Жаңалықтар

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ашық дереккөзі

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЕУРООДАҚ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА ҚАРЖЫ БӨЛМЕКШI

Қырғызстанда Халықаралық валюталық қордың бағдарламаларын жандандыру шарттары орындалған жағдайда, Еуроодақ республикаға 51 млн. еуро грант және 30 миллион еуро көлемiнде көмек көрсетуi мүмкiн. Еурокомиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу Қырғызстан президентi Роза Отунбаевамен кездесу барысында қайтарымсыз грант – 51 млн. еуроны 2013 жылға дейiн бөлетiндiгiн жеткiздi. "Еуроодақ Қырғызстан елiнiң тұрақты түрде дамуына оң көзбен қарайды. Бiз Қырғызстанның демократиялық даму сатысында парламенттiк жолды таңдағанын қолдаймыз. Еуроодақ келешекте де қырғыз елiнiң өркендей түсуiне көмек беруге әзiр", – дедi Жозе мырза. Сондай-ақ екiжақты кездесу кезiнде Қырғызстан бюджетiн көтеру мақсатында 30 млн. еуро көлемiндегi ақшалай грант қарастыру талқыға салынды. Бұл мәселе де жақын арада өз шешiмiн табатын болды.

Қырғызстан президентi Роза Отунбаева кездесуде атап көрсеткендей, қазiр Қырғызстан бюджет дефицитiн бастап кешiрiп отыр. Қырғыз тарапының ЕурАзЭҚ банкiне сауал жолдағанына, сондай-ақ ТМД және ЕурАзЭҚ елдерiне қаржылай көмек көрсету туралы өтiнiштер жасағанына қарамастан, бұл мәселе әлi қарастырылуда. "Еурокомиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен әңгiмелестiк. Ол Еуроодақтың шағын несиелендiру тетiгi арқылы Қырғызстанға көмек ретiнде 30 миллион еуро беру мүмкiндiгiн қарастырып жатқанын айтты. Бұл бағдарлама бұған дейiн бiзге белгiсiз болатын. Бiрақ елдегi жағдай мен бiздiң демократиялық талпынысымыз ескерiле отырып және Халықаралық валюта қорының бағдарламасын жандандырған жағдайда көмек көрсету туралы мәселе қаралатын болды. Осы жайт бiздi қуантып отыр", – дедi Қырғызстан президентi Роза Отунбаева.

МҰНАЙ ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ

Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыстағы оқиғалар әлемдiк нарықта мұнай бағасының қымбаттауына себеп болып отыр. Нью-Йорктiң Тауар биржасында мұнай бағасының бiр баррелi 107 долларға жеткенi тiркелдi. Мұндай жағдай соңғы 2 жылда кездеспеген едi. Мұнайдың қымбаттауына тек Ливиядағы ахуал ғана себеп болып отырған жоқ. Соңғы кезде Мұнай Экспорттаушы Елдер Ұйымы, яғни ОПЕК-ке мүше басқа елдерден келер мұнай сол баяғысынша көбеймей отыр. Мұның өзi өндiрiстiк және тасымал шығындарын қоса есептегенде мұнайдың қымбаттай беруiне әкеп соғуда. АҚШ әкiмшiлiгi елдiң 727 миллион баррель сақталатын стратегиялық мұнай қорын пайдалануды қарастыруда. Бүгiнде АҚШ үшiн бағаның өсуiмен күрестiң басқа тиiмдi жолы болмай тұр. Мұнай мен жанармай бағасының қымбаттауы – экономиканың басқа салаларының дағдарыстан кейiн қайта өркендеуiне кедергi болатын жайт.

Египетте билiк басына "Мұсылман бауырлар" ұйымының төңкерiс арқылы билiкке келуi мен араб мемлекеттерiнде наразылық шараларының жалғаса беруi алдағы бiрнеше ай бойына мұнай бағасын баррелiне 120-дан 150 АҚШ долларына дейiн өсiрiп жiберуi мүмкiн. Көмiрсутектi шикiзат бағасының өсуi алдымен АҚШ-та экономикаға күйрете соққы беретiн гиперинфляцияның туындауына, ал Батыс Еуропа мен Солтүстiк-шығыс Азияның өнеркәсiбi дамыған елдерiнде өнеркәсiп пен тұтастай экономиканың тұралап, бағаның үздiксiз өсуi – стагфляцияға апарып соғуы ықтимал. Бұдан дамыған индустриалды елдерде өнеркәсiп өндiрiсi тұралап, ал көмiрсутектi шикiзат, әсiресе мұнай өндiретiн елдердiң экспортына сұраныс дереу төмендейдi.

МОҢҒОЛИЯ ҒАРЫШҚА ҚОЛ СОЗУДА

Моңғолия үкiметi 2015 жылы жасанды жер серiгiн ұшыруы мүмкiн. Моңғолия жер серiгiн өз аумағында телерадио тарату, ұялы байланыс, табиғи ресурстарды пайдалану, сондай-ақ елдiң экономикалық және әлеуметтiк дамуы үшiн пайдаланбақшы.

Жасанды жер серiгiн жасау жұмысын Жапония қолға алуға ниет бiлдiрiп отыр.

Дайындаған Динара ДҮРМӘН