Жаңалықтар

ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТЫҢ ҚАРАЛЫ ЖЫЛДАРЫ

ашық дереккөзі

ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТЫҢ ҚАРАЛЫ ЖЫЛДАРЫ

Көршi мемлекеттер арасындағы кикiлжiң әлi жалғасуда

Әзiрбайжан мен Армения мемлекетiнiң арасындағы жер дауы ғасырдан ғасырға жалғасып келедi. Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитiнде де шешiмiн таппай келген осы мәселе тiл ұшына қайта оралған. Беделдi ұйым өзiне мүше мемлекеттердiң тыныштығы мен қауiпсiздiгiн сақтауға өзiндiк үн қосқанмен, күрмеуi қиын түйiндi тарқатуға келгенде қадамын аңдап басып отыр.

Әзiрбайжан мен Армения басшысының ә дегеннен-ақ Таулы Қарабақ дауын қаузауға дайындалып келгенi көрiнiп тұрды. Армения басшысы Серж Саргсян: "Егер Әзiрбайжан Таулы Қарабаққа әскери агрессиясын тоқтатпаса, Арменияның Қарабақтың тәуелсiздiгiн мойындаудан басқа лажы болмайды. Өйткенi қарсы тарап жанжалды шешуге мүдделi емес", – деп мәлiмдегенде, қарсыласы Ильхам Әлиевтiң бетi түтiгiп сала берген. Яғни Саргсян бұл пiкiрi арқылы Таулы Қарабақта әскери қимылдарды қайта өршiтуге ниеттi екенiн бiлдiрдi. Ал Әзiрбайжан президентi Ильхам Әлиев Қарабаққа қатысты келiссөздердi кешiктiрмеуге шақырып, "Армения әлi күнге дейiн күшпен басып алған аумақта қоқан-лоққы көрсетiп отыр. Ал бiз бәз-баяғыдан бейбiт келiссөздердi жақтаймыз", – дегендi қадап айтты. Екi жақ та көңiлiне түйгенiн ұйымға мүше 56 мемлекеттiң басшылары алдында жайып салды. Бiрақ нәтижесi бар ма?

1994 жылы Әзiрбайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағында қақтығыс ошағын тоқтату туралы хаттамаға қол қойған болатын. Алайда бұл жәй құжат күйiнде қалған сияқты. Бұдан кейiн екi арадағы өшпендiлiк өрши түспесе, кеми қоймады. Екi мемлекет те Таулы Қарабақты өзiне тиесiлi жер ретiнде санаудан шаршаған емес. Армяндық ақпарат көздерiне сүйенсек, Таулы Қарабақ (ежелгi аты – Арцах-дейдi) атауы ең алғаш II Сардураның, Урарту патшасының жазбаларында айтылады. Орта ғасырда бұл аумақ Арменияның құрамында болған деседi. Ал Әзiрбайжан мемлекетiнiң дерек көздерi бұның Кавказ жағалауына, яғни Әзiрбайжанның құрамына кiретiн аймақ екенiн арнайы дәлелдермен растағысы келедi. "Қарабақ – Әзiрбайжанның ежелден келе жатқан тарихи мекенi. "Қарабақ" атауының түп-төркiнiне келсек, әзiрбайжанның "гара" (қара) және "баг" (бақ) деген сөзiнен шыққан", – дейдi келесi бiр мәлiметте.

Қалай десек те, Таулы Қарабақ мәселесi күнi бүгiн ғана туындаған жоқ. Тарих парақтарына көз салсақ, Кеңестер Одағы құлауға шақ қалғанда Таулы Қарабақта референдум өтiп, тұрғындардың 99,89 пайызы Әзiрбайжаннан дербес тәуелсiздiк алуға ұмтылған. Мiне, содан кейiн қарулы қақтығыс тұтанып кеттi. Әзiрбайжан жандәрмен боп Қарабақты сақтап қалуға тырысса, ал армяндық жасақтар қарсыласына тиесiлi жетi ауданды жаулап алуға күш салды. Соның салдарынан Әзiрбайжан тарапы көздiң құртына айналған Таулы Қарабақты уысынан шығарып алды. 25 мың шамасында бейбiт тұрғындар қаза тауып, соншамасы жарақат алды. Бұл екi елдiң арасындағы жанжалға май құя түстi.

