Жаңалықтар

«ПЫРАҚ» МIНГЕН ПОЛИЦЕЙЛЕР

ашық дереккөзі

«ПЫРАҚ» МIНГЕН ПОЛИЦЕЙЛЕР

Шымкентте полицияның сәйгүлiгi 1,2 миллион теңгеге шарықтады

Былтыр Шымкент қаласында құрылған кавалериялық жасақтың полицейлерiнде арман жоқ шығар, сiрә?! Олардың мiнген тұлпарларының құны – 1,2 миллион теңге, ал сәйгүлiктердi алып жүретiн бiр көлiктiң құны 45 миллион теңге тұрады екен. Бұған халық қалаулылары да, қарапайым халық та сенер-сенбесiн бiлмей дал. Жуырда облыстық мәслихаттың сессиясында осы мәселе қызу талқыға түстi.

– Бұл мәселе осыдан екi жыл бұрын да көтерiлген. Сонда әрбiр жылқыны Орал өңiрiнен 1,2 миллион теңгеге сатып алынғаны жөнiнде мәлiмет алғанбыз. Қазiр сол аттар пайдаланылмай тұр деп естiдiк. Тiптi кейбiрi өлiп қалғанға ұқсайды. Ал, ендi мiне, бiр көлiктi 45 миллионға сатып алып отыр. Оған небәрi 6 ат сияды екен. Бiз де ат шаптырамыз. Бiрақ мұндай көлемдегi қаржыға көлiк сатып алмаймыз, – дедi облыстық сессияда депутат Аманұлла Раманқұл. Халық қалаулысы бұл мәселенi жылы жауып қоймай, сәйгүлiктер мен көлiкке қатысты мән-жайды анықтау үшiн комиссия құруды ұсынды.

Атты полицейлер қазiргi уақытта Шымкент қаласына қарасты елдi мекендерде қоғамдық тәртiптiң сақталуын қамтамасыз етедi. "Алмақтың да салмағы бар" деген емес пе?! Қазынаның қыруар қаржысын жұтып жатқан кавалериялық жасақтың қылмысты құрықтауға қаншалықты септiгi тигенi туралы әзiрге мәлiмет таба алмадық. Бiрақ былтырғы жылды қорытындылаған прокурорлар қылмыстық ахуалдың алаңдатарлық дәрежеге жеткенiн алға тартып отыр. Облыста тiркелген қылмыстың жалпы саны 1063-ке жетiп, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға өскен. Оның iшiнде ауыр қылмыстардың санатына жататын денсаулыққа ауыр зиян келтiру – 18,9 пайызға, қарақшылық – 20,4 пайызға, тонау – 7,8 пайызға, зорлау – 25 пайызға, бұзақылық – 26,1 пайызға, бөтеннiң мүлкiн ұрлау – 34,3 пайызға өскен. Қылмыстың ашылуы 68,4 пайыздан 67,1 пайызға төмендеген. Полицейлердiң өз арасында да заңбұзушылық өршiп тұр, тiптi жасаған ауыр қылмысы үшiн жазасын темiр торда өтеп жатқандары да жетерлiк. Айталық…

Өткен қарашада Сарыағаш аудандық iшкi iстер басқармасы криминалдық полиция бөлiмiнiң уәкiлi Н.Тәңiрбергенов зорлықпен өлтiрiлген 16 жастағы бойжеткеннiң өлiмiне қатысты шұғыл iздестiру әрекеттерiн дер кезiнде жүргiзбей, соның салдарынан қылмыскердiң төрт ай бойы бостандықта сайран салуына жағдай жасап бергенi үшiн сот үкiмiмен 294 950 теңге көлемiнде айыппұл төлеуге мiндеттелдi.

Сәуiр айының 17-сi күнi кешкiсiн Кентау қалалық iшкi iстер басқармасының учаскелiк полиция инспекторы А.Рашидов Қарнақ ауылындағы тiрек пунктiне түркiстандық алты жасөспiрiмдi алып келген. Оның төртеуi әлi кәмелеттiк жасқа толмаған. Ұсталғандарға дүкен тонады деген негiзсiз күдiк келтiрген тәртiп сақшылары жасөспiрiмдерге кiнәларын мойындауды талап етедi. Қапелiмде полицияның құрығына түсiп қалған жiгiттер өздерiнiң бұл қылмысқа қатысы жоқ екендiктерiн айтқан. Оған көнетiн полицейлер ме? А.Рашидов дереу шұғыл топты шақырады.

