Жаңалықтар

ТӨРТ ПЕРIШТЕНIҢ ТҰСАУКЕСЕР ТОЙЫ

ашық дереккөзі

ТӨРТ ПЕРIШТЕНIҢ ТҰСАУКЕСЕР ТОЙЫ

Наурыздың 9-ында Алматы қаласының бүлдiршiн тұрғындары Жанайша, Бекайша, Нұрайша және Гүлайшалар 1 жасқа толды.

Естерiңiзде болса, былтыр Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанғанның отбасында төрт егiз дүние есiгiн ашқан едi. Ол кезде егiздердiң ата-анасы Туризм және спорт академиясының жатақханасында аядай ғана бөлмеде тұрып жатқан болатын. Алматы қаласының әкiмшiлiгi Айнабұлақ ықшам ауданынан әлеуметтiк үйлерден егiздердiң отбасына 3 бөлмелi үйдi жалға бергенi мәлiм. Бiр жыл бойы балаларға қажеттi сүт тағамы тегiн берiлiп келдi. Сондай-ақ, төрт егiзге бiр жасқа дейiн төленетiн жәрдемақы төленiп келдi. Бүгiннен бастап, тегiн тағам да, бiр жасқа дейiн берiлетiн жәрдемақы да тоқтайды. Ол қаржының көлемi – 35-40 мың теңге көлемiнде.

"Түркiстан" газетiнiң тiлшiсi осы бiр айтулы күнге орай, төрт егiздiң шаңырағына арнайы ат басын бұрып, олардың тұрмыс жағдайымен танысып қайтқан едi. Егiздердiң өсiмi жақсы, екеуi тәй-тәй басып жүр, екеуi еңбектейдi. Былтыр егiздер дүние есiгiн ашқанда, ең үлкенiнiң салмағы – 1,5 келi, ең кiшiсiнiң салмағы – 900 грамм болған. Бүгiнде олардың дамуы өзге балалармен бiрдей салмақта. Балалардың анасы Назымгүл Қуанған балаларды бағып-қағуға екi апасы: әжесi Қаманай Қайсарқызы мен нағашы әжесi Күләйхан Ыбырайқызының көмектескендiгiн айтады.

– Бiр жыл бойы балалардың бағым-күтiмi мойнымызда болды. Бұлар жыласа бiрге жылап, күлсе бiрге күлдiк. Бiреуi ауырса, төртеуi де ауырады. Үйге келген адамдардың назарын да көтере алмай қалады. Бiр жыл оңай болған жоқ. Бiрақ Аллаға шүкiр. Бүгiн, мiне, тұсаукесер тойына да жеттiк, – дейдi нағашы әжесi Күләйхан Ыбырайқызы.

– Менiң денсаулығым сыр бередi. Сондықтан үнемi бiрге бола бермеймiн. Ауырып қалған кезде үйге кетiп қаламын, бiраз сауыққаннан кейiн, қайта ораламын. Әйтеуiр жан-жақтан көмек болуға тырысып жатырмыз. Бұларға Үкiметтен күтушi бөлмей ме екен? – дейдi әжесi Қаманай Қайсарқызы.

Балалар дүниеге келдi деген сүйiншi хабарды естiсiмен, "Түркiстан" газетiнiң тұрақты оқырманы Сейдiн Бизақов ақсақал егiздерге бiр айлық зейнетақысын ұсынған едi. "Глобус" компаниясының директоры Байкенов мырза жұмысшыларының бiр күндiк жалақысын ұсынған. Есентай Қапар өзi жұмыс iстейтiн Туризм және спорт академиясының және Республикалық Спорт колледжiнiң қызметкерлерi шама-шарқынша көмектескендiгiн айтады.

– Еркiн күрестен жаттықтырушымын, оқытушымын. Бiрнеше жерде жұмыс iстеймiн. Спорт және туризм академиясында оқытушымын, Алматы қалалық республикалық спорт колледжiнде жаттықтырушымын, тағы бiр-екi мектепте мұғалiмдiк қызмет атқарамын. Таң бозынан кетiп, түнде бiрақ ораламын. Бiрақ тапқанымыз шайлығымыздан аспайды, – дейдi Есентай Қапар.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi жалпы дүниеге бiрден екi немесе одан да көп сәби әкелген отбасыларға арналған арнайы заңның жоқтығын айтады. Сондықтан бұндай жағдайда тек жергiлiктi әкiмшiлiк тарапынан көмектер көрсетiледi екен. Олар қандай деңгейде көмектесетiндiгiн өздерi шешедi. Осыған орай, Алматы қалалық Жетiсу ауданының әкiмшiлiгiне хабарласқан едiк. Аудандық әлеуметтiк бөлiмiнiң бастығы Гауһар Әзiмбаева егiздердiң ата-анасының арнайы күтушi бөлiп беруiн сұрағандығын айтады. Бiрақ министрлiк тарапынан бұл өтiнiш аяқасты етiлген. Ал, аудандық әкiмшiлiк тарапынан қандай көмек көрсететiндiктерiн бiздiң қоңырауымыздан кейiн ойланатындықтарын айтты.

Рас, әлемнiң көптеген мемлекетiнде егiздерге арналған арнайы заң жоқ. Алайда бұл мәселе жергiлiктi әкiмшiлiк тарапынан өте жоғары деңгейде шешiмiн табатын көрiнедi. Мәселен Ресейде әзiрге 4 егiздiң дүние есiгiн ашқандығы жайында ақпарат жоқ. Ал үшемдер өте жиi туады екен. Тиiсiнше жергiлiктi әкiмшiлiк олардың баспана мәселесiн шешiп, уақытша болса да, көлiкпен қамтамасыз етiп, екi-үш жылға арнайы күтушi бөлетiн көрiнедi. Ресейде 3 және одан да көп балалы отбасылар көп балалы деп есептелiнiп, тегiн жер телiмдерiн алуға, салықтан босатылуға және өз отбасынан балабақша ашып, сол үшiн Федералдық бюджеттен күтушiнiң айлығына, балалардың тамағына арнайы қаржы бөлуге рұқсат алатынын айта кетуiмiз керек.

Есенгүл Кәпқызы