Жаңалықтар

ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫН ИГЕРМЕГЕНДЕРГЕ – ҚАТАҢ ШАРА

ашық дереккөзі

ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫН ИГЕРМЕГЕНДЕРГЕ – ҚАТАҢ ШАРА

Бұрын бюджет түсiмi орындалмай қалды дегендi жиi естушi едiк. Қазiр керiсiнше. Әкiмдердiң мiнберлерден жасаған баяндамаларына қарағанда бюджет кiрiсi кемiнде 100 пайызға, кейбiр өңiрлерде белгiленген межеден асыра орындалатын болып жүр. Ендi қазына қаржысын игере алмайтын жағдай қалыптасты. Бұл әкiмдiктердiң қоржынындағы қаржының тым көптiгiн көрсете ме, әлде атқарылған жұмыстың төмендiгiн байқата ма? Қалай болғанда да алақанға салып берген ақшаны жарата алмаған шенеунiктердiң тiрлiгi көпшiлiкке түсiнiксiз болып тұр. Сонда бұл қалай?

2010 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысында 4 миллиард теңгеден астам қаржы игерiлмедi. Алғашқы жартыжылдықта бұл көрсеткiш 2 миллиард 750 миллион теңгеге кемiсе, 9 айдың қорытындысында 4,5 миллиардқа көтерiлдi. Осылайша "ыстығы" бiр көтерiлiп, бiр түскен бюджет жыл соңында абырой болғанда 99 пайызға игерiлдi. Бұл – облыс басшылығының жағдайды қатаң бақылауға алып, кейбiр әкiмдерге тәртiптiк шара көрудiң арқасында жеткен жетiстiк. Сондықтан да болар, облыс әкiмi Асқар Мырзахметов жуырда өткен жиында:

– Соңғы бес жылда мұндай жақсы көрсеткiш болған емес, – дедi. Асқар Исабекұлының бұлайша шүкiршiлiк ететiн жөнi жоқ емес. Өйткенi алдыңғы жылы облыста игерiлмеген қаржының көлемi 3,5 миллиард теңгенi құраса, 2008 жылы ол 5 миллиардтан асқан болатын.

Бюджет қаржысын тиiмсiз пайдалану әр аудан, қалада орын алып жатқанымен, облыс орталығы – Шымкент қаласына жетерi жоқ. Былтыр қалада балабақшаларды ұстауға қаралған 27 миллион, "Асар" мөлтекауданында жылыжай шаруашылығын дамытуға бөлiнген 172,4 миллион, коммуналдық тұрғын үй құрылысына қарастырылған 23,6 миллион, су жүйелерiн жүргiзуге көзделген 20,2 миллион, ипотекалық тұрғын үй құрылысын жүргiзуге бөлiнген 85 миллион теңге игерiлмеген. Бөлiнген қаржыны себепсiз игере алмағаны үшiн бұған дейiн сөгiс алған қала әкiмi Арман Жетпiсбаев әзiрге оңды нәтиже шығара алмай тұр.

Қалалық әкiмдiктiң бюджеттiң қаржысын тиiмдi игерудiң орнына тығырыққа тiрелген жобаларға, мердiгер компанияларға қыруар қаражат аударып жiбергенi таңғаларлық. Әсiресе қала басшыларының "Ташяпы" компаниясына не себептi бүйрегi бұра беретiнi жұмбақ күйде қалып отыр. Облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары Исмайылбек Шалабаев мынадай дерек келтiрдi: 2009 жылы Арғынбеков көшесiнiң құрылысын жүргiзуге 240,4 миллион теңге қаржы қаралған. Бiрақ бiр кездерi жекелеген азаматтарға берiлiп кеткен жер телiмдерiн мемлекетке сатып алу мәселесiнiң шешiлмеуiне байланысты онда ешқандай жұмыс атқарылмаған. Сөйте тұра жоғарыдағы қаржы мердiгер "Ташяпы" ЖШС-не берiлген. 2010 жылы Арғынбеков көшесiнде тағы да ешқандай жұмыс жүрмейдi. Бiрақ қалалық әкiмдiк ескi әдiске салып, "Ташяпы" компаниясының есеп-шотына тағы да қомақты қаржы аударып берген. Сонда iстейтiн ешқандай жұмыстың жоқтығы белгiлi бола тұра бюджет қаржысын мердiгерге жыл сайын аударып отыру не үшiн керек? Қазына қаржысының игерiлгендiгi жөнiнде жоғарыға есеп беру үшiн бе? Айтқандай, бюджеттiң дебиторлық қарызын көбейтуге "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында оралмандарға жылыжай құрылысын жүргiзiп жатқан "Ақ Орда" корпорациясы да әжептәуiр үлес қосыпты. Ешқандай жұмыс атқарылмаса да бюджеттен осы компанияға 255 миллион теңгенiң бөлiне салуының астарында не жатыр? Қазынаның қаржысын игерудiң осындай төте жолының арқасында бүгiнгi таңда Шымкент қаласы бойынша дебиторлық қарыздар 1474,4 миллион теңгеге жетiп, облыстағы барлық қарыздардың 96,8 пайызын құрап отыр.

– Ендiгi жерде жай ғана ескерту, сөгiспен құтылып кетемiн деп ойламаңыздар. Бюджеттi дұрыс қалыптастырмадыңыз ба, қаржыны игермедiңiз бе, онда бiттi. Ондай шенеунiктiң тек қызметке лайықты-лайықсыздығын қарайтын боламыз, – дедi облыс басшысы әкiмдер мен басқарма басшыларына қарата.

Былтырғы жылы қазына қаржысының игерiлмеуi алқалы жиындардың күн тәртiбiне жиi-жиi қойылып едi. Бұл мәселе биыл да әкiмдердiң атқарған жұмысының негiзгi барометрiне айналғалы тұр.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