Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАДЫРЫ, ПОЭЗИЯНЫҢ ҚАДIРI ЕДI

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАДЫРЫ, ПОЭЗИЯНЫҢ ҚАДIРI ЕДI

Уақыт неткен зымыран едi. Қадыр ағаның бiздi "аһ" ұрғызып, өмiрден өткенiне де қырық күннен асып барады. Апыр-ау, ақын ағаның арамызда жүргенi, жасы бiразға дейiн келiп қалса да, қашанғыдай шабытты әрi жырсүйер қауымды сағынып, аңсаған қалпындағыдай, елiмiздiң әр қиырында өтiп жататын әртүрлi жиындарға қатысып, халайықтың алдында өзiнiң небiр тамаша естелiктерiн айтып, қазақтың маңдайына бiткен дара дарындар мен ұлы тұлғалар, әдебиет және ұлттық поэзиямыздың жауһарлары хақында сыр шашып, ой толғап жүргендiгi мен ол кiсiнi Алматыда өткен бiр шығармашылық кешiме шақырғандығым да күнi кеше ғана емес пе едi?!. Сол ақын ағам, алып ағам өмiрден өткенде, өзiнiң Жайығы да қатты толқыпты дейдi. Бұны бiз Қадыр ағаны соңғы сапарға шығарып салуға облыс әкiмi Б.С.Iзмұхамбетовтың қасына ерiп, Алматыға келген оралдық зиялы ағаларымыздан естiдiк. Орал сонда өзiнiң көз жасын әлi де iрке алмай тұрғандай-ақ болып көрiндi!.. Алып ақынын жоқтаған облыс басшылығы мен зиялыларына Мырзалиевтiң Алматыдағы мыңдаған оқырмандары да әбден-ақ разы болды. Сауап тiледi. Ал Қадырын сағынатын, Қадырдың жырларын оқымаса, әрдайым оның жылуын сезiнбесе, жетiмсiреп тұратын қалың қазақты қайтемiз? Қадырды жаңаша танитын, Қадырды жаңаша парақтайтын, Қадырмен жаңаша сырласып, жаңаша ой бөлiсетiн кез ендi ғана басталды деймiз, ендеше!..

Азабың қалған бұл жерде,

Әз әнiң қалған бұл жерде.

Азабын қосып әз әнге

Қазағың қалған бұл жерде… – деп ақын ағаның өзi жырлап кеткендей, қазағымыз аман тұрғанда, Қадырымыздың қадiрi де күн өткен сайын өсiп, арта бермек емес пе?!.

Қадыр ағаның жырларын сонау бала кезiмнен берi-ақ жаттап өскенмен, өзiн алғаш өткен ғасырдың сексенiншi жылдары ҚазМУ-дiң журналистика факультетiнде оқып жүрген кезiмде, алғашқы курстардың бiрiнде көрген едiм. Старостамыз бiрде: "бiзге әдебиет теориясынан Қадыр Мырзалиев лекция оқиды екен", – дедi. Бiз өз құлағымызға өзiмiз сенбей: "Ә-ә?.." – деп аузымызды ашып қалыппыз. Бұл – Қадекеңнiң атағы дүркiреп, поэзия әлемiндегi биiктерде самғап жүрген кезi едi. Бұрын Алматыдағы көп ақын-жазушылар, олардың да iшiндегi атақтылары туралы әңгiме бола қалғанда, Қадыр ағаның бос уақыты жоқ екен, ол кiсiнi Жазушылар одағындағы жиналыстарға барып қатысқаныңмен, бәрiбiр көре алмайсың дегендi де еститiнбiз. Ендi сол атақты ақын аға бiзге лекция оқымақ. Бiз қашан ол кiсiнi көргенше, бұған сенбедiк.

