Жаңалықтар

КАДДАФИ ТАҒЫНА ТӨНГЕН ҚАТЕР

ашық дереккөзі

КАДДАФИ ТАҒЫНА ТӨНГЕН ҚАТЕР

Тунис пен Мысырдан бастау алған шерулер Ливия Жамахириятында да жалғасты. Триполи көшелерi үкiметке қарсы шыққан халықтың қақтығыс алаңына айналды. Үкiмет үйi мен мемлекеттiк телеарналарға жаппай шабуыл жасалып, қоршауға алынған. Дүрлiккен жұртшылықтың басты талабы – қазiргi режимдi жойып, әлеуметтiк мәселелердi түбегейлi шешу.

Кейбiр мәлiметтер бойынша, елдi 42 жыл бойы билеген Каддафидiң отставкаға кетуiн талап еткен ереуiлдердi аяусыз басып-жаншу кезiнде 300-ден аса адам қаза тапқан. Ендiгi бiр деректерге қарағанда, Ливия басшысы елдi тастап, бас сауғалап кеткен көрiнедi. Бұған дейiн Каддафи Оңтүстiк Американың бiр мемлекетiне қашты деген қауесет тараған болатын. Алайда Жамахирият жетекшiсi арнайы мәлiмдеме жасап, Венесуэлада емес, Триполиде жүргенiн хабарлады. Бұл ақпарат та ресми түрде расталған жоқ.

Қазiр Каддафидiң жетi ұлының бiрi – Сейф Әл-Ислам оппозиция көшбасшыларымен шұғыл келiссөз жүргiзiп жатыр. "Ливия – Мысыр да, Тунис те емес. Бiздiң ел бiрнеше тайпадан және рудан тұрады. Бiзде тәртiп бар. Әркiм өзiнiң мiндетiн бiледi. Бәрiмiздi мұнай бiрiктiредi. Егер жанжал азаматттық соғысқа ұласса, мемлекеттiң мұнайы өртенiп кетуi ғажап емес. Бұған жол беруге болмайды", – деп наразылық шараларына түрткi болып отырған оппозицияны билiкпен келiссөзге келуге шақырды.

Ал елдегi екiншi iрi қала Бенгазидi оппозиция толық өз бақылауына алды. Осы қаладағы Ливия әскерiнiң бiрқатар бөлiмшелерi көтерiлiсшiлер жағына шығып кеткен.

Ливия азаматтарының кейбiрi өз елiндегi аласапыраннан бас сауғалап, шетелдерге қаша бастады. Ливияның әскери әуе-күштерiнiң 2 ұшқышы Жерорта теңiзiндегi Мальта мемлекетiне ұшып келiп, саяси баспана сұраған. Олар "Мираж" үлгiсiндегi әскери ұшақтармен Мальтаның халықаралық әуежайына келiп қонған екен. Өз елiнен қашқан ұшқыштар полковник шенiндегi әскери қызметкерлер болып шықты. Ұшқыштардың айтуынша, олар Бенгази қаласындағы наразылық шеруiн бомбалауға бұйрық алған және ол бұйрықты орындамаудың амалын қарастырып, осындай шешiмге келген.

Ливиядағы тұрақсыздықтан қауiптенген кей мемлекеттер осында жүрген өз азаматтарын көшiрiп әкетiп жатыр. Сыртқы iстер министрiнiң ресми өкiлi Асқар Әбдiрахманов: "Ливия астанасында орналасқан дипломатиялық миссиядан түскен ақпаратқа сәйкес, сол елде 20 дан астам Қазақстан азаматы консулдық есепте тұр. Олармен байланыс орнатылған. Көпшiлiгi жоғарғы оқу орындарының студенттерi. Қақтығыс кезiнде олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ", – деп мәлiмдедi.

Каддафидiң ұлы Сейф Әл-Ислам "мұнайды бүлдiрiп алмайық" деп бекер жылаған жоқ. Бүгiнде Ливия экономикасының еңсесiн көтерiп тұрған да – мұнай мен газ. Дәл қазiргi кезде мұнай мен көгiлдiр отынның аумалы-төкпелi бағасы Ливияның басты мәселесiне айналып отыр. Ал бейбiт халық "қара алтынға" бай болсақ та, әлеуметтiк тұрмысымыз нашар" дегендi алға тартып, Каддафи билiгiнiң тақтан таюын талап етуде.

Динара ДҮРМӘН