Жаңалықтар

МАХАББАТЫҢМЕН НҰРЛАНДЫ ТIРШIЛIГIМ

ашық дереккөзі

МАХАББАТЫҢМЕН НҰРЛАНДЫ ТIРШIЛIГIМ

Шынайы ақын болмысы тынымсыз рухани iзденiсте болатыны ақиқат. Оның қаламынан бiрнеше жүздеген, бәлкiм мыңға тарта сұлу да ойлы жырлар туындауы мүмкiн. Алайда бақытты ақындар үшiн мұның бәрi де өмiрдегi оның негiзгi, басты жырын жырлауға апаратын бар болғаны түрлi деңгейдегi баспалдақтар ғана. Негiзгi жырларын айта алғандар да, құралақан қалғандар да баршылық. Бiздiң ойымызша ақын Күләш Ахметова алғашқылардың легiне жатса керек.

Қазақтың қос ақыны Күләш Ахметова мен Қайырбек Асановтың бiрлесiп, жарыққа шығарған жинағының аты-"Махаббат".

Жинақтың "Күләш" бөлiмi "Жаратқанға жалбарыну" атты өлеңмен ашылған. Оқи отырып ой-санамыз өз-өзiнен сонау ғарыштық тылсымдарға ұмтылатындай, болмысымыз айналамыздағыларға әйтеуiр бiр жақсылық жасауға құлшынатындай ғажайып бiр күй кештiк.

"Хақ Тәңiрлiк қалыппен, ұлы үлгiңмен

Құзырыңда жаратқан құлыңмын мен.

Қалауыңа лайық болмыс бiткен,

Әлхамдулилла, әсеммiн, сұлумын мен".

Өте Қамқор Жаратушының аса Шеберлiкпен жүйелеген адам болмысындағы терең үйлесiмдiлiкке осылайша қайран қалады ақын. Мысалы зерттеулерге қарағанда, ең соңғы заманауи технологиямен жарақтанған мамандардың өзi тiптi бiр ғана адам көз құрылысының құпиясын әлi күнге толық түрде аша алмауда. Солай!..

"Құзырыңда жаратқан құлыңмын мен", – дейдi Күләш ақын терең бақыттылықпен. Аллаға ғана құл болу – иманды пенденiң бұл жалғанда және ең бастысы мәңгiлiк тұрақ, яғни о дүниеде бақытты болмағының ең басты кiлтi. Себебi бiр Аллаға құл болуды намыс көрген жан мына жалған дүниеде не болса соған құл болмақ. Мысалы жоғары лауазымды қызмет, байлық пен атақ-даңққа құл болу дегендей… Сөйтiп өзi де байқамастан, мынау қамшының сабындай қысқа өмiрдi ит қорлықпен өткiзбек.

Ендi жыр жолдарына бойлай отырып, Жаратқанның Ахметоваға берген нығметтерiн ақынмен бiрге санамалап көрейiкшi…

"Өмiр бердiң, Көз бердiң, Көрiк бердiң,

Есiм бердiң, Ес бердiң, Ерiк бердiң.

Һауа Ана, Адам ғалейхиссалам нұсқасымен

Ғашық еттiң, ғұмырлық серiк бердiң.

Отан бердiң, От бердiң, Қорек бердiң,

Бесiгiңдi тербет деп бөбек бердiң.

Саясында тынықтым теректердiң,

Сенiң Рахымыңды медет көрдiм"

Расында Жұмақ бақтарына ұмтыла жүрiп, ұпай жинасын деп өмiр берген, Ұлы Заңдылық жайлы Хабарды естiсiн деп құлақ, ғажайып Дәлелдердi көрсiн деп көз берген Жаратушының әрбiр сыйының қарымтасын қайтару мүмкiн емес-ау, сiрә! Алайда соны қайтаруға ұмтылудың өзi – сауабын айтып жеткiзгiсiз iзгi қадам екен. Себебi бар мәселе адамның ниетiнде көрiнедi. Күләш ақын өз жырлары арқылы сондай иманды қадамдарға барып отыр. Сондықтан да қаламгер:

"Шаттықпенен қарсы алам күн шығуын,

Махаббатыңмен нұрланды тiршiлiгiм!

О, Жаратқан! Өзiңе – шүкiрлiгiм,

Жарылқауыңа – мәңгiлiк құлшылығым", – дейдi шүкiрлiк сезiмдерiнен болмысы нұрлана. Ал ендi мынандай сауалдың қылаң беруi мүмкiн: "Дәл осы арада өмiр құндылықтарын мынау қара жер бетiндегi есеп-қисаптармен ғана өлшейтiн ақын болса, ондай қалам иесi шамамен қандай жырлар жазуы мүмкiн? Бәлкiм ондай адам ақын болып та жарытпас-ау…

Ал Ахметова жырларында Алланың жарылқауларына алғыс сезiмге толы ақынның мәңгiлiк құлшылықтары жүрек сырындай төгiледi-ай кеп!

