Жаңалықтар

АКЦИЯЛАРДЫ САТУ БАСТАЛМАҚ. АЛ ХАЛЫҚТА АҚША ЖОҚ

ашық дереккөзі

АКЦИЯЛАРДЫ САТУ БАСТАЛМАҚ. АЛ ХАЛЫҚТА АҚША ЖОҚ

"Қазақ журналистерi клубының" кезектi қонағы – Болатхан Тайжан атындағы қордың жетекшiсi, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан мырза. Бұған дейiн Қазақстанның Ресей мен Беларуссиямен өзара ымыраға келiп, Кедендiк одаққа кiруi туралы шешiмiне экономикалық байыптамасын ұсынып жүрген маман "айтқаным айдай келдi" дейдi. Себебi ол – Кедендiк одақтың елiмiзге тигiзетiн пайдасы мен зиянын таразылап жүрген жан.

Мұхтар Тайжан бүгiнгi таңда бағаның күрт шарықтауына Кедендiк одақтың әсерi бар екенiн айтады. "Өйткенi Кедендiк одаққа кiргенде баж салығын екi-үш есеге бiр-ақ көтерiп жiбердiк. Нәтижесiнде бұрын 0 пайыз шамасында болған салықтар 10-15 пайызға дейiн өстi. Екiншiден, тап қазiр әлемде мұнай бағасы күннен күнге көтерiлiп жатыр. Мұның да баға саясатына қолайсыздық тудыратындығы анық. Үшiншi себеп – монополизм. Яғни бағаның көтерiлуiне қарсы күрестi қалай жүргiземiз? Ол үшiн айта-айта жауыр болған өндiрiстi дамытуды жолға қою арқылы басқаша экономикалық саясат қолдану керек. Сонда ғана сырттан келген импортқа тәуелдi болмай, отандық өнiмдi тұтынуға мүмкiндiк туады. Онсыз бағаны тұрақтандыру, бiр қалыпта ұстап тұру бос әңгiме" деген экономист-сарапшы: "Әлемде мұнай бағасы өсiп жатыр. Жанармай да қымбаттай бередi. Ресеймен бiрге бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құрып жатырмыз. Қазақстанның экономикасы Ресейдiң баға деңгейiмен теңестiрiледi. Қазiр Ресейде жанармайдың бағасы – 130-135 теңгенiң шамасында. Бiзде де осыған жетуi мүмкiн. Егер мұнайдың баррелiнiң бағасы 90-100 доллар болса, девальвация емес, ревальвация болады", – дедi.

Елiмiз 2020 жылға дейiнгi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын қабылдап, 2003 жылдың өзiнде-ақ бастап кеп жiберген болатын. Мұхтар Тайжан мырзаның айтуынша, Үкiмет сенiм артқан бұл бағдарлама бiраз кемшiлiктерге бой алдырған көрiнедi. "Тiптi сол кезде Үкiметтiң өзi сын тезiне алып, нәтижесiне көңiлi толмады. Бiрақ бағдарламаның орындалуына кедергi келтiргендер жауапқа тартылып, халық алдында көрiнген жоқ" дейдi.

Сондай-ақ Мұхтар Тайжан ел халқының әлеуметтiк тұрмысына да көз жүгiрттi. "Кез келген мемлекет жергiлiктi халық игiлiгi үшiн инфрақұрылымды дамытып, жылу, электр қуаты, сумен қамтамасыз етуi тиiс. Соның өзiнде қазiр электр қуаты жетiспеуде. Мына Талғар ауданында газ жоқ. Инфрақұрылымның 89 пайызының тозығы жеткен. Әлi күнге халықтың тұрмысына қажеттi дүниенi жасап бере алмай отырмыз. Сорақысы сол, Батыстағы мұнайдың өзiн Павлодарға, Шымкент зауыттарына жеткiзетiн iшкi құбырлар да жоқ" деп iшкi экономикалық саясатта назарға iлiкпей жүрген мәселелердi қозғады.

Экономистiң пiкiрiне сүйенсек, Қазақстан халқының 40 пайызының жалақысы 56 мың теңгенiң шамасында ғана. Ал банктердегi депозиттiң 1-ақ пайызы халық салымы екен. Ол бұған қарап, елiмiзде жан басына шаққандағы ЖIӨ-нiң 9 мың долларға жеткенiне сену қиын екендiгiн жасырмайды. "ЖIӨ жоғары көрсеткiшке ие елдерге келсек, АҚШ-тың көрсеткiшi 14 триллион долларға, Қытайдiкi 5,9 триллион долларға, ал Жапониянiкi 5 триллион долларға жетiп қалған. Айта кету керек, бүгiнде Қытай юанiн халықаралық валютаға айналдыруды көздеп отыр. Алайда юань – еркiн айырбасталмайтын валюта. Қытай – экспортқа тәуелдi ел. АҚШ пен Еуропа елдерiнде қытай тауарына деген сұраныс төмендейтiн жағдай туындаса, Қытайдың ЖIӨ ерiксiз түседi. Бiрақ бұл мүмкiн емес. Дүниежүзiнiң алтынвалюта қорының 60 пайызы доллармен, ал 20 пайызы еуромен сақталады" дейдi.

