Жаңалықтар

БАС ҚАЛАЛАРҒА БАТЫР ЕСКЕРТКIШI ОРНАТЫЛСА

ашық дереккөзі

БАС ҚАЛАЛАРҒА БАТЫР ЕСКЕРТКIШI ОРНАТЫЛСА

Ердiң ерлiгi халқының басына қатер төнген сындарлы сағатта сыналады. Сонау бiр немiс басқыншыларының тұтқиылдан тап берген қанқұйлы жылдарында өзiнiң ержүректiлiгi мен басшылық iскерлiк қабiлетi арқасында майдандастарының ыстық ықыласына бөленген Сабыр Рақымовтай жерлесiмiз болғаны көңiлге зор қуаныш ұялатады. Сабыр Рақымов – Орта Азия мемлекеттерi арасынан шыққан тұңғыш генерал-майор және Кеңес Одағының батыры. Мұндай атаққа жету осы жалғыз қазақтың маңдайына жазылыпты. Рақымов соғыстың ең алғы шебiнде жүрдi, алғы шебiнде жүрiп, көптеген майдандастарымен бiрге көз жұмды. Генерал болса да Отанын қорғаған жауынгерлер сапында жан қиды. 65 жыл бойы өзбек ағайындар оны ұлттық батырымыз деп құрметтеп келдi. Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Рақымов екi мемлекеттiң даңқты батырына айналған тұлға десек те болады. Бұл – тарихтың қайталанбас бетi. Өзбекстанда метрополитен бекетi, аудан, көше аттары батырдың есiмiмен аталып келдi. 30 жыл бойы Ташкент қаласының қақ ортасында қазақтың қаһарман ұлы Сабыр Рақымовтың ескерткiшi қасқайып тұрды. Өз қаруластары арасында "Азия арыстаны" атанып кеткен генерал-майор жайлы атақты әскери шендiлер жылы пiкiрлер айтты. 12-шi армияның бас қолбасшысы А.Гречко: "Инабатты да ұстамды, тактикалық бiлiмдi, тәртiптi офицер" – десе, 56-шы армияның қолбасшысы генерал-майор Рыжков: "Шешiмдi де iзденгiш, ойы терең, қайсарлығы мен жүректiлiгiнен бiз алатын үлгi ұшан-теңiз" – деп айтқан болатын. Кеңес Одағының маршалы Рокоссовский, маршал Громыко бахадур-қолбасшының жас ұрпаққа үлгi боларлық ерлiгi жайлы естелiктер жазды.

Өзбек пен қазақ – ежелден мәдениетi бiр бауырлас ел. Бүгiнде елiмiзде өзбек ұлты көптеп тұрады. Оларға барлық жағдай жасалған. Олардың өздерiнiң ұлттық-мәдени орталықтары, ана тiлiндегi мектептерi, өзге де этномәдени орталықтары жұмыс iстейдi. Өзбекстанда да екi миллиондай қазақ өмiр сүруде. Қазiргi таңда алдымен 65 жыл бойы өздерiнiң ұлттық батыры етiп меншiктеген атақты қолбасшының құрметiне берiлген метро атауын алып тастады, ескерткiштi құлатты. Соңынан ескерткiштi қайта қалпына келтiрдi. Ендi көше, мектеп, елдi мекен атауларына да шүйлiгiп отыр. Мұның барлығы қазақтың ұлттық намысын тудыратынын "өз-ағамдар" ойлады ма екен?

Осы оқиғаға байланысты өзбекстандық вандализмге қарсы наразылықтарын бiлдiрiп жатқандар аз болмады. "Аргументы и факты" басылымында Ресей либерал-демократиялық партиясының Удмурттағы өкiлдiгi құлаған ескерткiштi Ижевск қаласына орнату туралы өтiнiш еткендiгi жөнiнде ақпар жарияланды. Мәлiмдеме соңында: "Отан қорғауда жанын аямаған Батырды қорғап жатқан бiздi бiраз адам қолдайды деп ойлаймыз. Сондықтан С.Рақымов ескерткiшiнiң көшiрмесiн Ресейдiң бiр қаласына (мүмкiн Мәскеуге немесе Ижевскiге) қою туралы бастама көтердiк. Бiз бұл бастаманы толық қолдаймыз", – делiнген. Өзбектер өгейсiтсе де, удмурттықтар бауырына басып жатқан батырдың ұрпақтары – бiз осындайда қалай шыдап отырмақпыз?

Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгiштiк тәрбиенi қалыптастыру үшiн қазақтың даңқын көтерген перзентiмiздi құрметтеп, атын қастерлеп, ерлiк iстерiн өнеге ретiнде дәрiптесек қайтер едi?! Бұл жолда Астана мен Алматы қалаларының өзiндiк орындары бөлек. Ел Астанаға арқа сүйейдi, Алматыдан рухани байлық табады. Сондықтан елiмiздiң бас қалаларының төрiнде батырымыздың тас мүсiнi қасқайып тұрса, оның атында үлкен орталық көшелер, бiлiм ордалары болса өшкенiмiздiң жанғаны, рухымыздың асқақтағаны. Астана қаласының әкiмi И.Тасмағамбетов пен Алматы қаласының әкiмi А.Есiмовтiң тарапынан осындай халық игiлiгi жолындағы iзгi бастамалар қолдау тауып жатса, нұр үстiне нұр болар едi. Бүгiнгi таңда С.Рақымов атында Қазығұрт ауданында тек бiр мектеп бар. Сондай-ақ Шымкенттегi республикалық әскери мектеп-интернат Орта Азия мемлекеттерi арасындағы тұңғыш генерал С.Рақымов атында. Сол кездегi Үкiмет басшысы Иманғали Тасмағамбетов ұсынысты мақұлдап, аталмыш әскери бiлiм ордасына С.Рақымов есiмi берiлген. Ұлы Жеңiстiң 65 жылдығы қарсаңында Шымкент қаласында ашылған "Даңқ" мемориалына батырдың есiмi енгiзiлдi. Сонымен қатар С.Рақымов атында еркiн күрестен халықаралық турнир ұйымдастырылып келедi. Мұның барлығы тек Оңтүстiк Қазақстан облысында ғана атқарылған жұмыстар. Өзбекстанның астанасы Ташкентте батырымыз үлкен құрмет, қошеметке бөлендi. Ал Алматы мен Астанада ұлт жанашырлары бұдан да зор игi iстерге мұрындық болады деп сенемiз. Қалай десек те, қазақтың батыр ұлы бүкiл елiмiздiң ортақ перзентi. Сондықтан батырдың айбынын асырып, абыройын асқақтату – мемлекет парызы.

Батыр туған Қазығұрт ауданының бiр топ ардагерлерi С.Рақымовтың 2012 жылы 110 жылдық мерейтойын мемлекеттiк деңгейде атап өтудi ұсынып, өздерiнiң жүзеге асырылса деген өтiнiштерi мен бiрқатар iс-шаралар жоспарын атап көрсетiптi. Соның iшiнде батырға бас қала төрiнен ескерткiш орнату, Қазақстанның әр қаласының басты көшелерiн батырдың есiмiмен атау, жоғары әскери, бiлiм ордалары мен спорт, мәдениет ошақтарына батырдың есiмiн беру, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында елiмiздiң облыс орталықтарындағы гүлзар, бақтар, аллеяларды, алаңдарды батырдың есiмiмен атау, бiлiм ордаларының оқулықтарына С.Рақымовтың ерлiгiн енгiзу, әскери орындарда арнайы мемориалды тақталар орнатуды ұсынған. Жастарға түсiнiктi болу үшiн батырдың өмiр жолы жөнiнде айтып өтейiк.

Бұлтартпас деректер бойынша, Сабыр Рақымов 1902 жылы Қазығұрт ауданының Көкiбел ауылында дүниеге келiптi. Сабырдың жетi-сегiз жасар кезiнде әкесi Омарқұл Ташкент шетiндегi Пактапқұл деген жерге көшiп барады. Анасы Бахрайым – Ташкенттiң маңындағы Жүнiсабат ауылы диханының қызы. Күйеуi – Омарқұл қайтыс болғаннан кейiн Бахрайым өзiнiң туған ағасы, диiрменшi Рақымның қолында болады. Сол себептен бала Сабыр мектепке барған кезде, соның балалары қатарында Рақымов болып жазылады.

1922 жылы Бакудегi әскери мектепке оқуға қабылданып, мектептi үздiк бiтiредi. Одан соң Самарқанд қаласындағы атты әскерлер дивизиясына жiберiлiп, онда әскери полктiң бiрiнде взвод командирi болып тағайындалады. Көп ұзамай әскери басшылық iскер командир ретiнде көрiне бiлген Сабырды эскадрон командирлiгiне өсiредi. Қарақұмда басмашыларға қарсы жанқиярлықпен соғысқаны үшiн 1927 жылы "Қызыл ту" орденiмен марапатталады. 1930 жылы Түркiменстанда Жонайтхан бандыларымен күрестегi ерлiгi үшiн "Қызыл жұлдыз" орденiмен марапатталды.

