"КӨТЕРIЛIП-БАСЫЛҒАН ЖАНАРТАУ..."
"КӨТЕРIЛIП-БАСЫЛҒАН ЖАНАРТАУ..."
(Әлiмхан Ермеков)
Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): "Мен ол кезде Ташкентте тұратынмын, сонда педагогикалық жоғары оқу орынында дәрiс беретiнмiн. Жер және орман шаруашылығы басқармасының бастығы Сәлiмгерей Қаратiлеуов Қазақстандағы Ғылым академиясының зерттеулерiнiң нәтижесiн тиянақтау мақсатында Орта Азия мемлекеттiк университетiнен деректер алу үшiн Ташкентке келдi. Ол менiң үйiмде болды. Әңгiме отарлау институты мен Қазақстанға қоныс аударушылар мәселесi төңiрегiнде өрбiдi: бұл өте күрделi iс, қоныстандыру революциядан бұрынғы межеден де асып кеткендiгi, граф Паленнiң тексеру материалдарының Ташкентте екендiгi, оған қатысқан қоныстанушылар басқармасының бастығы Чиркиннiң осында екендiгi, Қазақстанның 5 жылдығына арналған өлкелiк газетте Жер комиссариатының басшысы жердi бөлшектеу жөнiндегi губернатордың есебiне сүйенiп мақала жариялағаны айтылды. Бiр қызығы, сол кезде ескi мәлiметтерге көп сүйенетiн. Тәркiлеу мен Қазақстанға қоныстанушыларды орналастыру аса кең ауқымда жүргiзiлетiнiн жеткiздi.
Жерге орналастыру мен байларды тәркiлеу барысында терiс идеологиялық пiкiрлерiм бұрынғы көрсетiндiлерiмде жазылған. Мен бұл пiкiрдi Ташкенттiң педагогикалық институтында сабақ берiп жүргенде бiлдiргенiм түсiнiктi. Бұл мәселе тек қана партия мүшелерi мен партияда жоқтарды ғана емес, зиялы қауымның да назарын аударғаны белгiлi. Қаратiлеуов жолдаспен кездейсоқ кездесiп қалғанда осы мәселе жөнiнде сөз қозғалды. Мен: өзiнiң өткендегi саяси қайраткерлiгiнiң нәтижесiнде патшалық отарлау саясаты тұсындағы шаруашылық саясатын, әсiресе қоныс аударудың жай-жапсарын терең зерттеген, Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесiне барынша қанық Әлихан Бөкейханов қана бұл жағдайды анықтап беретiнiн айттым. Қоныстандыру жөнiнде түрлi қауесеттер айтылып жүрдi. Бөкейхановтың iске тартылуын мен де қостадым. Өйткенi жер мәселесiн зерттейтiн институт БК(Б)П Орталық Комитетiне қарайтын, ал олар Бөкейхановты Қазақстандағы жер мәселесiнiң бiлгiрi ретiнде қызметке шақырды, сонымен қатар 1921-1923 жылдары қазақ үкiметiнiң тапсырмасымен Қазақстандағы жерге қоныстандыру мәселесiн зерттейтiн арнайы экспедицияларға қатысты. Жер мен қоныстандыру бағытындағы менiң көзқарасым Бөкейхановтың көзқарасынан алшақ емес. Мен ол кiсiнi өзiмнiң ұстазым деп шын көңiлiммен айта аламын. Бұл тұрғыдан алғанда бiз бұрынғы отарланған жерге қазақ тұрғындары жаппай қоныстанып болғанша жаңадан қоныстандыру науқанына қарсы болдық.
27-жылғы конференцияда Өлкелiк Комитеттiң хатшысы Голощекин жер және ұлт мәселесiнде көптеген тосқауылдардың (мағынасы бойынша аударылды, орысшасында – грех – Т.Ж.) бар екендiгiн, оған жаңаша қарау қажеттiгiн айтты. Оған көп адамдардың кiнәлi екенi рас. Мен де бұған қалыптасқан жаңа жағдайға таптық тұрғыдан қарамай, бұрынғы ұстанымымда қалып қойдым. Революция әкелген әлеуметтiк құрылым қажеттiгiн ескермедiм. Семейде жүргiзiлген ғылыми зерттеу жұмыстары көрсеткенiндей, шаруашылық мәдениетi жоғары жұрттың ықпалымен қарабайыр шаруашылық деңгейiндегi халықтың жойылып кететiндiгi сөзсiз екендiгi анықталғанда, сондай даму сатысында тұрған қазақтардың қамы менi қатты қынжылтты. Мен: көшпелiлердiң қарапайым тұрмысы жеңiл болғанымен, күйреген мал шаруашылығын қалпына келтiру өте қиын – деп есептедiм. Елiмiздiң алдыңғы қатарлы жұмысшы табының материалдық-техникалық көмегi – өнеркәсiптiң араласуы, машина-трактордың бөлiнуi, колхоз бен совхоздардың ұйымдастырылуы шаруашылықтың әлеуметтiк саласына үлкен өзгерiстер әкелетiнiн ескермеппiн. Мұның барлығы ол кезде анық емес болатын. Ал өз басым тiкелей жер мәселесiмен айналысқамын жоқ".
