МӘҢГIЛIК ДОЛЛАРДЫҢ ЖАҢА КӨКТЕМI
МӘҢГIЛIК ДОЛЛАРДЫҢ ЖАҢА КӨКТЕМI
Валюталар нарығындағы дүрбелең
Халықаралық инвесторлардың қаупi шынға айналды: АҚШ доллары әлсiреп, керiсiнше еуро күн санап өсiп келедi. Осынау жылдам өзгерiске ұшырап жатқан әлемдiк валюталардың Қазақстан теңгесi мен экономикасына қандай әсерi бар?
АҚШ-тың Федералды резервтiк жүйесi 2011 жылдың екiншi жартыжылдығында Америка мемлекеттiк құнды қағаздарын 600 миллиард долларға сатып алуды жоспарлаған. Осылайша экономиканың қалпына келуiн реттеудi және инфляцияның белгiлi деңгейiн ұзақ уақытта сақтап тұруды көздесе керек. Ал бұл уақытта еуро бiрден көтерiлдi. Осының аз-ақ алдында, 2000 жылдары дүниеге келген еуроның қысқа тағдыры туралы сарапшылар түрлi болжамдар айтқан-ды. Тiптi Давоста өткен Бүкiләлемдiк экономикалық форумда да Еуроаймақ пен еуро қатер алдында тұр делiнгенi есте. Жыл басынан берi еуро – 1,4282 (долларға шаққанда) доллар көрсеткiшiне жетiптi. Осы тұрғыда Франция үкiметi ширақ қимылдап, халықаралық валюта жүйесiн қайта қарауды ұсынуда. Өйткенi валюта курсының бiрден ауытқуы – әлемдiк экономикалық дамуға басты кедергi емес пе? Мұндай ауытқулар кез келген мемлекеттiң экспорттық әлеуетiн лезде құлдыратып тастайды. Өйткенi сыртқы сауда-саттық осы әлемдiк валюталар арқылы жүзеге асатыны мәлiм. Өткен жылдың аяғында Германия Қаржы министрлiгi америкалық әрiптестерiне өкпесiн бiлдiрген едi. Олардың өкпесi былай өрбiген: ұзақ уақыт несиеге күн көрiп, тиiстi көңiл бөлмей, қаржы секторын асқындырып алған, керiсiнше өнеркәсiптiк базаны кейiнге ысырған. Нәтижесiн жасыру үшiн баспа станогiмен доллар бағасын қолдан төмендетiп отыр дейдi. Ал алып елдiң Орталық банкi басты назарда шетелдiк экономика емес, өздерiнiң АҚШ экономикасы екенiн нық айтты. Бұл уақытта әлемдiк банктер текке қарап жатқан жоқ, ұлттық валюталардың алтынға қарым-қатынасын тұрақтандыруды тапсырып отыр.
Қазiргi таңда теңгенiң де болашағы халықты алаңдатып отыр. Теңге тұрақты курсын сақтай алмаса, доллар көрсеткiшi қандай болмақ? Халықтың девальвациядан кейiн теңгеге деген көзқарасы үреймен ұштасуда. Десе де Ұлттық банк басшысы Григорий Марченко мұндай жағдайдың орын алмайтынын ескертiп келедi. Экспорттық тауарлардың бағасы өсуде. Соның нәтижесiнде теңге тұрақтылығын сақтайды деп мiзбақпайды Марченко мырза.
Алайда қаржы сарапшыларының пiкiрiнше, жуық арада қапшықтағы доллардан құтылу асығыстық болады. "Болашақта әлемдiк валюта нарығындағы доллардың әлсiреуi АҚШ долларымен белгiленген шикiзатты арзандатады, бұл дегенiңiз шикiзат бағасының өсiп, инвесторлардың қызығушылығын тудырады" деген пiкiрлер де бар. Осынау сараптамаға қорытынды жасай отырып, таяуда ұлттық валюта курсында өзгерiс орын алмаса, онда алыс келешекте мiндеттi түрде болатынын аңғару қиын емес. Қазақстанда инфляция басқа дамыған елдерге қарағанда анағұрлым жоғары. Сондықтан алдағы уақытта теңгенiң әлсiрей беруi заңды да. Бiрақ Қазақстан банктерi әзiрге ешбiр түсiнiктеме берiп отырған жоқ.
Ғалым БАЙНАЗАР, "Нұр Отан" ХДП жанындағы Парламентаризм институтының Экономикалық зерттеу бөлiмiнiң аға экспертi:
– Осыдан екi жыл бұрын болған девальвацияда теңге бағамының 25 пайызға төмендеуi басқа экономикалық жағдайда орын алды. Негiзгi экспорт тауарымыз – мұнай мен газ бағасы сол кезде төмендеп кеттi. Осыған байланысты бiздiң экономикалық тауар шығаратын үлкен компанияларымыздың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабiлеттiлiгiне көмек көрсету үшiн осындай жағдайға баруға тура келдi. Биыл мұнайдың бағасы жыл басынан берi өсiп жатыр. Бүгiн 1 баррель мұнай – 100-105 доллардың көлемiнде тұр. Жуық арада төмендей қоятын түрi жоқ. Таяу Шығыстағы, Африканың солтүстiк жағындағы мұсылман елдерiнде болып жатқан күрделi мәселелер мұнай өндiретiн елдерге елуеулi әсер етуде. Олардың өндiрiс орындарының экспортқа мұнай шығаруына ептеп кедергiсi тиiп жатыр. Сондықтан жуықта экспортқа шығарылатын мұнай көлемi азаюы мүмкiн, осыған байланысты оның бағасы көтерiлуi мүмкiн. Менiң ойымша, ақпан, наурыз айларында теңге бағамы төмен түспейдi. Оған ешқандай экономикалық жағдай итермелеп тұрған жоқ. Теңгенiң бағасын төмен түсiру үшiн үлкен ықпалды күш керек. Ондай күш қазiр жоқ. Марченко мәлiмдемесiн естiдiк. Оны керемет банкир деп айта алмаймын. Бiрақ бiрнеше жылдан берi Ұлттық банктi басқарып келе жатыр. Бұдан бұрынғы девальвацияны өткiзген де сол. Оның қасында экспорттық топтар жұмыс iстеп отыр. Ол да теңге бағамы түспейдi деп болжауда. Осыны қордалап айтсақ, алдағы екi ай iшiнде теңге төмен түседi деп ойламаймын. Егер де ондай жағдай орын алса, пайдасынан гөрi зияны көп болуы мүмкiн. Шетел валютасымен несие алу тоқтаған жоқ әлi. Бұрынғы девальвация кезiнде ең көп зардап шеккендер шетел валютасымен несие алғандар. Осының зардаптарын шешу үшiн Үкiмет тарапынан миллиард доллардай қаражат жұмсалды. Кейде валюта бағамын қолдан түсiру пайдасын тигiзiп жатады, бiрақ қазiргi жағдайда тек зияны ғана болуы мүмкiн.