1934 жылы Сабыр Рақымов кiшi командирлер дайындайтын мектептi басқаруға тағайындалады. Жыл өткен сайын әскери тәжiрибесi шыңдалып, iскерлiгiмен көзге түсе бастайды. Оның мектебiнен өткен шәкiрттер әскери өнердiң озаттары атанып, үнемi кезектен тыс әскери шендерi жоғарылатылады.

1937 жылы бүкiл халықтың басына түскен нәубет оны да айналып өтпедi. Жала мен күдiктiң арқасында ол он тоғыз ай түрмеде отырды. Қиыншылықты жеңе отырып, түрмеден босанып шықты. Түрмеден босануына оның Рақымов болып жазылуының үлкен септiгi тидi. Түрмеден шыққан соң туған жерi Қазығұртқа келiп, туыстарымен кездесiп, ауылымен танысады. Жер жаннаты Қазығұрттың перзентi болғандығын мақтаныш тұтады.

1939 жылы Өзбекстанда ерекше химиялық авиация ұйымдарының ең жауапты нүктесiн – жауынгерлiк дайындық бөлiмiн басқарады.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан бiрнеше күннен кейiн Рақымов қызмет еткен бөлiм батысқа жөнелтiлдi. Сабыр Рақымов өз еркiмен соғысқа аттанады. Ол Смоленск қаласындағы танк дивизиясының құрамында мотоатқыштар полкi командирiнiң орынбасары ретiнде ұрысқа араласты. Фашистердiң қоршауында қалған кезде Сабыр Рақымов жеке полк құрып, жаудың қоршауын бұзып шығуға бұйрық алады. Күш тең болмаса да, жеке полк жау қоршауынан шығады. Соғыс басталған күннен бастап қан майданда көрсеткен ерлiгi үшiн ол "Қызыл жұлдыз" орденiмен марапатталды. Осы жолы С.Рақымовтың өзi ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделедi.

Ростов қаласын азат етуде де С.Рақымов басқарған полк жауынгерлерi көзге түседi. Фашистерге қырғидай тиген Сабыр Рақымов “Қызыл Ту” орденiмен марапатталады.

1942 жылы Клейст басқарған армия тобын тойтаруда да Сабыр жаяу әскер әрекетiн артиллерияның, танктердiң, авиацияның күшiмен шебер ұштастыра бiлдi. Ұрысты сауатты ұйымдастыра бiлген полковник С.Рақымовты майдан басшылығы дивизия командирлiгiне жоғарылатты. Кавказ тауы үшiн соғыста олар тағы да асқан ерлiк танытты. Рақымовтың дивизиясы бұдан кейiн де жау шабуылын тойтаруда ерен ерлiктiң үлгiсiн талай көрсеттi. Әр адым жер үшiн табиғаттың қатал қысында да, күннiң шыжыған ыстығында да соғыса бiлген полковник Сабыр Рақымовқа КСРО Халық комиссарлары кеңесiнiң 1943 жылғы 19 наурыздағы қаулысы бойынша жоғары әскери дәреже – генерал-майор атағы берiлдi.

Кеңес Одағының маршалы К.Рокоссовскийдiң қол астында жүре отырып, Белоруссия мен Польшаны азат етуге қатысты, Шығыс Пруссиядағы немiс-фашист әскерлерiн талқандауға, Гданьск қаласын азат етуге атсалысты. Гвардиялық дивизияға бiлгiрлiкпен, ұтымды басшылық жасаған қолбасшының өңiрiнде Суворов орденiмен бiрге 4 жауынгерлiк "Қызыл Ту", "Қызыл Жұлдыз" ордендерi, "Кавказды қорғағаны үшiн" медалi жарқырады.

Iрi әскери басшы, бiлiктi генерал Сабыр Рақымов Данциг қаласы үшiн қызу шабуыл кезiнде қаза табады. Ол 1945 жылы 26 наурызда, небәрi қырық үш жасында жарық дүниемен қош айтысты.

КСРО Жоғарғы Кеңесi Президиумының қаулысымен 1965 жылдың мамырында генерал-майор Сабыр Омарұлы Рақымовқа Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлiгi үшiн "Кеңес Одағының Батыры" деген атақ берiлдi.

…Өткен тарихымызсыз бүгiнгi өмiр мәндi емес. Отанымызды жаудан қорғаған ерлерiмiздiң ерлiгi мәңгi есте қалуы тиiс. Бұл үшiн, әрине, жоғары билiк басында отырғандардың жасайтын қам-қарекетiнiң рөлi зор. Өйткенi кейiнгi ұрпақ елiн сүйген батырларға қарап бойын түзейдi, соларды өздерiне үлгi-өнеге етедi. Ең бастысы, ерлiктi бағалауды үйренедi.

Ғалымжан СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Балтабек ТҮЙЕТАЕВ