Жаңалықтар

ТҮЛЕКТЕР БАС ҚОСТЫ

ашық дереккөзі

ТҮЛЕКТЕР БАС ҚОСТЫ

Таяуда Астанада ҚР Президентi жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясы түлектерiнiң I форумы мәресiне жеттi. Алқалы жиынды ашқан академия ректоры Арын Өрсариевтiң айтуынша, форум Елбасы саясатын қолдау, мемлекеттiк басқару процесiне қатысы бар буындардың өзара байланысын жалғастыру үшiн ұйымдастырылып отыр.

Академияның әртүрлi жылдардағы түлектерiн бiрiктiру мақсатында "Президентпен бiр командада – күштi Қазақстан үшiн" ұраны ту етiп ұсталынды. "Соңғы 10 жылда барлық институттар бойынша түлектер саны шамамен 1000 адамды құрады. Оның iшiнде қазiргi уақытта 100-ден астам түлек жоғары лауазымдық қызметтер атқарады. Яғни iс жүзiнде бiздiң түлектердiң әрбiр оныншысы 10 жыл iшiнде жоғары мемлекеттiк лауазымға қол жеткiзедi", – дейдi академия ректоры. 2009 жылы түлектердiң 27 пайызының лауазымы жоғарыласа, 40 пайызы судья болып тағайындалған. Академия түлектерiне бiрқатар елдердiң президенттерi, Гарвард, Лондонның экономикалық саяси ғылымдар мектебi, Сингапурдың ұлттық университетi сынды әлемнiң үздiк бiлiм ошақтарының жетекшi ғалымдары дәрiс оқыған. Алқалы жиын соңында академияның бұрынғы басшыларына альбомдар мен естелiк сыйлықтар табыс етiлiп, түлектердiң I форумының қарары жария етiлдi.

Д.Дүрмән