Жаңалықтар

БАРМАНҚҰЛОВ ОҚУЛАРЫ ӨТКIЗIЛДI

ашық дереккөзі

БАРМАНҚҰЛОВ ОҚУЛАРЫ ӨТКIЗIЛДI

Өткен аптада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiнде ғалым, педагог, белгiлi ұстаз Марат Барманқұлов оқулары аясында "Ақпараттық қоғам жағдайындағы электрондық БАҚ: ұлттық және жаһандық мәселелер және таяу болашақ" атты халықаралық жиын өттi.

Дәстүрлi "Барманқұлов оқулары" аясында өткен аталмыш басқосуды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ашты. "Бұған бiрiншi кезекте БАҚ-тың жаңа сапасы ғана емес, барлық қоғамның дамуының белгiсi – ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы, ТВ-ның сандық қалыпқа көшуi әсер етедi. Сөзсiз, бұған қоғамдық пiкiрдi қалыптастыру мен жас ұрпақты тәрбиелеуде ықпалы зор", – дедi ректор.

Тiлшi қауымға Барманқұлов есiмi етене жақын. Марат Кәрiбайұлы – елiмiздегi алғашқы тележурналистердiң бiрi, телевизиялық және радиожурналистика теориясының, сондай-ақ ҚазҰУ-дегi телевизия және радиожурналистика кафедрасының, телевизиялық және радиостудияның негiзiн қалаған адам. Ғалымның журналистиканың теориясы мен тәжiрибесiне арналған оқу құралдары мен тарихи тақырыптарға арналған мол мұрасы қалды.

Махаббат ӘДIЛХАНҚЫЗЫ