Жаңалықтар

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДI

ашық дереккөзі

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДI

1 наурыз – академик Өмiрбек Жолдасбековтың туған күнi. Жер басып жүрсе биыл 80 жасқа толар едi. Алпыстың бел ортасынан асқан шағында өмiрден қапияда озды. Алайда артында сайрап iзi жатыр. Ұлты үшiн толағай iстердi тындырып, халқының сүйiспеншiлiгiне бөленген жан. "Ерназардың сегiзi бiр төбе де, Ертөстiгi бiр төбе" демекшi, қазақ Кеңестер Одағы кезiнде де ғалымдарға кенде болмады. Мүйiздерi қарағайдай академиктер де аз емес едi. Олар таза ғылымға еңбек сiңiрдi. Ал Өмiрбек Жолдасбеков ғылым үшiн де, халқының игiлiгi үшiн де жан аянбай еңбек еттi. Қоржынның екi басын тең ұстады. Мұндай қайраткерлiк екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Сондықтан халқы үшiн оның орны бөлек, тұғыры басқалардан биiк.

Ол Қазақ Мемлекеттiк университетiне ректор болып тағайындалғанда жергiлiктi ұлт өкiлдерiнiң оқытушылары мен студенттерi келiмсектермен бiрдей едi. Яғни елуде елу болатын. Оны соған жеткiзген алғашқы ректорлардың бiрi әрi бiрегейi – Төлеген Тәжiбаев. Содан кейiнгi ректорлар сол көрсеткiштi ұстап отырды. Тiптi жергiлiктi ұлт өкiлдерiнiң пайызын түсiрiп жiбергендерi де болды. Ал Өмiрбек Жолдасбеков теңестiрiп қою былай тұрсын, жергiлiктi ұлт оқытушылары мен студенттерiнiң пайызын 90-ға жеткiзiп, университеттi таза ұлттық жасады. Олардың беделiн арттырғаны соншалық, он екi факультеттiң декандарының бәрiн қазақ ұлтынан тағайындады. Қит етсең ұлтшылсың деп темiр тордың арғы жағынан бiр-ақ шығаратын тоталитарлық заманда осындай батыл қадамдар жасап, биiк көрсеткiшке жеткiзу оңай ма?!. Ол үшiн кiм-кiмге де батырлық, жүректiлiк, iскерлiк қасиеттер керек едi. Сол қасиеттердiң бәрi Жолдасбековтың бойында болды.

Тау етегiнен жер алып, университеттiң қалашығын саламын дегенде бiраз ғалымдар күманданған едi. Алғашқыда Мәскеудегi халық шаруашылығын жоспарлау комитетi ат тонын ала қашты. "Экономиканы көтеруге қажеттi қаражат жеткiзе алмай жатқанымызда, сiз жаңа университет салуды қайдан шығардыңыз? Алматының әр жерiнде болса да оқу жайларыңыз бар. Әзiрге сiздерге сол да жетедi", – деп бет бақтырмай шығарып салған. Бiрақ Жолдасбеков алған бетiнен қайтқан жоқ. КПСС ОК Саяси Бюросының мүшесi Дiнмұхамед Қонаевтың және Мәскеудегi белдi академиктердiң қолдауымен ойын жүзеге асырды. Мәскеуге беделi болмаса, ол осыған қол жеткiзе алар ма едi.

Университет қалашығының құрылысына ол барын салды. Құрылысты күндiз-түнi үш ауысымда жүргiздi. Одақтас республикалардың қай қаласынан iс-сапардан түн ортасында оралса да әуелi үйiне емес университетке соғып, құрылыс барысымен танысып отыратын. Сол кездегi "Главалмаатастрой" тресiнiң бастығы Ұзақбай Қараманов: "Өмекеңе таңым бар. Университет құрылысының алдын ала бекiтiлген жобасын табан астында өзгертетiн болып шыға келедi. Мен шыж-быж болып: "Өмеке-ау, бұл жобаны қайта жасату үшiн кемi бес ай уақыт керек қой. Құрылысты соған қаратып, тоқтатып қоямыз ба?", – деймiн. Өмекең саспайды. "Ұзақбай, жобаның дұрыс жасалмағаны құрылыс барысында көрiнiп жатыр. Қазiр түземесек, кейiн өкiнiп қаламыз", – деп бiр құшақ жобаны алып кете барады. Екi күннен кейiн-ақ Өмекең қайта жасалынған жобаны алып келiп тұрғанда, таңданғаннан жағамды ұстадым. "Ұзақбай, мiне жоба осылай болуы керек!", – деп қолыма ұстатты. Ендi Өмекеңнiң әшейiнде шекелерi тырысып отыратын жоба жасаушылармен қалай тiл табысқанын, оны өзгертуге Мәскеудi қалай көндiргенiн, соншама қысқа уақытта жаңасын жасатқанын ойлап көрiңiз. Сiздiң де таңданбасқа шамаңыз қалмайды. Және Өмекеңнiң өзгерткен жобасы орынды шығатын. Содан құрылыстан да хабары бар екенiн сезетiнмiн. Құрылысқа таң азаннан келсем де онда Өмекең жүредi", – дейдi.

Қазақ: "Жау жағадан алғанда, бөрi етектен" дейдi. Жолдасбеков Мәскеумен алысып жүргенде, осындағы ғалымдар игi iсiн қолдаудың орнына үстiнен арыз жазып, аяғынан шалып жатты. Екi жақты күресу оңай ма? Бәлкiм басқа жiгерсiз бiреу болса, жан тыныштығын ойлап, құрылысты тастап, ғылыми жұмыстарына ауысып, жайбарақат өмiр сүре берер едi. Ал Жолдасбеков ұлтын жанынан бетер сүйдi. Ұрпақ болашағы үшiн бәрiне шыдап бақты. Университеттiң оқу жайларын ғана емес, студенттерге заманауи үлгiдегi жатақханалар мен оқытушыларға үйлер салдырып бердi. Әлгi арызқойлар да жайлы пәтерлерге жайғасып, жып-жылы аудиторияларда дәрiстерiн оқыды.

Республика басшылығына Колбин келiп, жандайшаптар Өмiрбек Жолдасбековты "Желтоқсан көтерiлiсiн ұйымдастырушы ұлтшыл" деп көрсетiп, қуғындауға салғанын жұрт жақсы бiледi. Университет партия комитетiнiң жиналысында мәселесiн қарады. "Казахское делоны" жазып жүргенiмде сол жиналыстың хаттамасын университет архивiнен iздеп таппадым. Үштi-күйлi жоқ. Кейiн оқытушы Сатаев Рахым: "Менде соның көшiрмесi бар. Саяжайымда газеттер арасында жатқан. Iздеп тауып әкеп берейiн", – деген едi. Таба алмады ма, әйтеуiр хабарсыз кеттi. Бiрақ бiрден-бiрге жеткен әңгiмеден естiгенiм, сол жиналыста Жолдасбековты партия мүшелiгiнен шығару жөнiнде мәселе қойылған. Сонда партия бюросы мүшелерiнiң арасынан жалғыз-ақ академик Зейнолла Қабдолов қана: "Өмiрбек Жолдасбеков тұлға ғой. Оны даттаудың орнына мақтау керек. Ойланыңыздар", – деп өз қарсылығын бiлдiрген. Тұлғаны тұлға ғана жоғары бағалады. Өкiнiшке қарай оның қарсы болған бiр дауысы Жолдасбековты партия мүшелiгiнде қалдыра алмады. Басқалар бiр ауыз сөзге жарамай жоғарының шешiмiне бастарын иiп отырған. Солай ол мүшелiктен де, ректорлық қызметтен де босатылды.

Мәскеу тергеушiлерi iзiне түсiп, тырнақ астынан кiр iздеп, қызметiнен қанша қылмыс iздесе де, түк таппай құр босқа әуре болды. Алайда Жолдасбековты бұл жасыта алған жоқ. Қайта ширығып шыға келдi. Мәскеудегi академик достары: "Дядя Джо, бiзге кел. Мұнда ғылыммен еркiн айналысасың", – деп шақырғанда ол: "Жасаған қылмысым жоқ, неге елден кетуiм керек?", – деп бас тартқан. Досы Сәдуақас Темiрбеков: "Өмiрбекке "ұлтшылсың" деп кiнә артқан сол бiр ауыр кездiң өзiнде де үйiнде отырып, ғылыммен айналысты. Аспиранттарының еңбектерiн қарап, оларға жол көрсетумен болды. Ауылдан келген орыс тiлiне шорқақ студенттерге арнап, қазақ тiлiнде "Теориялық механика" деп аталынған екi қалың оқулық жазып шықты. Ол кезде қазақ тiлiнде техникалық ғылымға оқулық жазуды ешкiм де қолға алмаған едi. Ұлтын бүкiл жан-тәнiмен сүймесе, солардың болашағын ойламаса, солай iстер ме едi. Иә, ол шын мәнiнде жақсы мағынадағы ұлтшыл болды", – дейдi.

Семей облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Сағидолла Құбашевтiң үстiнен жоғарыға бiрде бiр арыз-шағым түспеген екен. Республика басшылығының екiншi хатшылығына таңдау сол кiсiге түскен. Колбин шамасы оның иiнi жұмсақ, илеуiме келедi деп ойласа керек. Ол бұл жаңа қызметiне 1987 жылдың 10 қаңтарда кiрiстi. Бiрақ ол Колбин ойлағандай болып шықпады. Қай кезде де басқалардай оған жағымпазданбай, азаматтық арын биiк ұстанды. Жолдасбеков Орталық Комитетте папка ұстап жүргендердiң өзi туралы не ойлайтынын жақсы бiлетiн. "Ал қызметке жаңа кiрiскен Құбашев мен туралы қандай ойда екен?". Соны бiлмек болып, Жолдасбеков оның қабылдауында болған. Жолдасбековтей "ұлтшылды", "Желтоқсан көтерiлiсiн ұйымдастырушыны" Колбиннiң жандайшаптарының көзiнше Құбашевтiң қабылдауының өзi бiр ерлiк. Екеуi бiр сағаттай отырып сөйлесiп, пiкiр алысады. Қоштасарда Құбашев: "Өмеке, әлгi айтқандарыңыздың бәрi орынды. Сiз елiмiздiң көрнектi ғалымысыз, ұлт болашағына еңбек сiңiрген танымал қоғам қайраткерiсiз. Уақыт мұнымен тұрып қалмас. Осылай жалғаса да бермес. Бәрi де өзгередi әлi. Сiз – әлi халқымызға қажеттi азаматсыз. Мен сiздi "ұлтшыл" деп кiнәлi санамаймын. Қазiргi жағдайды өзiңiз де жақсы бiлесiз. Маған не бұйымтайыңыз бар? Қолымнан келсе аянып қалмаспын.

Әлгiден жүзi жабырқау болып отырған Жолдасбековтiң өңiне қан ойнап шыға келген. "Сақа, маған деген ақ көңiлiңiзге ризамын. Менiң кiнәм жоқ екен, елiме әлi де керек екенмiн. Көңiлiмдi орнықтырдыңыз. Менiң шаруам сiздiң маған деген көзқарасыңызды бiлу едi. Орталық Комитетте шындықты басқалар секiлдi бұра тартпай, сiздей адалын айтатын жан бар екенiне көңiлiм сендi. Сiзге рахметтен басқа айтарым жоқ", – деп қоштасып, шығып кеттi. Колбин ары-берi өзiне қарай икемдеп дегенiн iстеткiсi келгенiне Құбашевтiң көнбесiн бiлдi. Қайта көп жөнсiз iстерiне кедергi болды. Құбашев екi жылдан кейiн зейнеткерлiкке шықты. Колбин республика басшылығынан кеткен соң бәрi де өзгердi.

Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн Мәскеудегi Горбачев басқарған Орталық Комитет кезектi қаулысында жүзден астам ұлт өкiлдерiн құшағына сыйғызған қазақ халқына "ұлтшыл" деген айдар тақты. Бұл турасында Жолдасбековтiң өз көзқарасы бар. Ол Желтоқсан көтерiлiсiнiң он жылдығы қарсаңында "Заң" газетiне "Егемендiк жолындағы арпалыс" атты мақала жазып, ойын ортаға салды.

"… Желтоқсан – сөзсiз тарихи ғаламат оқиға. Сол себептен Желтоқсанға жан-жақты, терең ғылыми көзқарас керек.

Қаулы қабылданған соң үш жылдан кейiн Қазақстан Жоғарғы Кеңесiнiң ХV сессиясы КОПК Орталық Комитетiнiң қаулысына, Желтоқсан оқиғасына берген "қазақ ұлтшылдығының көрiнiсi" ретiндегi шынайы емес, принципсiз бағасы үшiн бiр ауыздан қарсы шықты. Қазақстан халқының, қалың жұртшылықтың әдiл әрi қатаң талабымен санаспау мүмкiн емес едi. Сөйтiп КОПК Орталық Комитетi қаулысындағы қазақ халқының ұлтшылдығы деген айыптың алынуы жөнiнде КОПК Орталық Комитетi Саяси Бюросының қаулысы көпшiлiк аз оқитын "Известия ЦК КПСС" журналында ғана жарияланды. Бұл – 1990 жылдың 18 мамыры болатын.

Желтоқсан оқиғасы халықтың жiгерiн жаныды, қалғып бара жатқан ұлттық намыс отына май құйды. Осы оқиғадан кейiн-ақ ұлтымыз өзiн-өзi тану, төл тарихын iздеу жолына бiржола бетбұрыс жасады десем, қателеспейтiн шығармын.

Желтоқсан оқиғасы КСРО құрамындағы көптеген республикаларда демократиялық процестердiң дамуына алғышарт жасап, егемендiкке ұмтылуына тың соқпақ салды. Алматыдағы оқиғадан кейiн Бакуде, Вильнюсте, Ферғанада, Тбилисиде қанды оқиғалар болды. Бiрақ бұл қалалардағы қозғалыстар да тоталитарлық режим мен Ресей танкiлерiнiң табанына тапталып, басылып тасталды. Алайда халық кеудесiндегi тәуелсiздiкке деген ынтызарлық шоғынан тұтана бастаған алауды ендi сөндiру мүмкiн емес едi".

Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының президентiн сайлауға дайындықтар жүрiп жатқан кез. Ғалымдардың көпшiлiгiнiң аузында – Өмiрбек Жолдасбеков. "Академияны бiр көтерсе, сол кiсi көтередi" деп сенiм артқан сөздер жиi-жиi естiлiп жүрдi. Сол сайлауды Ғылым Академиясының корреспондент мүшесi, философия ғылымдарының докторы Досмұхамед Кiшiбеков былай деп еске алады.

"Сессия ашылардан бұрын, сол кездегi тәртiппен Академия мүшесi коммунистерiнiң жиналысы өткiзiлдi. Оған Қазақстан Республикасы Президентi Н.Ә.Назарбаев қатысты. Оның қысқа кiрiспе сөзiнен кейiн Ғылым Академиясына үлкен ұйымдастыру қабiлетi бар, ғалымдар арасынан зор беделдi кандидат ұсынуды өтiндi. Академиктердiң "Өзiңiздiң ойлаған кандидатураңыз бар ма?" деген сұрауына Н.Ә.Назарбаев ондай кандидатура жоқ екенiн айтты. Сонда мен бiрiншi болып сөз алып, Ө.А. Жолдасбековтың кандидатурасын ұсындым. Егер Академияны көтермек болсақ, бүгiнгi таңда одан артық кандидатура көрмей тұрғанымды айттым. Кейiн басқа академиктер сөйлеп, Кежеғали Әбенұлы Сағадиевтiң, сондай-ақ Едiл Ерғожиннiң кандидатураларын ұсынды. Жасырын жүргiзiлген сайлау нәтижесi бойынша президент болып К.Сағадиев сайланды. Бiрақ мәселе онда емес. Ө.А.Жолдасбеков тарихымызға үлкен мемлекеттiк қайраткер, ғылымды ұйымдастырушы көрнектi ғалым, ерекше адам, халықтың нағыз азамат ұлы болып ендi.

Өмiрбек сонша дәрежеге оңайлықпен жеткен жоқ. Қанша қиянат, қиындықтарды көрiп, жүрегiнен өткiздi. Бiрақ мойымады, түңiлмедi, кек сақтамады. Осынысымен де оның өмiрi жастарға үлгi демекпiн".

"Сол жолы Жолдасбеков президент болып сайланғанда, бәлкiм академия мұншалық күй кешпес едi", – деп жүрдi ғалымдар. Сол естелiгiнде Д.Кiшiбеков оның болмысын да сыпаттаған.

"Өмiрбек ешкiмнiң сыртынан әңгiме айтпайтын. Басқаның табысына қуана бiлетiн. Онда қызғаншақтық болмайтын. Айналасына қолынан iс келетiн, таза азаматтарды жинап, олардың әрқайсысының тек жақсы жақтарын айтып, өзiне тартып отыратын. Кейде, бiреу басқа бiреу туралы өсек айтып келсе, байқамаған болып, мән бермейтiн. Әңгiме ретiнде талай: "Кiмнiң қай ру, қай жүз екенiн бiлмеймiн", – дейтiн. Ол шынында да сондай едi. Сондықтан оның достары Қазақстанның жер-жерiнен болатын. Өзi уәдеге берiк, айтқан өтiнiштi аяқсыз қалдырмайтын.

Мен Өмiрбекпен жолға да шығып көрдiм. Жолдасқа жайлы, алақаны ашық едi. Проректор кезiнде (Қазақ политехникалық институтында) ескi "Москвичi" болатын. Өмiрбек қай жағына отырса, "Москвичi" солай қарай қисаяды, – деп күлетiнбiз. Кейде ол машина көшеде келе жатып тоқтап та қалатын. Бiр күнi оған жоғарыдан су жаңа "Волга" бердi. Сонда Өмiрбек: "Ректордың машинасы ескi, менiң жаңа "Волга" мiнгенiм келiспес, ерсi көрiнер", – деп оны ректордың ескi көлiгiмен айырбастады. Ол кезде ректор Ә.Қ.Омаров болатын". Басқа бiреу болса қайтер едi? Ал бұл – жайшылықта адуынды көрiнетiн Жолдасбековтың кiшiпейiлдiлiгi.

Академик Өмiрбек Жолдасбековтың ғылымға қосқан жаңалығы қандай?

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрi, заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхаммед өзiнiң "Менiң ағаларым" атты циклының "Арыстан" деп аталатын көлемдi еңбегiнде былай деп жазады.

"Өмекең әлем ғұламалары мойындаған абырой-атақтарға атағы аспандап тұрған сексенiншi жылдары емес, әлi елуге де толмаған жетпiсiншi жылдары-ақ жетiптi. Егер сiз Үлкен Кеңес Энциклопедиясынан бастап, бүгiнгi Ресейде шығып жатқан кез келген әмбебап энциклопедияны ашар болсаңыз, одан мiндеттi түрде "Артоболевский И.И." деген есiмнамалық мақаланы табасыз. Сонау 1946 жылы академик сайланып, 1969 жылы Социалистiк Еңбек Ерi атанған, сөйтiп 1977 жылы дүние салған осы бiр ғұлама ғалым туралы барлық энциклопедияларда ешбiр өзгерiссiз қайталанып келе жатқан бiр ғана дефиниция бар. Ол "мәшинелер мен механизмдер теориясы саласындағы ғылыми мектептiң негiзiн салушы" деген анықтама. Мiне, осы аты аңызға айналған академик И.И.Артоболевский 1976 жылы (ол кезде Өмекең жасы 45-те) "Академиком У.А.Джолдасбековым выдающимся ученым, проведены широкомасштабные научные исследования по разроботке теории механизмов высоких классов и созданы принципиально новые, не имеющие аналогов практике, механизмы и манипуляционные устройства высоких классов, которые защищены авторскими свидетельствами СССР на изобретения и запантентованы за рубежом", – деп жазыпты. Ұстаздың шәкiртiне қанша талантты болса да "аса көрнектi" деген эпитеттi қолдануы сирек. Өмекең соны Артоболевскийге айтқызды. Айтқызған – оның әлемдiк практикада теңдесi жоқ ғылыми жаңалықтары. Бәлкiм, оның бәрiн академик Ө.Жолдасбеков жеке-дара ашпаған болар. Мүмкiн ол теңдесi жоқ техникаларды талантты шәкiрттерiмен бiрге жасаған болар. Мәселе – соның ашылғанында, мойындалғанында, адамзат игiлiгiне асқандығында. Ал оның бәрiнде, сөз жоқ академик Ө.Жолдасбековтiң қолтаңбасы болғандығында өз басымның еш күмәнi жоқ".