Бiз ол кезде университеттiң қала орталығындағы ескi бас оқу корпусында оқитынбыз. Бiр күнi аудиториямызға Қадыр ағаның өзi де келдi. Қолында газеттiң ортасына салған жұқалтаңдау қағаздары бар, қарапайым ғана қалпы. Бiрақ болмысында қарапайымдылықтан гөрi, тектiлiк басым.

Қадыр аға өзiнiң жырларында қандай сұлу, сымбатты болса, өмiрде де сондай келбеттi екен. Артық бiр сөзi жоқ. Аудиториямен амандасып, өзiн сәл қысқаша таныстырып өткеннен кейiн, бiрден сабағына кiрiстi. Әдебиет теориясы сабағын өзiмiз де көптен аңсай күтiп жүргенбiз. Сол сабақтан көп нәрсе алғымыз, көп нәрсенi байыбына дейiн жетiп, түсiнгiмiз-бiлгiмiз-ақ келетiн. Бiр есiмде қалғаны, Мырзалиевтiң лекциясында қаламыңды жылтыңдатып, конспектi жазу, не беталды сұрақ қою деген де болмайды екен. Тек оны аузыңды ашып, тыңдай бересiң, тыңдай бересiң.

Ұстазымыз Қадыр Ғинаятұлы сонда бiзге әдебиет теориясы туралы уағыз айтып, көп уақыт та алмады. Бiрден әдебиеттiң теориясы, жанрларының құпияларына қарай кiрiсiп кеттi.

Кезек новеллаға келген едi.

Бiз оқыс елең еттiк. Кезiнде Чехов пен Майлиндi оқып, қаншама жерден сүйсiнсек те, новелланың бойындағы жүрекке жылылық ұялататын құпиясына еш түсiнбей-ақ қойған едiк. Ұстазымыз жанрды талдамас бұрын, аудиторияға қарап: "Новеллист-жазушы О,Генридi бiлесiңдер ме?" – дедi. Көбiмiз ол кезде американдық атақты жазушының есiмiн тап басып, танымасақ та, шет жағалатып, бiлетiндiгiмiздi аңғартқандай болдық. "Ғабит Мүсiрепов аға әңгiмесiн аударған Генри емес пе?" – деп жатқандарымыз да жоқ емес. Сөйтсек, бұл О,Генри дегенiңiз дәл сол О,Генридiң өзi екен. Ұстазымыз сөз зергерi Ғабеңнiң көзi түсiп, көңiлi ауған "Соңғы жапырақ" деген новелласын ортаға салды. "Осында қиындау бiр сюжет те, көп оқиға да жоқ, бiрақ үлкен драма бар", – дедi. Ол драманың науқас бойжеткеннiң төсек тартып жатып, өмiр үшiн арпалысы екендiгiн; сөйтiп жатып, терезеден оның көзiне түскен күзгi жапырақтардың да бiр үлкен деталь болып қаланғандығын; содан былай, науқастың жан ауруы емес, әлгi терек басындағы қаудырап, тәулiк сайын жерге түсiп жатқан сарғайған жапырақтарды санап, соның ең соңғысы жерге қалқып түскен кезде, менiң өзiмнiң де демiм үзiлетiн шығар деген ең соңғы бiр үмiтiн тiлге тиек еттi. "Бiрақ, – дедi сонда ұстазымыз оң қолының сұқ саусағын сәл жоғарыға қарай көтерiп, – аталмыш новелладағы драма, осындағы лирикалық сарын дәл осы тұстан басталады. Бұндағы басты мәселе мынада едi: жаңағы науқастың ең соңғы үмiтi ағаш басынан үзiлiп түспек ең соңғы жапырақ екендiгi, сондықтан оның әлгiнi үзiлiп түспесе екен деп тiлеп жатқандығын қарсыдағы үйде тұратын, осы кезге дейiн өзiнiң талантымен талайларды таң қалдырса да, ұлылығын әлiге дейiн мойындата алмай жүрген қарт қылқалам шеберi естiп, бұған дейiн ешбiр дәрiгер шипасын тигiзе алмаған науқасты ажал аузынан арашалап алып қалуға бар жанын салады". Қалай дейсiз ғой? Қылқалам шеберi дәл сол күнгi түнде қара жауынның астында жүрiп, әлгi манағы кеш түсе-ақ үзiлiп түскен соңғы жапырақтың орнына қылқаламның күшiмен бастапқы табиғи қалпынан еш айнымайтын басқа бiр жапырақтың суретiн салып шығады… Ертеңгiлiк науқас ұйқыдан көзiн ашса, әлгi соңғы жапырақ әлi де жерге түсе қоймапты… Ертесiне тағы да сол жағдай… Жоқ, бұл соңғы жапырақ әлi де үзiлiп түсер емес!.. Науқастың езуiне сәл күлкi шуағы үйрiледi… Бұл – оның жүрегiндегi өмiр сүруге деген үмiт шырағы да едi!.. Ал науқасқа өмiр сыйлаған ұлы қылқалам шеберiнiң өзi түнiмен жауынның астында сурет салып шығып, таң ата әбден жаурап, өмiрден өтсе де, атағы бүкiл дүниежүзiне тарайды!.. Сондағы лекцияның әсерлi болғандығы, бiздiң ақын-ұстазға деген құрметiмiздiң тiптен де арта түскендiгi соншалық, ол кiсiмен қоштасарда бүтiндей аудитория толы студенттер орнымыздан дүр көтерiлiп, бiрқатарымыз Қадыр ағаны Фурманов көшесi жағындағы аялдамаға дейiн де шығарып салдық. Бiз, әрине, сол кезде Алматыдағы атақты жалғыз университетте оқып жүргеннен кейiн, бұл киелi шаңырақта бұрын "Ұлы Әуезовтың лекциясы", "Академик Қабдоловтың лекциясы" дегендей небiр атақты лекциялардың болғандығы туралы да көп естiген едiк, бiрақ ұлы Зекең басқаратын кафедрадан келiп лекция оқыған Қадыр ағаның лекцияларынан кейiн, бiздiң санамызда "Атақты Мырзалиевтiң лекциясы" деген ұғым да берiк қалыптаса бастады.

