Жаңалықтар

НҮКЕТАЙ АПАНЫҢ НАУРЫЗКӨЖЕСI

ашық дереккөзі

НҮКЕТАЙ АПАНЫҢ НАУРЫЗКӨЖЕСI

Актриса "Түркiстанға" арнап дәмдi көже пiсiрдi

Қазақстанның Халық әртiсi, қазақ театр өнерiнiң майталманы Нүкетай Мышпаева апамыз Наурыз мерекесi қарсаңында жетпiс бес жасқа толды. Театр саңлақтары Асанәлi Әшiмов, Сәбит Оразбаев, марқұм Райымбек Сейтметов пен Фарида Шәрiповамен қол ұстасып бiрге жүрген, бiрге оқыған, театрдағы өнер жолын да бiрге бастаған Нүкетай апа сол бiр күндердi қызыға әңгiмелеуден бiр жалыққан емес. Театр майталманымен Наурыз мейрамының қарсаңында жолықтық. Үйге келгенiмiзде Нүкетай апа наурызкөжесiн дайындап, бiздi күтiп отыр екен. Үстiнде әдемi қамзолы бар, басында аппақ жаулығы апамның сұлу реңiне өзгеше нұр құйып тұр. "Шiркiн-ай, қазақтың әжелерiнiң бәрi осындай болсашы" дедiк Нүкетай апаның ұлттық киiмiне тамсана қарап. Ә дегеннен-ақ, әңгiмемiз Нүкетай апаның наурызкөжесiнен басталды.

– Нүкетай апа, наурызкөженi пiсiрудi кiмнен үйрендiңiз?

– Кiмнен үйренген дерiң бар ма? Шешемiзден де, – деп бiр жымиып алды Нүкетай апа. – Бiздiң бала кезiмiз соғыстың қиын-қыстау кезiмен тура келдi ғой. Сол бiр зұлмат уақытқа қарамастан, ауылдағы шешелерiмiз наурыз айында үйiндегi барын қазанға салатын едi. Бүгiнгiдей қалағаныңның бәрi дүкенде тұрған жоқ. Өткен өмiр бiр күнгiдей болмайды ғой, – деп ауыр күрсiнiп алып, әңгiмесiн ары қарай жалғастыра бердi. – Керемет наурызкөже жасайтын едiк. Бала-шаға шешелерiмiздiң қасында жүремiз ғой үйiрiлiп.

– Наурызкөжеге қосатын жетi дәмнiң бәрi табылатын ба едi?

– Бала кезiмдегi наурызкөженiң дәмi әлi күнге аузымыздан кеткен емес. Оның себебi аш-жалаңаш өстiк қой ауылда. Соғыс уақыты, картошкамыз бар, аз-маз бидайымыз бар. Қолдан жасалған қатығымызды қосамыз. Өте дәмдi болатын.

– Наурызкөже жасау үшiн ауылда арнайы бiр күндi белгiлейтiн бе едiңiздер?

– Көктем шықса болды, Наурыз келдi деп есептейтiн едiк. Сонда үй-үйге қыдырамыз. Әй, қарнымыз бiр тоятын. Наурызкөженiң тағы бiр ерекшелiгi, әр үй әртүрлi жасайды. Кейбiрi құр сылдыр суды қосып, дәмсiз етiп жасай салатын. Кейбiреулер баптап, жан-дүниесiмен жасайтын едi. Менiң шешем өте бiр пысық кiсi болды. Қолындағы бар кiшкентай талқанынан дәмдi тамақ пiсiретiн. Наурызкөже пiсiрдi дегенiңiздiң өзi үлкен той емес пе?! Қыстағы суық күндердi артқа қалдырып, үстiмiздегi тонымызды шешiп, қолымыздағы жыртық қолғабымызды лақтыратын едiк. Көктемде қызғалдақтар қалай құлпырып шықса, наурыз келсе, қыздар да солай құлпырып сала беретiн. Жас кезiңiзде қандай киiм кисеңiз де, жастықтың өзiнiң жарасымды бiр сәтi болады екен. Бiз үйде екi қыз болдық. Екеумiз де шешемiзге көмектесiп, қасында жүретiн едiк.

