Жаңалықтар

АБЫЛАЙ САЛҒАН АҚ ЖОЛ

ашық дереккөзі

АБЫЛАЙ САЛҒАН АҚ ЖОЛ

Көпвекторлы саясат туралы

Қазақстан КСРО шекпенiнен шыққан кезде оның қандай ел екенiн, қай континентте орналасқанын бiлмейтiн халықаралық қауымдастық соңғы 20 жылда мемлекетiмiздi де, мемлекетiмiздiң мерейi Астананы да, мемлекет басшысын да танып үлгердi.

Танығанда, Республиканы – қуаты мол, табиғи байлығы көп, болашағы зор Ел ретiнде, Астананы – көздi-ашып жұмғанша заманауи мегаполиске айналған жас қала ретiнде, ал мемлекет басшысын – түрлi этностардан құралған халықты ортақ идеяға ұйыстыра алған, экономикалық реформаларды батыл жүргiзетiн әрi саясаттағы бастамашыл тұлға ретiнде таныды.

Қазақстан тәуелсiз мемлекет болғалы сыртқы саясатымыз көпвекторлы бағыт ретiнде айқындалғаны белгiлi.

Бұл бағытты ұстану қазаққа бағзыдан жат емес. Биыл туғанына 300 жылдығы тойлануы тиiс қазақтың атақты ханы Абылайдың ұстанған ақ жолы бұл. Ал мемлекет басшысы бұл бағытқа еуразиялық мән қосып, байыта түстi.

Қазақстанның сыртқы саясаты соңғы жылдары бiрталай жетiстiктерге жеттi. 2010 жылы елiмiздiң ЕҚЫҰ-на төрағалық етуi, Астанада осы ұйымның Жетiншi Саммитiнiң өткiзiлуi, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуiмiз – осы саладағы дипломатиялық, еларалық саясаттың жемiсi.

ЕҚЫҰ-на төрағалық тек дипломатиялық деңгейдегi кездесулермен шектелiп қалған жоқ, бұл – Қазақстанның саяси-әлеуметтiк даму барысына жасалған сынақ, демократиялық өзгерiстерге берiлген баға едi.

Еуропалық және Исламдық ұйымдарға төрағалық ету – Қазақстанның дербес мемлекет ретiнде өзiн халықаралық дәрежеде мойындата алуының көрiнiсi едi.

Қазақстанның дербес мемлекет ретiнде халықаралық бедел жинауына мемлекет басшысының ерiк-жiгерi көп ықпал еткенi даусыз. Тiптi Астанадағы Жетiншi Саммит декларациясының қабылдануында Қазақстан Президентiнiң абырой-беделi, өзге мемлекет басшыларымен әрiптестiк қарым-қатынасы басты роль ойнағанын сарапшылар айтып-жазып жүр.

ЕҚЫҰ мен ШЫҰ-на бiр мезгiлде қатар төраға болуы – Қазақстанның көпвекторлы саясатының iрi жемiсi болды. Өйткенi бұл оқиғалар Қазақ елiнiң Шығысқа да, Батысқа да жақын, телқара екенiн байқатты.

Ақорданың соңғы жылдары жүргiзген сыртқы саясатының арқасында әлемдiк сарапшылар еуроатлантикалық қана емес, еуразиялық қауiпсiздiк жөнiнде пiкiр алмаса бастады.

Посткеңестiк кеңiстiкте Қазақстан басшысы басты интеграторға айналды. Елбасы Еуразиялық одақ құру туралы, ЕурАзЭҚ құру туралы, ЕҚЫҰ төрағалық ету туралы т.б. идеяларды қалың жұрт алдында айтып, олардың жүзеге асырылуының басы-қасында өзi жүр.

ЕурАзЭҚ (Еуразиялық экономикалық қауымдастық), ШЫҰ (Шанхай ынтымақтастық ұйымы), ОДКБ (Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi келiсiм шарт ұйымы), ОЦАС (Орталық Азиялық әрiптестiк жөнiндегi ұйым), ЦАС (Орталық Азиялық қауымдастық) ұйымдарының құрылуы мен дамуында Нұрсұлтан Назарбаевтың салмақты үлесi бар.

2010-2011 жылдар – Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету кезеңi. ЕҚЫҰ төрағалығы сияқты ауқымды ақпараттық насихаты болмаса да, бұл оқиғаның саяси маңызы одан кемiмейдi. Өйткенi ШЫҰ – еуразиялық iрi аймақтық ұйым. ШЫҰ әуелгiде қауiпсiздiк мәселелерiн қамтитын, есiрткi тасымалына, терроризм мен экстремизм қауiптерiне қарсы тұру үшiн құрылған едi. Ал қазiр Шанхай ынтымақтастық ұйымы бiртiндеп еуразиялық кеңiстiктегi қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн ықпалды ұйымға айналып келедi.