Екiншi рет Қадыр ағаны сонау 90-шы жылдардың басында Түркияға барып келген бiр топ ел зиялыларымен бiрге "Жұлдыз" журналының редакциясына келiп, "Дөңгелек стол" мәжiлiсiне қатысқан кезiнде көрдiм. Қадыр аға сонда түрiктiң ұлы ақыны Назым Хикмет туралы келiстiрiп-ақ айтты. Кешегi кеңестiк дәуiрде түрiк ағайындардың оған қандай көзқараста болғандығы мен бүгiнгi күнде оның шығармашылық тұлғасына деген көзқарастың түбiрiмен өзгергендiгiн де толғаныспен сөз еттi. Бертiнде мен алғаш өзiмнiң көркем әңгiмемдi жариялап, әдеби ортаға танытқан "Жалын" журналының редакциясында жауапты хатшы болып iстеген едiм. Бұл талантты жазушы Мереке Құлкеновтiң "Жалынға" жаңадан Бас редактор болып, бүтiндей бiр әдеби басылымның жұмысын жаңаша қолға алып жатқан кезi болатын. Бiзге сол тұста көптеген атақты қаламгерлер де қол ұшын берiп, өздерiнiң шығармаларымен ортақ жұмысымызға бiр кiсiдей-ақ атсалысты. Соны көрiп, Қадыр аға да үйiнде тыныш отыра алмапты. Содан бiр күнi журналдың бiр қат нәрсесi ғой деп, "Ойдым-ойдым ойлар" деген шағын эссесiн жазып әкелiптi. Аталмыш эссе артынша-ақ журналдың бетiне жарқырап шыға келдi. Қадыр ағаның сондағы "Жалынға" деген бұл жанашырлығы кейiн тағы бiрқатар iрi қаламгерлерiмiздiң де жанашырлық сезiмдерiне түрткi болғандығы есiмде мұқият сақталып қалыпты. Бiрақ содан былай мен өзiм әдеби басылымдарда iстеп, жазушылардың қалың ортасында жүрсем де, Қадыр ағаны көпке дейiн көре алмаған едiм. Сөйтсе, ол кiсi Алматыдағы жиi өтiп жататын әртүрлi жиындарға арнайы шақырылса да, көп келе бермейдi екен. Көп уақытын тек оқу мен жазуға ғана арнайтын көрiнедi. Бiрақ сол жүргенде, Қадыр ағаның өзi жұрт көзiне көп көрiнбегенмен, жаңа туындыларымен жиi-жиi жарыққа шығатын. Осыдан қаншама жылдар бұрын:

Өнер шiркiн – менiң басты ермегiм.

Сәл жаңылсам,

Өзiмдi-өзiм тергедiм.

Бұл өмiрдiң бұзығы көп –

Көнбедiм,

Бұл өмiрдiң қызығы көп –

Ермедiм, – дегенде де ақын аға өзiнiң әу бастағы оқырмандарына берген сертiнен айнымайтындығын ашық айтқан едi.

Сол сертiн Мырзалиев қашан өмiрден өткенге дейiн де бұзбағандығын ел-жұрттың өзi де көрдi ғой!.. Жыр-дариядан қолы сәл босап едi, "Жазмыш" пен "Иiрiм" атты қос бiрдей әдеби мемуарлық кiтабын жазды. Жалпы, бүгiнгi күнде елiмiзде Мырзалиевты оқитындар көп, Мырзалиевтiң шығармаларынсыз өмiр сүре алмайтындар да баршылық. Ал кезiнде: "Осы Мырзалиев ешқашан ортаймайтын, ешқашан сарқылмайтын қандай дарын иесi, өзi? Бұның кереметтiгi неде?" – деп осыншама таңырқағандарды қайда қоямыз?!. Мырзалиев шығармашылығының кiлтi демей-ақ қояйын, тереңге қарай кететiн түп-тамыры оның алыстағы туған жерi, ару Жайығында жатыр!.. Сол Ақ Жайығын ол қашанда сағынатын едi. Сонау атағы аспандап жүрген сексенiншi жылдары Қадыр ағаның туған жерге жиi-жиi атбасын бұрып жүргендiгiн сондағы облыстық газетте қызмет жасаған кезiмiзде бiздiң өзiмiз де шет жағалатып көре қалдық. "Қадыр келе жатыр" деп, Орал бiрнеше ай бұрын-ақ даярлана бастайтын. Қадырдың Жайыққа келуi өзiнше тағы да бiр үлкен қуаныш!.. Ару Жайық Қадырға деген сондай сыйы мен құрметiнен күнi кеше ол кiсi өмiрден өткен сәтiне дейiн де бiр танбады ғой!.. Былтыр облыста Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырзалиевтiң 75 жылдық мерейлi тойын ел-жұртының да, ақынның өзiнiң де көңiлiнен шығарлықтай-ақ етiп, бар сән-салтанатымен өткiзiлгендiгi көпке аян. Әрi Қадыр аға туған жерiндегi бұрынғы өткен мерейлi тойларының бәрiнен де биiк болған сол жолғы қуанышына Алматыдан бiр топ талантты замандас-қаламдастарымен бiрге, өзiнен өнеге алып өскен iзбасар-iнiлерi Мереке Құлкенов пен Есенғали Раушанов ағаларымызды да ертiп апарып, елге таныстырыпты. Бұны бiз ұлы ақынның кейiнгi толқын қаламгерлерге деген зор қамқорлығы мен құрметi деп те түсiндiк.