– Қазанға әуелi ненi саласыз?

– Қазанға әуелi қыстан қалған сүр еттi саламыз. Сүйек-саяқ. Соның бәрiн қазанға салып, су құйып, тұзын көремiз. Сосын оны баппен қайнатып, еттi асықпай пiсiрiп аламыз. Бiздiң ауылда оңтүстiктегiдей жүгерi деген болмайтын. Бiздегi бары – бидай. Жүгерiнiң орнына "Астық мол болсын!" деп ырымдап, бидайды қосамыз. Алдымен бидайды бөлек қуырып аламыз да, соны жақсылап түйемiз, одан кейiн әлгi түйiлген талқанды қайнап жатқан көжеге қосатын едiк. Бидай пiстi-ау дегенде, үстiне картоп қосатын едi. Өйткенi ауылдағы бары картоп болатын. Шешелерiмiз кебежедегi барын ақтарып, жетiге толтыратын едi. Қазақта жетi саны қасиеттi саналады ғой. Бидайы мен картобы бар, қатығы бар, барлығын қосып, жетiге толтыратын едi қайран шешелерiмiз. Кiшкентаймыз. Бәрiмiз шуылдап, үй-үйдi аралайтын едiк. "Әй, қызым, берi кел" деп, шешелерiмiз ыдысымызға бiр қасық құйып бередi. Мiндеттi түрде жетi-сегiз үйден дәм татамыз. "Қызым, үй-үйдi аралап, наурызкөженiң дәмiн татып қайт. Наурызкөженi iшкендерiң абзал. Ол сендерге бiр жылдық нәсiп бередi. Бақытың тасиды",– дейтiн марқұм шешем. Менiң шешем сиыр фермада сауыншы болып жұмыс iстедi. Әкемдi көргенiм жоқ. Әкем бiр жасымда қайтыс болыпты. "Әке" дегендi бiлгенiм жоқ. Төрт бауырымды бiр күнде соғысқа алып кеттi. Үйде екi қыз қалдық. Мен балалық шақты көргенiм жоқ. Аяғымызды тапыл-тапыл басқаннан бастап, далада үлкендерге қосылып еңбек еттiк. Шешемiз сиыр сауатын болса, кiшкентай болсақ та, мықшыңдап, бұзауын тартамыз. Кiп-кiшкентай ғана топатайым, яғни шелегiм бар. Оның қайдан келгенi есiмде жоқ. Соны қолыма iле салып, сиыр фермаға тартып отырам. Өзiм кiп-кiшкентаймын. Сиырлардың бауырынан өтемiн-дағы, сауылып қойған сиырларды қайта сауып аламын. Сосын "Нүкетай сиыр" деген бiр кiшкентай танам бар. Соны сауып алам. Бригадир қарап тұрады. Сауып болғаннан кейiн, сиырлардың бауырының арасынан қайта өтемiн де, үйге қарай зымырай жөнелем. Бұл дегенiңiз, бiр қарасаңыз ұрлық екен ғой.

– Қанша жаста едiңiз?

