныстық. Барлығын тыңдап болған соң саяси сараптама жасалады. Оның қорытындысы, әрине сайлаудан кейiн шығады", – дейдi.

Қазақстанның Патриоттар партиясының 170 мыңға жуық мүшесi болса, Батыс Қазақстан облысында олардың қатары 1000-ға жуық. "Бiз қоғамдық штабқа келушiлерге партия көшбасшысының өмiрбаянымен, сайлауалды бағдарламасымен танысуына мүмкiндiк жасаудамыз. Нақты шараларға келер болсақ, қала көшелерiне шығып, халыққа парақшаларымызды тараттық. Наурыздың 26-сы күнi Оралдағы "Агрореммаш" зауытының саябағында президенттiктен үмiткер Ғани Қасымовты қолдауға арналған үлкен шара өтедi. Жақтастарымыздың барлығын сол жиынға қатысуға шақырамыз", – дейдi Қазақстанның Патриоттар партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының мүшелерi.

Тоғжан ТӨЛЕГЕН