Кезiнде Өмiрбек Жолдасбековпен көп араласқан жан Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлiк академиясының мүше корреспондентi, геология-минерология ғылымдарының докторы – Сейсенбек Тәйменұлы Мұстафаев. Ол қазiр "Алматыгидрогеология" АҚ-ның бас директоры.

"Ана бiр жылы Республика Парламентiнiң Мәжiлiсiне депутаттыққа кандидат болып жетi ректор тiркелдi емес пе. Солардың бiрi – академик Өмiрбек Жолдасбеков. Сонымен сайлау науқаны басталып та кеттi. Барлық жерде үгiт-насихат жұмыстары жүрiп жатыр. Жолдасбековтей iскер жан қайда. Дегенмен осындай шақта ондай жанға қол ұшын бергенге не жетсiн. Бiр күнi Алматының Абай мен Фурманов көшелерiнiң қиылысындағы жұмыс орнына iздеп бардым. Жұмыс орны шағын бөлме екен. Сәлемiмдi алып, жөн сұрады.

– Өмiрбек аға, сiз менi танымайсыз. Сiз бен бiз алғаш рет кездесiп отырмыз. Мен сiздiң iнiңiз боламын. Сiздi сыртыңыздан жақсы бiлемiн.

– Қандай шаруамен келiп едiң, iнiм?

– Сiздiң Парламентке депутаттықа кандидат болып түсiп жатқаныңызды естiп, қарап отыра алмадым. Сiздiң депутат болғаныңызды қалаймын. Сондықтан болысқым келедi. Менi де командаңызға қабылдасаңыз.

– Көңiлiңе рахмет, шырағым! Ниет, тiлегi бiр жандарға әрдайым есiгiм ашық. Мамандығың қандай едi? Қай салада қызмет iстейсiң?

– Жер асты суларының маманымын. Яғни гидрогеолог. Алматы экспедициясының бастығымын.

Бөлмеде қазiргi Бiлiм және ғылым министрi Жұмағұлов бар едi. Өмекең:

– Бақытжан, мұнда кел, – деп қасына шақырды. – Командамызға бұрын мен бiлмейтiн iнiм қосылып отыр. Демек тағы бiр адаммен толықтық. Танысып қой.

Көп ұзамай сайлаушылармен кездесулер басталып та кеттi. Алматының Таулы қыратында тұратын жандармен жүздестiк. Мәдениет сарайының iшi сайлаушыларға лық толған. Өмекең өзiнiң бағдарламасымен таныстырды. Содан соң олар сөйлей бастады. Араларында Өмекеңдi сырт екi бiлетiндерi де бар екен. Тұрғындар ауыз судың азабын әбден тартса керек. Мосқалдау бiрi орнынан тұрып, сол жайды айтты да:

– Сiз бiзге жер асты ауыз су шығарып берiңiз. Егер соны iстеп, мына жұрттың кепкен таңдайын жiбiтсеңiз, бiз сiзге дауысымызды беремiз,– дедi.

Өмекең маған қарап:

– Қалай бауырым, бұл шаруа қолыңнан келе ме? – дедi.

– Келедi, Өмеке. Уәде бере берiңiз.

Өмекең қалың жұртқа менi таныстырды да ұсыныстарының жақын күндерде жүзеге асатынына сөз бердi.

Экспедицияға Мәскеу бөлген қаражат жеткiлiктi едi. Бiр бригаданы сонда бөлiп, бұрғылау жұмыстарын жүргiздiм. Бұрғы жердiң тұщы су қабатына жеткен кезде, жоғарыға су шығаратын қондырғыны орнаттық. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Содан кейiн де Өмекеңмен қала iшiн қаншама рет жаяу аралап, сайлаушылармен кездестiк. Сайлау қорытындысы шығатын күнi түн ортасына дейiн штабта отырып күттiк. Бiр уақытта Орталық сайлау комиссиясынан: "Жетеудiң iшiнен сiз алға шықтыңыз. Сiз жеңдiңiз!" деген хабар жеттi. Қаншама күнгi тынымсыз еңбегiмiздiң зая кетпегенiне қуандық. Оның үстiне сайлаушыларға Өмiрбек Жолдасбековтей ғалым, iскер жанның депутат болғаны аса қажет едi. Сол түнi Өмекең бiздi үйiне ертiп барды. Әйелi Мая Михайловна Бағызбаева дастарқан жасап қойған екен. Сонда жеңгейдi бiрiншi рет көрдiм. Стол басында Өмекең барлығымызға алғысын айтты.

Содан бастап аралас-құралас болдық. Оңаша отырыста Өмекең өзi туралы аздап ашылып сөйлейтiн. Әйелi Мая Михайлованың әкесi Мұхаметәлi 1937 жылы "халық жауы" атанып атылған да, анасын Қарлагтың азапты лагерiне айдаған. Мая да сол жерде анасының жанындағы балалар лагерiнде тәрбиеленген. Кейiн мерзiмдi уақыттарын өтеп, Шымкент қаласына оралады. Мая мен Өмекең Қ.Сыпатаев атындағы бiр мектепте үздiк оқиды. Өмекең қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген. Мектептi бiтiрген соң Өмекең Мәскеудiң Ломоносов атындағы университетiне, ал Мая Ленинград университетiне оқуға түседi. Екiншi курста Өмекең университет басшылығына өтiнiш жасап, болашақ жары Маяның оқуын Мәскеу университетiне ауыстырып, екеуi қатар жүредi. Өмекең озат студент ғана емес, еркiн күрестен университет намысын қорғап, Мәскеу қаласы бойынша бес рет чемпион атанған. Оны университет басшылары сол үшiн де мақтан тұтатын. Бiр жолы Маяның туған күнi жатақханасына Өмекең "Зил" жеңiл автокөлiгiмен келiп, құшағын гүлге толтырған. Оның қасындағы құрбыларына да сондай гүл сыйлайды. Содан әлгi сыртта күтiп тұрған "Зилмен" оларды Үлкен театрға алып барса керек. Сатып алған билеттерi де анау-мынау жандардың қолдары жете бермейтiн бiрiншi қатар орындықтарынан екенiн көрiп Маяның құрбылары таңғалады ғой. Олар Маядан: "Өмiрбек бiздi министрлер мiнетiн көлiкпен алып келдi. Өзi министрдiң баласы ма?",– деп сұрайды. Ол жымиып басын шайқайды. Қыздар әлi де таңданыстан арыла алмай тағатсызданып: "Жiгiтiңнiң әкесi бәлкiм обкомның бiрiншi хатшысы шығар?", – дейдi. Мая: "Қыздар, Өмiрбектiң әкесi жоқ. Өмiрден ертерек озған", – дегенде олар одан бетер таңданса керек. Ал Өмекең Маяның туған күнiнiң алдында темiржол вокзалына барып, вагондардан көмiр түсiрiп, бiраз қаражат тапқан. Өмекеңнiң мұндай жұмыс iстеген кездерi аз болмаса керек. Мая екеуi бесiншi курста бас қосып, отау тiгедi.