– Ол кезде тұра тұр, жаңылмасам, алты-жетi жастамын. Алты-жетi жасар болсақ та, балалықтың бал дәмiн татқан жоқпыз. Шешемiз не iстесе, соны жасайтын едiк. Бригадир оның бәрiн көрiп тұрса да: "Әй, Нүкетай, мынаның iстеп жүргенiн қарашы" – деп iштей күледi екен де, байқамағансып тұра бередi екен. Бiр минут тыныш отырмайтын едiм. Қолды-аяққа тұрмай, жүгiрем де жүрем. Жазды күнi киiз үйде тұрамыз. Көк сүттен басқа ештеңе iшпеймiз. Содан кейiн даладан масақ терiп келемiз. Сол масақтан шыққан дәндi үгiтiп, түйiп аламыз да, соны талғажу етемiз. Ауылдағы дәндi-дақылдың бәрiн жиып-терiп, "Соғысқа беремiз" дейтiн әйтеуiр. Сиырдың сүтiн де өткiзетiн едi. Киiз үйдiң iшiнде кемпiрлердiң бәрi айнала отырады. Сүт шайқау керек. Сонда әр кемпiрдiң, кемпiр деймiн, ол кездерi олардың жастары отыз-қырыққа жетпеген болуы керек, солардың әрқайсысының артында киiз үйдiң тесiгi болады. Сол тесiктен әрқайсысымыз келiп, алақанымызды жайып тұрамыз. Шешелерiмiз бiлдiртпей, сол тесiктен алақанымызға бiр жұғым май салып бередi. Соны iлiп аламыз да, үйге қарай жүгiре жөнелемiз. Әпкеме қарағанда, мен ептiлеу болатын едiм. Алақаныма салған майды түсiрмей, жып еткiзiп қағып алатынмын. Мұның бәрi ұрлық едi. Бiрақ өлуге болмайды ғой. Ол кезде тiске басатын түгiмiз жоқ. Қазiр ойласам, соның бәрiн ұрлап жүрiппiз-ау. Бiз соғысқа барған жоқпыз, бiрақ бiз де майданның iшiнде жүрген екенбiз. Өрiске кiп-кiшкентай болып, мал айдап шығамыз. Мал бағып жүрiп "әртiс болам" деп, айналама өзiм құралпы қыздарды жинап алып, ән салады екем.

– "Әртiс болам" дегенде бiреуге елiктеп айтып жүрсiз бе?

