БЫЛТЫР КЕДЕНДIК ОДАҚҚА КIРДIК, АЛ КЕЛЕСI ЖЫЛЫ?..
БЫЛТЫР КЕДЕНДIК ОДАҚҚА КIРДIК, АЛ КЕЛЕСI ЖЫЛЫ?..
Қазақстан мемлекетi өзiнiң экономикалық-саяси басымдықтарының бiрi ретiнде Дүниежүзiлiк сауда ұйымына (ДСҰ) кiрудi мақсат етуде. Алайда сарапшылар бұл ұйымға Қазақстанның жеке-дара өтуiне күмәнмен қарағаны белгiлi. Бiр кездерi Ресей премьерi Владимир Путиннiң: "Қазақстан, Беларусь, Ресей елдерi алдағы уақытта ДСҰ-ға мүшелiкке өту үшiн үш мемлекет бiр позицияда, бiрiгiп жұмыс атқаруы қажет", – деп айтқаны да есте.
Расында да, бұл мәлiмдемеге дейiн үш мемлекет ДСҰ-мен жеке-дара келiсiм жүргiзiп келдi. ДСҰ-ның Бас директоры Паскаль Лами: "қабылданған шешiмдер ұйым үшiн түсiнiксiздеу. Ұйымға мүшелiкке тек қана мемлекет болып кiредi, ал мемлекеттердiң блок ретiнде өтуi ұйым тарихында болған емес жағдай", – деп баса айтқан. Бiрақ үш мемлекет ДСҰ-ға Кеден одағы арқылы өтудi жоспарлап, iс-әрекетке көшкенi мәлiм.
Қазақстанның Ресей бастаған Кедендiк одаққа да енгенiне де көп бола қойған жоқ. Мұның бiздiң елге тигiзiп жатқан пайдасы мен зияны жайында да кесiмдi пiкiр жоқтың қасы. Шағын және орта кәсiппен айналысатын кәсiпкерлер Кедендiк одақтың кедергiлерiне тап болғанын айтса, кейбiр сарапшылар қазақ елi үшiн үштiк одақтан гөрi, ДСҰ-ға кiрудiң ұтымды екенiн алға тартады.
Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанова Қазақстан ДСҰ-ға 2012 жылдың бiрiншi жартыжылдығында кiруi мүмкiн екенiн айтты. Министрдiң сөзiне қарағанда, бұған қатысты барлық алғышарттар қарастырылған. Оны аяқтау ағымдағы жылға белгiленiп отырған көрiнедi. Министр Айтжанова ханым: "Қазiргi кезде Қазақстан ДСҰ-ға нақты 2012 жылға дейiн аяқ басады деп айта алмаймын. Себебi бұл жұмыстар бiздiң Үкiмет iске асырып отырған техникалық шараларға ғана қатысты емес. Сонымен қатар осы үрдiске конгресс iшiндегi, сенат, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттермен, сондай-ақ бiздiң сауда әрiптестердiң тарапынан болатын келiсiмдерге байланысты. Бұл тұрғыда оларда осы жұмыстар қанша уақыт алатыны жайлы болжап бiлу мүмкiн емес", – дедi. Ол сондай-ақ ДСҰ-ға кiру бойынша келiссөздердi Қазақстанмен қатар Ресей жағы да жүргiзiп жатқанын атап өттi.
2011 жылы Қазақстан экономикалық мүдделерiн әзiрлеу және жылжыту мақсатында Кеден одағы мен Бiрыңғай экономикалық кеңiстiктiң беретiн жаңа мүмкiндiктерiн қолдану мақсатында бизнес қоғамдастықпен белсендi бiрлескен жұмыс жалғасатын болады. "Жаһандық сауда экономикалық жүйеге одан әрi жақындай түсу мақсатында сыртқы экономикалық саясатта басым бағыттардың бiрi Кеден одағы бойынша әрiптес елдермен тығыз қарым-қатынасты үйлестiре отырып, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына Қазақстанның кiру үдерiстерiн жылдамдатуға бағытталған", – дедi министр.
Былтыр елiмiздiң сыртқы сауда айналымы 13,5 пайызға көбейiп, 81,3 млрд. АҚШ долларын құраған. Экспорт көлемiнiң импорттан бiрнеше есе еселенуi сауда балансының 33,2 млрд. АҚШ доллары мөлшерiндегi оң сальдосын қамтамасыз етiптi. Ал Қазақстандағы тауар айналымының 18,5 пайызы Кеден одағы елдерiне тиесiлi екендiгiн айтсақ, 2010 жылы қазақстандық өнiмнiң Ресейге экспорты 36 пайызға артқан. Ал Кеден одағы мемлекеттерiмен сыртқы сауда айналымының ауқымы 28,1 пайызға дейiн өсiп, 16,5 млрд. долларды құраған.
Сонымен ДСҰ-ның да ауылы алыс емес сияқты. Алайда бұл ұйымға Қазақстан жеке мемлекет ретiнде кiре ме, әлде үштiк одаққа мүше Ресей мен Беларусьпен бiрiгiп кiре ме, ол жағы белгiсiз.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