Жаңалықтар

“ТЕЛЕАРНАҒА ЖЕТIСПЕГЕНI ЖЕҢГЕТАЙЛЫҚ ПА ЕДI?” ДЕЙТIНДЕР ДЕ БАР...

ашық дереккөзі

“ТЕЛЕАРНАҒА ЖЕТIСПЕГЕНI ЖЕҢГЕТАЙЛЫҚ ПА ЕДI?” ДЕЙТIНДЕР ДЕ БАР...

Қазақтың салт-дәстүрiнде жеңгетайлық қызмет бұрыннан бар. Еркелетiп ат қойған қайнылары мен қайынсiңлiлерiн сүйгендерiмен табыстыруда ақ жеңгейлердiң орны ерекше едi бiр заманда. Тiптi ұлы жазушымыз М.Әуезовтiң "Абай жолында" Абай да досы Ербол мен ғашығының жеңгесi арқылы Тоғжанмен ай жамылған жарық түнде кездесiп, махаббаттың ләззатына бөленбеп пе едi?!

Қазiр заң да басқа, заман да басқа. Жастардың өмiрге деген көзқарасы да, ұстанымы да өзгеше. Жастар бiр күндiк нәпақа үшiн ақша табудың жолына түстi. Нарықтық қоғам мансаптың соңында кетiп, жалындаған жастығын уысынан жiберiп алған кәрi қыздардың санын көбейттi. Қазiргi таңда түңлiгi желбiремей, оң жақта отырып қалған қыздардың саны 350 мыңға жетiп қалыпты. Ал оларды бойдақ жiгiттермен таныстыратын немесе кездестiруге себепшi болатын адам бар ма? Мiне, осындай кезде ертедегi қазақ тұрмыс-салтында жастардың алғысына шексiз бөленетiн жеңгетайлардың орны қатты сезiлiп тұратыны жасырын емес.

"7-арнада" "Жар-жар" телеклубы тұсауын кестi. Әуелгiде бұл жобаны тамашалап отырып, көз алдымызға Ресейдiң "Давай поженимся" бағдарламасын әкелдiк ерiксiз. Онда да өмiрде екiншi жартысын таба алмай жүрген жастар қосылып жатады. Аты айтып тұрғандай, "Жар-жардың" да мақсаты – бiр-бiрiн ұнатқан жұптарды табыстырып, тойдың жырына айналған "Жар-жар" әнiмен шығарып салу екенi тайға таңба басқандай. Кейбiр көрермен: "Тәрбие құралына айналған телеарнадан қазақ қыздарының өз теңiн iздеп келiп жатқанын көруден артық не сұмдық бар? "Қызды қырық үйден тыю" дегендi ысырып қойып, қазақтың тәрбиесiне керi дүниелердi неге көрсетедi?" деген сарындағы ащы пiкiрлердi айтуда. Сөз жоқ, қазақ қыздары еш уақытта "Маған күйеу керек!" деп көптiң алдына шығып, жар салып, аттандаған емес. Бiр кездерi бұл iстi жеңгетайдың өзi ың-шыңын бiлдiрмей-ақ жайғастырып отырды. Қазiр ше?! "Заманына қарай адамы" деймiз бе, бүгiнгiнiң жеңгейлерi де өзгерiске ұшыраған. Тұрмыс құруға дап-дайын қайынсiңлiлерi мен келiншек алуға құлықты қайныларымен сыр бөлiсiп, жүрек түкпiрiндегi ойын дөп басып таба алмайды. Жеңгесi салпы-етек болған соң жастар да шешiлiп бiрдеңе айтуға дауаламайтын сияқты. Уақыт болса өтiп жатыр.