Бiрақ осы бiр күндерде бiз тек "Қазақтың Қадыры" атанған ақын ағаны еске алып, оның соңына қалдырған бай да, классикалық мұраларына қайтара бiр ой көзiмен үңiлiп, оның "Бұлбұл бағына" сүйсiнiп, одан әрi "Ой орманына" қарай өтiп, "Дала дидарындағы" даралығына бас иiп, "Домбырасының" құлақ күйiне құлшына құлақ тосып, "Алақанының" ыстығы мен жылуын бүтiндей жан-дүниемiзбен сезiнiп, жыр бесiгiне тербетiлiп отырып, "Қорамсағына" қол салып, "Көкпарын" көрiп, елдiң сан ғасырлық дәстүрiн өзiмiздiң көз алдымызға дейiн елестетiп, "Қызыл кiтабының" әдебиет тарихында мәңгiлiк сөз етiлумен болатындығын әңгiме етiп, "Мәңгi майданының" ұлт рухындағы ұлы сарын екендiгiн дәлелдеп, "Шырғалаңының" түпсiз терең шыңырау да, көз жеткiзбес қия-белдер де емес, өмiрдiң, шындықтың ақиқатын iздеу тұрғысындағы ой тербелiсi екендiгiне дейiн де көз жеткiзумен болыппыз ғой. Неткен шалқар шабыт, неткен телегей-теңiз ой, неткен тегеуiрiндi талант едi дейсiң, ендi ойға қалып. Қазақ өзiнiң Қадырын кезiнде түсiнбедi емес, әрине, түсiнудей-ақ түсiндi де, уақытында оның талантын жоғары бағалап, табанын жерге тигiзбей, маңдайын күнге сүйгiзбей, өзiнiң алақанына салып, аялап та бақты. Елiнiң, жұртының, туған халқының өзiне, өзiнiң жүректен жарып шыққан отты да, қойнауы қалың жырларына деген сый-құрметiн, шексiз сүйiспеншiлiгi мен махаббатын өз уағында Қадыр да жақсы түсiндi, Қадыр да туған халқының сонау жыраулар заманынан бергi келе жатқан жыр-әлемiнiң қадiр-қасиетiн, оның киесi мен өресiне деген сусаған көңiл, ғашық жүрек, елiккен жан-дүниесiн әрiден танып, бiрде:

Бiр ойласам,

Ойлайтыным сен, Елiм!

Орны бөлек арманыңдай көнемiн.

Бабалардың даналығы

Ұрпаққа

Бiр айналып соғады-ау деп сенемiн! – десе, ендiгi бiрде:

Сол даламыз менi де құндақтаған.

Туған жерсiз таң атып,

Күн батпаған.

Көкжиектi ысырған көздерiмен

Қырдың қыран қазағы қымбат маған, – деп жырға қосты.

Кезiнде "Қадыр – ойшыл ақын, түпсiз терең ой шұңқырларына" дейiн де барады дедiк. Ақын өз кезiнде қандай да бiр үлкен тақырыпты қозғап, қандай бiр айшықты ой айтып, қандай бiр сезiм шарпылысына бөленсе де, әр кез өз туған халқының жан-дүниесiн тербеп, iшкi рухани әлемiне қарай терең бойлай түсiп:

Мен бұл сөздi ұсақтап,

Майдаламан.

Ел-жұртымсыз – белгiсiз – қайда қалам?!

Ақын болып бiрдеңе жазарымда

Халық болып алдымен ойлап алам! – деп те ағынан жарылумен болыпты ғой.

Ендеше, сол туған халқың барда, сен де ұмытылмақ емессiң, ақын аға!.. Рух болып оянып, жыр-бесiк болып тербеле бермексiң!.. Ұлының ұлылығы, жыр-мұраның мәңгiлiгi деген де сол шығар?!.

Бiз соған сенемiз!..

Серiкқали ХАСАН, жазушы