РЕСЕЙ ИНВЕСТОРЛАРДЫ ШАҚЫРУДА
Ресейдiң қаржы нарығындағы жағдай қалай? Әлемдiк валюталармен салыстырғанда рубльдiң тез құлдырауы көп күттiрмейдi. Сарапшылардың айтуынша, Ресейдiң Орталық банкi 2015 жылдан кешiктiрмей рубль девальвациясын жүзеге асырады. Егер де алдағы екi жылдың iшiнде қомақты инвестиция құйылмаса, Ресей ел экономикасындағы еңбек және энергетикалық шығынның бәсекеге қабiлеттiлiгiн 2010 жыл деңгейiне де жеткiзе алмай қалады. Десе де бұл державаға қомақты қаржылай инвестицияның ағылуы дүдәмал нәрсе.
ЮАНЬ ӘЛIҢДI БIЛ…
Юань мен доллар арақатынасы халықаралық сарапшылардың қызығушылығын тудырып отыр. Әлемдiк экономикада доллардың орнын қытай юаны басып, сауда-саттық юаньмен жүзеге асады деген пiкiр де жоқ емес. Тiптi дүниежүзiлiк айналымды қолына алуы мүмкiн дейдi сарапшылар.
АҚШ-тың мемлекеттiк қарызы белшеден. Федералды Үкiметке қарыздан құтылу үшiн жоспарланған 800 миллиард доллардан да артық сома қажет екен. Үкiмет шығыны табыстан бiр жарым есеге артып, ЖIӨ-нiң 9 пайызына жеткен. Бұл жағдайда АҚШ тек салықты көбейту арқылы ғана шығынды азайта алады. Ал 2012 жылғы президент сайлауының алдында Барак Обаманың салықты көтермейтiнi айдан анық. АҚШ-тың жалпы қарызын есептегенде Грекия, Португалия, Испанияның күйiне жақындады деген сөз.
Экономикасы өрге жүзiп тұрған Жапонияның қарызы да аса қомақты. Осыған қарап АҚШ-тың жағдайы жеңiлдеу екенiн көремiз. Жалпы қазiргi таңда ешкiм қарыздан құлан-таза емес. Қайта қарызы аздау мемлекеттердi үлгi тұту керек шығар. Бұл орайда Скандинавия түбегiнiң елдерiн атауға болады. Сыртқы қарыздары ЖIӨ-нiң 30-40 пайызын ғана құрайды.
Қытай экономикасының даму үрдiсi айқын. Бұлар ғылыми технологияны қаржыландыруды дамыту арқылы үлкен табысқа қол жеткiзiп отыр. Бiрақ Қытай бұл туралы жұмған аузын ашпайды, жарияға жар салып отырған жоқ. Бүкiләлемдiк банктiң мәлiметiнше, ЖIӨ бойынша Қытай Жапонияны басып озып, АҚШ-қа жетiп қалған (АҚШ-тың жалпы өнiмi – 14 триллион доллар, Ресейде – 2 триллион доллар). Сонда долларға тең келер валюта – юань болғаны ма?
Әрине доллардың орнын юань баспайды, керiсiнше доллар жалғыз халықаралық валюта болмауға тиiс. Қытай үкiметi ақырын қадам жасау арқылы юаньды нарыққа бiртiндеп шығармақшы. Өйткенi Қытайдың өз резервi де доллармен сақтаулы. Осы қаражаттан Африканың табиғи ресурстарына инвестиция салып отыр, тiптi Испания мен Португалияға несие беруi де ғажап емес. Бүгiнде халықаралық сауда айналымының 60 пайызы – доллармен, 20 пайызы – еуромен, содан кейiн швейцариялық франк және иенамен жүзеге асады. Егер де алдағы онжылдықта юань халықаралық валютаға айналар болса, оның нарықтағы үлесi – 5-10 пайыз болады деген пiкiрде Ресей сарапшылары. Нелiктен? Бұған сарапшылар Қытай экономикасындағы әлсiз тұстарды дәлел қылуда: iшкi тұтынудың деңгейi әртүрлi, Қытайда тұрмысы төмен халық саны өте көп. Десе де осы ғасырдың ортасына дейiн Қытай экономикасы көш бастап, Америкамен теңелуi әбден мүмкiн. Бiрақ доллардың аренадан кете қоюы екiталай. Себебi жер шарының тең жартысы қазынасын доллармен ұстап отыр.
Ақниет ОСПАНБАЙ