Айта кету керек, Армения басына күн туған сәтте сенiмдi серiктесiне, яғни Ресейге арқа сүйейдi. Жақында ғана Армения президентi Серж Саргсян Таулы Қарабақ дауын реттеуде Ресейдiң рөлiн жоғары бағалап, "Ең iрi әрi беделдi ойыншы қайсы десе, Ресейдi айтар едiм. Тек орыстар ғана бiздегi бейбiт пен тыныштықтың сақталуына септiгiн тигiзе алады", – дедi алғысын жаудырып. Сондай-ақ ол Ресейдiң қарулы күшке тоқтау салып, келiссөздер жасауға түрткi болғанын да тiлге тиек еттi. "Бiз Ресейден әлi де қолдау мен көмек күтемiз. Себебi екi ел өзара сенiмдiлiгiн нықтай түсу үшiн арнайы келiсiмге келген", – деп Ресей президентi Д.Медведевпен жолығуға асық екенiн жеткiзген-дi.

Шынында да, Армения өзiмен қырғи-қабақ Әзiрбайжанның бетiн қайтару үшiн Ресейдi қолшоқпар ретiнде пайдалануды көздейдi. Онысы заңды да. Өйткенi Әзiрбайжан мен Грузияның ым-жымы бiр. Таяуда ғана тiкелей эфирде сөйлеген Михаил Саакашвили: "Грузия Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны Ресейден қайтарып алудан бас тартпайды. Өз мақсатымызға жету үшiн бiздiң ел соғысуға да дайын" деген агрессиялық мәлiмдеме жасаған болатын. Бұдан соң Арменияның Ресейдiң ығына жығылатыны айтпаса да түсiнiктi.

Айтпақшы, талай уақыттан берi жер дауы арқылы сырлас әрi мұңдас болған Әзiрбайжан мен Грузия басшыларының саяси ұстанымы бiр екендiгiне бiз де көз жеткiздiк. Астананың төрiнде болған ЕҚЫҰ Саммитiнде Әзiрбайжан президентi Ильхам Әлиев пен Грузия президентi Михаил Саакашвилидiң кең дәлiзде кездесiп, әлденелердi қызу талқылап жатқанын жұрт көрдi. Бiр орнында тұра алмай, әрi-берi нықтап басқан қадамында да беймәлiм бүгiп жатқан сыр бар көрiндi. Екеуi де ұлтының, елiнiң қамын күйттеп, бас ауыртып жүр. Ал осы тұрғыда Армения басшысы Серж Саргсян мырзаның Грузияның қытығына тиген Дмитрий Медведевтi қолдап-қолпаштамағанда қайтсiн? Армяндық ұлттық саяси ұйымдар аталмыш басқосудан кейiн Әзiрбайжанды тығырыққа тiреп, кезектi дипломатиялық жеңiске қол жеткiздiк деп жариялап жатты. Тiптi кейбiр армяндық БАҚ "соғыстың ертерек болғаны жақсы" деп тайсалмай жазуда.

Соғыс кiмге не бередi? Бұл күн сайын әлсiзденiп бара жатқан Арменияға тиiмдi ме, әлде жiгерiн қайрай түскен Әзiрбайжанға ма? Әзiрге аузын Ресейге қарап ашқан Армения алған беттен қайтуды қаперiне де алмай отыр. Есесiне басты қарсыласы Әзiрбайжан бейбiт халықтың қауiпсiздiгiн сақтау үшiн әрбiр саяси шешiмдi ақылға салуға мәжбүр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