Жаңалықтар

Жанар АЙТЖАНОВА: YЛКЕН КӘСIПОРЫННЫҢ ПРОБЛЕМАСЫ ДА ҮЛКЕН

ашық дереккөзі

Жанар АЙТЖАНОВА: YЛКЕН КӘСIПОРЫННЫҢ ПРОБЛЕМАСЫ ДА ҮЛКЕН

Еңбек нарығын шетелдiк жұмысшылар жаулайды

Апта басында Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанова Алматыға келдi. Сапардың мақсаты – Елбасының халыққа Жолдауында белгiлi бiр сала мамандарына арналған жеңiлдiктер мен мүмкiндiктердi жiлiктеп таныстыру. Алматы қаласының Жетiсу ауданы ұйымдастырған жиында шағын және орта бизнестiң қамытын мойнына iлген кәсiпкерлер үшiн министр ханымның айтары мол болды. Жиынға "Мұнайаспап" АҚ жұмысшылары қатысты.

– Мен арнайы типтiк-орта бизнестi жүргiзiп отырған мекеменiң жұмысшыларымен кездесудi қаладым. Себебi үлкен кәсiп иелерiнiң проблемалары да үлкен. Сондықтан алдымен ұсақ-түйек артық құжаттарды қысқарту мақсатында шағын кәсiпкерлiктiң пiкiрiн бiлiп, мұң-зарын тыңдауды жөн көрдiм, – дедi Жанар Айтжанова. Шағын және орта бизнестiң тамырын басып көруге аттанған Экономикалық даму және сауда министрлiгi өкiлдерiнiң негiзгi түйгендерi – бақылауды қысқарту, яғни мемлекет, әкiмшiлiк, министрлiк тарапынан болатын бақылаулар мен құжаттар санын азайту. Бүгiнде 30 пайызға жуық құжаттар алынып тасталған. Десе де, министр ханымның айтуынша, ешбiр мекеме өз құзырындағы рұқсат беру қағаздарын қысқартуға көнбей, кез келген рұқсатнамалық құжаттың маңызды екенiн алға тартып келедi.

Бұдан кейiн "Мұнайаспап" АҚ бас директоры Сейiлбек Қалақов көкейдегi сауалын жасырмады. "Шағын кәсiпкерлiкте төрт бағытта: жобалық, экспорттық, өнiмдiлiк және монтажды-құрылыстық лицензия аламыз. Осылардың барлығын жыл сайын растап отыру керек. Ол үшiн әрине СЭС-тен экологиялық рұқсаттар, толып жатқан құжаттарды қайта жинап өткiзу керек. Мiне, осы лицензияны бiз бiр рет алған соң, 3-4 жылға дейiн тексермесе екен", – деп ойындағысын айтты кәсiпкер. Жанар Айтжанова бұрын Келiсiмдер жүргiзу комиссиясында болғанын, кәсiпкерлердiң мүддесiн қорғайтын құжаттарға баса мән бергенiн айта келе: “Осындай сауалдарды сараптау арқылы нақты қай салада оңтайландыру жүргiзу қажеттiлiгi анықталады”, – дедi.

Кәсiпкерлердiң болашаққа сенiмi мол. Кедендiк Одақтан да не күтетiнiн жасырған жоқ. Десе де, ең басты қорқыныш та айтылды: ашық шекара арқылы келетiн импорттық тауарлар отандық кәсiпкерлердiң өнiмiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн жоймай ма?

– Ресейдiң тауары мен Қазақстанның тауарын салыстыра алмаймыз. Оларда индустрия дамыған, тауардың түр-түрi бар. Отандық өнiмдердiң бәсекеге қабiлеттiлiгi төмен болып қалуы да жасырын емес. Бiрақ бiз осыны ескерiп, 4 жылға созылатын өтпелi кезең құрдық. Бұл дегенiмiз – Ресей тауарымен теңдесу үшiн қарастырылған уақыт. Осы уақыт iшiнде бiздiң кәсiпкерлер өз тауарының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырып, импортқа төтеп бере алады, – дейдi министр ханым. Сондай-ақ отандық кәсiпкерлер үшiн мемлекеттiк сатып алуларға жеңiлдiк жасалады. Ресейдiң нарығына да сертификат берiлетiн болады.

Кедендiк Одақ аясында жасалған 17 келiсiмшарттың iшiнде жұмыс күшi де қарастырылған едi. 2012 жылға қарай жұмысшылар еркiн шекара аспақшы: Ресей, Беларусьтың тәжiрибелi мамандары елiмiздегi мекемеге өзiн ұсынып, жұмысқа қабылдана алады. Дәл сол сияқты бiздiң мамандарымыз да аталған мемлекеттерде жұмыс iстеу құқына ие болып отыр. Олай болса, еңбек нарығында тағы да бәсекелестiк басталады.

Ақниет ОСПАНБАЙ