Бұл мәселенiң егжей-тегжейi бiрiншi кiтаптың "Жер жегiсi", "Кәрi көсем" атты тарауларында жерiне жеткiзiле, құжаттар мен тергеудегi жауаптармен дәлелдей талданғандықтан да, бұл арада тоқталып жатпаймыз.
Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): "Ал өкiмет кеңестерге көшкенде Жер жөнiндегi комиссар боп тағайындалған кездегi әрекеттерiм бiр бағытта – бұрын патша өкiметi тартып алған жерлерге қазақ халқының қайтадан ие болу құқын қалпына келтiру бағытында жүргiзiлдi. 21-жылы (негiзi 1920 жылы тамызда – Т.Ж.) В.И.Ленин төрағалық еткен кеңесте Қазақстандағы жер мәселесi туралы баяндамамда Қазақстандағы ең қиын шешiлмеген мәселе жерге орналастыру екендiгiн баса айттым. Мен Сафаровтың Түркiстан туралы баяндамасынан кейiн сөз алдым. Сафаров өзiнiң баяндамасында: Уралдың шаруа мұжықтарын оңтүстiк Қазақстанға әкеп қоныстандыру керек, бұл қазақ халқының революциялық рухын өсiредi, – деп өзеурей сөйледi. В.И.Ленин жолдас менiң бұл мәселеге қалай қарайтынымды сұрағанда мен: Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленiсiп тұрған қазiргi жағдайында қазақтардың өздерiн жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекетi шұғыл тоқтатылуы керек, – деп жауап бердiм. Семей губкомы мен жерге орналастыру жөнiндегi Мемлекеттiк жоспарлау комитетiнде iстеген 1921-1926 жылдар арасындағы менiң пiкiрiм осындай".
Бұл жолдардағы пiкiрлердiң деректiк негiздерi жоғарыда келтiрiлген өзiнiң естелiгiнде түсiндiрiлгенiн ғана еске сала кетемiз.
Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): "Жер мәселесi туралы қысқаша шолудан кейiнгi айтарым, бұл мәселенi шешу жөнiндегi бастапқы ұстанымымда тұрақтап тұрып қалуым – менiң идеологиялық қатеме жатады. Таптық байланысты, ұлтаралық қатынастың маңызын дер кезiнде кең мағыналы деңгейде қабылдамаппын. Мен оған ұлтшылдық тұрғысынан қараппын. Ал үгiт-насихат жүргiздi дегенге келсем, ондаймен айналысқамын жоқ, осы мәселемен айналысатын адамдар, әсiресе Бөкейханов, менiң үгiтiме мұқтаж емес. Олармен кездескен кезде өз пiкiрiмдi бiлдiрдiм. Осындай адасуда жүргенiмде және дағдарыстың алдында (отарлаудың бес жылдық жоспары бойынша Қазақстанға жаппай қоныстандырушыларды әкелу, оларға жағдай жасау туралы жүзеге аспай қалған науқан қарсаңында) мен мұны қазақ халқының қасiретi ретiнде қабылдадым. Бөкейхановтың көтерген мәселелерiнiң негiзiнде өзiмдi толғандырған жайлар жөнiнде Орталық Комитеттке мәлiмдеме жаздым.
