Жаңалықтар

НАУРЫЗ АЙЫ ТУҒАНДА...

ашық дереккөзі

НАУРЫЗ АЙЫ ТУҒАНДА...

Елiмiздiң бас қаласы Астанада Наурыз тойы тойланды. Мерекелiк iс-шара Астанадағы "Қазақ елi" монументi алаңында өттi. Астанадағы Наурыз тойына Мемлекет басшысы арнайы келiп қатысты.

Астананың тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзiнде ел басшысы Наурыздың ең ежелгi мерекелердiң бiрi болып табылатынына және бес мың жылдан астам уақыт бойы атап өтiлiп келе жатқанына тоқталып өттi. Бабаларымыздың ежелгi мейрамын мемлекет басшысы осыдан 20 жыл бұрын арнайы Жарлығымен Қазақстанда қайта жандандырған едi.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өз тәуелсiздiгiнiң жиырмасыншы жылындағы көктемдi мықты, тұрақты және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретiнде қарсы алып отырғанын ерекше атап өттi.

– Бiздiң басты құндылығымыз – халықтың бiрлiгi. Сондықтан мереке күндерi де, жұмыс күндерi де бiз бейбiтшiлiк пен келiсiмдi үнемi нығайтуға тиiспiз. Тәуелсiздiк жылдарында бiз өз алдымызға қойған барлық мақсатқа мерзiмiнен бұрын қол жеткiздiк. Мемлекетiмiз дамуының жаңа баспалдағына қадам бастық. Алда атқарар iс – ауқымды. Бiздiң алдымызда экономика мен қоғамды түбегейлi жаңғырту мiндетi тұр. Бiз Қазақстанды халықтың ортақ игiлiгiне қызмет ететiн әлеуметтiк мемлекет ретiнде құрамыз. Барлық қиындықтарға қарамастан, мемлекет өзiне алған барлық әлеуметтiк мiндеттеменi мүлтiксiз орындайды, – дедi мемлекет басшысы.

Сонымен бiрге алдағы жылы жаңа экономиканың негiзi қаланатынына, мыңдаған жаңа кәсiпорындар пайда болатынынына да тоқтала кеттi. Инновация және ғылымға негiзделген өндiрiстер келешектегi дамуымыздың қозғалтқышына айналады. Мыңдаған шақырымдық жаңа темiр жол мен автомобиль жолдары салынатын болады. Қазақстанда соңғы он жыл көлемiнде 45 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды. Алдағы әр жылда тағы 6 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылмақ. Жүз мыңдаған қазақстандықтар жаңа пәтерлерге қол жеткiзетiн болады. Халықтың әлеуметтiк қорғалған топтарына арналған тұрғын үйлер құрылысына ерекше назар аударылады. Барлық қазақстандықтар заманауи бiлiм мен сапалы медицинаға қолжетiмдiлiкке ие болады.

– Бүгiн елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде Наурыз мейрамы тойлануда. Қазiр бiз жаңарудың бақытты толқынын бiрге бастан кешудемiз. Бұл күндерi күллi елiмiз жаңарады! Бiз барлық күш-жiгерiмiздi, барлық ой-ниетiмiз бен iсiмiздi Қазақстанның гүлденуiне жұмсаймыз! – дедi ел басшысы

Сол күнi Астана алаңында көпшiлiк "Наурыз думан" театрландырылған қойылымын тамашалады.

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