Жаңалықтар

ОТАНШЫЛ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

ашық дереккөзі

ОТАНШЫЛ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

Қазақта "Заманына қарай адамы" деген сөз бар. Осы тұрғыдан ертеңгi заманды жасайтын бүгiнгi өскелең ұрпақ екенiн ескерсек, ұлттық тәрбиенi сол бағытта сiңiре бiлуiмiз абзал.

Кейде аға буын өкiлдерiнен ауыр сөздер естiп жатамыз. "Қазiр компьютердiң заманы, балалар кiтап оқудан қалды" деген сыни пiкiрлер де көп. Әрине осы тұрғыдан алғанда, бүгiнгi оқушының көркем әдебиетке деген көзқарасы, пейiлi төмен екенiн мойындау керек. Алайда, ұстаз қауымы оқушыға тәлiм-тәрбие мен бiлiм нәрiн беруде тың тәсiлдердi таба бiлуi қажет. Мәселен өзiм әр сабақтың шымылдығын патриоттық тәрбие туралы әңгiмеден бастаймын. Оған оқушыларды да тартып, жеке пiкiрiн бiлуге тырысамын. Бiрi – патриот болуды кiлең бестiк баға алумен ғана бағаласа, ендi бiрi – елiмiздiң рәмiздерiн құрметтеумен байланыстырады. Әр баланың өз ойы бар. Кез келген оқушының күнделiктi өмiрден алған мысалында да тал бесiк – тәрбие тұнып жатыр. Жақсы мен жаманды, әдептiлiк пен көргенсiздiктi, бұзақылық пен тәрбиелiктi ажырата бiледi. Тiптi балаларды әрiге бармай-ақ ата-бабамыздан қалған шешендiк өнер, мақал-мәтел, қанатты сөздермен тәрбиелеуге болмай ма? Әрине жас ұрпақты зерделi, бiлiмдi, ойы ұшқыр, парасатты етiп тәрбиелеуде шешендiк өнердiң орны ерекше. Одан бөлек ақын-жазушылардың патриоттық тақырыпта, оның iшiнде қазақтың кең байтақ жерiн қорғауда жанын пида еткен ержүрек батырларымыз жайында жазған шығармалары мен өлеңдерiн де осы мақсатқа пайдалануға әбден болады. Мәселен кейiпкердiң образына енiп, көрiнiс жасау оқушының есiнде ұзақ сақталып қалады екен. Былтыр даңқты батыр, қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы аталып өтiлдi. Сабақ барысында намысты қолдан бермей, жау тылында оқпен шайқасқан жазушының шығармалары мен өмiрбаянын сөз еттiк. Оқушылар "Бауыржан батыр" атты шығарма жазып, батыр Бауыржан аталарының бейнесiн жан-жақты ашуға талпынды. Бәрi де шығарма түйiнiнде "Мен де өскенде Бауыржан атадай елiмдi, жерiмдi қорғайтын қайсар жүректi батыр боламын" деп аяқтапты. Қазiргi буын үшiн аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы – патриоттық тұлғаның нақ өзi! Отанға деген сүйiспеншiлiк пен бойындағы күш-қуаты мен бiлiмiн ел игiлiгiне, мүддесiне жұмсау Бауыржандай алыптың ғана қолынан келетiн әрекет екенiн мойындамасқа амалың жоқ.

Бiр қызығы, өзiм сабақ беретiн 3-сынып оқушылары таяуда ғана елiмiзде өткен 7 қысқы Азиада ойындарын ынты-шынтысымен тамашалапты. Күн сайын сабаққа келген бетте жеңiске қол жеткiзген спортшылардың атын атап, түсiн түстеп жатқаны. "Апай, Қазақстан бiрiншi орынды бермей келедi. Көк туымыз көкке көтерiлiп, Әнұранымыз айтылғанда бiрге қосыла шырқап жүрмiз!" деп айтқанда жүрегiм елжiреп сала бердi. Расында да, патриоттық сезiм баланың бойына қаршадай кезiнен сiңiрiле берсе құба-құп. Осы тұрғыда айта кету керек, ең алдымен елдiң, ұлттың атын әлемге әйгiлi ететiн – спорт өнерi. Сондықтан да бүгiнгi ұрпақты спортты дамыту арқылы тәрбиелеп, жiгерiн жанып отырсақ, патриоттық рухтың қайнар көзi осы емес пе?!

Кәмшат ТАИРОВА,

№133 жалпы бiлiм беретiн мектептiң бастауыш сынып мұғалiмi