– Үйiмiздiң қабырғасында қара қобдиша секiлдi радио iлiнiп тұратын. Сол радиодан Роза Бағланованың әндерiн жиi тыңдайтынбыз. Роза Бағланова ән салып жатқанда, зуылдап келiп, радионың қасына отыра кетем. Неге екенiн бiлмеймiн, бiр сәтте әлгi әндi жаттап алатын едiм. Жаттап аламын да, қыздарға айтып берем. Есiл-дертiм – Роза Бағланова болу. Шешем де бiр жағынан: "Балам, өнерге бар. Өнерге барсаң, өмiрдiң шын мәнiн сезiнетiн боласың" дейтiн едi. Оқымаған, тоқымаған кемпiрдiң айтатыны үнемi осы болатын. Әрi "әншi болам" деген сөздi өз-өзiме әбден құйып алғам ғой. Жетiншi класты бiтiргеннен кейiн шешем менi қалаға жiбердi: "Әй, балам, қалаға бар. Өмiрдi көр. Театрларға бар", – деп бiреуге ерттi де, автобусқа салып жiбердi. Сонда мына бала қалада адасып кетедi-ау, қорқады-ау деген уайым болмайтын. Әлгi ертiп жiберген туыс апайым менi қолымнан жетектеп, 12 мектеп-интернатқа алып келдi. "Қойшының баласы" деп, интернатқа өткiздi. Сол мектепте екi жыл оқыдым. Театрға барамыз қыздармен бiрге. Менi алып келген әлгi Нұржамал деген туысымыз қаладағы театрлардың бәрiн аралатты. Мектепте жүргенде орыс тiлiнен, математикадан үлгерiмiм өте нашар болды. Бiрақ 12-мектепте жүрiп тек ән айттым. Көркемөнерпаздар ұйымына Рафиха Нұртазина деген апайым қатыстырды. Ол кiсi менi қатты жақсы көрдi. Кенен Әзiрбаевтың қызы Төрткен, Шәрбану Құмарова бар, үшеумiз үнемi ән салып, би билеп жүремiз. Орыс тiлiнен Нұртазина бередi, онша жақсы емеспiн. "Нүкетай, сенiң келешегiң бар, әртiс боласың" дейтiн Рафиха апай. Артымнан қалмай жүрiп, орысша нан сұрауды үйреттi. Мектептiң сахнасында ән айтып жүргеннен кейiн, бiздi үнемi қолпаштап, жоғары баға қойып бередi. Сөйтiп жүргенде өзiм намыстандым да, "ауылға кетем" дедiм. Ұстазым "Ауылға бармайсың" дейдi. "Апамды сағындым" деймiн мен. "Апаң өзi келедi" дейдi. Қайдағы? Ауылдан қалаға қатынау ол кездерi өте қиын болатын. Келмейтiнiн бiлiп тұрмын. "Кетем" деп жыладым. "Өзiмiз баулимыз, әртiс боласың" дейдi. Менiң ойым, ауылға барып, бағаларымды түзетiп, қайтып келiп, консерваторияға түсу. Тағы бiр-екi қыз менiмен ерiп, "ауылға барып оқимыз" дедi. Олар да сабақты нашар оқитын. Содан оларды ертiп, ауылға тайып тұрдық. Балалық қой. Шешем ойбайлап, "оқи бермедiң бе?" деп жатыр. "Мектептi бiтiрген соң, қалаға оқуға кетемiз ғой" деп қоям. Сөйтiп, ауылдағы мектептi жақсы бағаға бiтiрiп, Алматыға консерваторияға келдiм. "Әншi болам" деген арманым таудай. Бекен Жылысбаев әншiлердi оқуға қабылдайтын ұстаз екен. Сол кiсiнiң алдына келiп, емтихан тапсырып жатырмыз. Роза Бағланованың әндерiн қалдырмай, бiрiнен кейiн бiрiн айтып жатырмын. Бәрiн жаттап алғам, шашымды да Роза апам құсап, түйiп алғам. Ән айтып тұрғанымда, бiз отырған кабинетке бiр кiсi келiп кiрдi. Барлығы түрегелiп: "Асеке, Асеке" десiп жатыр. Ауылдан жаңа келгем, Асқар Тоқпановты қайдан бiлем?! Оған Бекен ағай: "Мына Мышпаеваны тыңдаңыз" дедi. Асекең асықпай тыңдап тұрды да, iшегi қатып күлдi. "Қайдан келдiң?" дедi. "Ағай, Нарынқолдан" деп жыпылдап, жауап берiп жатырмын. "Әруағыңнан айналайын, Райымбек бабамның ауылынан екенсiң ғой" дедi. Әлгiнi естiгеннен кейiн, "бiздiң туысқанымыз ба әлде бiздiң ауылдың кiсiсi ме екен" деп қуанып қалдым. Iштей менi оқуға алатын шығар деген iшкi қулығым да жоқ емес. "Кiм болғың келедi?" дедi. ""Роза Бағланова сияқты әншi болғым келедi" дедiм. "Ә-ә, Роза жалғыз. Екiншi Роза болмайды. Даусың жақсы, түрiң де жаман емес екен. Сен одан да әртiс бол. Мен актер дайындайтын бөлiм ашып жатырмын, соған жүр" дедi. "Оны не қылам? Керегi жоқ. Әншi болам" деп қоям. "Мынаны қарай гөр. Өзi менiмен сөз таластырады", – деп күлдi Асекең. Қасымда Раушан Әуезбаева деген әншi қыз болды. Көкшетаудан келген. Оның да даусын естiдi Асекең. "Мышпаева мен Әуезбаева менiң артымнан ерiңдер" дедi. "Қайда барамыз?" деп таң қалып тұрмыз. "Бармаймын, әншi болам" деп мен тұрмын. Бекен Жылысбаев алайын деп тұрған да жоқ шығар. Содан не керек, Асекең "Райымбектiң тұқымы, жүр менiмен" деп артынан ертiп алып, студияға алып келдi. Келсек, ығы-жығы жастар. Оқуға түсе алмай қалғандардың көбi жүр. "Әртiс болу" оңай деп келгендер көп. Асанәлi жүр, Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Оспанхан Әубәкiров, Сайын Мұратбеков бар. Ешқайсысын танымаймын. Қылтың-қылтың етiп, бiз де келдiк. Өзi ертiп келген соң, бiздi алатынын бiлдiк қой. Этюд жасатады. "Ағаларыңды сағынғаныңды айт" дейдi. Соғысқа кеткен ағаларым есiме түсiп, пора-порам шығып жылаймын. Жылағаныма қарап, мынадан әртiс шығады деп ойлаған болу керек, не керек, оқуға қабылдандым. Екi жүз адамнан жиырма ғана адам алды. Райымбек пен Асанәлi бастаған жиырма бала бiрге жүрiп, бiрге өстiк десем, артық айтқандық болмас. Сөйтiп жүрiп актерлiк оқуды бiтiрiп, 1959 жылы М.Әуезов театрына келдiк қой. Оспанхан сықақшы болып кеттi. Сайын Мұратбеков жазушы болам деп кеттi. Раушан, Сәбит, Райымбек, Асанәлi, Фарида алтауымыз театрға келдiк.

