Жаңалықтар

ЕСТИ БIЛУ – ЕРЕНДIК

ашық дереккөзі

ЕСТИ БIЛУ – ЕРЕНДIК

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 11 наурызда Оңтүстiк Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында қасиеттi Түркiстан қаласында болып, мәдени-тарихи этнографиялық орталықта зиялы қауым өкiлдерiмен кездесiп, осы жерде кең отырып әңгiме-сұхбат жасағаны жайында ақпараттан оқырман жұртшылық хабардар.

Төменде белгiлi жазушы-журналист, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек сiңiрген қайраткерi Мархабат Байғұттың Президентпен жүздесудегi сөзiн жариялап отырмыз.

– Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы! Өзiңiз де жақсы бiлесiз, Сiздi кереметтей сыйлап, теңдессiз тәнтi болып өткен, ерлiктiң, елдiктiң жыршысы, махаббат жыршысы атанған халық жазушысы, марқұм Әзiлхан Нұршайықов ағамыз осындайда ой-пiкiрiн қағаздан қырағаттай оқып жеткiзетiн. Пейiште нұры шалқысын, Әзекеңнiң әдiсiн шәкiртi ретiнде сол дәстүрдi жалғастырып, мен де ойым жинақы болуы үшiн жазғанымды оқып берейiн деп отырмын.

Ардақты Елбасы! Биылғы Жолдауыңызда 2020 жылға қарай мемлекеттiк тiлдi бiлетiн қазақстандықтар санын 95 пайызға жеткiзудi мiндет етiп қойдыңыз. Он жылдан кейiн мектеп бiтiрушiлердiң 100 пайызы мемлекеттiк тiлдi бiлiп шығатын болады дедiңiз. Басқа да мықты-мықты, мерейлi межелердi көрсетiп бердiңiз.

Бұлар шын мәнiнде – аса iрi мiндеттер. Елдiң елдiк келбетiн көркейтер, ұлттың рухын көтерер, намысын нығайтар асқаралы асулар.

Әрине, осынау орасан зор талаптардың үдесiнен шығу үшiн үлкен-үлкен тiрлiктер тындыру керек. Қазiрдiң өзiнде Өзiңiздiң бастамашылдығыңызбен, байыпты басшылығыңызбен қазақ тiлiнiң қамы үшiн қыруар шаруалар атқарылуда. Бұған дейiн де талай-талай тар кезеңдерден, талайлы өткелдерден кемеңгерлiкпен жол бастап өткiздiңiз.

Қазақ елiнiң келешегi жарқын болса, қазақ тiлiнiң де болашағы жарқын боларын, тыныштық пен тұрақтылық баянды болса, тәуелсiздiктiң де мәңгiлiк боларын сөзiңiзбен де, iсiңiзбен де дәлелдеп келесiз.

Қазiр мемлекеттiк тiлдi оқытатын жүздеген орталықтар жұмысын жандандыруда. Қазақ тiлiнде 1200 балабақша ашылды. 3900 мектеп тек қана қазақ тiлiнде бiлiм бередi. Қазақ мектептерiне балаларын беретiн қазақтардың саны 80 пайызға жеттi. Бiр кездерi 20-ақ пайыз едi.

Сiздiң тапсырмаңызбен былтырдан берi балаларға арналған "Балапан" телеарнасы ашылды. Бұл – толығымен қазақ тiлiнде хабар тарататын тұңғыш телеарна. Құдай қаласа, "Қазақстан" телеарнасы қыркүйектен бастап толығымен қазақ тiлiне көшпекшi. Келесi жылдары "Мәдениет" телеарнасы да ашылып, қазақшаға басымдық бередi деп күтiп отырмыз.

Осындай-осындай шынайы қамқорлықтарыңыз үшiн бiздiң ақедiл алғысымыз шексiз. Сiздiң тарапыңыздан туған тiлдiң көркеюi жолында барлығы да жасалып жатыр. Ендiгi мәселе әрбiр қазақтың бойындағы намысына, әрбiр қазақстандықтың, әрбiр отбасының патриоттығы мен жауапкершiлiк деңгейiне байланысты.

