Жаңалықтар

АЛАҚАНЫНА ЖЕР-АНАНЫҢ ЖЫЛУЫ СIҢГЕН

ашық дереккөзі

АЛАҚАНЫНА ЖЕР-АНАНЫҢ ЖЫЛУЫ СIҢГЕН

Қазақтан шыққан тұңғыш топырақтанушы қыз геолог болуды армандайтын

Топырақтану ғылымында аянбай тер төгiп жүрген қазақ қызын естiп пе едiңiз?! Әрине, дәл осындай сұрақ қойылған болса, "Ол кiм екен?" деп тосылып қалатыныңызға күмәнiм жоқ. Әрi қыз баланың топырақтану мамандығын таңдауы да сирек екенi рас. Алайда қазақтың қайсар қыздары еңбектiң қай түрi болса да, дөңгелетiп әкетуге пейiлдi келетiнi бесенеден белгiлi.

Фарида Қозыбаева – қазақтан шыққан тұңғыш топырақтанушы. Ол 70 жасқа таяған шағында да Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтында лауазымды қызмет атқарып келедi. Табиғат-Ананы жан-тәнiмен сүйетiн қаршадай қыздың бұл саланы таңдауы да кездейсоқ екен. Өзiнiң сонау жастық шағына саяхат жасаған Фарида апай: "Топырақтанушы болам деген ой үш ұйықтасам да түсiме кiрген емес. Тiптi 1960 жылдары бұл ғылым туралы түсiнiгiм де болған жоқ. Өзiм әке-шешеден ерте жетiм қалдым. Олар менiң дәрiгер болғанымды қалайтын. Жақын жандарымның аманатын орындайын деп дәрiгерлiктiң оқуына түсуiн түссем де, "бұл менiң мамандығым емес" деп, КазГУ-дiң сол кездегi топырақтану-биология факультетiне бардым. Бiр күнi аудиторияда отырғанымда бiр топ оқытушы кiрiп келiп: "Осы факультеттiң топырақтану бөлiмi бар. Кiмнiң тауға, шөлге, далаға, табиғат аясына экспедицияға шыққысы келедi?", – дедi студенттер жинап жүргенiн айтып. Шынымды айтсам, бала кезiмде геолог мамандығын ұнататынмын. "Үнемi табиғаттың ортасында жүру керемет қой!" дедiм де, көздi жұмып сол бөлiмге ауыстым да кеттiм. Қазiр бұл шешiмiме түк өкiнбеймiн. Неге десеңiз, топырақтануды өмiр-бақи сүйiп, жұмыс iстеп келемiн. Жыл сайын жаңа жаңалық табамын", – дейдi ағынан жарылып.

1971 жылы Топырақтану институтының аспирантурасына түскен Фарида Есенқожанқызы небәрi үш жыл iшiнде кандидаттық диссертациясын қорғап шығады. Ал докторлық ғылыми атағын 1994 жылы, яғни 20 жылдан кейiн ғана табысты қорғаған ғалым топырақтану ғылымының мерейiн өсiрген алғашқы қазақ қызы. Бүгiнде шәкiрт баулыған профессор. "Бiздiң уағымызда тәжiрибелiк дәлелдемең, енгiзген жаңалығың, әрбiрден соң техногендiк бүлiнген жердi қалпына келтiруге арнаған жұмысың болмаса, ғылыми атақтың маңайына да жолай алмайсың. Ал бүгiнгi жастар бiр-екi жылда кандидат, доктор болып шыға келедi ғой. Қазiр таяқ лақтырсаң, оның бiреуi мiндеттi түрде ғалымға тиедi. Олардың денi ғылымға жаңалық енгiзбесе де, лауазымды атақтың иесi болып шыға келетiнi жасырын емес", – дейдi.

Фарида Қозыбаева – бүкiл ғұмырын техногендiк бүлiнген жер бедерiн қайта қалпына келтiруге арнаған ғалым. Бiзде таулы, далалы, шөлдi жерлер көп, ал ауылшаруашылығына пайдаланылатын суармалы жерлер аз. Сондықтан ауылшаруашылығы айналымындағы жерлердiң өнiм беруiн көтеру үшiн топырақтың құнарын арттырудың маңызы басым. Техногендiк бүлiнген жерлер қалай пайда болады? Бұл сұраққа Фарида Есенқожанқызы: "Қазақстан – минералды ресурстарға, пайдалы қазбаларға бай мемлекет. Мұнай, алтын, мырыш, т,б. өндiремiз деп талай жердi қазып тастадық. Есесiне өсiмдiк қабаты жойылып, газданған улы заттар ауаға ұшуда. Биосфераның жақсы жұмыс iстеуi үшiн топырақтың құнарлы болуы тиiс", – деп жауап бердi.

– 1980 жылдардың аяғында техногендiк бүлiнген жердi қалпына келтiру үшiн Шығыс Қазақстан облысының Зырян және Риддер қаласында тәжiрибе жұмыстарын жүргiздiк. Қалаға жақын кен шығаратын шұңқырлардың бетi өсiмдiкпен жабылмаса, зияны шаш-етектен. Бiз сол бүлiнген жердi зерттеп, өсiмдiктi аумаққа айналдырдық, – дейдi.

Бүгiнде Фарида апайдың бiр арманы бар. Ол – топырақтану ғылымын зерттейтiн шәкiрттер дайындау. Осы мақсатты берiк ұстанған ғалым әлi күнге дейiн қызметкерлермен, жас мамандармен экспедицияға шығып, топырақтану ғылымының қыр-сырын жiтi сiңiрiп келедi. Тiптi Алматы қаласындағы №13 көпсалалы гимназияның оқушыларымен тығыз байланыс орнатқан ғылыми мекеме жасөспiрiмдердi табиғаттың тылсым құпиясын зерттеуге талпындырып, жол сiлтейтiн көрiнедi. Жастардың ғылымға деген ынтасына қуанышын бiлдiрген Фарида апай: "Оқушылар көзбен көрiп, көңiлге түйгендерiн ғылыми жұмысқа негiздеп, түрлi байқауларға қатысып, жүлделi орындарға ие болып жүр. Мектеп партасында отырып-ақ ертеңгi күнi қандай мамандық иесi болатындығын алдын-ала анықтап, сол ғылымға бет бұра бастайды. Тағы бiр айта кетерлiгi, былтыр МГУ-дың студентi бiздiң институтты интернеттен тауып алып, тәжiрибеден өтуге келдi. Қазiр 7 шәкiртiм кандидат, бiреуi доктор атанды. Бұл – бiз үшiн үлкен мақтаныш", – дейдi жүрекжарды қуанышын жеткiзiп.

Былтыр ҚР Ауылшаруашылығы министрлiгiне қарасты Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институты өзiнiң 65 жылдығын атап өттi. Осы уақыт iшiнде институт ешбiр қиындыққа қарамастан шетелдiң ғалымдарымен байланысын үзген жоқ. Нарықтық заман қыспаққа алған уақытта елiмiздегi ғылыми мекемелердiң жағдайы мәз болмаса да, аталмыш институт табанды түрде жұмысын жалғай түстi. "Айлықты уақтылы бермегендiктен талай жастар шыдай алмай, ақшасы бар жерлерге кеттi. Бiзде тек ғылымға берiлген нағыз мамандар ғана қалды. Ғылым ерте ме, кеш пе, мемлекетке қажет. Ғылымсыз мемлекет – мемлекет емес. Ал бiзге деген қаржының бөлiнуi қашан да жеткiлiксiз. Соған қарамастан қол қусырып отырған ешкiм жоқ. Институттың зертханасына жаңа заманауи құрал-жабдықтар сатып алу керек. Бәрi ескiрдi. Осы тұрғыда Ауылшаруашылығы және Бiлiм және ғылым министрлiгi де қолұшын созып келедi. Бiрақ әлi де мардымсыз" деп мемлекет тарапынан жасалатын көмектiң аздығын айта келе Фарида Есенқожанқызы: "Қазақстан мемлекетiнiң аумағында 272,5 млн. гектар жер бар. Оның 222, 5 млн.-ы ауылшаруашылығына қажеттi жер. Ал топырақпен жабылған жердiң 60 пайызына деградация жүргiзiлген. Қазiргi кезде құнарлы жерлер азайып кеттi. Солтүстiк Қазақстан, Ақмола, Павлодар облысы мен Оңтүстiк Қазақстанның кейбiр өңiрiнде ғана қара шiрiктi топырақ бар. Аграрлық мемлекет болған соң топырақтың құнарлылығын сақтау қажет. Ал топырақ жақсы өнiм беру үшiн теориялық негiз керек", – деп түйiндедi.

Фарида апай – адам аяғының астындағы кәдiмгi топыраққа жаны ашитын нағыз жанашыр ғалымның өзi. Ол – көкмайса көктемдi сүйетiн жаны да, тәнi де сұлу нәзiк жан! "Көктем келсе, табиғат-ана құшағын жайып шақырып тұрғандай сезiледi. Табиғатсыз менiң күнiм – күн емес. 70 жастың желкенiне жетсем де, ештеңеге қарамастан экспедицияға тартып тұрамын" деуi де соның дәлелi шығар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