Жаңалықтар

ӘМIРШIЛ ЖҮЙЕНI ӘШКЕРЕЛЕГЕН ҒАЛЫМ

ашық дереккөзі

ӘМIРШIЛ ЖҮЙЕНI ӘШКЕРЕЛЕГЕН ҒАЛЫМ

Ол саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнады. Қазақтың ұлттық мәдениетi мен қазақ баспасөзiнiң тарихын зерттедi. Қазақ баспасөзiнiң жеке ғылым ретiнде қалыптасуына сүбелi еңбек сiңiрдi. Қылышынан қан тамған кеңестiк кезеңнiң кедергiсiне қарамастан, қазақ баспасөзiнiң тарихы туралы зерттеп, артына өшпес мол мұра қалдырған көрнектi ғалымдарымыздың бiрi Қайыржан Бекхожин болатын.

Өткен аптада қабырғалы қаламгердiң 100 жылдығына орай халықаралық конференция өттi. Конференцияға ғалымның замандастары мен шәкiрттерi қатысты. Еңбек жолын коммунистiк журналистикадан бастаған бiлiктi ғалым Қайыржан Бекхожин 19 жасында Керекудегi "Кеңес туы", "Колхоз" газеттерiнде жұмыс iстеген. Соғыс жылдарында облыстық "Большевиктiк жол" газетiнде редактор болады. 1946 жылы Қазақ Мемлекеттiк университетiне оқытушы болып келiп, алғаш қазақ журналистика кафедрасының меңгерушiсi, кейiн аталмыш факультеттiң деканы болады.

"Қайрекең өз еңбегiнде бүкiл қазақ баспасөзiнiң ХIХ ғасыр соңындағы және ХХ ғасырдың бас кезiндегi қазақ баспасөзiн алғаш жүйелеп, қандай газеттер шықты, қандай журналистер болды, қандай публицистер болды, соның бәрiн жүйелеп бердi", – дейдi "Қазақ энциклопедиясының" бас директоры Бауыржан Жақып.

Қайыржан Бекхожин – ұлтын сүйген азамат, ұлт жанашыры. Кеңестiк идеологияның қайнап тұрған уақытында қазақ халқының мәдениетi мен қазақ баспасөзiнiң тарихын зерттей бiлдi. Ғылыми еңбектерiне арқау еттi. Қызыл саясаттан қорықпай, келешек ұрпақ қамын ойлады. Артына өлмейтiн, өшпейтiн мол мұра қалдырды.

"Мен ол кiсiнi бала кезiмде көрдiм. Есiмде қалғаны, атам тек өз туыстарына ғана емес, әрiптес, шәкiрттерiне де мейiрiмдi едi. Балажан, көпшiл болатын. Өзi жақсыны айналасындағылар да ерекше құрмет тұтады ғой", – дейдi ғалымның немере iнiсi Ерлан Бекхожин ағынан жарылып.

Көрнектi ғалым "Дала уәлаяты", "Түркiстан уәлаяты", "Айқап", "Жаңа әдебиет" журналдарын салалап берген жан. Қазақ журналистикасының атасы Қайыржан Бекхожин бiр кезде ұлт қайраткерлерiнiң еңбектерiн зерделеп, бiр жүйеге салып кетсе, ғалымның шәкiрттерi қазақ журналистикасына қажырлы еңбек сiңiрген қайраткердi дәрiптеп, құрметтеп, еңбектерiн қайтадан жарыққа шығарып отыр.

Едiге БЕКТАС