Жаңалықтар

САЛЫҚ ЖҮЙЕСIНДЕГI СОНЫ РЕФОРМА

ашық дереккөзі

САЛЫҚ ЖҮЙЕСIНДЕГI СОНЫ РЕФОРМА

Құжат толтыру 56 пайызға кемидi

Республиканың салық жүйесiнде оңды төңкерiс орын алды. Жаңа әкiмшiлiк реформа бойынша салық жүйесiндегi кешендi өзгерiстер 2014 жылға жоспарланып отыр, яғни заманға сай стандарттарды енгiзу арқылы салық төлеушiлердiң уақыты мен құжат мөлшерi анағұрлым азаяды. Нәтижесiнде бақылаусыз кеткен бюрократизм мен сыбайлас жемқорлыққа таптырмас тосқауыл қойылмақшы. Кәсiпкерлер ауыр ажырғыдан мойны босап, тiкелей өз жұмыстарымен айналысуға мүмкiндiк алары сөзсiз.

Елiмiздiң салық жүйесiндегi кемшiн тұстар, нақтырақ айтсақ бұрқыраған артық қағаздардан тұратын салықтық құжаттар ендi келмеске кеттi. Бұдан былай құжаттардың барлығы автомат арқылы қабылданады, яғни салық та автоматты жүйеде төленетiн болады. Бұл әсiресе салықтан бас алмайтын кәсiпкерлер үшiн өте оңтайлы жүйе болып отыр. Олардың кәсiпкерлiктен бұрын сиырқұйымшақтанған салық органдарымен жұмысы әлдеқайда көп уақыт алады. Сондықтан елiмiзге енгiзiлiп отырған жаңа жүйе әлемдiк тәжiрибеде сыналған, көп жылдар бойында нәтижесiн көрсеткен әкiмшiлiк жоба. Дүниежүзiлiк банктiң тұрақты өкiлi Шебнем Аккая: "Қазақстан орташа табысы бар мемлекет болғандықтан шикiзаттық емес секторды дамытуға, салық саясатын жетiлдiруге мүдделi. Ал салық салудың әкiмшiлiк жүйесiн жақсарту – бұл iстiң басты алғышарты", – дедi.

Аса маңызды құжат Дүниежүзiлiк банктiң ТМД мен Шығыс Еуропа елдерiндегi салықтық әкiмшiлiк жүйенi дамыту тәжiрибесiн негiзге ала отырып, сонымен қатар Қазақстандағы зерттеу нәтижелерiне үңiле отырып құрылды. Қаржы министрлiгi Салық комитетiнiң төрағасы Дәулет Ерғожинның айтуынша, қажет емес құжаттарды қысқартуға мүмкiндiк туып отыр.

“– Бұл бiзге бiрқатар қажет емес мамандарды қысқартуға мүмкiндiк бередi. Ал олардың атқарған қызмет түрлерi толық автоматтандырылатын болады. Автоматтандыру арқылы жемқорлықтың мөлшерi де азаяды. Кәсiпкерлер үшiн салықтық есептi өткiзуге қажет уақыт екi есеге, ал құжаттардың мөлшерi 56 пайызға кемидi. Бiздiң алдымызда әлемдегi салық жүйесi ең үздiк жиырма елдiң қатарына кiру секiлдi үлкен мақсат тұр”, – дейдi Дәулет Ерғожин. Осылайша салық органдары қызметкерлерiнiң де жұмысы бiрқатар жеңiлдеп қалмақшы.

Қазақстанның салықтық жүйесi әлем елдерiнiң iшiнде отыз тоғызыншы орынға табан тiреген. Салыстырмалы түрде жаман көрсеткiш емес. Десе де Қазақстанның алдын орайтын елдер қатары осынау жаңа жобаны көптен берi қолданып келедi. Мәселен Малайзия – жиырма үшiншi, Норвегия – он сегiзiншi, ал Канада – оныншы орынға жайғасқан. Жаңа салықтық жобаға бюджеттен 56,7 миллион АҚШ доллары бөлiнiп отыр. Бұл қомақты соманың 17 миллион доллары Дүниежүзiлiк банктен арнайы алынған.

Тың жобаға сәйкес салық қызметкерлерiнiң саны 20 пайызға қысқартылады. "Бүгiнгi таңда Дүниежүзiлiк банктiң мәлiметiнше, салықтың құжаттарын толтыру жылына 115 сағатқа созылады екен. Ал жаңа жобаның арқасында бiз оны 50 сағатқа дейiн қысқарта аламыз", – дейдi Дәулет Ерғожин. Жалпы жылына салық төлеу үшiн кететiн 50 сағат – әлемдiк стандарт.

Десе де мұндай жаңалықтарды ұсынып отырған Салық комитетi салық көлемiн де ұлғайтпақшы. Кем дегенде 10 пайызға көтерiледi дейдi салық комитетi.

Ақниет ОСПАНБАЙ