Суыт жеткен шұғыл топтың құрамындағы Қалалық iшкi iстер басқармасының кәмелетке толмағандардың iсi жөнiндегi бөлiм бастығы П.Байтiлесов бозбалаларды мойындатуға бел шеше кiрiскен. Ол сол жерде үш жасөспiрiмдi соққыға жығады. Ақыры азаптау мен қинаудан кейiн кәмелетке толмаған Х.Мәдiханов пен Ф.Садуллаев өз кiнәларын мойындағаны туралы түсiнiктеме жазып беруге мәжбүр болған.

Полицияның мақсаты мойындату екен десеңiз, қателесесiз. Гәп басқада болып шықты. Түнгi сағат 1-лердiң шамасында тәртiп сақшылары балаларының жағдайына алаңдап, полицияның есiгiнде телмiрiп тұрған ата-аналардан мәселенi оң шешу үшiн 250 мың теңге талап еткен. Түрлi қитұрқылыққа, түлкiбұлаңға салып, аспаннан қара бұлт төндiрген олар ақыры дегендерiне жетедi. Түнi бойы тентiреп ақша iздеген ата-аналар бауыр етi балалары үшiн таң ата тәртiп сақшыларының алақанына 200 мың теңгенi санап берген. Осыдан кейiн ғана полицейлер қамауда отырған бейшараларды бостандыққа шығарады. Алайда тәртiп сақшылары ата-аналарға iстi толық жабу үшiн дүкенi тоналған кәсiпкерге 362 мың теңге төлеу керектiгiн ескертедi. Бұған әрине ата-аналар келiспеген. Бiрақ А.Рашидов пен П.Байтiлесов ата-аналарға жоғарыдағы талаптарын орындату үшiн бiрнеше мәрте ескерту жасап, егер ол орындалмайтын болса, iстi қайта қозғайтындарын айтып қорқытқан. Жәбiрленушiлер бұдан кейiн Кентау қалалық прокуратурасына шағымданудан басқа амалдары қалмады. Жуырда сот үкiмiмен Қылмыстық кодекстiң қинау және алаяқтық баптары бойынша айыпталған П.Байтiлесов 8 жылға, ал учаскелiк инспектор А.Рашидов 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Былтыр Мақтаарал ауданында уақытша ұстау абақтысында отырған азаматтармен бiрге арақ iшiп, олардың бiрiн үйiне барып ақша алып келу үшiн босатып жiберген полицей де жуырда тиiстi жазасын алып едi… Шен таққандар арасындағы қитұрқылық мұнымен бiтпейдi. Қай уақытта да қылмыстың өсуiне қаржының, штат санының жетiспейтiнiн алға тартатын Iшкi iстер департаментiнiң уәжi шылғи өтiрiк болып шықты. Жетiспейдi емес, қайта қаржы мен штат санының көптiгiнен зардап шегiп жүрген сияқты. Олай болмаса департаменттегi есеп-қисапшылардың жұмыс iстемейтiн 7 азаматтың сыртынан жалған құжат толтырып, қитұрқылықпен қазынаның 18 миллион теңгесiн құлқындарына сiңiрiп жiбергенiне не айтуға болады?

Былтыр полицияның iшкi тәртiбiмен айналысатын өзiндiк қауiпсiздiк басқармасының қызметкерлерi Шымкент қалалық әл-Фараби аудандық полиция бөлiмiнде жасөспiрiмдер iсi бойынша инспектор қызметiн атқаратын К.Спанбековтiң есiрткi саудасымен айналысып жүрген жерiнен ұстап, ол сот үкiмiмен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

– Кейiнгi жылдары ауылда мал ұрлығы өршiп тұр. Тiптi мал ұрыларын полицияның өзi "крышавать" етедi деген сөздер де бар ел арасында, – дедi депутаттардың бiрi. Барымташылардың арасынан погонды қызметкерлердiң шығып жатқаны да ақиқат. Мәселен былтыр патрульдiк полиция полкiнiң қызметкерлерi, полиция сержанттары Б.Үсенбеков пен Н.Түлкiбаев жайылымда жүрген iрi қараны ұрлаған. Ұрлықтары әшкере болған тәртiп сақшылары екi жыл бас бостандығынан айыру жазаларын арқалап кете барды. Тек 2010 жылдың өзiнде әртүрлi iс-әрекеттерi үшiн Iшкi iстер органдарынан 55 адам жұмыстан босатылып, 125 қызметкерге тәртiптiк шара қолданылды. Ал соңғы екi жылда терiс әрекеттерiмен көзге түскен 109 қызметкер полицейлiктен кеткен.

Айтқандай, сессияда полицияға қатысты сұрақтар тым көбейiп кеткен соң, халық қалаулылары "генерал қайда?" деп шарқ ұрып iздегенiмен облыстың бас полицейi, Iшкi iстер департаментiнiң бастығы Серiмжан Досымов бұл жиыннан төбе көрсете қоймады.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы