Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТТIКТЕН КIМДЕР YМIТКЕР?

ашық дереккөзі

ПРЕЗИДЕНТТIКТЕН КIМДЕР YМIТКЕР?

Ақпанның 20-сында алдағы кезектен тыс Президент сайлауына үмiткер болуға өтiнiш беру мерзiмi аяқталды. Өтiнiш ақпанның 5-iнен берiле бастаған. Осы уақыт аралығында Қазақстан Республикасының болашақ президентi болуға үмiткер ретiнде 22 адам өтiнiш түсiрген.

Олардың 18-i – өзiн-өзi ұсынғандар. Төртеуiн – ("Нұр Отан" партиясынан – қазiргi Президент Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның коммунистiк халық партиясынан – Жамбыл Ахметбеков, "Желтоқсан қозғалысы" атынан – Құрманғазы Рахметов және Қазақстанның патриоттар партиясы атынан – Ғани Қасымов) саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар ұсынды. Олардың бесеуi мемлекеттiк тiл сынағынан сүрiнсе, өзiн-өзi ұсынған екi үмiткер үмiткерлiктен бас тартқан. Үмiткерлердi тiркеу 3 наурызда аяқталады. Әзiрге тiркелген жалғыз үмiткер – Нұрсұлтан Назарбаев.

Болашақта президенттiкке кандидат ретiнде тiркелуге Патриоттар партиясының жетекшiсi Ғани Қасымовтың, "Табиғат" экологиялық қозғалысының жетекшiсi, өзiн-өзi ұсынған Мэлс Елеусiзовтiң, Мұсағали Дуамбековтiң, Жамбыл Ахметбековтiң және бұған дейiн екi рет үмiткер атанып үлгерген Жақсыбай Бәзiлбаевтардың мүмкiндiктерi жоғары. Бұрынғы сенатор Уәлихан Қайсарды тiл сынағынан сүрiндiрген Мемлекеттiк тiл комиссиясының Ғани Қасымов пен Мэлс Елеусiзовтiң қазақшасынан қалай мiн таппағаны туралы елде сөз бар. Сол сөздерге қарағанда, олардың қазақшасы көптi бұрын да көншiтпеген секiлдi.

БЕЙТАНЫС КАНДИДАТТАР

Президенттiң саяси кеңесшiсi Ермұхамет Ертiсбаев президенттiктен үмiткерлердiң интеллектуалдық деңгейiнiң тым төмендiгiн айта отырып, оларды "ергежейлi" кандидаттар" деп айдарлады. "Жас қазақ" апталығына сұхбат берген Мемлекеттiк тiл комиссиясының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков мырза қазiргi президенттiкке үмiткерлiкке өтiнiш бiлдiрушiлердiң көбiне көңiлi толмайтынын айтқан. Оның ойынша, президенттiкке үмiткерлердi өзiн-өзi ұсыну жайлы Сайлау туралы заңның бабын алып тастау қажет. Әйтпесе Президент сайлауы еркiккендердiң ермегiне айналды дейдi. Сондай-ақ, бұған дейiн "Сайлау туралы" заңда "ақыл-есiнiң дұрыстығы туралы" анықтама талап етiлiп келсе, қазiр ол талап та алынып тасталған. Мырзатай Жолдасбеков мырза оны да енгiзген жөн дейдi.

Қалай дегенмен де, қазiр президент болудан үмiткерлердiң көбi халықтың көңiлiнен шығып отырған жоқ. Негiзiнен оларды халық танымайды да, саяси немесе басқа да қоғамдық iстерiмен көңiлде қаларлық ештеңе iстемеген. Сол себептi де бұл жолғы сайлаушылар қазiргi Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа балама болар ешкiмдi көре алмай отыр.

БАЗБIР ПАРТИЯЛАР САЙЛАУҒА БОЙКОТ ЖАРИЯЛАДЫ

Қазақстандағы саяси күштер атынан "Патриоттар" партиясының жетекшiсi Ғани Қасымов пен Қазақстанның Коммунистiк халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков ұсынылды. Бұған дейiн аты-жөнi беймәлiм Жамбыл Ахметбековтiң де қазiр үмiткер ретiнде тiркелу мүмкiндiгi басым. Ал басқа саяси партиялар "Азат", "Ақ жол", "Коммунистiк партия" және "Руханият Жасылдар" партиясы бұл жолғы сайлауға қатысудан бас тартып отыр. "Азат" партиясы өздерiнiң кезектен тыс съезiн өткiзiп, партияның тең төрағасы Болат Әбiловтi бiрыңғай үмiткер ретiнде танитындығы туралы шешiм қабылдай отырып, сайлауға бойкот жариялайтындықтарын мәлiмдедi. Бұл шешiмге Серiкболсын Әбдiлдин басқаратын Коммунистер партиясы да қосылды. Өздерiнiң әрекеттерiн ерекше сипаттамаса да, “Руханияттар” мен "Ақ жол" партиясы да бұл сайлауға үмiткер ұсынбайтын болды.

Олардың барлығы бұның себебiн сайлауға дайындық мерзiмiнiң тым аз уақытқа белгiленгендiгiмен түсiндiредi. Екi ай iшiнде олар өздерiн саяси күш ретiнде таныта алмайтындықтарын мәлiмдеп отыр. Сөйтiп оппозиция халық алдында өздерiн көрсету мүмкiндiгiнен бас тартты. Яғни бұл сайлау оппозициясыз сайлау болатын секiлдi.

Есенгүл Кәпқызы