Қазақстан ШЫҰ-ның аймақтық қана емес, әлемдiк қауiпсiздiктi нығайту ролiне айрықша мән берiп отыр. Осы ұйымға төраға ретiнде Қазақстан Орталық Азияда бейбiтшiлiктiң, қауiпсiздiктiң және тұрақтылықтың сақталуын мәселе етiп көтердi. Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ секiлдi Қазақстан ШЫҰ құзыреттерiн Қырғызстанға көмек көрсету үшiн пайдаланды. 2010 жылы сәуiр және шiлде айларындағы оқиғалар кезiнде Қырғызстандағы саяси жағдайға ең әуелi ШЫҰ өз ұстанымын бiлдiрiп, жағдайды тұрақтандыруға күш салды.

Астанада биыл өтетiн 10-шы мерейтойлық саммит ұйым жұмысына соны тыныс бередi деген үмiт бар.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болғанда, бұл ұйым Еуроодақ пен НАТО көлеңкесiнде қалған едi. Ақорда төрағалық тiзгiндi ала салысымен ЕҚЫҰ-ның халықаралық беделiн көтерудi, ұйым жұмысын жаңғыртуды мақсат етiп қойып, осы бағытта талмай жұмыс iстедi.

Ақыры ұйым бойына қан жүгiрiп, Қазақстаның халықаралық беделi арта түстi. Ақорданың бастамашылдығын әлемдiк алпауыт елдер жоғары бағалады. Астана декларациясының қабылдануы Елбасының сыртқы саясаттағы таза жеңiсi ретiнде бағаланды.

Қазақстан бұл төрағалықты Орталық Азиядағы қауiпсiздiк мәселелерi мен Ауғанстан мәселесiн халықаралық дәрежеге шығаруда ұтымды пайдаланды. Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Жетiншi Саммитте сөйлеген сөзiнде еуразиялық қауiпсiздiк өлшемiнiң мәнiн кеңейту мәселесiн көтердi. Ол "еуразиялық қауiпсiздiк – метафора емес, нақты геосаяси фактор" екенiн қадап айтты.

Жетiншi Саммит аясында БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуроодақ, ТМД, Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi келiсiмшарт ұйымы, НАТО сияқты ұйымдардың лауазымды өкiлдерiнiң көпжақты кездесуi болғаны да жақсы нышан.

2010 жылы Кеден одағы iске қосылды. Болашақта Ресей Еуроодақпен ортақ экономикалық кеңiстiк құрған жағдайда, Кеден одағы Қазақстан үшiн Еуропаға ашылған "терезе" болуы мүмкiн деген пiкiр айтылып жүр. Ал Кеден одағының, одан әрi Бiрыңғай экономикалық кеңiстiктiң құрылуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Мәскеуде айтқан Еуразиялық одақ туралы идеясының жүзеге асуы екенiнде дау жоқ.

Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ету барысына Қазақстаннан мұсылман әлемi де, христиан әлемi де бастамашылдық күтедi. Өйткенi өркениеттер арасындағы диалог – Қазақстанның iшкi-сыртқы саясатындағы басты бағыт екенi белгiлi.

Ислам конференциясы ұйымы оған мүше мемлекеттердiң жағрафиялық ауқымы жағынан әлемде БҰҰ-нан кейiн екiншi орынды алып жатыр. Бұл ұйым соңғы кезде өз құрылымын қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алды. АӨСШК аясында және Исламдық және еуропалық қауiпсiздiк құрылымдары арасындағы диалог пен әрiптестiктi дамыту жөнiнде резолюциясы бар. Қазақстан осы бағыттағы жұмыстарды жандандырмақ. Оның үстiне, Әлемдiк және дәстүрлi дiндер құрылтайы аясында да диалогты жалғастыру мүмкiндiгi бар. Астана мұсылман мен христиан дiндерi арасындағы, өркениеттер арасындағы келiссөздер көпiрiне айналмақ.

Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ мен ШЫҰ-на төрағалығы, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуi – қарапайым қазақстандықтардың Отанына, мемлекетiне деген мақтанышын тудырып, ел iшiндегi отансүйгiштiктi еселедi.

Сыртқы саясаттағы жеңiстер елдiң iшкi өмiрiндегi азаматтардың ортақ үй – бiр шаңырақ астында өмiр сүрiп жатқанын тереңiрек ұғындырып, ынтымақты арттыра түстi. Қазақстан халқы ортақ идеяға ұйысты.

Бұл елдiң iшкi-сыртқы саясатының тонның iшкi бауындай жымдасып жататындығының көрiнiсi болса керек.

Гүлбиғаш Омарова