Қазiр революциялық күресте шыңдалған таптық ұстаным – тарихи шындыққа айналғанын көргенде, мен нақты саясаттан көрi романтикаға берiлгенiмдi түсiндiм. Революция ақ қолғаппен орнамайды, құрбандықсыз келмейдi. Қазақтар үшiн де бұдан өзге жол жоқ. Аса шиеленiстi мәселелердi шешуде басқарушы ұйым мен үкiмет орындарының дұрыс бағыт ұстанғандарын мынадай дерек растайды. Тәркiлеу туралы шешiм шығар алдында Семейден Қызылордаға келгенiмде Ғаббасовтың теңселiп жүргенiн көрдiм (Оның қырда меншiк малы бар болатын). Осыған байланысты ол ерекше белсендiлiк танытты. Мен оған: егерде сен бұл науқанда асыра сiлтеушiлiкке жол берiледi деп есептесең, онда теңселе бермей, сен жоспарлау мекемесiнiң жауапты адамы ретiнде үкiметке мәлiмдеме тапсыр, – деп өзiмнiң көзқарасымды бiлдiрдiм. Бұл пiкiрдi сондай күйде жүрген Қадырбаев Сейдазымға да айттым. Тәркiлеу жөнiндегi қаулы шыққаннан кейiн мен даулы жағдайларға жаңа түсiнiгiм тұрғысынан пiкiр бiлдiрдiм, аз уақытқа ауылға барғанымда да бұл мәселенi түсiнуге ықылас бiлдiргендерге (тәркiлеуге iлiккен туған ағайындарына – Т.Ж.) жоғарыдағыдай түсiнiк бердiм".
Тергеушiлер ұтылай отырып Голощекиннiң жүргiзiп отырған саясатына көзқарасы мәселесiне ауысады. Оған Ә.Байдiлдиннiң мына көрсетiндiсi себеп болған.
Ә.Байдiлдин: "1925 жылы V партия конференциясының қарсаңында Москва қаласындағы Смағұл Сәдуақасовтан хат алдым, ол хатты партия конференциясы кезiнде портфелiмнен бiреу ұрлап әкеттi. Оған қоса Голощекиннiң атына дайындалған баспасөз жөнiндегi баяндамамды да ұрлап кеттi. Хаттың мазмұны мынадай: жер мәселесi жөнiнде ол кезде бiраз түсiнiспестiктер орын алған болатын, соған орай жұмыс жасауымды өтiнiптi, қалғанын келген соң түсiндiремiн дептi. Маған хатты Әлiмхан Ермеков әкеп бердi. Мен ол кезде партияның платформасы жағында болатынмын, сондықтан да олар менен сескенетiн. Мен Ермековке қарсы сөйледiм. Кейiн ол Тоқтабаевқа: Байдiлдиндi Семейге әдеби қызметке жiберу керек – дептi. Сәдуақасов Москвадан келгеннен кейiн екеуара пiкiрлестiк. Ол маған: жер мәселесi жөнiнде неше түрлi бейбастақтық орын алып отыр, бел шешiп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күрестi, алайда қазақ тәсiлiмен күрестi, ал мұнда Шыңғысханның тәсiлi керек, – дедi. Сонымен қатар ол маған: менiң көңiл-күйiм 1921 жылғыдан төмен, не iстерiмдi бiлмей жүрмiн. Бұл жөнiнде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым, – дедi. Бiз ол күнi ұзақ дауластық, пiкiр таласы таңға дейiн созылды. Мен оған: партияның отаршылдықты саналы түрде қолдауы мүмкiн еместiгiн айттым, екеумiз ұрсысып қалдық та, мен оның пәтерiнен кетiп қалдым. Содан кейiн оның мiнезi жөнiнде "Еңбекшi қазақ" газетiне мақала жаздым. Сәдуақасов: "Алашордашылармен" бiрiгiп, ұйымдасу қажет, отаршылыққа қарсы күрестi жалғастыру үшiн топшылдықты қойып, Қожановпен бiрiгу керек, – дедi. Сонымен қатар: Смирновтың, Калининнiң отаршыл бағыты үстемдiк алып кетуi мүмкiн, сондықтан да барлық қазақ коммунистерi мен ұлтшылдары топшылдықты тастап, басын бiрiктiрiп, жұмыла жұмыс iстеу керек, – дедi. Ол жер мәселесi жөнiнде бағдарлама жасауды ұсынды.
Аз уақыт өткеннен кейiн қонақжай дастарханы деген желеумен Сәдуақасовтың өтiнiшi бойынша Алдоңғаровтың үйiнде өткен бас қосу есiмде қалыпты. Ол бас қосуға: мен, Тоғжанов, Алдоңғаров, Нахимжанов және Сәдуақасов қатысты. Сол арада Сәдуақасов Тоғжановтың, Алдоңғаровтың, Нахимжановтың қолдауына сүйенiп тағы да ұйым құру туралы мәселенi көтердi, маған тиiсе сөйледi. Бiз тағы да керiсiп қалдық. Тек мен және Тоғжанов қана оларға қарсы шықтық. Петропавл уезiнiң бiр студентi, атын ұмытып қалдым, өзiне Орал уезiнен келген бiр студенттiң Жолдыбаевтiң пәтерiнде жиналған алашордашылардың кеңесiндегi сөздердi, iшiнде Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Қадырбаев, Жолдыбаев және басқалары бар, естiгенiн жеткiзiптi. Онда саясат мәселесi талқыланыпты, соның iшiнде мен туралы да айтылыпты. Олар менi: нағыз сатқын болып шықты, бұдан арғы iске кесiрiн тигiзуi мүмкiн, сондықтан да менi орталықтан – Өлкелiк Комитеттен алыстатуға қол жеткiзу керек, – десiптi. Мен әлгi студентке естiгенiңнiң бәрiн ГПУ-ге жеткiз – дедiм, ол уәдесiн бердi.
V партия конференциясына арналған жер мәселесi жөнiндегi тезистердi Жандосовтың жеке өзi дайындады… V партия конференциясы қарсаңында ұлтшылдар Жандосовтың үйiнде бiрнеше кеңес өткiздi. Онда Сәдуақасов пен Қожановтың топтары жер мәселесiне байланысты бас қосты, оған Нұрмақов пен Жандосов белсене араласты. Жер жөнiндегi және V партия конференциясына қатысты екiншi мәжiлiс Сәдуақасовтың үйiнде өттi, оған: Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мұстамбаев, Кадаленко қатысты. Мұхтар Мұрзин де қатысты-ау деймiн. Ол кезде Ташкенттен Қабылов пен Жүргенов келген болатын. Мәжiлiс туралы мен Алдоңғаровтан естiдiм. Мен атын атағандардан басқа, бұл мәжiлiске Семейден келген Мұхамеджан Бейсенов қатысты. Бұл кеңесте жер мәселесi, тезистердiң баптары, Өлкелiк Комитеттiң құрамы талқыланды. Бұдан басқа да кеңесулер өттi, оған кiмдердiң қатысқанын анық бiлмеймiн. Сұлтанбековтiң үйiнде өткен кеңеске Қожанов, Мыңбаев, Сәдуақасов, Нұрмақов, Жандосов, анығын бiлмеймiн, бiрақ Құлымбетов те iштерiнде болған сияқты. Онда қазақ белсендiлерiнiң барлығы да болды. "Алашордашылардан" кiмнiң қатысқанын бiлмеймiн, бiрақ солардың iштерiнде болғаны анық. Кеңесте Жандосов жер мәселесi жөнiнде баяндама жасады, содан кейiн Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев сөйледi. V партия конференциясының қарсаңында Қожанов Қызылордаға келдi".
Мұндай тиянақтылықпен баяндалған көрсетiндiге орай "1931 жылдың 10 қазаны күнi ОГПУ-дiң коллегиясына Әлiмхан Ермеков мынадай мәлiмдеме" жасайды.
Ә.Ермеков: "Айыптау iсiнде Сәдуақасовтан Байдiлдинге хат әкелгенiм туралы көрсетiлiптi. 25-жылы Өлкелiк Комитет пен Халық комиссариаты мемлекеттiк жоспарлау комитетiнiң өкiлдерiне қосып Сәдуақасовты және менi Мәскеуге iссапарға жiбердi. Менiң Өлкелiк Комитеттiң мүшесi Ежов пен Сәдуақасовтан бiлгенiм – негiзгi мақсатымыз шекараны анықтап, бекiту екен. Оңтүстiктегi облыстарды Орта Азия федерациясына, солтүстiк облыстарды РСФСР-дiң көршi облыстарына қосу туралы мәселе қойылмақ екен. Оңтүстiк Қазақстанның төрағасы бұған ерекше ынта қойып, қызу қолдайтынын бiлдiрдi. Солтүстiк облыстардағы қазақтарды оңтүстiкке, Жетiсуға көшiру жөнiнде нақты ұсыныс жасалыпты. Бұған мен: ұлттық белгiсiне қарап қазақ, орыс тұрғындарының арасына шекара қою қиын, олар аралас тұрады. Оңтүстiк және солтүстiк облыстардың экономикасы өзара тығыз байланысты. Жазда солтүстiкке қарай көшiп, мал өрiстететiн Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Қазалы, Бөкей аймағындағы жер пайдаланушылар үшiн де тиiмсiз. Қостанай уезiнiң қазақтарын Оңтүстiкке көшiру де мүмкiн емес. Егерде солтүстiк облыстар РСФСР-ға қосылатын болса, онда қазақ тұрғындары да Ресейдiң көршi губернияларының қарамағына өтуi тиiс, – деп қарсы пiкiр бiлдiрдiм. Мәскеуге келгеннен кейiн Ежов пен Сәдуақасов жолдастар: бiздiң мәселемiз қаралмайтын болды, Қызылордаға қайта беруiңе болады, – дедi. Орталықта қандай мәселе қаралатынын ол кезде де, қазiр де бiлген емеспiн. Мен Қызылордаға қайттым, Смағұл Сәдуақасов берген хатты Байдiлдинге әкеп бердiм. Хаттың мазмұнын бұрын да, қазiр де бiлмеймiн. Ал Сәдуақасовтың үйiнде ме, жоқ басқа жерде ме, өткен жиналыстарға мен қатысқан жоқпын және ондай мәжiлiстi естiгемiн де жоқ. Партиядағылар мен партияда жоқтардың бас қосуына қатысқан жиналысым – 1920 жылы өткен Кеңестердiң құрылтай сьезi. Ол туралы алғашқы көрсетiндiлерiмнiң бiрiнде жазғанмын".