Күнi кеше Сiз БАҚ журналистерiмен кездескенде "Бiздер, қазақтар, өзiмiздiң тiлiмiздi өзiмiз сыйлап, құрметтей бiлуiмiз керек. Байқаған боларсыздар, қазақ балаларының өзi көшеде орысша сөйлесiп бара жатады. Қазағымыздың өзiнде намыс болуы тиiс", – дедiңiз.

Сайып келгенде, көп нәрсе намысқа келiп тiреледi.

Сiз айтудайын айтып-ақ жатырсыз, қажет жағдайды жасаудайын жасап-ақ келесiз. Мұны мойындай бiлу керек. Мұндайды көре бiлу, ести бiлу – ерендiк, көрсе де көрмеген, естiмеген болу – кереңдiк дер едiм.

"Ұлтымыздың ұйытқысы – Оңтүстiк" деген ұлағатты сөздi Қазақтың Қалтайы атанған Мұхамеджанов айтқан. Тiл мәселесiнде де Оңтүстiк ұлтымызға ұйытқы, ұлысымызға әрдайым үлгi-өнеге көрсетiп келедi.

Сөз ретiнде бiр-екi ұсыныс бiлдiрмекке рұқсат етiңiз.

Жоғарыда келтiрдiк, мемлекет басшысы тарапынан, мемлекет тарапынан мемлекеттiк тiлдi меңгермекке қажеттi барлық жағдайлар жасалуда деп. Ендiгi жерде мемлекеттiк қызметке қабылданатын адамдарға мемлекеттiк тiлдi бiлу жөнiнде бiрте-бiрте, кезең-кезеңмен дегендей, талапты да күшейте түсуiмiз жөн сияқты.

Қайбiр жылы жазушылармен кездескенiңiзде "Бар өнердiң атасы – әдебиет" деген едiңiз. Сiздiң тапсырмаңыз бойынша кейiнгi жылдары "Әлеуметтiк маңызды әдебиет" тiзiмi жасалып, көркем әдебиет кiтаптарын шығару едәуiр жақсара түстi. Өкiнiшке қарай, олардың таралымы 2000 дананың айналасында ғана. Бiздiң облыстың өзiнде жарты мыңға жуық кiтапхана бар. Сонда деймiн-ау, әлгi 2000 дана кiтап республика кiтапханаларының қайсысына жетедi!

Өзiңiз меңзегендей, тiлдiң құнарын арттыратын да, көркейтетiн де – көркем әдебиет. Бұл мәселе де бiрте-бiрте шешiледi деген үмiттемiз.

Қадiрлi Нұрсұлтан Әбiшұлы! Сiзге Оңтүстiктегi барша тiл жанашырларының, қаламгерлер қауымының жүрекжарды ықыласын, Ұлыстың ұлы күнi – әз Наурыздың алдындағы ыстық сәлемiн жеткiзуге рұқсат етiңiз. Елiмiзге, тiлiмiзге, дiнiмiзге, дiлiмiзге жасап жатқан қалтқысыз қамқорлығыңыз үшiн Сiзге мың да бiр рахмет. Жүз жасаңыз!

Құрметпен, Мархабат Байғұт, жазушы-журналист, Әзiлхан Нұршайықовтың көп шәкiрттерiнiң бiрi. Әз Ағамыз шамамен осылай аяқтар едi.

* * *

Жазушы М.Байғұттың сөзiнен соң Елбасы ойға батып, Әзiлхан Нұршайықовты тебiрене еске алды. Әзекеңнiң ғажайып қаламгер, ақжүрек абыз аға болғанын, талай рет ол кiсiнiң ақыл-кеңесiн тыңдағанын айтты.

Қорытынды сөзiнде қазақ тiлiнiң қолданылуы мен дамуы, терминдер проблемасы, тiлге байланысты басқа да жағдаяттар жөнiнде жан-жақты әңгiмеледi.

Ж.Баққондыұлы