Бiрақ та "Жар-жар" телеклубына жап-жас қыздар мен жiгiттердiң қатысуы ерсi көрiндi бастапқыда. Басқа-басқа, 18 жастағы қыздардың тұрмыс құруға деген құлшынысына қайран қалып, бас шайқадық. Еркебұлан жастық шағын отбасылық өмiрмен айырбастауға неге асықты? Бәлкiм олардың да бойында "алдымдағы әпкелерiм сияқты оң жақта отырып қалмайын" деген қорқыныш болды ма? Сондықтан да ұрымтал сәттi ұтымды пайдаланып, болашақ жарын тезiрек тауып алуға кiрiскен бетi болар, кiм бiлсiн?! Қалай десек те, қазiр "Менiң бұл әрекетiм дұрыс па, бұрыс па? Телеарнадан әке-шешем көрсе не бетiмдi айтамын? Дос-жарандарым не дер екен?" деген сықылды сан түрлi сауалға бас ауыртпайтын қыздардың көп екенi көрiнiп-ақ тұр.

Сонымен, "7-арнадан" аптаның төрт күнiнде эфирден берiлiп жүрген "Жар-жар" телеклубының дiттегенi не? Шын мәнiнде, бұл жоба қоғамдағы кәрi қыздар мен сүрбойдақтардың азаюына өз үлесiн қоса ма? Әлде отандық телеарнаны жаулап алып, жауыр қылған кәдiмгi шоу-бағдарламаның бiрi ме?

Бiз бұл сұрақтардың жауабын "Жар-жар" телеклубының продюссерi әрi авторы Бибiгүл Дәулетбекқызынан сұраған едiк.

"ЖАР-ЖАР" ШОУ ЕМЕС…

– Бiзден бұрын бұл жобаны бiр телеарна жасағысы келiптi. Бiрақ қолдарынан келмеген соң жылы жауып қоя салған екен. Жеңгетайлар бұрын да болған. Қазiр бiздi осы жағынан сынап жатқандар бар. Несi бар, ауылда 17-18 жасқа толған қыздар да тұрмысқа шығып жатқан жоқ па?

– Ресейдiң "Давай поженимся" бағдарламасының таза көшiрмесi емес пе?

– Бұның төркiнi Голландиядан шыққан. Ресей Швейцариядан көшiрген. Кезiнде ешкiмнен көшiрмей-ақ "Аялы алақан" авторлық бағдарламасын жарыққа әкелгем. Рейтингiсi жоғары болса да, бағдарлама жабылып қалды. Оны ешкiм iздеген де жоқ. Ал "Давай поженимсяның" идеясын көшiрмедiм деп айта алмаймын.

– "Жар-жар" телеклубын ашу идеясы қалай туды?

– Бұл жоба – бүгiн ойланып, ертең дүниеге келе салған жоба емес. "Жар-жарды" осыдан 2-3 жыл бұрын шығарғым келген. Алайда мұндай бағдарламалар ұзақ ойлануды, жан-жақты дайындықты талап ететiнiн ескердiм. "КТК" арнасында ашқан "Алақан" деген бағдарламамның кезектi бiр санында қарттар үйiндегi апа-аталарымызды түсiрдiк. Әңгiме барысында сондағы 75 жастағы атайдың бiр әжейге көңiлi бар екенiн бiлдiк. Атаның ұнататынын жаңағы әжейге айтқан болатынбыз. Кейiн қарттар үйiнiң директоры бiзге хабарласып, атай мен әженiң үйленгендерiн айтты. "Аялы алақан" бағдарламасынан Салтанат есiмдi арудың 18 жылдан кейiн анасын тапқанын көрсеткен едiк. Сол хабар шыққан соң, бiздiң телефонымызға маза болмады. Хабарласқандар Салтанатқа құда түсiп жатты. Осының бәрiн көңiлiме түйе келе, неге осы жастарды бiр-бiрiмен табыстыратын бағдарлама ашпасқа деген ойға қалдым. Сөйтiп жүргенiмде "7-арна" шақырып, "бiр тың жоба жасау керек" деген ұсыныс жасады. Бiрақ өзiм бiзге жаңа емес, дайын дүние керектiгiне көзiм жеттi. Авторлық дүниең болса, сенi бәрiбiр тұншықтырып тастайды екен. Бұл жоба басқа жобалар сияқты екi тiлдi емес. Ұтып отырған жерiмiз – қазақтың жастарына салт-дәстүрдi кеңiнен насихаттап отырмыз.

– Жоба аясында бiр-бiрiнiң көңiлiн тауып жатқан жұптар бар ма?

– Жүрекжарды сүйiншiмдi сiздерге айтқым келедi. "Жар-жар" жобасы арқылы табысқан жiгiт пен қыздың тойы 21 наурызда өтетiн болды. Бiз оларға тосын сый ретiнде көп сыйлық дайындап отырмыз. Ал жақындағы түсiрiлiмде 47 жасар медбике әйел 55 жасар азаматты таңдады. Тiптi жүргiзушi Данагүл Темiрсұлтанованың өзi "Бұл қалай?" деп таң қалып жүр. Салыстыратын болсаңыз, "Давай поженимся" бағдарламасы арқылы 5 жылдың iшiнде 4-ақ адам бас қосыпты. "Жар-жар" жобасы жұрт ойлағандай шоу емес. Нәбәрi бiр айдан астам уақыттың iшiнде екi жұп үйленейiн деп жатыр. Бұл жаман ба? "7-арна" – тәй-тәй басып келе жатқан телеарна. Осы уақытта арнаның рейтингiсiнiң бесiншi орынға көтерiлуiне "Жар-жардың" септiгi тидi деп айта аламын. Қазiр телефонға дамыл жоқ. Таңның атысынан күннiң батысына дейiн қыз-жiгiттер хабарласып жатыр.

– Сонда жобаға қатысатын кейiпкерлердi iздеп әуре болмайсыздар ма? Ниет бiлдiрушiлер өздерi шығады ғой…

– Әрине. "Қатысайыншы" дейтiндер өте көп. Қазақтың менталитетiне сай емес десек те, интернетте де, газет беттерiнде де танысу бұрыштары бар ғой. Кейбiреулер "жiгiттер азайып кеттi, ал қыздар көп" дейдi. Олай емес. Жiгiттердiң де арасында үйленбей жүрiп қалған сүрбойдақтары қаншама. Өткенде 46 жастағы ер азамат келдi. Осы уақытқа дейiн үйленбептi. "Неге жүрсiз?" десек, "ғылыммен айналысамын деп жеке өмiрiме мән бермеппiн" дейдi. Мұның себебiн 55 жастағы досынан сұрасақ, ол да "Мен де үйленген жоқпын" деп тұр. Қараңызшы, оларды өмiрлiк жарымен табыстыратын жеңгетайдың қажеттiлiгi сезiлiп тұрған жоқ па?! Бұрынғыдай екi ортада жүретiн жеңгелер жоқ. Мiне, бiздiң жоба тележеңге ретiнде жеңгетайдың рөлiн атқарып жүр. Тағы бiр қызық айтайын. Жақында 62 жастағы аға келдi. Жағдайы жақсы, тұрмысы жоғары, лауазымды қызмет iстейдi. Ол "25-30 жас арасындағы қыз керек" дедi. Әйелi бес қызды өмiрге әкелген. Алайда бiр ұл сыйламағаны үшiн ажырасып кетiптi. Қысқасы, ұл туып беретiн әйел керек дейдi. Бiз де әдейi ол кiсiнiң сұрауына қарай 25, 35 және 40-тан асқан әйелдi тауып бердiк. Олар бiр-бiрiн мүлде танымайды. Түсiрiлiм барысында оларды әдейi бөлек бөлмелерге отырғызамыз. Содан жас қыз iздеген ағамыз басқа емес, Тараздан келген 47-ден асқан әйелдi ұнатып қалды. Қазiр екеуi кездесiп жүрген көрiнедi. Әрi қарай уақыт көрсетедi ғой. Олар әу баста "бұл жәй шоу шығар" деп сенбей келгенiн айтып, күлiп жүр.

– Жасыратыны жоқ, қазiр статистикаға сүйенсек, оң жақта отырып қалған қыздар көп. "Жар-жарға" қатысып жатқан қыздардың жас мөлшерi тым жас сияқты ма, қалай?

– Бiр қызығы, бұған дейiн 18-25 жас аралығындағы қыздар көп хабарласатын. Қазiр тоқтатып тастадық. Соның өзiнде телефон шалып: "Бiз неге қатыспаймыз? Бiздiң де тұрмысқа шыққымыз келедi" деп ренжiп жатады. "Айналайындар-ау, сендер әлi жассыңдар ғой. Сендердiң өмiрлерiң әлi алда. Бiздiң мақсатымыз – эфирдi толтыру емес" деп түсiндiрген боламыз. Әйтпесе аптасына төрт рет берiлгеннiң өзiнде хабарымыз 18-20 жастағы қыз-жiгiттермен толып қалатын түрi бар. Сондықтан да бiз 28 жастан асқан қыздар мен 30-дан асқан жiгiттердi қабылдап жатырмыз. 40, 50, 62 жастағы әйелдер де келiп жатыр. Бiзге қазiр қыздардан гөрi, керiсiнше жiгiт табу қиын.

Айтпақшы, "Сабақты ине сәтiмен" демекшi, "Жар-жар" телеклубы арқылы тағдырын 55 жастағы азаматпен қосуға бел байлаған Ләззат апаймен де тiлдесiп, жобаға қатысу кезiндегi әсерiн сұрап көрдiк. Бақыттың құшағында шалқып жүрген кейiпкерiмiз бiздiң сауалымызға ештеңеден тосылмай-ақ жауап бердi.

Ләззат, медбике:

Шындыққа ұласып кетедi деген ой басыма келмептi

– Өзiм – 47 жастамын. Алматы қаласының тұрғынымын. Бiр ұл, бiр қызым бар. Жолдасымның өмiрден өткенiне жетi жыл болды. Қартайғанда өмiрлiк серiгiм болса екен деген оймен "Жар-жар" телеклубына қатысуға бел байладым. Үш ер азамат шықты. Соның бiреуiн таңдадым. Ол – 55 жастағы азамат екен. Сол жерде танысып, бiлiстiк. Өзiме ұнады. Қазiр кездесiп жүргенiмiзге бiр ай болды.

– Қазақта "Жан досыңды үш жыл сына" деген сөз бар. Сiз ол азаматтың болашақта өзiңiзге лайықты жар болатынын қайдан бiлдiңiз?

– Екеумiз өмiрiмiздi, тағдырымызды айтып, бауыр басып кеттiк. Тiптi бұрыннан таныс адамдай тiл табыстық десем өтiрiк емес. Қазiрдiң өзiнде "мешiтке барып, некемiздi қисақ қалай болады?" деген ұсыныс жасап жүр. Оған әлi ертелеу сияқты. "Бiраз бiр-бiрiмiздi бiлiсiп, түсiнiсiп жүре тұрайық" дедiм. Ол кiсiнiң жұбайының қайтыс болғанына 10 жыл болыпты. Үш баласы бар екен. Өзi жоғары оқу орнында оқытушы. Темекi шекпейтiн, арақ iшпейтiн жан екен.

– Сонда қазiр араларыңызда сезiм пайда болды ма?

– (Күледi). Осы уақытқа дейiн жеңiл жүрiс дегендi бiлмейтiн адам едiм. Бiр жағынан өзiм толқып, қызық боп жүрмiн.

– "Жар-жар" телеклубына алғаш хабарласқан кезде "Мұным қалай болар екен" деген жоқсыз ба?

– Басында мұндай жағдай болады деп ойлаған жоқпын. Жанымда құрбым бар едi. Оның да күйеуiнiң өмiрден озғанына 17 жыл болған едi. Ол маған: "Сенiң жасың үлкен ғой. Басты рөлде сен шықшы" дедi. "Бағымызды сынап көрейiк" дедiм де, қатыса салдым. Бiрақ мұның арты осылай шындыққа ұласып кетедi деген ой басыма кiрiп-шықпапты.

– Қазiр көңiл-күйiңiз қалай? Бұрынғыдай емес, өзiңiзге көңiл бөлетiн азамат пайда болды дегендей…

– Өте жақсы. Бiздi "Жар-жардан" ендi көрсетедi. Басында хабарға барғаныма қатты ыңғайсыздандым. Кейiннен ана кiсi "туыстарың анау-мынау деп жатса, “7-арнадағы” "Жар-жардан" таныстым деп айтасың. Онда тұрған не бар? Бәрiбiр телеарнадан көрсетедi ғой" деп көңiлiмдi көтерiп қойды. Түсiнiгi жоғары азамат сияқты. Кiм бiледi, уақыт бәрiне төрешi ғой.

Бибiгүл ЖЕКСЕНБАЙ, “7-телеарнаның” директорлар кеңесiнiң төрайымы:

– Мұны дәл ресейлiк жобаның көшiрмесi деуге келмейдi. Бұл – “7-арнаның” тың жобасы. Егер "Давай поженимсяны" көшiрген болсақ, арнайы лицензиямен тура сол форматта жасауға болар едi. Тарихта мүлде болмаған тележобаны жасау оңай емес. Әр жобаға қомақты қаражат жұмсалады. Ал оның көрерменнiң көңiлiнен шығатынына сенiм жоқ. Сондықтан да әлемдiк тәжiрибеде халықаралық форматтар жиi пайдаланылады. Қазақстандағы телеарналарда тың бағдарламаның аз болуы – идея жоқтығынан, шығармашылық тоқыраудан емес, экономикалық себептерге байланысты екенiне назар аударғым келедi. Бiрақ келешекте отандық тележобаның көбейетiндiгiне сенiм мол. Қазiр көптеген елдерде ойын-сауық бағдарламаға сұраныс артты. Телеарналар емес, көрермендер жеңiл-желпi дүниелерге құмартты дегенiмiз дұрыс болар. Солардың қатарында қазақ көрермендерi де бар.

Бiр жағынан, өз қалауына сай жар iздеген жастарға көмектесу болса, екiншi жағынан жалпы көрермен қызығушылығына ие болар шоу-бағдарлама жасау мақсат болды. Бұл – қазақтың ежелгi дәстүрi негiзiнде дүниеге келген жоба. Және бұл формат арнаның жаңа стратегиясына сәйкес келiп отыр. Мыңжылдық дәстүр негiзiнде жасалған дүние қалайша менталитетке қайшы болуы мүмкiн? Қазiр көрермендердiң саны артып, қатысуға ниет бiлдiрiп жатқандар көп. Жоба әлi де толықтырыла бермекшi.

Күләш ОРАЗБАЕВА, психолог:

– Нарыққа байланысты қыздарға "отырып қалған" деген ұғымды телитiн болдық. Бұл дұрыс емес. Олардың "кәрi қыз" деген аты бар емес пе?! Бұрын той-томалақтарда кәрi қыздар мен бала тумаған әйелдердi арнайы үй тiгiп, сонда отырғызатын. Бұл оларды бөлектеу емес, тәрбиенiң көзi едi. Қазiргi кәрi қыздар жағдайын түзеп алғандар. Олар бiреу әйелдiкке алмағандықтан "кәрi қыз" атанып жүрген жоқ. 40, 50 жасқа келсе де жақсы жiгiт тауып алып, өмiр сүруде. Ал "Жар-жар" туралы айтсам, оның бiзге керегi жоқ дер едiм. “Тележеңгетайдың” керi әсерi болуы мүмкiн. Бұрынғының нағыз жеңгелерi керек бiзге. Қазiр танысу бұрыштары бар журналдар да көп. Мұның саясатқа да әсерi бар.

Анар, кәрi қыз:

– Қазақтың қызы ешқашан жiгiттi өзi iздеп бармаған. Бүгiнде телеарналар арқылы өзiмiздiң салт-дәстүрiмiзге жат түрлi шоу-бағдарламаларды шығарып жатырмыз. Қазақтың тәрбиесiне келмейтiн нәрседен аулақ болсақ деймiз. 17-ден жаңа асқан бойжеткендердiң "Жар-жарға" келiп, жар iздеуi тiптi күлкiңдi келтiредi. Қазақта қалыңдықпен де, күйеу жiгiтпен де жеңгелерi табыстырып жататын игi дәстүр бар едi. Сол игi үрдiстi жалғай түссек, кәрi қыздар мен сүрбойдақтардың саны азаяр ма едi, кiм бiлсiн? Менiңше, "Жар-жар" бұл жүктi арқалай алмайтын сияқты. Бiр жiгiтке үш қызды шақырып, таңдау жасатуының өзi дұрыс емес. Әрi қазақтың әдет-ғұрпына жат, мұндай жобалардың қажетi жоқ деп ойлаймын.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