"ҮЙЛЕСIМДI АДАМ" ЖӘНЕ ЖИДЕЛIБАЙСЫН
"ҮЙЛЕСIМДI АДАМ" ЖӘНЕ ЖИДЕЛIБАЙСЫН
Экологиялық бiлiмiмiздiң өлшемi қандай?
Адам баласы дүниеге келгенде "өлмейтiн" табиғи күштердiң жиынтығын бойына жинақтап туады деп есептейдi П.Иванов. Алайда бiрте-бiрте көптеген факторлардың әсерiнен (осының iшiнде дұрыс тәрбие көрмегендiктен), ол табиғаттан алшақтап, шын мәнiндегi кұдiрет қасиетiн жоғалтады. Баланың табиғи күшiн шашып-төкпеуiне көмектесiп, табиғат берген қабiлетiн шыңдау – мiне, тәрбиешiнiң, әсiресе ата-ананың ұлы миссиясы осы…
Құдiретi күштi Алла Тағала адам мен табиғатты тығыз байланыстырған. Экологиялық бiлiм мен тәрбие берудi жеке адамды қалыптастырудың басқа салаларынан, бәрiнен бұрын қоғамдық-саяси салаларынан бөлiп алмау керек. Қоғам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасы көп жағдайда дүниетанымдық мәселе болып табылады.
Мiне, бiлiм жолындағы жас жеткiншектi тек бiлiм нәрiмен ғана сусындатып қоймай, ол өзi тiршiлiк ететiн ортаның мәнiн түсiндiруде осы жағдайларды қатаң бақылауға алып отырсақ игi. Оқушы ұғымтал, әрi сергек болса, табиғаттың адамға қаншалықты пайдалы әрi маңызды екенiн тез түсiнедi. Өзi табиғатпен үйлесiмдi бiрлiктi сақтамайтын адам бойында жарасымды қасиет те болмайды. "Үйлесiмдi адам" деген түсiнiкке, әрине адамның туған табиғатпен жарасымдылық табуы туралы ұғым жатқызылады. Экологиялық тәрбие тек адамдардың сезiмiне ғана емес, олардың бiлiмiне де сүйенедi. Табиғаттың өзi де өзгерiске ұшырайды. Әйтсе де адамдар экологиялық заңдылықтарды ескерместен, табиғатты өзгертуге бой алдырмауы қажет. Елiмiзде "үйлесiмдi адамды" неғұрлым көптеп тәрбиелегенде ғана қазақ жерi нағыз Жиделiбайсынға айналмақшы.
Экологиялық тәрбиенiң мақсаты – адамдар мен қоршаған ортаның өзара үйлесiмдiлiгiн қамтамасыз ету, сонымен бiрге табиғатқа ақылға қонымды, ғылыми негiзделген әсер ету жауапкершiлiгi болып табылады. Ғылыми пiкiрлерге ден қойсақ, ұлттық тыныс-тiршiлiгiмiздегi маңызды мәселелердiң бiрi – жан-жақты мәдениеттi тұлғаны тәрбиелеу.
"Жан-жақты мәдениеттi тұлға" деген түсiнiктiң ауқымы зор. Тұлғаның жан-жақты мәдениеттi екенi тек оның тарихи танымының, азаматтық болмысының дұрыс қалыптасуымен айқындалса, iс-қимылының байыпты бабы, сындарлы санасы – тұлғаның экологиялық бiлiмi. Оқушыларға экологиялық бiлiм бере отырып, өлкетану мәселесiн кең қамтудың ең тиiмдi жолы – пәнаралық байланыстар және пәндердi экологияландыру, факультативтiк сабақтар өткiзу болып отыр.
Пәндердi экологияландыру дегенiмiз – жасөспiрiмдерге барлық пәндер негiзiнде сыныптар деңгейiндегi экологиялық бiлiм мен тәрбие беру. Яғни дәстүрлi пәндердi оқыту барысында тақырыптардың мазмұны экологиялық мәлiметтермен байыпталуы керек.
Мәселен әл-Фараби "Тиянақты бiлiм аламын десең, табиғаттың ұлы кiтабын оқы" десе, М.Жұмабаев: "Табиғат – адам баласын дүниеге келтiрiп, бойындағы бар махаббат мейiрi мен шұғылалы шуағын жүрегiмiзге ұялатқан Ана" деп табиғат-ана жайлы өздерiнiң терең толғанысын бiлдiрген екен.
Соған қарамастан апатты экологиялық аймаққа айналып, көптен берi көздiң ұшында, көңiлдiң бұрышында жатқан Арал экологиясы қазiр де әлемдiк деңгейдегi мәселе болып қала беруде.
"Табиғаттың тажалы Алладан емес, адамнан" – дейдi "Табиғат" одағының төрағасы Мэлс Елеусiзов. – Қатты айтты демеңiз, бiзде үкiмет тарапынан экологиялық саясатпен шындап айналысып жатқан ешкiм жоқ. Айтқан болады, емеурiн танытқан сыңай бiлдiредi, бiрақ бiлегiн түрiп, сыбанып ешкiм кiрiспейдi".
Әрбiр адам туған табиғатқа жанашыр болуға тиiс. Қазақстандағы әрбiр мектепте мұражай бөлмесi ашылса құба-құп. Ол мұражай бөлмесi өлкетану бағытында жұмыс iстеуi керек. Оның мақсаты – әрбiр оқушының бойында Отанымыздың тарихы мен мәдениетiне дұрыс қарым-қатынас қалыптастыру және өлкемiздiң тарихы – адамзат тарихының бөлiнбес бөлшегi екендiгiн бiлдiру. Оқушылар мен ұстаздар арасында жыл сайын қазан және сәуiр айларында экологиялық айлық жариялап, жас көшеттер көптеп отырғызылуын жолға қоюымыз керек.
Рая Солтанғажы, №3 мектеп-гимназиясының мұғалiмi