Жаңалықтар

«ҚАЗАҚСТАН» ТОЛЫҚТАЙ ҚАЗАҚШАҒА КӨШЕДI

ашық дереккөзі

«ҚАЗАҚСТАН» ТОЛЫҚТАЙ ҚАЗАҚШАҒА КӨШЕДI

Елбасы Н.Назарбаев елiмiздiң жетекшi бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiне сұхбат берудi игi дәстүрге айналдырған. Апта басында көшбасшы журналистермен екi сағатқа жуық емен-жарқын әңгiмелескен Елбасы елдiң iшкi-сыртқы саясатынан бастап, ауыл шаруашылығы, әлеуметтiк мәселелер мен мемлекеттiк тiлдiң жай-күйiн сөз еттi.

Қазақ тiлiнiң ахуалы сөз болғанда әлi күнге мемлекеттiк тiлде үздiксiз хабар тарататын телеарнаның жоқтығы жанға бататыны жасырын емес. Бұл мәселе бұған дейiн де биiк мiнберлерден сан мәрте айтылып жүрсе де, сең ендi қозғалған сияқты. Былтыр балғындарға арналған "Балапан" телеарнасының ашылуына көзайым болсақ, биыл "Мәдениет" радиосының тұсауын кесудi көздеп отырмыз. Тәуелсiздiк таңының атқанына 20 жыл толар сәтте қазақ тiлiнiң абыройы асқақтап, мәртебесi өсе бермекшi!

"Қазақстан" телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Танысбайдың Елбасы Н.Назарбаевқа қойған сауалы да көңiлдегi түйткiлдi дөп басты. "Қазақстан" телерадиокорпорациясы өткен жылы Сiздiң тапсырмаңызбен тұңғыш рет толық қазақ тiлiнде хабар тарататын "Балапан" телеарнасын ашты. Биыл қазақ тiлiнде тарайтын "Мәдениет" телеарнасын ашуды жоспарлап отырмыз. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан қандай жоспарлар бар? Осыны бiлгiмiз келедi" дегенде, Елбасы көп тосылмай: "Мемлекеттiк тiл жөнiнде айтудай-ақ айтып келемiз. Заң қабылданды, қор құрылды. Әр өңiрлерде мемлекеттiк тiлде оқытатын жүздеген орталықтар ашылып жатыр. Алдағы уақытта тағы да ашылатын болады. Қазақ тiлiндегi 1200 балабақша ашылды, 3900 мектеп тек қана қазақ тiлiнде бiлiм бередi. Оның 173-i соңғы бес-алты жылдың iшiнде пайдалануға берiлдi. Қазақстан тарихында ешуақытта мұндай болған жоқ. Бүгiнде қазақ тiлiнде оқытылатын мектептерге балаларын беретiн қазақтардың саны 80 пайызға жеттi. Бұрын оның көлемi 20-ақ пайыз болатын. Қазақ тiлiнде шығатын газет-журналдар мен қазақ тiлiнде хабар тарататын телеарналардың саны еселеп артты", – деп тұщымды жауап қатты.

Елбасы сондай-ақ, қыркүйек айынан бастап "Қазақстан" телеарнасы толық қазақ тiлiне көшуi керек, елiмiзде бiр телеарна солай болуы тиiс дегендi шегелеп айтты. “Ал "Мәдениет" телеарнасы толық қазақ тiлiнде хабар таратады деп айтуға болмайды. Өйткенi бiздiң қазақтың мәдениетiн өзге халықтар да бiлуi керек. Қазақ тiлiнде болғанымен, оны бiз көпшiлiкке түсiндiре бiлуiмiз қажет. Сондықтан қазiргi жағдайда барлық мәселе халқымыздың өзiне байланысты. Қазақ тiлiнiң пайдалану ауқымы жылдан-жылға кеңейiп келе жатыр. Бiздер, қазақтар өзiмiздiң тiлiмiздi өзiмiз сыйлап, құрметтей бiлуiмiз керек. Байқаған боларсыздар, қазақ балаларының өзi көшеде орысша сөйлесiп бара жатады. Қазағымыздың өзiнде намыс болуы тиiс. Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiн бiлу парыз. Ал бiз өзiмiздiң намысымызды басқаның намысын жаншуға пайдаланбауымыз қажет. Қазақстандықтардың 35 пайызға жуығы өзге этностар. Қазақтардың талайы қазақ тiлiн бiлмей отыр. Сондықтан мемлекет бұл мәселенi бiртiндеп жүзеге асыруы керек. Бiз барлық жерде қазақ тiлiн пайдалануға жағдай жасауымыз керек.

Тiлге мемлекет тарапынан көңiл бөлiне бередi. Есептеуiм бойынша, 2020 жылы елiмiздегi халықтың 70 пайызы мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн болады және мектеп бiтiрген жастардың 95 пайызы қазақ тiлiн бiлiп шығады. Сол кезде бiз жоғары оқу орындарында қазақ тiлiнде оқытуға толық талап қоя аламыз”, – дедi Елбасы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