– Ол кездерi театрдың директоры кiм болды?

– Театрдың директоры Құрманбек Жандарбеков болатын. Өзi келiп: "Өзiмнiң театрыма балаларды өзiм таңдаймын" деп, бiздi таңдап алып келдi. Бұрыннан театрға жиi келiп жүремiз. Театрдың мән-жайына жақсы қанықпыз. Тобымызбен театрға келiп, бiрден сiңiсiп кеттiк. Қандай керемет театрда үйелмелi-сүйелмелi апаларымды кездестiрдiм. Шолпан, Бикен, Хадиша, Мәкен Байзақова деген керемет, өте жақсы көретiн актрисалардың ортасына түстiк. Сәбира Майқанова апамыздың дүрiлдеп тұрған кезi. Серке Қожамқұлов қандай едi?! Менi жақсы көретiн. "Ей, тықылдақ, сен тықылдама. Сахнаға шыққанда тықылдамай сөйле" деп үйретiп жүретiн. "Е, жарайды, комедияда тықылдасам да, драмада тықылдамаймын, көрмейсiз бе?" деп мен жүрем. Керемет, мықты адамдар едi ғой. Олар театрдың оқуын арнайы оқыған да жоқ. Дала театрынан үйрендi. Екiншi бiздiң ұстаздарымыз – сол апаларым мен ағаларым болды. Қандай киiм кисек те, қандай сөз сөйлесек те, соны үйретiп отыратын. Әсiресе Бикен апам. Ол кiсi кiтап жазған, пьеса жазған адам. Ол кiсiлермен көп рольдерде бiрге ойнадым.

– Алғашқы кейiпкерiңiз есiңiзде ме?

– Ең алғашқы ойнағаным – "Беу, қыздар-ай" спектаклiндегi Айсұлудың ролi болды. Келе салысымен, комедиядан бастадық. Бұл комедияда бәрiмiз бiрге ойнадық. Фарида, Сәбит, Райымбек… бәрiмiз бiрге жүрдiк. Сол кездегi жастар ойнады деп, көрермен көп келдi. Содан кейiн "Ана – Жер Анадағы" Әлиманды ойнадым.

– Сәбира апаймен бiрге ойнадыңыз ба?

– Сәбира апаймен бiрге бiр құрамда болдық. Режиссер осы рольдi маған бергеннен кейiн, трагедиялық рольдердi де бере бастады. Жыладық та, күлдiрдiк те… Өзiм баста "әншi болам" деп менсiнбеген театрдан солай өз бақытымды таптым. Спектакльдердегi ән айтатын рольдердiң көбiн Раушан екеумiзге берiп жүрдi. Бойым қысқарақ болған соң, биiк туфли киiп алатын едiм. "Майра" деген спектакльде Майраның ролiн сомдадым. Бұл ролiм менiң өте сәттi шыққан спектаклiм болды. Әрбiр ролiң құрсағыңнан шыққан балаң секiлдi.