"Тыңдасын деп әлемнiң сазын бердiң,

Жырласын деп өлеңнiң тәжiн бердiң.

О, Раббым, Сенен бөлек осыншалық

Нығметтердi мен үшiн әзiрлер кiм?!"

Иә, бiр Жаратушыға ғана тәуекел еткен қалам иесi ғана осылай десе керек. Себебi осындай ұлы Тәуекелге бел байлаған пенде үшiн ең басты мақсат – Алла ризасы үшiн қолынан келгенiнше айналасындағыларға жақсылық жасап, мәңгiлiк рахат Өмiрге сауап жинау. "Мұндай мақсатқа саналы жан кәмелетке толғанынан бастап әзiрленуi тиiс", – дейдi ғұлама-ғалымдар.

Қос дүниедегi өмiр мәнiне жете бойлап, сол арқылы сауап жинамаққа аласұрған ақын сезiмдерi бiр жырынан екiншiсiне қарай жарыса жалғасуда. Ендi Ахметованың "Жаратылыс" атты өлеңiн оқып көрелiк:

"Алла – бiр,

Барлығынан сол ғана асқан.

Қарасам, ғаламатқа толған аспан.

Жұлдыздар керуен түзеп,

КеңiстiккеТәңiрлiк шеберлiкпен орналасқан."

Иә, айтса айтқандай, сыйынуға, көмек сұрап жалбарынуға лайық бiр ғана күш бар. Ол – Алла Тағала! Ұлы Жаратушымыз көктегi жұлдыздарды тәңiрлiк шеберлiкпен орналастырып қана қоймай, миллиардтаған жұлдыздар мен планеталарды, аспан денелерiн сағатына сан миллиондаған, бәлкiм миллиардтаған километр жылдамдықпен қозғалтып қойып, олардың бiр-бiрiмен соқтығысып қалмастан, керемет үйлесiмдiлiкпен қатар өмiр сүрулерiне жағдай жасап қойған ғой! Ғарыштағы осындай Тәңiрлiк кереметтерге тамсана көз салған ақын:

"Шарқ ұрып,

Таппаған соң тепе-теңiн,

Ойымды жер бетiмен тербетемiн.

Мәңгi бол,

Жаратқанның хикметтерiн

Көтерген көгiлдiр шар, кең мекенiм!" – дейдi бiр сәт.

Тәңiрдiң жаратқандарынан терең мағына iздейтiн ақын үшiн жер бетiндегi әрбiр көрiнiс пен тiршiлiк иелерiнiң өмiрi Алланың ғажайып белгiлерiне, мұғжизаларына толы. Күн мен түннiң, қыс пен жаздың өзара алмасуы ғана емес, тiптi бiр тал шөптiң қылтия көрiнiп, топырақты жарып шығуынан да Ахметова ақын Тәңiрлiк мағына iздейдi.

"Құдайсыз қурай сынбайды" деген қағида сырын терең түйсiнген ақын сол қурай ұшқан "көгiлдiр шар, кең мекенiнiң" аман-есен тұруын Жаратушыдан жалбарына сұрайды. Жаратушыны сүйген ақын небiр қылықтарынан аспан күңiренiп, жер жиырылатын нақұрыс жандардың жасаған қылмыстарын осылайша өз жырларымен, адамзат тағдыры үшiн алаң күй кешкен көңiлiмен, иманды ниетiмен жуып-шаюға тырысады. Келесi бiр жырында Күләш ақын:

"Қайырлы өмiр Тәңiрден тiлегенiм,

Иманды iстен iздермiн жүрек емiн.

Сабыр күтiп, дақпыртқа бой алдырмай,

Өмiр сүру – арманым, мiне менiң.

Көркем ғұмыр – көргенiм жақсылық боп,

Биiктесе, бiртiндеп жыр-еменiм,

Сен риза боларсың, бiлем, елiм!

Түзу тiрлiк тәңiрден тiлегенiм", – дейдi.

Бұл – мынау өтпелi өмiрдiң бес күндiк қызығына алданбаған ақынның өмiрлiк байламы, ұстанған тұғыры. Аңғарып отырғанымыздай, Күләш Ахметова – Махаббат ұғымын талдап-түсiнуде талай биiктiкке көтерiлiп кеткен жан.