Бұл Мәлiмдеменiң жолданған жерiне жетпегенi анық. Егер жолдана қалса, онда оның түпнұсқасы iстiң тiгiндiсiнде сақталмаса керек едi. Дегенмен де төтенше өкiлдердiң бiрiнiң танысып шыққаны да кәмiл. Бұл мәлiмдемесiн Ә.Ермеков:
"59-бап бойынша, 58-баптың 11 тармағы бойынша өзгертiлiп тағылған айыптар тергеу барысындағы анықталған шындықтың негiзiнде Кеңес Өкiметiне қарсы ешқандай әрекет етпегендiгiме байланысты алынып тасталуын өтiнемiн. Ғаббасовтың Семейдегi тәркiлеуге қарсы жүргiзген әрекетiне менiң қатысым бар екендiгi туралы Попов жолдастың бопсасы шындыққа сәйкеспейдi. Попов жолдас менi айыптаудың формулировкасымен таныстырған жоқ. Бар бiлгенiмдi жоғарыдағы көрсетiндiлерiмде айтқамын", – деген үмiтпен аяқтайды.
1930 жылы сәуiр айында "Алашордашылардың" алдыңғы легiне үкiм шығып, Халел Ғаббасов бесеудiң бiрi болып атылып кеткен едi. Алайда өлген адамның, дәлiрек айтсақ, өздерi атып тастаған адамның үстiнен де тергеу жүргiзуге тергеушiлер именбеген. Х.Ғаббасовтың бұл кезде атылып кеткенiн Ә.Ермеков бiлдi ме, жоқ па, белгiсiз.
Ә.Ермеков: "Ғаббасов үнемi Семей қаласында тұрды. Ғаббасовпен ешқандай байланысым болған емес. 20-жылы Мәскеуде Байтұрсыновпен бiрге болғанымды Ғаббасовқа 25-жылы, Валидов қатысқан басмашылар қозғалысы талқандалған соң айтқаным есiмде. Валидовтiң 20-жылғы көңiл-күйiн Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғжанов бөлiсетiн едi – дегендi де сол айтты. Алайда ол да, мен де бұған қарсы едiк. Ғаббасовтың қандай да бiр ұйымға мүше болғанынан хабарсызбын. Ташкентте ұйымның бар екендiгiн болжап қана бiлдiм. Ғаббасовпен екеумiздiң еш байланысымыз жоқ, 25-жылға дейiн әр қалада тұрдық, саяси оқиғаларға көзқарасымыз да әр қилы. 20-жылы Колчактың тұсында ол жазғандай мен қырға кеткемiн жоқ, Семей қаласында болғамын. Содан кейiн партияға өту мәселесi көтерiлгенде бiздiң пiкiрiмiз екiге бөлiндi, 20-жылы ол мүлдем қарсы болатын. Содан кейiн маған оның қазақ байларының арасындағы рулық тартысқа қатысқаны ұнамады. Бiздiң iштей араздығымызды бiлмейтiндер бiздi әрiптестер деп ойлап қателесiп, оның қасына менiң фамилиямды қоса беретiн. Мәселенiң басын ашу үшiн бұған ерекше тоқталдым. Мұның барлығы маған тағылған айыптың жоқтығын дәлелдейдi. Нақты бiр дерек болса оны жоққа шығару мүмкiн емес қой. Пролетариат диктатурасының орнауы, буржуазиялық ұлтшылдық, Қазақстанның өзiн-өзi анықтауы, пантүркизм туралы пiкiрлерiмдi алдыңғы көрсетiндiлерде баяндап өттiм. Қайталап айтамын идеологиялық қайшылықтарымның, кейбiр тактикалық ауытқулардың болғанына қарамастан Кеңес Өкiметiне қарсы ешқандай ұйымға қатысқан емеспiн. Әлiмхан Ермеков. 28 қазан, 1931 жыл".