– Сәбира апа сiздiң Әлиманды ойнағаныңызға қандай баға бердi?

– Ол кiсi сахнаның падишасы едi ғой. Ол кiсi үнемi бiздi шақырып алатын. Бiз де ол кiсiлердi ерекше құрметтедiк. Үнемi ақыл сұрап отыратын едiк. Қазiргi балалар ақыл сұрамайды, есесiне сенi басып кете жаздайды. Серағаларды падиша, патша сияқты көремiз. Олар өмiрдi көрген әртiстер едi ғой. Сәбира апай сөзге шешен болатын. Туған анам болып ойнады "Ана – ЖерАнада"…

– Сәбит Оразбаевтың бiр сұхбатында "Ана – Жер Ана" спектаклiмен Қырғызстанға барған сапарларыңыз туралы айтылған екен. Сол сапарға сiз де бардыңыз ба?

– Ол кезде бiр жаққа кетiп қалып, менiң орныма Торғын Тасыбекова барды. Бiрiншi құрамда Сәбира апаммен ойнайтын едiм. Сонда мен бармай қалдым. Ана жаққа барғанда "Шыңғыс Айтматов айтыпты-мыс" деген әңгiмелердi кейiн естiдiк қой. Мұның бәрi қазiр айтылып жатқан шындықтар. Жалпы, өнер адамының көңiлiн қалдыру үшiн бiр сөз жетедi. Арпалыс заманда адам өлiп кетуi де мүмкiн. Өнер адамдары, табанынан тырнағына шейiн қызып тұрған адамдар тез кетедi. Халықтың қошеметiне бөленген, халықтың алақанында жүрген Сәбира апамды ойнатпау дегендi түсiнбеймiн. Мен мұны ол кезде бiлгенiм жоқ. Фарида өте талантты актриса. Ол жерде Фарида "мен ойнаймын" деп айтты деп ойламаймын. Әңгiменiң қайдан шыққанын да бiлмеймiн. Сәбира апам қызуқанды адам болатын. Сәбира апам театрдың анасы болды. Театрда бiр жағдай болып қалса, ол кiсi талантты актерлер мен актрисаларды қорғап-қорғаштап жүретiн едi. Сол анамызбен көршi тұрдым. Өмiрбақи гастрольдерде бiрге жүрдiк. Сапардан келдi де, ауырды. Сексенге де келмедi. (Нүкетай апа өткен күндердi еске түсiрiп, бiр ауыр күрсiнiп алды. – Г.Б.) Алла Тағала маған елу үш жыл театрда еңбек етудi жазыпты. Қазақстанның Халық әртiсi атағын алдым. Жақында "Парасат" орденiн бердi. Жаман емес. Кеш те болса, еңбегiмдi елеп жатыр. Ешкiмге барып, қолымды созған емеспiн. Адал жұмыс iстесең, сабырмен шыдасаң, бәрi өзiңдi iздеп табады. Менiң сондай қағидам бар. Менiң де кемшiлiктерiм көп шығар. Ең басты нәрсе – адам болу. Адами қасиетiңдi сақтау. Өз еңбегiңмен өмiр сүрсең, адал адам болып қуанып жүресiң. Сондықтан мен де артымда жақсы сөз қалдырсам деймiн.

– Сiздiң өнердегi жақын құрбыңыз Фарида Шәрiпова болды ма?

– Фарида екеумiз жақсы құрбы болдық. Менiң өте жақын тұтқан адамым Мәкен Байзақова едi. Театрға кiргеннен бiрге жүрдiк, бiрге тұрдық. Ол менi көп нәрсеге үйреттi. Өте бiлiмдi актриса болатын.

– Мәкен апай театрдан ерте кетiп қалды ма?