"Ең әуелгi мiндет – аса Жомарттықпен саған мынау жарық дүниенi берген, несiбеңдi үлестiрген, барлық мұғжиза-белгiлерi арқылы мәңгiлiк оттан сақтандырып, сондай-ақ мәңгiлiк Жұмағына шақырған аса Қамқор Алланы сүй!", – дейдi ақын. Жаратушыны, ұлы Хақты сүйген қарапайым пенденiң жүрегiнен жалпы адамзатқа, жаратылғандардың абзалдарына деген махаббат атаулы толассыз бастау ала бермекшi.

Сол себептi де Күләш ақын "Махаббат" жинағындағы алғашқы өлеңiнiң (бәлкiм тұтас жинақтың) эпиграфы ретiнде ұлы Абайдың, өз өмiрiнде Таухид iлiмiн берiк ұстанып өткен Ибраһим Құнанбайұлының

"Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәттi"

деген тұжырымнамасын алған екен.

Сондықтан да Шам қаласында Азанды алғаш естiген сәттегi ақынның:

"Дұға деуге болады, тiлек деуге.

Нұрлы рухқа толғандай, жүрек, кеуде,

Ұлы әуез бе Әуеден жiберiлген

Жан әлемiн адамның реттеуге?!" –

деген толғанысы сiздi де тебiрентпей қоймайды. Ал Жаратушыны осылайша сүйе бiлген ақынның Отанына деген Махаббаты да кәусар, тым асқақ!

"Адамдарды таңдантып, мәңгi ойлантып,

Ұшқан құстай зулайды, самғайды уақыт.

Мына шексiз ғаламда

Өз далаң мен

Өз Отаның болғаны қандай бақыт!"

Оқи түскен сайын Ахметова поэзиясынан мұндай мысалдарды көптеп келтiруге болады. Мұхаммед саллаллаху әлейхи уәссалам пайғамбарымыз бiр хадисiнде: "Отанды сүю – иманнан", – деген екен. Алланың мұғжизалары тұнып тұрған жұмыр жердiң амандығын тiлеген иманды ақын Жаратылыстың ондағы әрбiр белгiлерiн жамандық, жауыздық атаулыдан табанды түрде қорғауға шақырады.

"Келер-кетер ойыңды сапыра күн,

Айтып, айтпай өтедi ақын әнiн.

Табиғатқа, адамға деген

Барлық

Махаббатты қорғауға шақырамын", –

дейдi қазақ әдебиетiне өзiнiң лирикалық сыршыл жырларымен бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын келген Күләш ақын өзiнiң "Махаббатты қорғауға шақырамын" атты өлеңiнде.

* * *

Ақын Ахметованың Кеңес үкiметi кезiнде жазған мынандай жыр жолдары бар:

Қарашы бұлттарды! Ауып барады.

Қанаты күн көзiн жауып барады.

Қаласа, жаңбыр боп жауып та алады.

Өтедi сонан соң. Бәрi де өткiншi,

Адамда үмiт пен қауiп қалады"…

Осынау жыр жолдары дәл бүгiн жазылғандай әсер қалдырады бiзге. Себебi Ахметова жырлағандай, саналы адам баласы Жаратушының құдыретiне құлшылық жасай отырып, оның шапағат-шуағына бөленуге үмiт етiп және "сол мiнажаттарымды Алла Өзiнiң кеңдiгiмен қабыл етер ме екен, етпес пе екен" деп қауiп ойлаумен де өмiр кешуi тиiс екен. Тек қана үмiт жетегiнде не болмаса, тек қана қауiп құшағында өмiр сүру жарға жығады", – дейдi ғұламалар. Үмiт пен қауiп… Тек осынау қос сезiмдi тең ұстаған жағдайда ғана жұмыр басты пенде имандылықпен ғұмыр кешетiн көрiнедi. Ақын осы бiр терең ойларын балама сөздерге орап, қызыл империя тұсында оқырмандарына жеткiзуге талпынған екен-ау!

"Қуат бердiң, Тiл бердiң, Рух бердiң.

Тiлегiмдi хусни, тұнық бердiң.

Күллi адамзат баласын жарылқаған

Рахметiңнен үздiксiз үмiткермiн", – деп өзi жырлағандай, Тәңiрiнiң аса жомарттықпен берген қуат-күшi, тiлi-дiлiн, рухын да Мәңгiлiк әлемге сауапшылық жинау мақсатында, яғни мiнәжат жолына жұмсауға ұмтылады Күләш ақын.

Ал iзгiлiк жолына арнап осындай иманды жырлар жазуы – ақынның өз замандастарына жасап отырған үлкен қамқорлығы, қолқабысы. Алла ризасы үшiн жасалған жақсылықтардың үлкен-кiшiсi болмайтын көрiнедi. Ендеше, Ахметованың айналасына шашар иманды жыр шашулары бұдан да көбейiп, сауапты iстерi iлгерiлей бергей!

Нұрлытай ҮРКIМБАЙ