Жаңалықтар

АЛАШ ИДЕЯСЫН АСҚАҚТАТҚАН

ашық дереккөзі

АЛАШ ИДЕЯСЫН АСҚАҚТАТҚАН

"Бауыржан Момышұлы" драмасы сахнада

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 75-шi маусымын ашқан премьера халқымыздың бiртуар перзентi, Отан үшiн от кешiп, азаматтық биiктiгi мен ақиқаттық арда iсiн өмiрiнiң басты ұстанымы еткен батыр Бауыржан Момышұлына арналды. "Бауыржан Момышұлы" деп аталатын бұл психологиялық драманың авторы – жазушы-драматург, аталмыш туындысымен батырдың 100 жылдығына арналған республикалық драмалық шығармалар конкурсының бас жүлдегерi атанған Елен Әлiмжан. Қоюшы режиссерi – театрдың көркемдiк жетекшiсi, халықаралық театр фестивалiнiң лауреаты Қ.Қасымов. Қоюшы-суретшiсi – Қырғызстан Республикасының халық суретшiсi М.Шарафидин. Сазбен көркемдеушi – Д.Әлiмбеков.

Орталық Комитеттiң орашолақ саясатының кесiрiнен қызметтен ерте шеттетiлiп, өзiнiң ерлiгiне сай шен бұйырмаса да Бауыржан батырдың еңсесi түсiп, ұнжырғасы түскен емес. Ол жалынды жүрегiн жарып шыққан алымды ой-тұжырымын қағаз бетiне өрнектеуден жалыққан жоқ. Кейбiр туындылары ол өз кезiнде жарық көрмесе де уақыт өте ұрпағымен қауышатынын бiлдi. Бiз тамашалаған спектакль Батыр Бауыржанның ғұмырнамасындағы қайраткерлiктен туған осындай ұлы iстi алға тартады.

Осынау көрiнiстiң барлығын, яғни, Бауыржанның жүрегiнiң мұң-шерiн қарапайым орыс әйелiнiң пәтерiндегi бiр сәттiк кездесуден көрiп, өзiңiзше ой түйiп отырасыз. Ол Бауыржанды пiр тұтқан қарапайым орыс әйелi перiште бейне, мәскеулiк режиссер – Галина Павловна. Осы пәтерде жан мен жүрек үйлесiмi үндескен екi дос Бауыржан мен Галинаның (әртiстер М.Ақүрпеков пен А.Сағынбекова) сағыныш пен рухани ойдан туған әдемi әңгiмесiнiң үстiнен түсiп, өзiнiң қайда да бәсекелесi болған батырдың қызметтен кеткеннен кейiнгi еңсесi түскен бейнесiн көрiп, келемеж етсем деп келген жымысқы генерал (әртiс А.Сәтiбеков) ақыры соңында қысы-жазы түсiн алдырмайтын Алатау аршасындай тұлғасы тiк, арыны тасқындаған полковниктiң адуынды жүзiнен сескенiп, құнжыңдап жөнiне кете барады. Қас дұшпанына қанша сыр алдырмауға тырысып баққанымен, Бауыржанның туған халқы мен жас ұрпағының болашағына алаңдаулы жүрегiнiң қанжылап тұрғаны анық. Оның бар арманы – өзiнiң бойындағы әскери қабiлетi мен шеберлiгiнiң сырын өскелең ұрпаққа сiңiрiп кету едi. Алайда бұл арманы орындалмай барады. Дегенмен, ол өзiнiң жазбаларында, шағын да болса түрлi кездесу кештерiнде өз ойын, батыл тұжырымдарын айтудан жалыққан емес.