Өмекеңнiң Мәскеу ғалымдары арасындағы беделiн естушi едiм. Кейде маған сол әңгiмелер аңыз сияқты көрiнетiн. Бiр жолы инженерлiк академияның Мәскеудегi жиналысына бiрге бара қалдық. Жиынға анау-мынауларға басын бұра бермейтiн атақты ғалымдар көп жиналды. Өмекеңдi олар "Дядя Джо" дейдi екен. Залға СССР Министрлер Советiнiң төрағасы Николай Иванович Рыжков енiп, анадай жерде тұрған Өмекеңе барып қолын алып, қал-жағдай сұрасты. Сол жиналысты Одақтық инженерлiк академияның президентi емес, Өмекең жүргiздi. Өте жинақы жүргiздi. Шашау шығарған жоқ. Сөйлеген ғалымдардың Өмекеңе деген ерекше iлтипаты көрiнiп тұрды. Жиыннан соң ғалымдарға банкет берiлдi. Онда да олар: "Все Джо знает" деп банкет отырысын Өмекеңе басқартты. Сол кездерде менiң мерейiм қандай өстi десеңшi. Өмекеңнiң атақтары жер жарған Мәскеу ғалымдарының арасындағы беделiне сүйсiндiм. Мендегi аңыздың бәрi сонда ақиқатқа айналды.

Өмекеңнiң өмiрден озғаны маған әлi де жұмбақ. Сол жолы Карло Варадаға шипажайдан Шымкентке аман-есен оралған. Таудай тұлғасынан жанына батқан ауруы сезiлмейтiн. Бiреулер «Сарыағаш шипажайында бiлiктi алтын ине салғыш бар, соған да көрiнiп алсаңызшы» деп қоймаса керек. Сол ине салғаннан кейiн-ақ жағдайы кете бастаған екен. Қатты ауырып қалды дегендi естiп, көңiлiн сұрауға бардым. Алматыға алып келдiк. Өмекең сол науқастан басын көтере алмай ұзақ жатып барып, мәңгiге көзiн жұмды. Сол кезде ел ендi ғана еңсесiн көтерiп жатқан кез едi ғой. Үйiнiң алдына келiм-кетiк қонақтарға арнап екi киiз үй тiктiм. Ас қамын да әзiрлеп, алыстан келгендердi күттiк. Ақ жауып арулап, Кеңсайдағы мәңгiлiк мекенiне жайғастырдық. Қырық күндiк қонақасында бәрi жиналды. Сөйлеушiлер Өмекеңнiң ғалымдығын, iскерлiгiн сөз еттi. Солардың бiразы кезiнде Өмекеңнiң үстiнен арыз жазғандар едi. Мен жазушы Шерхан Мұртаза ағамен қатар отыр едiм. Шерағаң жуан дауысымен жанындағыларға естiрте: "Мен дүниеде екiжүздiлерден, екi сөйлейтiндерден қорқамын. Мыналар осы сөздi Өмекеңнiң қадiр-қасиетiне жетiп, көзi тiрiсiнде айтқанда, бүгiн оның сорпасында емес, қуанышында отырар едiк", – дедi. Иә, алтынның қолда барда қадiрi болды ма? Қолдан шығып кеткен соң, "аһ" ұрып өкiнетiнiмiз-ай".

Майталман ғалым, ғылым мен бiлiмнiң үйлестiрушiсi, қоғам, саясат және мемлекет қайраткерi Өмiрбек Арысланұлы Жолдасбековтiң 80 жылдығына арналған 1 Халықаралық Жолдасбеков симпозиумы 2011 жылдың 1-2-наурызында Алматыда өтедi.

Ғылыми шараның өтуiн талқылауға арналған отырысты академик Бақытжан Жұмағұлов жүргiздi. Жиын барысында Ө.А.Жолдасбековке арналған бюст ескерткiшiн тұрғызу мақұлданып, осы жұмысқа кететiн шығын есептелдi. Сонымен қатар академиктiң ғылыми еңбектерiнен жинақ құрастырып, деректi фильм түсiру керектiгi де айтылды. Сондай-ақ симпозиумға келетiн шетелдiк қонақтардың тiзiмi жасалып, шара демеушiлерi нақтыланды.

ҚазАқпарат

Көлбай Адырбекұлы