Шындығы сол ма, жоқ, жорта домбытқаны ма, әйтеуiр Ә.Ермековтiң Кеңес Өкiметiнiң саясатын талдай келiп, өзiнiң бұл платформаны жақтайтын сыңай танытқаны анық байқалады. Мұның соңы "өздерiнiң қателiктерiн мойындаған" әйгiлi "Ашық хат" жазуға алып келдi.
"19 қараша, 1931 жыл. ОО ПП-нiң бөлiм бастығы Молохов жолдасқа. Ерекше өкiлi Попов жолдасқа
Мен өзiмнiң ешқандайда контрреволюциялық әрекетке қатыспағанымды тағы да мәлiмдеймiн. Өзгелердiң көрсетiндiсiндегi жалған айғақтардың негiзiнде өзiмнiң айыпкер екенiмдi мойындасам, ерекше өкiл Поповтың тiлеуiн қанағаттандыратын сияқтымын. Өзiмдi айыпкер санаудан басқа жол қалмаған сияқты. Бұл маған берiлген сыбаға iспеттi. Мен шындығында да астыртын ұйымға қатыссам, тергеушiнiң жүгi жеңiлдейтiндей көрiнедi. Айыбымды мойындау арқылы ғана өзiмнiң кiнәмдi жеңiлдететiн көрiнемiн. Бiрақ та мен, шамамен, мүмкiндiгiм жеткенше өзгелердiң айыптауларын жоққа шығара отырып, тергеу орындарының алдында өзiмдi ақтап алуға тырысамын. Сондықтан да сiздерден маған тағылған айыппен таныстыруды және менi астыртын ұйымға қатысты деп айғақ берген адамдармен бетпе-бет кездестiрудi талап етемiн. Идеологиялық қателiктерiм мен кейбiр шараларға көзқарасымның тұрақсыз болғанына қарамастан, кейiнгi он жылдың iшiнде Қазақстан еңбекшiлерiнiң ынтымағы мен мүддесi үшiн саналы түрде адал қызмет еттiм. Алда қанша өмiр бар және қанша жұмыс iстеймiн, оны бiлмеймiн, бiрақ жалған айғақтарды мойындап, өзiмдi сатқын ретiнде көрсете алмаймын. Менiң ойымша бұл мәселе тергеу барысында толық анықталады және әшкереленедi деп ойлаймын. Контрреволюциялық ұйымға қатысымның жоқтығын және маған қысым жасау арқылы мойындатамыз деген емеуiрiннiң нәтижесiздiгiн дәлелдейдi. Алдыңғы көрсетiндiлерiмде: менiң өткен жылдардағы идеологиялық ауытқуларым – қазiргi социалистiк құрылыс жүйесiне ешқандай зиян әкелмегендiгiн арым мен ожданыма сүйене отырып мәлiмдегенмiн. Менiң өткендегi "Алашорданың контрреволюциялық әрекеттерi тұсындағы идеологиялық ұстанымдары социалистiк құрылыс қоғамына қарсылық емес, керiсiнше консервативтiк көзқарас болып табылады…"
Әлiмхан Ермековтiң тергеудегi қалған жауаптарының барлығы да осы мазмұндас болып келедi. 1931 жылы 17 желтоқсан күнi:
"Тұтқын Ермековтiң өтiнiшi бойынша оның 28/ХI – күнi Өлкелiк Комитеттiң хатшысы Голощекиннiң атына жолдаған өтiнiшi қабылданбады",– деп көрсетiлген.
Бұл "Өтiнiш" кейiннен "Социалды Қазақстан" мен "Казахстанская правда" газетiне басылған Ашық хаттың алғашқы нұсқасы болса керек. Осы шарғының астары туралы қуғын-сүргiнде "шыңдалған", жалғандыққа жандары төзбейтiн М.Әуезов пен Ә.Ермековтiң екi сенiмдi бауыры Қайым Мұхамедханов пен Жайық Бектұров бiзге екi түрлi мазмұнда әңгiме айтып берiп едi. Бiрiншi әңгiме бойынша, М.Әуезов Қ.Мұхамедхановқа:
"Бiздi ашық хат жазуға А.Байтұрсынов көндiрдi: Сендер жассыңдар. Мүмкiндiктерiңдi толық сарқып болған жоқсыңдар. Елге қызмет етiп, бiздiң iсiмiздi жалғастырыңдар. Ал бiз халықты алдай алмаймыз – дедi. Бiз сол сөзге көндiк",– дептi.
Ал Ж.Бектұров бұл жөнiндегi естелiгiн хатқа түсiрiп кетiптi.
Ж.Бектұров: "Сол кезде Қазақстанның сталиншiл көкжендетi, сұмырай Ф.И.Голощекин оқымыстылардан Ә.Ә.Ермековтi, жазушылардан М.О.Әуезовтi әдейi дұшпан көзi етiп абақтыдан босатып, "Алаштың" көрнектi екi қайраткерi өздерiнiң ұлтшылдық қателiктерiн мойындады" деп қулықпен зорлап, ашық хат жаздырған. Бұл хаттарды газеттерде бастырып, жалған насихат үшiн пайдаланған. Оны кезiнде қуана да, үрейлене де оқыдық. Ол үшiн Ахмет Байтұрсыновтың Ә.Ермеков пен М.Әуезов iнiлерiне өкпелегенiн де естiдiк, өйткенi өлсе де, тiрiлсе де бiр топтың адамы. Қиын жолда араларына қыл өтпей, жiк, жарықшақ шығармай бiрге болуды дұрыс деп санаған ағаларымыз. Иә, кемедегiлердiң жаны бiр деген. Бiрақ үкiмет басындағы қулар әр түрлi айла-шарғы жасап, Ә.Ермеков пен М.Әуезовтi өз тобынан бөлiп алған. Бұл жайттың сырын Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда тұрған кезiнде маған былайша түсiндiрдi:
– Қазақстан басшылары: бiзге қатемiздi мойындасақ, кеңес құрылысына берiле қызмет етсек, жол ашық, кеңшiлiк болады, өзiмiзбен бiрге тұтқында қалған өзге iнi-ағаларымыз да осы жолға түседi – дегендей емеуiрiн бiлдiрiп, кәдiмгiдей қолқа салды. Бiз бұған иландық. Кейiн осындай жолмен Ахаң, Мағжан, Жүсiпбек, бәрi де босап шығады ғой деп ойладық. Осы ретпен алдымен мен алдауға түстiм. Обалы нешiк, Мұхтар iнiм өздерiңiз бiлетiн белгiлi хатқа қол қойғысы келмедi. "Әлеке! Түбi бұл үшiн тарих алдында сiз өзiңiз жауапты боласыз", – деп көпке дейiн хатқа қол қоюға көнбедi. Мен оған: "Қарағым, не қылса да құрық екеумiзге түсiп тұр ғой, сенiң орныңа Жүсiпбек Аймауытовты да, Мағжан Жұмабаевты да алуларына болатын едi. Бұл да бiр тағдырдың жазғаны шығар. Түбi жақсылығы болар, бас тартпа", – деп Мұхтарды зорлағандай көндiрдiм. Бiрақ артынша қатты өкiндiм", – дептi.
Ол өкiнiштiң себебi өзгеше. Мұны кейiндеу келтiремiз. Жоғарыдағы жауапты растайтын дәлел тергеу iсiнiң 3-томның 165-бетiндегi:
"ОГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлiне. Ашық хатты баспасөзде жариялауды және көшiрмесiн БК(б)П Өлкелiк Комитетiне және iске тiгудi өтiнемiн. Егерде баспасөзде жариялауды мүмкiн деп таппасаңыздар, онда бiр данасын үйiме жiберуге рұқсат етiңiздер. Ә.Ермеков. 29/IV-32 жыл.", – деген қолы қойылған хаттан анық байқалады.
Бұл "Ашық хат" 1932 жылғы 4 мамырда БК(б)П Қазақ Өлкелiк Комитетiнiң хатшысы Ф.И.Голощекин мен Халық комиссарлары кеңесiнiң төрағасы О.Исаевқа жолданды. Оның соңына:
"Тергеу бiткеннен кейiн де пәле қуған жауапсыз адамдар тағы да арадай таламас үшiн мен бұл мәлiмдеменi саналы түрде жазып отырмын",– деп ескерткен.
"Ашық хатты" Голощекин мен Исаев оқып шығып, тиiстi редакциялаудан өткiзгеннен кейiн барып:
"Алашорданың басты екi адамы өздерiнiң де, бұрынғы пiкiрлестерiнiң де төңкерiске қарсы болғандығын әшкерелеп, өз кiнәларын жууға уәде берiп отыр",– деген тақырыппен "Социалды Қазақстан" мен "Казахстанская правда" газеттерiнiң 1932 жылғы 10 маусым күнгi санында жарияланды.