Араға бiрнеше жыл салып барып Галина Павловна мен Бауыржан Момышұлы Мәскеу санаториiнде тағы да қауышады. Қанша уақыт ағысы артта қалғанымен, бұл кезде де қос жүректiң көкiрегiн кернеген шер тарқамаған. Тап осы кезде Бауыржанның қолында өмiр ақиқатының ащылығын сезiндiретiн баға жетпес мұра бар едi. Олардың сол кезде жарық көрмейтiнiн бiледi автор. Бiрақ келешектен үмiтi орасан. Әйтеуiр бiр кезегi келгенде ол жазбалар ұрпағының қолына тиер деген сенiмде. Осылай, полковниктiң жарияланбаған жазбалары бiр-бiрiн жау көрген қазақтардың сенiмсiздiгiнен елiмiздiң мұрағаттарынан шет қалып, қарапайым орыс әйелiнiң қолында қалады…

Қанша бұлқынып соққанмен, Алладан бұйрық келгенде ұлы жүрек тоқтайды. Дегенмен батыр жүрегi бiз үшiн әлi күнге тоқтаусыз соғып тұрғандай. Себебi, ол жүрек ұлт пен ұлылықтың теңдiгi жолында жан берген Алаш арыстары А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Т.Рысқұлов, Х.Досмағанбетов, Қ.Жұбановтар сынды қарапайым қазақтың жан айқайымен рухтас едi.

Сондықтан да қойылымды тамашалай отырып, батырлығы кеш ресмиленген Бауыржан Момышұлын Алаш идеясы мен бүгiнгi күндi жалғастырушы алтын көпiр, қайраткер деп толық танисыз. Қазақ деген момын халыққа тағы бiр Момышұлының қажеттiгiн ұғынасыз. Психологиялық драманың жаңалығы да, көркемдiк шешiмi де осында.

Спектакльдегi қай образдың болсын рөлi күрделi. Әсiресе зор тұлғалы, түксиген қабақты, ашу үстiнде лезде күлiп, күлкi үстiнде тез айбат шақыратын бөлек болмысты Бауыржанды сомдау кез келген әртiстiң кәсiби шеберлiгiн талап ететiнi шындық. Осынау бiртуар бейненiң жастық және кәрiлiк шағын шынайы сомдап, көрермендi батырдың тап өзiн көргендей әсерге бөлеген театр актерi Мәлiк Ақүрпековтiң қажырлы еңбегiне тәнтi боласың. Мұны премьераны тамашалағаннан кейiнгi Қ.Қуанышбаев атындағы Астана театрының көркемдiк жетекшiсi Тiлектес Мейрамовтың: "Кезiнде Лениндi сомдаған актерлар "бiз Лениндi ойнап жүрген жоқпыз, оны алғаш сахнаға шығарған Шукиндi ойнап жүрмiз" деген екен. Сол сияқты кейiнгiлер де Мәлiктi ойнайма деп қорқамын", – деген пiкiрiнен айқын байқауға болады. Галина Павловнаның табиғатын аша бiлген Анар Сағынбекова да көрермен талғамынан шыға бiлдi. Жағымсыз мiнездi генералды сомдаған Алтай Сәтiбековтың шеберлiгi бiрден байқалады.

Драмалық туынды турасында да оң пiкiрлер айтылып жатты. Белгiлi қаламгер Сұлтанәлi Балғабаев: "Спектакль театр фестивалiнен тыс қойылғанымен, драматургиясы өте сәттi жоғары деңгейде жасалған" десе, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының көркемдiк жетекшiсi Есмұхан Обаев "күрделi драматургия" деп бағалады. Ал қойылымның декорациясына келсек, Мәскеудiң көрiктi жерi мен Алатаудың баурайы әдемi айшықталған. Бауыржанның әр жылдардағы суреттерi шежiре сынды сыр шертедi. Сондай-ақ слайд көрсетiлiмдерi де сәттi шыққан. Дегенмен санаторийдегi кездесу кезiнде сахнаны Галинаның пәтерi қалпында қалдырмай, өзгерткенде құба-құп болар едi деп ойлаймыз. Спектакльдiң сазбен көркемделуi де айрықша. Онда драма авторы Елен Әлiмжанның "Қайран, Баукем!" атты ән-реквиемi айтылса, кезiнде Галина мен Бауыржанның сүйiктi әнi болған "Қараторғай" әнiнiң баяу ырғағы есiп тұрады. Мұның барлығы қойылымға ерекше әр бередi. Ал мұндай қойылымның әсерi әрбiр жүректе қалатыны сөзсiз.

Фариза ӘБДIКЕРIМОВА, журналист