Жаңалықтар

ҚАЗАҚ БЛОГШЫЛАРЫ БАС ҚОСПАҚ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ БЛОГШЫЛАРЫ БАС ҚОСПАҚ

Алматыда 19-20 наурыз күндерi "Мiнбер", "Медианет", "AsClub", "MediaLab" журналистiк орталықтарының ұйымдастыруымен тұңғыш рет қазақ блогшыларының бейресми I құрылтайы өтедi. Құрылтайға Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Еуропаның 150-ге жуық белсендi блогшылары қатысады деп болжанып отыр.

Олардың қатарында ҚР Парламентi мәжiлiсiнiң депутаттары, белгiлi журналистер, қоғам қайтаркерлерi, IТ мамандар бар. Қазiргi кезде қазақ тiлдi блогшылардың азаматтық қоғамды, ҚазНеттi дамытуға белсендi үлес қосып отырғаны белгiлi. Блогшылардың жазбалары интернет беттерiнде түрлi пiкiрталас тудырып, әртүрлi деңгейдегi мәселенiң шешiлуiне түрткi болып, қоғамдық пiкiр қалыптастыруға ықпал етiп келедi.

Бүгiнде Қазақстанда қазақ тiлiнде жазатын 300-ге жуық белсендi блогшы бар. Олардың басым бөлiгi әлемдегi ең танымал блог-тұғырнамасының бiрi wordpress.com-да шоғырланған. Зерттеу бойынша ай сайын бұл тұғырнамада оннан астам қазақтiлдi блог тiркеледi. Блог ашуға ниет бiлдiрушiлер Қазақстанда ғана емес, Моңғолия, Қытай, Еуропа елдерiндегi қандастар арасында да артып келедi. Бұл арқылы олар қазақтiлдi контенттi дамытуға айтарлықтай үлес қосып жатыр. Бiр әттеген-айы, күнi бүгiнге дейiн қазақтiлдi блогшылардың басын қосып, ашық әңгiмелесетiн арнайы орта қалыптасқан жоқ. Осыған байланысты қазақ блогшылары бiрiгiп, "БлогҚұрылтай-2011" деген атпен блогшылардың алғашқы құрылтайын өткiзудi қолға алды. "BlogCamp"-тiң басты мақсаты – ашық әңгiме, пiкiрталас, ұсыныс негiзiнде қазақ тiлiндегi жаңа медиа кеңiстiкке серпiн берiп, сапасын арттыруға ықпал ету. Жиын тұсаукесер, шеберлiк сыныптар, талқылау, бейресми отырыстар, кездесулер түрiнде өтедi. Онда негiзiнен жаңа медиа, әлеуметтiк желiлер, блогтың дамуы сияқты қазнеттегi өзектi мәселелер талқыланбақшы. "Мiнбер" журналистердi қолдау орталығының өкiлi Асхат Еркiмбай: "Қазнетте шешiлмеген проблемалар көп екенiн бәрiмiз бiлемiз. Бұл жиынның ерекшелiгi – қатысушылар мәселелердi абстрактiлi түрде көтерiп қана қоймай, оның шешу жолдарын ұсынады", – дейдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