ҚАЗАҚ ОЮЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН
ҚАЗАҚ ОЮЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН
Жақында Мемлекеттiк Орталық музейде Қазақстанның Еңбек сiңiрген қайраткерi Өмiрзақ Рыстан әулетiнiң Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған "Атамекен" атты көрмесi болып өттi. Көрмеге Өмiрзақ Рыстанның жұбайы Кәлемхан Рахметбайдың, қызы Гүлназым Өмiрзаққызының 80-ге жуық төл туындысы қойылған. Бұл – аталған әулеттiң 6-шы көрмесi.
Сурет көрмесiнiң ерекшелiгi – қазақтың бiз кестесiн, байырғы тұскиiздер мен өрмектердегi ою-өрнектердi бейнелеу өнерiне пайдалана бiлуi. Өмiрзақ Рыстанұлының бейнелеу өнерiндегi орны жайында өнертанушы Мария Жұмағұлова былай дейдi:
– Бұл кiсi өзiнiң қанына сiңген мұраны өзгеге паш етудi мақсат етiп қойған. Ондай мақсатпен жүрген суретшiлер көп. Бiрақ бұл кiсi Моңғолияда туып өскендiктен, қаймағы бұзылмаған қазақы тiрлiктi бар жан-тәнiмен сезiнiп өскен, көрiп өскен. Өмiрзақ әулетi Моңғолияда тұрғанда киiз үйдi де көрген, оның ата-анасы қол өнердi қолдана бiлген. Демек олар қазақ өнерiнiң ерекшелiгiн, философиясын, тарихын өзгеден ерек түсiнедi. Бұл өнердi ол сурет арқылы қалай көрсетедi? Бiрiншiден, өзiнiң композицияларына оюды енгiзедi. Ол өнердiң астарында үлкен сыр жатыр. Сол ұлттық пәлсапаны классикалық өнермен ұштастырып, тек ұлттық бояумен қалып қоймай, әлемдегi бейнелеу өнерiнiң басқа да қырларын композицияларына қолдана бiледi. Қазiргi заманда бейнелеу өнерiнде қандай жаңалықтар бар, оларды қандай деңгейде жетiлдiруге болады дегендi байқау мақсатында ол Германияда бiлiм алған. Бұл кiсiнiң қолтаңбасында абстракционизм басым. Себебi қазiр реализм қалып барады. Қазiр басқа стиль, басқа заңдар озық деп табылады. Көрермен ол кiсiнiң суреттерiнен қазақтың ұлттық нақышын бiрден байқайды. Тiптi бояуларының өзi қанық, ашық. Әр бояудың өзiнiң терең мағынасы бар. Қазақ көбiне күңгiрт бояуларды пайдаланбайды. Бiз көбiмiз орыс көркемөнер мектебiнен дәрiс алсақ, ол кiсi әлемдiк суретшiлердiң туындыларынан үйренген.
Өмiрзақ Рыстан, көрменi ұйымдастырудағы мақсаты туралы:
– Әр азамат өз халқына, елiне еңбегiн сiңiру керек қой. Сол себептi де мен Қазақстанға оралғаныма 20 жыл, Қазақ елiнiң тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай "мен не iстедiм" деген мақсатта, есеп беру мақсатында осы көрменi ұйымдастырып отырмын. Кезiнде бiз советтiк идеологиямен сусындадық қой. Сол идеологияны тәрк ету керек болды. Қазақ өнерi еуропалық өнердiң көшiрмесi болмауы тиiс. Осы тұрғыдан мен көп ойландым. Қазақ халқының бет-бейнесiн көрсету мақсатында шығармашылық жұмысыма қазақтың ұлттық өнерi – ою-өрнектiң элементiн енгiзу арқылы еуропалық өнермен ұштастыра бiлдiм.
Кәлемхан Рахметбай:
– Көрменiң мағынасы – қазақтың ұлттық ою-өрнегiн дәрiптеу. Шын мәнiсiнде ою-өрнек ұмыт қалып барады. Қазiргi жастар бұны көп түсiне бермейдi. Сол себептен де мен оны екi қызыма үйретiп, қазақтың ұлттық өнерiн бейнелеу өнерi арқылы насихаттауды мақсат етiп келемiз.
"Дарын" жастар мемлекеттiк сыйлығының иегерi, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегi Гүлназ Өмiрзаққызы көрмеге бiз кестелi композицияларының қойылғандығын айтады:
– Мен екi жанрда, екi техникада жұмыс iстеймiн. Ол – бiз кесте және майлы бояу. Жұмыстарымда тек қана қуаныш суреттеледi. Мұң жоқ дерлiк. Көбi ұлттық тақырыпта. Негiзiнде әкемiз стилизация арқылы ою-өрнектi композицияға пайдаланып, ұлттық өнерiмiздi халқымыздың көз қуанышына айналдыру мақсат етедi.
Жаладдин Шәйкен, Орталық музейдiң ғылыми қызметкерi:
– Қазақ қолөнерi бүгiнгi таңда суретшiлер қолтаңбасынан көрiнiс тауып отыр. Кесте өнерi мен композициялық суреттердi жасап отыр. Бұл – өте қуанышты. Кесте өнерiн сурет есебiнде композициялау әдiсiмен көрсетiп отыр. Ашық бояу, түстерi әрi қанық әрi бай. Бұл – жоғары санадағы өнер. Бұл әрi қарай дамып, қазақ бейнелеу өнерiнiң өзгеше бет-бейнесi болып жалғаса берсе деп ойлаймын.
Есенгүл Кәпқызы