Жаңалықтар

ЕУРОПАДА ОҚЫП ЖҮР...

ашық дереккөзі

ЕУРОПАДА ОҚЫП ЖҮР...

Жақында шетелде оқып жатқан қазақ студенттерi "Шетелдегi қазақстандық студент бiрлестiктерiнiң басын бiрiктiру" атты баспасөз мәслихатын өткiздi. Жиында Қытай, Ресей, Ұлыбритания, ОАР, АҚШ, Франция мемлекеттерiнде оқып жүрген студенттер бас қосып, аталған мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салды.

Қазiргi таңда шетелде бiлiм алу үшiн қазақстандық студенттер 3 түрлi жолмен оқуға түседi. Бiрiншiсi – Президенттiң "Болашақ" бағдарламасы арқылы, екiншiсi – несиемен, үшiншiсi – ата-аналарының немесе өз қаржысымен тәлiм алып жатыр. Олардың саны 30 мыңнан асады екен. Ал олардың басын бiрiктiрiп, әлеуметтiк, экономикалық мәселелерiн шешуге мұрындық болатын ортақ ұйым жоқ көрiнедi. Осыған орай, шетелден бiлiм алып келген бiр топ қазақ жастары "Алаш Жастары" атты ұйым құрған екен: "Бiрiншiден, студенттердi жұмыспен қамту үшiн жастар базасын құруды жоспарлап отырмыз. Онда студенттiң аты-жөнi, қай жерде оқығаны, оқу орнының аты, мамандығы, оқу үлгерiмi, қанша тiл меңгергендiгi, жасы және де қай жылдан қай жыл аралығында бiлiм алғаны толық көрсетiледi. Бiлiмдi де бiлiктi маман иесiн iздеген адам өз қызметкерiн осы база арқылы таба алады. Сонымен қатар, "ID Kaz" атты жобамыз бар. Ол арқылы шетелде жүрген студенттерге әуе қатынастары, туристiк мәселелер, медициналық көмек, ойын-сауық, интернет клубтарына және де тiлдiк, дайындық курстарына өз қызметтерiмiздi жеңiлдiкпен ұсынамыз. Бiрақ бұл қызметтердiң барлығын пайдалану үшiн, ұйымға жыл сайын 4 мың теңге көлемiнде жарна төлеп тұру керек",– дейдi "Алаш жастары" қоғамының төрағасы Омар Қарабұлов.

Қоғамдық бiрлестiк Қазақстанның кәсiптiк саласында қызмет iстеп жүрген мамандарымен бiрлесе отырып, жылына екi рет студенттiк жәрмеңкелер өткiзбекшi. Сонымен қатар, шетелде Қазақстанның мәдени күндерiн өткiзу, түрлi қайырымдылық акцияларын, мәдени, ойын-сауықтық кештерiн, әр түрлi тақырыптағы ғылыми конференциялар, жаңа перспективалық жобаларды бiрлесе отырып жүзеге асыру көзделген.

"Нұр Отан" ХДП, "Жас Отан" жастар қанатының қаржыландыруымен құрылып отырған бұл бiрлестiк алдағы уақытта шетелдегi Қазақстан компанияларымен де жұмыс жасамақшы.

Мадина ЖЕҢIСОВА, ҚазҰУ-дың студентi