5.
"Ашық хатта" тергеу iсiне қатысты деректер қамтылғандықтан да мәтiндi толық келтiремiз. Басқарманың атынан төмендегiдей түсiнiктеме берiлген:
"БАСҚАРМАДАН: төменде төңкерiске жау "Алашорданың" бұрынғы көрнектi басшыларынан болған Ермек ұлы мен Әуез ұлының хаттары басылып отыр, бұл хаттардың тарихи маңызы үлкен. Бұл хаттар "Алашорданың" бұрынғы iрi адамдары Мұхтар мен Әлiмханның Кеңес үкiметi жаққа қарай бетiн түзегендiгiн көрсетедi. Бұлар хаттарында салт-сана жөнiндегi құралдарын бiржола, тегiс тастағандығын, өткендегi төңкерiске жау iстерiнiң бәрiн де сөгетiндiгiн айтып отыр; бұлардың сөздерi – ауылдағы байлардың жоғын жоқтап, сойылын соғатын төңкерiске жау, ұлтшыл Алашорда оқығандарының салт-санасы да, iсi де мүлдем күйреп, iрiп отырғандығын көрсетедi. Кеңестер одағындағы социалды құрылыстың адам айтқысыз зор табыстары бар, бес жылдық жоспар төрт жылда ойдағыдай орындалғалы отыр; екiншi бес жылдықта – тапсыз социалды қоғам орнату бес жылдығында алға қойылып отырған мiндеттер жер жүзiндiк тарихи маңызы бар зор мiндеттер; помещик-буржуазия үкiметiн ендi қайта орнату талаптарының қай-қайсысы болса да бос үмiтсiз талап екендiгiне жаңағы айтылған табыстар толық айғақ бола алады.
Партия мен кеңес үкiметiнiң Қазақстандағы табыстары да адам айтқысыз зор. Лениншiл ұлт саясатының дұрыстап жүргiзiлуi арқасында Одақ пролетариатының көмегi мен Қазақстан артта қалған мешеу өлкеден – ауыл шарушылығы басымырақ индустриялы, социализм орнатушы өлкеге айналды. Осы табыстар буржуазияшыл ұлтшыл оқығандардың iшiндегi аса адал ниет, бейiлi түзулерiне бұрынғы идея-саяси бағыттарының терiс екендiктерiн, олары мұратқа жеткiзбейтiнiн сездiрiп отыр; ескi ұлтшыл, төңкерiске жау жаңа интервенция жолдарынан қайта бастауларына себепшi болып отыр. Ермек ұлы мен Әуез ұлы хаттарында салт-сана жөнiндегi қаруларын тастағандығын айтып отыр; пролетариат төңкерiсi мен қазақ еңбекшiлерi алдында iстеген ауыр қылмыстарын жууға дайын екендiктерiн айтып отыр; бұл үшiн "төңкерiс iсiне адал қызмет етемiн" (Әуез ұлы) деп отыр.
Шоқаевшылардың, интервенцияшылдардың, ұлтшылдардың Қазақстан "керi кетiп барады", "Қазақстан сықылды бұрын патша отары болған елдердiң алдыңғы қатарлы социалды республика болуы мүмкiн емес",– деген шатпақтарының бәрi де төңкерiске қарсы екенiн, мейлiнше өтiрiк, ешбiр негiзi жоқ, шiрiк, сасық өсек екенiн Ермек ұлы мен Әуез ұлының жаңағы сөздерi тағы да дәлелдеп отыр.
Ермек ұлы мен Әуез ұлының мәлiмдемелерiнде ұшырайтын қайбiр ашық айтылған жерлерiн қазiр талдап, тексерудi былай қоя тұрғанда, басқарманың айтатыны: бұлардың мәлiмдемелерi, олардың адал ниеттi, бейiлi түзулiгiн Қазақстандағы социалды құрылысқа белсене қатысуларымен көрсетулерi керектiгiн айтады".
"Ашық хатта" Ә.Ермеков өзiнiң тергеушiлерге берген жауаптарындағы пiкiрлерiн жүйелей пайымдаған. Сондай-ақ қысқартылып, қосылған абзацтар мен сөздер де кездеседi. Бiз қалың көпшiлiктiң назарына iлiнген газеттiң мәтiнiне жүгiндiк.
(Жалғасы. Басы өткен сандарда)
Тұрсын ЖҰРТБАЙ