Жақында Н.Назарбаев "Халықтық IPO" бастамасын көтерген болатын. Бұған қарапайым халықтың сенiмi бар ма? Бұл сауалға Мұхтар Тайжан мырза: "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ның ақшасы жеткiлiктi. Егер де оның еншiлес ұйымдары қор нарығына шықса ұлттық компаниялардың қарызы көбейедi. Әрине, мұндай кезде халықтың акцияны сатып алуға қалтасы көтермейдi деп жауап бердi. Оның айтуынша, 2010 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы – 112,8 млрд. теңге шамасында болған. Мұның iшiнде мемлекеттiкi – 4,5 млрд, ал банктердiкi – 17,5 млрд. доллар. Бұдан өзге еншiлес компаниялардың да қарызы көп.

Ал соңғы кезде өрбiген "Теңге девальвацияға ұшырай ма, жоқ па?" деген екiұшты болжамға: "Теңге бiр мезетте 25 пайызға құнсызданғанда Марченко мұны экспортерлердiң бәсекеге қабiлеттiлiгi үшiн қажет деп түсiндiрдi. Ендi 20 наурыз күнi теңге-доллар жұбының дәлiзi алынып тасталмақ. Бiзге девальвация сөзсiз қажет болды. Бiрақ оны бiр мезетте емес, Ресейдегiдей бiрте-бiрте жасау керек едi. Қазiр Марченконың теңге бағамын байлап ұстауға мүмкiндiгi жоқ. Ұлттық банк былтырғы жылы 2 миллиард доллар сатып алса, биылғы жылдың екi айында бұл сомма 3,5 миллиард долларға жеттi. Сондықтан теңге нығайып, бiр доллардың бағамы 135 теңгеге дейiн түсуi мүмкiн. Ал экспортерлердiң 84 пайызы екi-ақ тауар, яғни мұнай мен металл ғана сыртқа шығарылатындықтан, оларға теңге бағамы әсер етпейдi", – дедi Болатхан Тайжан атындағы қордың жетекшiсi.

Экономист-маман Мұхтар Тайжанға "Сiз өзiңiздi қандай қазақпын деп есептейсiз? Шала қазақсыз ба, әлде нағыз қазақсыз ба?" деген сауал қойғанымызда, ол ә дегеннен-ақ екпiндi дауыспен "Әрине, нағыз қазақпын! деп жауап қайырды, – Алматыда туып-өстiм. Сол тұста 8 пайыз ғана қазақ болды. Бiр класта 40 шақты оқушы оқыса, соның 3-4-уi ғана қазақ едi. Қоғамдық көлiктер, мәдени орындар бәрi орысша сайрайтын уақыт. Одан 6 жыл шетелде оқыдым. Соған қарамастан қанымда, жүрегiмде бар қазақ тiлiн ұмытқан емеспiн. Қазiр балаларым қазақ мектебiнде бiлiм алуда. Мен ғана емес, достарым да солай жасап жатыр. Қазақ тiлiндегi газеттердi құр жiбермеймiн. Сөздiгiм де бар. Бiрақ, өкiнiшке қарай, қоғамда әлi күнге қазақтiлдi орта қалыптасқан жоқ. Бәрi орысша сөйлейдi. Үкiмет мүшелерi, елшiлер шетелге барғанда қазақ тiлiнде сөйлесе дейсiң. Бiз өзге ұлттарға үлгi көрсетуiмiз керек", – деп пiкiрiн нықтай түстi. "Ал, бүгiнгi жастардың бойында бұл жағынан кедергi жоқ. Сондықтан да 2020 жылы халықтың 95 пайызы таза қазақ тiлiнде сөйлейтiндiгiне кәмiл сенемiн. Нағыз қазақтар шала қазақтардың кеудесiнен итермеу керек. Олар да қиналып, ұялып жүр. Бiз – бiр ұлтпыз, бiр халықпыз", – дейдi.

Сондай-ақ, журналистер клубының қонағына Қазақ хандығының негiзiн қалаған Жәнiбек пен Керейге көше атын беру мәселесiне байланысты да сауал қойдық. Мұхтар Тайжан: "Жәнiбек, Қасым, Хақназар, Тәуке хандар, оған дейiнгi Қорқыт Ата, Асан Қайғылар қайда қалды? Кейбiреулер қазақта бұрын мемлекет, шекара болған жоқ дейдi. Жоқ, бiзде мемлекеттiлiктiң төрт белгiсi бар. Олар – жер, халық, билiк егемендiгi және шетелмен қарым-қатынас. Қазақта осының бәрi ежелден болған", – деп кесiп жауап бердi.

8 наурыз күнi Алматыда көрнектi қоғам қайраткерi, дипломат, публицист Болатхан Тайжанның дүниеге келгенiне 70 жыл толуына орай, рухына бағышталып ас берiлдi. Араб әлемiнiң есiгiн Қазақстанға айқара ашқан тұлғаның ұлы Мұхтар Тайжанның мұрындық болуымен журналист Қасым Аманжолұлының "Жайнаған туың жығылмай…" атты деректi фильмiнiң тұсаукесерi өтiп, белгiлi қайраткердiң елiне, халқына сiңiрген еңбегiнiң өрiстей беретiндiгi айтылды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