– Ерте қайтыс болып кеттi. Иса Байзақовтың тұяғы едi. Өте бiлiмдар адам болатын. Мәкендi көп ешкiм айта бермейдi. Артында баласы, ешкiмi жоқ болғасын, көп аты атала бермейдi. Мәкеннiң ұмыт қалып бара жатқаны жанымды ауыртады. Фарида екеумiз көршi болдық. Театрға бiрге барып, бiрге келетiн едiк. Фарида көп сөйлемейтiн. Керемет талантты, тiптi өте талантты актриса. Өзiмен-өзi iштей әңгiмелесетiн, iштей сырласатын, жұмбақ актриса болатын. Бiрақ ол сахнаға шыққанда сахнаның падишасы, патшасына айналатын. Кейiнгi кездерi көп ауырып жүрдi. Сыртқа көп шыға бермейтiн. Үйiнен сүйрегендей қылып, алып шығатын едiм. Келгеннен кейiн "Ой, Нүкетай, жақсы болды ғой. Тәуiр боп қалдым" дейтiн. Фарида қайтыс болғанда қатты қиналдым. Жаныңдағы серiгiңнен айрылу оңай емес екен.

– Қазiр қатар жүретiн адамыңыз бар ма?

– Күнi кеше Хадиша апамның қырқына барып қайттым. Соған барсам, жан-жағыма қарасам, ешкiм жоқ. Зәмзәгүл аяғы ауырып, ауруханаға түсiп қалыпты. Зәмзәгүл менен бес жас үлкен, сонда да қатар-құрбы болып, бiрге жүремiз. Өзiн өте жақсы көрем. Сонда: "Шiркiн-ай, қатарың жоқта тойға барма дегендей, мен жалғыз отырмын ғой" деп айтыппын. Торғын да жоқ. Ол да бiр жаққа кетiп қалыпты. Фариданы есiме алып, бiр жылап алдым. Үлкейгенде жылай беретiн болыппын. (Нүкетай апа кемсеңдеп, көзiнiң жасын бiр сығып алды. – Г.Б.) Бiрақ 53 жыл еңбек еткен театрымды жақсы көрем. Театрдың ұжымын жақсы көрем. Талантты балалар бар. "Апа, қалайсың?" деп құшақтап, бетiмнен сүйiп жатады.

– Театрдағы өмiрiңiз бiр төбе де, "Қымызханадағы" өмiрiңiз бiр төбе ғой. "Қымызханадағы" күндерiңiздi сағынасыз ба?

– "Қымызханада" бiрге жүрген достарымнан да айрылып қалдым ғой. Өкiреш дейтiн едiк, ол кетiп қалды. Медетбаев ол да жоқ. Тоқсын да қатысқан. Тоқсын да кетiп қалды. Көбiсi жоқ. Ол кезде жас едiк. Құлпырып тұрған кезiмiз. Театрға келiп, таңдау жүргiздi. Үш-төрт қыздың iшiнен менi таңдапты. Сәбит – меңгерушiсi, мен – даяшымын. Өте жақсы бiр бағдарлама болған. Сол "Қымызханада" ойнап жүргенде жан-жақтан келген бөтен жолаушылар да "Теңгетайды көремiз" деп, iшке кiрiп кетедi екен. Қымызды апарып, құйып тұрып ән салам. Мен әндетiп тұрғанда, олар маған қарап тұрады екен. "Қымызхананың" 25 сериясын жасадық. Сол "Қымызханамен" елге көбiрек танылып, танымал актриса болып шыға келдiм. Әлi күнге дейiн "Қымызхананы" көрген адамдар менi қадiрлеп, құрметтеп тұрады. Соған да шүкiр деймiн. Бақыттымын деп айтудың өзi жалпылама сөз деп ойлаймын. Бiрақ қадiрiң кетпесiн! Қадiрiң кетсе, бақытсызсың. Сиырдың бауырынан сүт тасып, жүгiрiп жүретiн, желбiршегi желкiлдеген кiшкентай қыз осындай деңгейге жетiптi, соған тәубә деймiн iштей. Алланың бергенiне шүкiр!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА